Сайт учителя начальных классов
.
Шындықтың шырағданы –Мұхтар аға

Шындықтың шырағданы –Мұхтар аға

  Шындықтың шырағданы –Мұхтар аға

 «Мәңгүрттенбеу марсельезасы». (Келе жатқанда ойналады)

 Хормен орындайтын – №148 мектеп-гимназия оқушылары.

 Қазақ ұлты, мың сүрініп, мың жығылып, мың тұрған,

Данқыңды ешкім бүрекей алмас ізгілікке ұмтылған.

Жомарттығың сорға айналып, туып-өскен жеріңде

Ана тілің шетте қалды, орын жетпей төрінде.

Өмір,өмір, өмір, өмір,өмір-ай!

................................................

Шарлап ел мен елді,

Жаһандану келді.

Ұлтсыздық өрлеп,

Рухсыздық жеңді,заман-ай!

Ұқсатқанмен бүгін,

Қазаққа тек түрін,

Қаншама адам әлі

Менсінбей жүр тілін, заман-ай!

Есіңе ұста, бала,

Ұлтқа ұлы ана.

Ұлтты сақтар дана

Туған тілің ғана!

 1-жүргізуші:

Өлең-жырдың әлемін ашқаныңда,

Мұхтар аға тұрады бас жағында.

Үркерленіп барады, үлкенденіп,

Ақын аға туған ел аспанында.

 

2-жүргізуші:

Ақ сұңқарын, дауылпаз, бұлан ерін,

Күйші дала, құс қанат Құлагерін.

Ұлы ақынын мәпелеп құшағымен,

Ардақтайды салтанат құрып елім!

1-жүргізуші:

Не нәрсені бастасақ та тереңнің түбіне үңілетініміз бар. Заман мен уақыттар жылжып, бүгінгі жаңалықты ертеңгі тарихқа айналдырмақ. Айналып та жатыр.

2-жүргізуші:

Талай тұғырлы тұлғаларды дүниеге әкелген қазақ жері мен қазақ ұлтын киелі ме деп қаласың?! Расында да солай!

1-жүргізуші:

Қазақ – өлең-сөздің қадір қасиетін қастерлеген дарқан мінезді ақын халық. Өлеңсіз сүре алмайды.

2-жүргізуші:

Сондықтанда Абайша айтсақ, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы.Онда да  солардың бар таңдамасы».

1-жүргізуші:

Өлеңді өмір деп білген, өмірін өлеңмен өрген, көрместі көрген, сезіммен берген. Жүрегін жырмен жарыстырған, ел мен жерді табыстырған.

 2-жүргізуші:

Сөз өнерінің айтулы ұстасы, ғұлама ғалым «қаламының желі бар» жазушы З.Қабдолов поэзияны «Сәбидің күнәсіз ажарына», «Көрікті қыз жүзінің, ұялшақ албырт қызғылтына», «қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, өрен ерлігі, тентек тегеурініне» теңеген екен.Ендеше поэзияны сұлулық пен көркемдік әлеміне теңесек, соның тылсымын ұғуға ұмтылып талаптанып, қалам ұстаған кешегі бала Мұхтардың қанаттанып, бүгінде бекзат болмыс иесіне айналып парасат биігінен көрінуі – заңдылық. (слайд)

1-жүргізуші:

Армысыздар,бармысыздар сөз өнерін құрметтеуші, жыр сүйер қауым! 

Биік шың ,асқақ биік, ұлт ағасы
Еңбегі есеп жетпес , құн бағасы .
Қазақтай қалың елдің ұран ұлы  ,
Бастауы , бұл ағасы тұнба басы .

2-жүргізуші:

Ақиқат аты қалсын астарында, 
Таңбасы Алатаудың тастарында .
Мұхтар аты мәңгілік шарықтасын ,
Қазақтың көк байрақты аспанында!

Ендеше № 148 мектеп-гиназиямыздың жас жүректі жеткіншектерімен, алтын ұямыздың ұлағатты ұстаздарымен жүздесуге,сырласуға келіп отырған  – тау тұлға  Мұхтар Шахановтың « Шындықтың шамшырағы –Мұхтар аға!» атты кездесу кешіне қош келдіңіздер!!!    

 1-жүргізуші:

Жыр керуені алға жылжыған сайын Мұхтар Шаханов шығармалары жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай түседі.

2-жүргізуші:

 Иә, М. Шаханов – ғажайып, бүгінгі әлемдік өркениет тағылымдарын пайымдауға өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сан қырлы талантты философ ақын.

1-жүргізуші

Бүгін міне, түленгендей қыр бағы,

Бүгін міне, көтерілді жыр тағы

Елім, десе еңіреген жүрегі

Мұхаң біздің – әл-Фараби ұрпағы.

2-жүргізуші

Қиялыммен шарықтаймын кейде алыс,

Кел, кешіне, бейтаныс та, кей таныс

Тілі менен ділін ту ғып көтерген

Мұхаң біздің – осы күнгі Бейбарыс.

(Б.Тобаяқов)

 1- жүргізуші: Тек  ақын емес  тілдік, ділдік  мәселелер жөнінде ұлттық мүдде үшін күресіп жүрген Мұхтар аға: «Табиғаттың өзгермейтін заңына бұр бетіңді, Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді» десе, кейін «Адам қанша болғанымен  дарынды әрі табанды, туған жерін сүймей тұрып сүймек емес ғаламды»дейді. Тіл мен діл, рухани мүдде хақында жүрген тұлға ешқашанда тұғырынан таймақ емес.  

2-жүргізуші

Өлең деген – сезім мен бір бұлқыныстың мөлдіреген бұлағы,

Ақын – батыр және адал,.. бәрінен сәл қырағы.

Өрелеген отты өлеңмен «өлгендерді» тірілткен,

Жарқырайды шың басынан Шахановтың шырағы!

 1-жүргізуші:

Жатыр іште ақынның сыр-жырлары,

Жалғасатын сезімдердің қылдары.

Өткір ойлар, жылы тұнған сезімдер

Ең шипалы жүректерге бұл – дәрі!–

деп ақын шығармашылығына кезек берсек.

2-жүргізуші:

 Ортада – № 148 мектеп-гиназиямыздың оқушылары Мұхтар ағамыздың өлеңін паш етпек.

 1-жүргізуші:

Музыка зерттеушілердің айтуынша хатқа, баспаға түскен қазақ халқының бес мыңнан аса күйі, он екі мыңға жуық әні бар екен. Қасиетті ата-бабамыз асыл сөз, сұлу әнмен сәби  жүрегін тербетіп, саналы адамгершілікке тәрбиелеген.

2-жүргізуші:

Өмірде болатын, кездесетін әр алуан әсерлер, адам басынан өтетін оқиғалар, түрлі мазмұнды тамаша әндердің шығуына себеп болды. «Әні бардың — сәні бар» дейді халық даналығы. Мұхтар ағаның ақындығымен қатар,  махаббаттан бастап ұлтын сүюге дейінгі парасатқа арналған өлеңдері де баршылық. Ендеше, сөзін де әнін де өзі жазған Мұқанның бір өлеңіне кезек берсек.

 1-жүргізуші:

Олай болса, музыка пәнінің мұғалімдері Чыкабаева Дана мен Дүзенева Жанаттың орындауында Мұхтар ағамыздың әнін қабыл алыңыздар!!!

1-жүргізуші:Әр адам өзгеше бір жаратылыс деп қарасақ, әр ақынның өзіндік дара ерекшілігі, өзіндік қолтаңбасы бар. Ал Мұхтар Шахановтың басқа ақындардан екі озық ерекшелігін айтуға болады. Біріншісі, евроцентристік деңгейде яғни, әлемдік деңгейде ойлайтындығы, жырлайтыны болса, екіншісі, өлеңдерінде өз «зауытынан» шыққан  терминдердің орын алуы. Мыс: «ТЖ – туфли жалағыштар», «ҚС – қол сүйгіштер», «МҒҚ – мордасы ғана қазақ», «ШҚ – шала қазақтар», «КБ – күйеу бала немесе келін бала» ,«БұрВерҚал – бұрынғы Верный қаласы т.б.

2-жүргізуші: МҒҚ –мордасы ғана қазақ демекші, Айжан, әр адамның өмірінде елеулі де қызықты оқиғалар болып тұрады. Ондай қызықтар әр адамның басында болады. Әйтсе де шығармашылық адамынікі өзгеше деп айтуға болады.Оны кейін ағаның өзіде толығымен тарақата жатар. Ағамыздың әріптесі әрі сырлас досы, жанашыр ініс, жазушы Құдиярбек Біләл былай деп Мұхаң туралы ағынан ақтарылады:Мұхаңа жүргізуші болу өте қиын. Ол кісі жай жүргенді ұнатпайды. Жүр­гізушісіне «бол!», «жылдам», «өтіп кет», «саб» дейді де отырады. «Бас!» деген­ді – «саб» дейді. Содан да жүргізушіге жол ережесін жиі-жиі бұзуына тура келеді. Ондай кездерде МАИ қызмет­керлерінің ала таяғы шошаң ете қалады. Мұхаң жүргізушісіне «Терезеңді аш. Мен мордиямды көрсетейін!» дейді. Мұхаңды көрген МАИ қызметкері «Мұх­тар аға, бұл сіз бе… Ассалау­маға­лейкум! Аман болыңыз, аға!» деп шы­ғарып салады. Ылғи осылай. Мұндай кездерде Мұхаң «Менің мордиямды МАИ қызметкерлері қатты құрметтейді!» деп қояды.
Бірде көлігі бұзылып қалғандықтан, әуежайға таксимен кетеді. Жүргізуші орыс екен. Мұхаң қашанғысындай жүр­гізушіні асықтырады. Қырсыққанда әлгіні МАИ қызметкерлері қайта-қайта тоқтатады. Мұхаң жүргізушіні жерге түсірмей, оларға мордиясын көрсетумен болады. МАИ қызметкерлерінің бәрі қалбалақтап, қолдарын шекісіне қойып шығарып салады. Бұл жайға таң қалған жүргізуші «Сіз МАИ-дың бастығысыз ба?» дейтін көрінеді.

1-жүргізуші:Иә, расымен де бұл қызық екен,Айжан!

1-жүргізуші:

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,

Тыңдағанда, көңілдің өсері бар, — деп Абай ақын жырлағандай Шаханов шығармашылығындағы әндерге жазылған өлеңдерінің өз өсиеті болса, шырқалар  әндерінің  де адамның көңілін көтерердей қасиеті бар.

(Әнге кезек беріледі)  

2-жүргізуші:

   Мақтау – өтірік болмай шын көңілмен айтылса, адамды жігерлендіретін, бойына күш-қуат қосатын отты көрік. Мұқаң мұндай мақтауларға марқая бермейді, шаттана бермейді, шалқая бермейді.Бойында қаһарманға тән қарапайымдылық басым.

1- жүргізуші:Иә! Сөзіңнің жаны бар,Айжан! Мұхтар ағамыз– ақындық қуаты мен азаматтық арынын және күреккерлік қарымын бірдей тұла бойына тоғыстырған  қайраткер.

Кейбір қалың оқырмандар «Мұқаң –Бауыржан Момышұлыдан кейінгі батыр»десе кейбіреулер ағамыздың   «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романын Нобель сыйлығына ұсыну керек деген пікірлерін алға  тартады.

2-жүргізуші:

Поэзия жолына бағыт алған Мұқанның қалам қуаты мен өлең қарымына қарап жылы лебіз білдіріп бағыт берген алдыңғы толқын ақын-жазушы ағаларының қатары аз болған жоқ. Сондай бір жанашыры ақын, Ж.Нәжімеденов : «Мұхтар Шаханов – жырды түйдектей, төгіп жазатын алымды ақын. Ол нені болсын күйіп-жанып айтады, қыза толғап, қызықтыра сөйлейді. Тақырыпты да тапқыш-ақ. Әсіресе, тарихи оқиғаларды арқау ете жазылған толғау-балладалары, дастандары тартымды, нәрлі. Өмірді, тұрмысты жақсы білетін ақын кіп-кішкене детальдардың өзінен үлкен қорытынды жасай алады. Бұл қысқасын айтқанда, ақынның ақын ретінде де, азамат ретінде де өскендігін дәлелдейді» десе,

1-жүргізуші:

 қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов :«Мұхтар – кең шиырлы, әр қырқаға із тастап келе жатқан ақын. Өзі айтқан үш өлшемнің үшеуінде де – биіктік, тереңдік, кеңдік –ақын іздері осы кезеңде-ақ көмеккі емес айқын» дейді.

 2-жүргізуші:

Ал, әлем таныған Ш.Айтматов: «Ол – жаңаша ойлау дүниесiнiң өренi. Менiң пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгiнге дейiн күллi Азия әдебиетiнде болған жоқ» деп пікір білдіреді.

 1-жүргізуші:

Өнер –ердің қанаты, шабыт құсы,

Көтереді жоғары алып күші,

Өнер болса бойыңда сөнбейтұғын

Сарайыңның болады жарық іші,–

деп кезекті мың бұралған биге беріміз.

 

2-жүргізуші

Айжан, бүгінгі салтанатты жиынымыздың құрметті де қадірлі қонағымыз  Мұхтар ағамызбен кездесу, сырласу, жүздесу кеші қызып жатыр.Енді кеш көркі қызған шақта көріп тамашалап отырған қадірлі қонақтарымыздан   Мұқаңды, Мұхтар ағаны  ақындығынан басқа қандай қырынан танитындығын сұрап көрсек қайтеді. 1-жүргізуші

Ал сұрап көрелік? (Оқушылардан сұралады, олар айтып шығады)

2-жүргізуші:Дұрыс, Мұхтар ағамыз: ең алдымен, ақын, композитор,Тіл қорғаушысы, Желтоқсан жанашыры, Аралға араша түсуші, ел ағасы, қоғам қайраткері екен.

1-жүргізуші:Сонымен  қатар, Мұқан көптеген әлем университеттерінің Құрметті профессоры. Енді соны ары қарай  сараласақ, сараптасақ, тереңнен тарқатсақ. Адамның тірі кезінде мойындалғаны –  қандай бақыт!Сондай жанның  бірі – Мұхтар Шаханов. Мұқанның аты тарихта алтын әріппен жазылып қалды.Оған ағаның өзі де, біз де куәміз. Ендеше, Мұхтар Шахановтың тарихи тұстарына тоқталсақ...

 2-жүргізуші: Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Мамандығы – тракторшы, филолог.

1-жүргізуші: 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын сырттай оқып бітірген.

2-жүргізуші: 1969 жылдан бері КСРО Жазушылар Одағының мүшесі ,

1-жүргізуші: 1978 жылдан бері КСРО Жазушылар Одағының пленум мүшесі , 1984 жылы «Жалын» альманахының , ал 1986 жылы республикалық «Жалын» журналының бас редакторы болды.

2-жүргізуші: 1996 жылы ақынға Қазақстанның халық жазушысы атағы берілді.

1-жүргізуші: 1986 жылы ағамыз Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының хатшысы қызметін атқарды.

2-жүргізуші: 1988 жылы Республикадағы тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болса,

1-жүргізуші: Сонымен қатар,   1989жылы Кремльде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі аясында қазақ халқына «ұлтшыл» деп кінә таққан КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының қаулысына қарсы және сол Желтоқсан кезіндегі шындықты қалыптастыру жөнінде тұңғыш рет Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында және КСРО халық депутаттарының І съезінде  ерге тән батылдықпен Желтоқсан оқиғасының  шындығын айтты. Қазақ пен түркі тілдес халықтардың қаралануына жол бермеді.    

2-жүргізуші: 1988 жылы М.Шаханов 1926 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған «Наурыз» мерекесінің 62 жылдан соң қайта салтанат құруына мұрындық болды  .  

1-жүргізуші: М.Шаханов 1989-91 жылдар аралығында КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, 1990-93 жылдары – республика Жоғарғы Кеңесінің, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

  2-жүргізуші: 1993-2003 жылдар аралығында М.Шаханов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

1-жүргізуші: 2001 жылдан «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті,

2-жүргізуші: ал 2004 жылдан «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, 2010 жылдан «Тәуелсіздікті қорғау» атты 50-ден астам қоғамдық ұйымдардың, партиялардың, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және бүгінде республикалық «Жалын» журналының бас редакторы.

1-жүргізуші: М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тілдеріне аударылды. Автордың Ш.Айтматовпен бірлесіп жазылған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабы мен «Сократты ескеру түні» атты драмасы да бірнеше елдің кітап дүкендерінен, сахналарынан орын тепті.

 2-жүргізуші

 Мұхтар – ұлы, ұлылыққа ұлы Түркі тамсанған! 
Арман бар ма адам болып, адам болып қалса Адам.
Тірлігінде Қыран – тұлға бой көрсетпей жырадан, 
Асқар таудан биік самғап, атар таңды қарсы алған!–

деп Қазақстан Республикасының халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны, жиырмадан астам шет елдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры,..

1-жүргізуші және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған «Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» атағының иегері.

2-жүргізуші

2002 жылы Мұхтар ағаға «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілді.

1-жүргізуші :

 «Нобель» сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен «Нобель» сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде «Нобель» ақпарат орталығы, «Нобель» қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен «Нобельдің Алтын медалінің  иегері» ақын, ұлт жанашыры  Мұхтар Шахановты ортаға  шақырамыз!

  1-жүргізуші :

Кешімізге қош келдіңіз ,қадірлі Мұхтар аға!Сізді төрімізге шақырамыз.

Ендігі сөз кезегі, қалжыңдап айтсақ «Сөз бостандығы» өзіңізде.

Мұхтар аға,барлық көрермендеріміз Сіздің шығармашылығыңызбен көптен бері таныс.Ақын қашанда сөзін өлеңнен бастайды. Ол Сіздің  дәстүріңізде әуелден бар. Біздің  Сізге қояр шартымыз бар, аға! Ол еш жерде,   оқылмаған еш жерде жарияланбаған өзіңіздің су жаңа өлеңіңізді тарту етсеңіз?

Және оқушыларымыз бен ұстаздарымыздың Сізге қояр көптеген сұрақтары бар екен. Енді  соларға кезек берсек.

  (Оқушылар көрермендер арасындағы микрофонмен әртүрлі бағыттағы сұрақтарды қояды.)

2-жүргізуші :әл-Фараби айтпақшы, музыканың үш түрі бар. Біріншісі, жай ғана рақат сезімін туғызады, екіншісі, қумарлықты, ынтықтықты білдіреді, үшіншісі, біздің қиялымызға бағытталады.Ал Ақын М.Шаханов халық арасына кеңінен тараған көптеген әндерінің  бәрінде осы ерекшеліктер кездесіп отырады.Ендеше, 7-сынып   оқушысы  Ақботаның орындауында әнді қабыл алыңыздар!

1-жүргізуші

Таң атарда, үміт, шіркін, шырай береді санаға.
Таң атарда, ұмыт, шіркін, құлай беруді қараға.
Таң атарда түнді еңсерген ой туады ғажайып.
Таң атарда тұр қатарға Шахановпен халайық! 

 2-жүргізуші

Таң атарда оянады тапталған ар мен намысың,
Таң атарда саналады естілмеген дауысың.
Таң атарда, аттан қазақ, ел өресі – ер ісі.
Мұхтар сынды ұлың бары – атқан таңның белгісі.

2-жүргізуші

 

Таң атарда күн жояды түн мен тоңның қабығын, 
Таң атарда оянады, оянады намысың.
Таң атарда таң атарға жеткізгеннің азабын
Ұмытпасаң – Шахановқа басыңды и, қазағым!

 

1-жүргізуші

Мұхтар Шаханов – бүгінгі әсемдік өркениет тағылымдарын пайымдауға өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған талантты ақын. Сонымен қатар ақын ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Арал деп арпалысқан, желтоқсан деп жағаласқан, ақыры екеуін де әлем назарына алып шыққан нағыз өр тұлғалы ақын.

 2-жүргізуші

Осындай ақындарымыздың шығармашылығы арқылы өмірдің қиын да қызық асуларына толық көз жеткізуге болады. Ақын шығармашылығы өз бояуын жоғалтпайтын, шындықты ту ететін, тек биік шыңдарды бағындыратын туындылар екендігі қақ. Ақындығы мен азаматтығын тең ұстайтын, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, жауласуға жоқ қасиеті басым ақыны екені даусыз. Осындай дарынды ақыны бар қазақ халқы шын бақытты халық деп бүгінгі кешімізді  аяқтаймыз.

«Мәңгүрттенбеу марсельезасы».

Соңы

ID: 6611 | Просмотров: 2432