
«Нәтижеге бағытталған білім берудің жолдары»
«Нәтижеге бағытталған білім берудің жолдары»
Баяндамашы: №199 орта мектептің бастауыш сыныптар мұғалімі- Р.Әлиева
Жоспары:
Кіріспе
I. Негізгі бөлім
I.1 « Өзін-өзі тану» пәнінің білім беру жүйесіндегі ерекшеліктері.
I.2. «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту үрдісінде оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру жолдары.
II. Қорытынды
Кіріспе
Әрбір тарихи кезеңде, қоғамда туындаған талаптарға сай келешек ұрпаққа берілетін білімнің мәніне жаңа сипат беріліп,жаңа ұстанымдар қарастырылуда. Жан-жақты білімді, дарынды, талантты оқушыны қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекеттің басты назарында.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақта еңбек етіп,өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары,мұғалім оларды қалай тәрбиелесе,Қазақстан сол деңгейде болады» деген болатын.
Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің маңызын, мазмұны мен технологиясын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды. Бүгінгі таңда еліміз нәтижеге бағытталған білім беру моделіне көшті.Нәтиже дегеніміз- жеке тұлғаның құзырлылығы. Ал нәтижеге бағытталған білім дегеніміз- баланың қайталанбас дара тұлға ретінде өзін-өзі тануын,өзін-өзі жетілдіре отырып,дамытуын қамтамасыз ететін өзара тығыз байланысты идеялар , түсініктер және іс-әрекеттер жиынтығы.
Сөйтіп, нәтижеге бағытталған білімді пәндегі компетенция тұрғысынан қарастыратын болсақ, жалпы білім беретін қазақ мектептерінде «Өзін-өзі тану пәні» адамның ішкі сезімдері арқылы оның ойлау,пайымдау тұжырымдау.түсіну,пікірлесу сияқты коммуникативті қатынастарды жинақтаған білімдер негізінде өмірлік қажетіне айналдыра білуді нысана етеді.
Негізгі бөлім
I.І. «Өзін-өзі тану» пәнінің білім беру жүйесіндегі ерекшеліктері.
«Біздің қоғамда әрбір адам өзі туғаннан берілген қабілетін толық іске асыра алатын және сол арқылы тек біздің мемлекетімізге емес, жер бетіндегі барлық адамдарға пайдасын тигізу,атап айтқанда,білім беру арқылы адамгершілік- рухани құндылықтарды жаңартуға болады» деп "Бөбек" қорының президенті С.Алпысқызы айтқандай, бүгінгі күннің білім кеңістігінде өзін-өзі тану бағдарламасы жеке тұлғаның үйлесімді дамуына мүмкіндік беретін, жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы болып отыр.
« Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі мақсаты:
• Әрбір оқушының өзінің жан дүниесін сезінуіне және өзінің дербестігін түсінуіне ықпал ету;
• Жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуына өмірлік маңызы бар түйінді құзыретткрді мақсатты түрде дамыту арқылы ықпал ету;
• Өзінің өмірлік позициясын анықтау;
• Әртүрлі мәселелерді адамгершілік талаптарға сай конструктивті шешу;
• Өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау;
• Жасампаздық, белсенділік,азаматтық және Отансүйгіштік таныту;
Оқушыларды өз ойын, сөзі мен ісін адамгершілік тұрғысынан таңдауға дайын және жауапты болуға тәрбиелеу,қоғамға қызмет ету дағдыларын іс жүзінде дамыту.
« Өзін-өзі тану» пәні әлемдегі ең басты құндылық-адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына жақсы адам болуға жастайынан үйрету керек. Белгілі педагог Ш.А. Амонашвили: «Әр бала-керемет рухани күш иесі.Ол шексіз шексіздікті танып білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады.Сондықтан да мұғалім әр баланың белсенділігін арттырады.Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандырва түседі» деген болатын. Бұдан «Өзін-өзі тану» пәнінің құндылығы мен маңыздылығын байқауға болады.
«Өзін-өзі тану» - бұл өзін тану мен тұлғалық, интеллектуалдық ерекшеліктері және қасиеттері,басқа адамдармен қарым-қатынас,өз бойына белгілі бір қасиеттерді қабылдау процесі. Тұлғаға рухани-адамгершілік білім берудің негізгі өзегі-абсолюттік (мәңгілік) жалпыадамзаттық құндылықтар болып табылады. Адамзаттың абсолюттік құндылықтарының бірі-ақиқат. «Ақиқат- идеялардың өзгермейтін абсолюттік қасиеті» дейді Платон.Сөз ар-ожданды басшылыққа алса, олар ақиқатқа айналады.Ақиқатты екінші құндылық-Сүйіспеншілікпен суарамыз. Соның нәтижесінде ақиқатта дұрыс әрекет шығады.Дұрыс әрекет жасаған адамдардың жаны тыныштықта болады, түсінісу арқылы ешкімге қиянат жасамайды. Міне, Біз осы анықтаманы « Бөбектегі» «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімдерін оқыту курсында оқығанда мәніне жете түсіндік және « Өзін-өзі тану» сабағының жаңа құрылымы бойынша сабақ өткізу әдісін қорғадық.
«Өзін-өзі тану» сабағының құрылымы:
1. Жағымды күйге ену (тыныштық сәті)
2. Әңгімелеу (үй тапсырмасы)
3. Мәтінмен жұмыс: « Мұғалім сыйы»
4. Сабақтың дәйексөзі
5. Шығармашылық жұмыс
6. Топпен ән айту
7. Үйге тапсырма
8. Соңғы тыныштық сәті
Біздің сабақтарымыздың негізгі ерекшелігі- оқушылардың үнемі қарым-қатынаста болатындығы.Балалар өзі туралы,өзінің ішкі ойлары көзқарасы,кез-келген іс-әрекетке қарсы ойын немесе пікірін бере алады. Мектептегі құрбылары мен неғұрлым интенсивті қарым-қатынас олар үшін ең басты және маңызды болып табылады.оқушылар өзара қарым-қатынас барысында:
Адамдардың іс-әрекетінің, ұлттық салт- дәстүрлердің жақсы жақтарын аңғара алады, шындықты айтуға, жағымды ойлауға үйренеді;
Өзара сыйластықта түсінуге қабілетті, айналасыдағыларды ұнатып, жақсы көре біледі,жақсылық жасауға дайын, жақындарын қуантуға асығады;
Сабырлы,салмақты болуға, тәрбиелі болуға, ойланып сөйлеуге үйренеді;
Әдептілікке, ұқыптылыққа үйреніп көмектесе біледі, қамқорлық жасай алады, үлкендерді құрметтей біледі;
Кешірімшіл болуға, барлық тіршілік иесіне сыйластықпен қарауға үйренеді.
Бала бойында табиғат үш кезеңнен тұрады:Даму, Есею, Еркіндік арқылы мұғалім баланың табиғи байлығын, тұлғалық қасиетін аша алады. « Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты- бала рухының ішкі қуатын,ой жігерін айқындау, болашақ тұлғалық сапасын және осы өмірдегі өз міндетін анықтау ізденісіне басшылық жасау. Адам өзін-өзі танып,өз мақсатын анықтаса және оны ешқандай қиындықтарға қарамастан іске асыра білсе, сонда ғана ол тұлға бола алады. Тұлғаның өзіндік ұстанымын,өмірлік көзқарасын,іскерлік дағдыларын анықтап, оны өмірде қолдана білуге,адамгершілік қасиеттерін сақтауға нарықтық қатынастың жаңа нысандарында өзін жоғалтып алмау мақсатында оның ішінде «Мен»-і әлеуметтік ортамен сәйкестендіре негізгі нысана етеді.
I.2. « Өзін-өзі тану» пәнін оқыту үрдісінде оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру жолдары.
Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін танымдық әрекеттері жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының,өзін-өзі жүзеге асырылуын аса қажетті шарты болып табылады.
Танымдық әрекет дегеніміз білім алушының ізденіп, білім алуына бағытталған белсенді ақыл-ой қызметі.Ал, таным дегеніміздің өзі «тану» сөзінен алынған. Таным-обьективті шындықты адамның ойында бейнелейтін және қайта жаңғыратын қоғамдық іс-әрекет барысы. Таным барысында ойлаудың түрлі тәсілдері пайдаланылады.
Мектеп қабырғасында өтіліп жатқан «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқушылардың таным белсенділігін арттыруда сыни тұрғыдан ойлау дағдыларының маңызы зор. Осы мақсатта сын тұрғысынан оқыту технологиясының стратегияларын пайдалана отырып, балалардың ұсыныс пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отырдым. Мысалы, « Шеңбер» әдісі арқылы оқушыларды шеңбер түрінде отырғызып, ортаға талқылауға сұрақ тасталады. Сұрақ тұрғысында әр оқушының пікірін білу мақсатында шар, доп,гүл немесе басқа да заттар қолданылады. Әр оқушы сұрақ тұрғысында пікірін білдірген соң, шарды басқа қатысушыға береді. Нәтижесінде әр оқушының дербес пікірі пайда болады.
« Жұлдыздар шоғыры» әдісі- топтық жұмыс түрінде жүзеге асырылады. Әрбір топ жұлдыздарға берілген тақырып бойынша жұлдыздарға пікірін жазып шоғыр құрайды. Мысалы, 8-сыныпта «Адамгершілік- басты адами құндылық» тақырыбы бойынша осы әдісті қолдандым. Оқушылар топтық жұмыс барысында бір-бірімен өзара пікір алмасады, нәтижесінде әр оқушының тақырып тұрғысында дербес танымдық пікірі пайда болады.
Сабақта оқушылардың танымдық қабілетін , алған білімдерін одан әрі дамыту, тереңдету,ізденімпаздығын арттыру,ой-өрісін кеңейту,шығармашылық қабілетін дамыту, оқуға белсенділігін арттыру мақсатын көздеймін. Сабақ барысында тапсырма сипаты бойынша «Қай жылы болды? Қалай болды?» немесе берілген материалды өз сөзіңмен басқаша жеткіз, сөйлемді аяқтаңыз,қорытынды жасаңыз. Өз шешеміңізді көрсетіңіз , оқыған мәтіннің құндылығын бағалаңыз, қаншалықты дұрыс? Жетістіктерін атаңыз сияқты сұрақтан сұрақ туындатып, берілген материалды жан-жақты талдау жасасақ, баланың бойындағы ізденушілік қасиеті басым, дүниетанымы кең оқушы бұл сауалдарға мүдірмей жауап беруі қақ. «Ассосиация» әдісі, « Бес жолды өлең» , « Вени диаграммасы», « Эссе» немесе «Еркін жазу», « Ойлану стратегиясы»,т.б осы сияқты стратегиялар сабақ құрылымына қарай лайықты қолданылады.
Адам негізінен әдемілікке, әсемдікке жаны құмар. Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыратын «Өзін-өзі тану» сабағының ең маңызды бөліктерінің бірі болып есептелінетін шығармашылық тапсырмалардың өзі де баланың шабытын шыңдай түседі. Шығармашылық жұмыс кезеңінде оқушыларды
• Түрлі-түсті дөңгелекшелер арқылы топқа бөлуге болады;
• Шығармашылық жұмыстың шарты мен уақыты белгіленеді;
• 5 «Т» айтылады: тәртіп, тазалық, талап, тыныштық, татулық.
Өлең шығару,сурет салу, сөзжұмбақ жасау, шағын көлемді шығарма,эссе,реферат,тұжырым жасау, өз ойларымен жалғастырып жазу, жоба, ереже құру, коллаждар құрастыру сияқты басқа да көп тәсілдер баланың өзіндік «Менін» көрсете алуына септігін тигізеді.
Өмірдің әртүрлі құбылыстары мен үлкендердің әртүрлі әрекеттеріне еліктеу ойынға тән нәрсе. Оқушылар ойын барысында:
1. Өзін еркін сезінеді;
2. Танымдық әрекеті байқалады;
3. Сезіну, қабылдау, ойлау, иядау секілді сезім әлеміне сүңгиді.
Ойынның да өзіне тән мотивтері болады.Мысалы, мазмұндық, рөлдік ойындар баланың зейінін, есін, ойлау қабілетін, қиялын қалыптастырса, ақыл-ой ойындары баланың тапқырлығын, байқағыштығын, ерік-сезім түрлерін дамытады.
Оқушыларға сабақ тақырыбы бойынша берілетін ұғымдарды тереңірек ұғындыру мақсатында ұғыммен жұмыс жүргізу технологиясы да оқушының дүниетанымына әсері мол. Мысалы, 6-сыныптағы «Әсемдікке ұмтылайық» тақырыбындағы сабақта «әсемдік» ұғымы бойынша:
1-кезең. Ұғымға анықтама беру(оқушылар өз ойларын білдіреді)
2-кезең. Ұқсас ұғымдарды табу(әсемдікке ұқсас ұғымдарды айтады)
3-кезең. Қарама-қарсы ұғымдағы сөздерді ата(оқушылар әсемдікке қарама-қарсы ұғымдағы сөздерді айтады)
4-кезең.Ұғымның басымдылық жағына анықтама беру(әсемдік ұғымының артықшылық жағын айтады)
5-кезең. Ұғымның кемшілік жақтарын табу.
6-кезең.Өзара әрекеттестік рефлекциясы(оқушы өз әрекеттеріне талдау жасайды)
Сабақта ақпараттық технологиялардың мұғалім үшін де, оқушы үшін де пайдасы көп. Нәтижесінде оқушылардың ақыл-ойын дамытып, жан-жақты ізденушілігі мен таным белсенділігі,ұжымдық іс-әрекеті артады.
Білім алушылардың танымдық белсенділігін, ізденімпаздылығын арттыру үшін «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда оқыту үдерісіндегі ұтымдылық көрсететін оңтайлы әдіс-тәсілдерін пайдалану білім сапасын нәтижелігіне жетуге негіз болады. Осы орайда « Өзін-өзі тану» пәні мен мазмұндық өзегі өзара өрімделген «Қазақ әдебиеті» пәндерін ықпалдастыру тиімді деп ойлаймын. Өйткені, сабақ барысындағы эссе, шағын шығарма жазу,өлең құрастыру сияқты танымдық жаттығулар арқылы оқушылар өз ойларын әртүрлі пікірлер құрастырып,оны дәлелдеуді үйренді. Оның дәлелі ретінде оқушы Қ. Жақсылықтың өлеңдері жинақталып, республикалық «Өзін-өзі тану» журналында (№5-2012ж) жарияланды. Оқушы П.Ерболатова шағын шығармалар, ой-толғаулар жазу жөнінен үнемі алда жүретін. Осы қабілетінің арқасында ол «Жергілікті ұстаз, ақын Т.Досымованың шығармашылығы» тақырыбындағы зерттеу жұмысынан облыстық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен болған ғылыми жобалар байқауында III орын алды.(2014 ж)
Аудандық оқушылар үйінің ұйымдастырумен болған «Мейірімділік -жүректен» атты театрландырылған сахналық қойылымдар байқауында мектептің 4-8 сынып оқушыларының қатысуымен даярланған М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесінен үзінді көрсетілімі дараланып, І-орынға ие болды. (2015ж)
Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының мазмұнында ескеріліп, көзделген эмоционалдық тұрғыдағы ауқымды жүргізілген алуан түрлі іс-әрекеттер баланың адамгершілік – рухани дамуының негізін қалауға және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. «Өзін-өзі тану» бұл тек баланың өзін ғана танып, білуімен ғана шектеліп қоймайды, оның мазмұны тереңде. Сол себепті де «Өзін-өзі тану» курсының бүгінгі таңда адамзат үшін маңызы өте зор.
Президентіміз Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясында «Білім беру реформасы-Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» деген болатын. Сондықтан сол елдердегі бар жетістіктер бізде де болуы керек, өйткені жаңа XXI ғасыр – бәсеке ғасыры дей келе, төмендегі ұсынысымды білдіремін:
« Өзін-өзі тану» пәнінен электронды оқулықтар жасақталса.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. « Өзін-өзі тану» мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралдар. Алматы-2010.
2. Самопазнание.kz №4,6-2010 ж
3. Р.А. Мұқажанова, Г.А. Омарова. Мектептерде «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту әдістемесі. Алматы-2013 ж
4. « Өзін-өзі тану» журналдары № 1-2013 ж, № 2-2014 ж.
ID: 448 | Просмотров: 4672
02/Июн/2015