Тарихты оқыту- ұлттық сананы қалыптастырудың негізі

Тарихты оқыту- ұлттық сананы қалыптастырудың негізі

 

     Тарих бұл болашағымызды қалыптастыратын кешегіміздің тірі тағлымы. Өткен тарихымызды білмей, болашағамызға сенім артудың өзі қателік десек  артық айтқандық болмас. Тарих өткен өмірді баяндағанымен, оның барша тағылымы бүгін мен болашаққа қызмет етеді. Халқымыздың оянған тарихи санасы енді бүгін өткен жолымызды шынайы көрсетуді талап ететіні ақиқат. Кеше айтылмаған, көрсетілмеген тарихымыз тәуелсіздіктің арқасында шынайы бет-бейнесіне, қалпына қайта оралды. Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, ұрпақтарына қалдырған бабалар даналығы мен бейбіт жасампаздықтың құндылығы болып табылады. Қилы кезеңдердің қиындығы артта қалып, ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Отанымыз әлемдегі алдыңғы қатарлы елу елмен иық тірестіріп, іргелі мемлекет, қалыптасқан жұрт екенімізді көрсеттік. Ендігі жердегі келелі міндет жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіріп, ел мен жердің иесі сендерсіңдер деген ойды саналарына дарытып, бойларына орнықтыру  мен ұлттық сананы қалыптастыру міндеті тұр. Бұл туралы Президент Елордада мектеп оқушыларына оқыған дәрісінде жан-жақты қозғады. Туған жердің, елдің тарихын білмейінше, шынайы патриот болу мүмкін емес дегенді қадап айтты.  

Тәуелсіз Мемлекетіміз үшін ұлттық сананы қалыптастыру негізігі қадамдардың бірі екендігі рас. Ал ұлттық сананы қалыптастыру ұлттық тарихты оқытудан бастау алатындығын дәлелдеудің қажеті шамалы. Мемлекет басшысы «Қазақстан -2050» Стратегиясында: «Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деп бұл тұрғыда алда тұрған міндеттерді айқындап, тиісті тараптарға нақтылы тапсырма жүктегені белгілі. Бұл мәселе көп өтпей Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланып, алға бағдарлар белгіленген-ді. 

Елбасымыз тапсырмасына сай алдымызға қойылып отырған басты мәселе де осы — ұлттың тарихи санасын жаңғырту, еліміздің өткенін жаңаша көзқарас тұрғысынан зерттеп, зерделеу. Бұл жұмыстар сан салада қарқынды түрде жүргізіліп те жатыр. Осы тұрғыдан алғанда ұлтымыздың тарихи санасы балабақша мен мектептен бастау алады. Мектепте тарих пәнін ұлттық тұрғыдан оқыту ұлтымыздың болмысын айшықтай түседі. Бүгінгі оқушы-ертеңгі болашағымыздың берік іргесі. Сондықтан оқушы бойында жоғарғы идеялдық, адамгершілік, ұлттық  қасиеттерді қалыптастыруда тарих пәнінінің мүмкіндіктерін барынша толық пайдалануымыз керек. 

Білім мен тәрбиенің негізі қаланатын бүгінгі мектептің алдында ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі, мәдениеті, ақыл-парасаты, ар-ожданы жоғары,еңбекқор, іскер, намысшыл, отансүйгіш және басқада игі қасиеттер бойына дарыған азамат тәрбиелеу міндеті тұрғанын естен шығармағанымыз абзал. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жағдайында оның мемлекеттік мүддесіне сай халықтың тарихи санасын қайта қалыптастыру елдің айқын келешегі мен ұрпақтар сабақтастығы үшін аса қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда тарих ғылымының атқарар рөлі де, көтерер жүгі де елдің ұлттық нышанын, тарихи дәстүрі мен мәдениетін сақтап, келер ұрпаққа жеткізудегі жауапкершілігі де зор.  Тарих – әрбір халықтың өткен өмірі мен жүріп өткен жолының айнасы іспеттес тұңғиығы терең, тәрбиелік мәні зор жас ұрпаққа өте қажетті гуманитарлық ғылымдардың атасы.  Қазақстан тарихын оқып білу, жоғары оқу орнына емтихан тапсыру үшін ғана қажеттілік деп ойламай, өмірлік қажеттілік деп қарау керек. Ал, осы ұлттық сананы қалыптастырудың негізі болып табылатын тарихты біз қалай оқытудамыз, қандай кемшіліктер бар? Әрине, тарих пәнін оқытуда кемшіліктер жоқ деп айта алмаймыз. Мұндағы басты кемшілік «Қазақстан тарихы» оқулықтарының біріздендірілмеуі болып отыр. Мысалы:  8 сыныпта Ж.Қасымбаевтың “Мектеп” баспасынан және    З.Е.Қабылдинов, А.Т. Қайыпбаева, “Атамұра”  баспасынан шыққан оқулықтармен, ал, 9 сыныпта «Мектеп» баспасынан шыққан М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс пен «Атамұра» баспасынан басылған Б.Аяған, М.Шәймерденованың оқулықтарының бірдей оқытылуы осының дәлелі. Мұндағы оқулықтардағы тарихи оқиғалар мен фактілерде қарама-қайшылықтар орын алған. Сондай-ақ «Қазақстан тарихы» оқулығында  сәйкессіздіктерде өте көп. 11 сыныпқа арналған Т. Тұрлығұл, С. Жолдасбаев, Л. Қожакеева «Мектеп баспасы» 2011 жылғы шыққан оқулықта  «Бұланты шайқасы 1727 жылы болды деп көрсетіледі», ал 7-сынып оқулығында 1726 жыл деп көрсетіледі. Тарих  пәні арқылы жастарымыздың бойындағы Отанға  деген сүйіспеншілікті патриоттық сезімді шындай түсудің орнына  Отанымыздың тарихына қатысы шамалы сұрақтарды ҰБТ емтихандарының сұрақтарына енгізіп, оларды көп жағдайда шатастырып та жібереміз. Сапалы білім беріп, тарихи сананы қалыптастыруға негіз салу үшін сапалы оқулық керек. Бұл мәселенің көтерілгеніне біраз уақыт болды. Әрине, өскелең жас ұрпақтық ой-санасына, қабілетіне лайықтап, ұғынықты, тілі жеңіл тартымды оқулық жазу – оңай шаруа емес шығар, әрине. Бірақ сапалы оқулық дайындап шығаратын мезгіл жетті деп ойлаймыз. Тарихты білу әрбір азаматтың конституциялық міндеті. Дегенмен, осындай сапасыз оқулықтар азаматтардың өз тарихын білуге жол аша ала ма деген сұрақ туындайды. Дейтұрғанмен де,  бұл мәселенің жақын күндері шешілетіндігіне сенім мол.  Тарихты оқыту барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Тарих пәнін оқытуды ұлттық сана-сезімі жоғары болашақтың иесі жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде де қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн. Бұл орайдағы тарих ғылымының тағылымы шексіз екенін бағамдай білуіміз орынды болмақ.  

 

 

Ғарипуллаев Әлішер Әзімбайұлы

Тараз қаласы Төле би атындағы 

№8 гимназияның тарих пәні мұғалімі

 

Автор: Әлішер Әзімбайұлы Ғарипуллаев

Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Төле би атындағы №8 гимназиясы

18
Декабрь
0
1544

Пікірлер: 0

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.