Басты бет » Ашық сабақтар » Ашық сабақтар » Тарих

Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі тенденциялары

Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі тенденциялары

Дереккөз: Ұстаздар сайты

загрузка...
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті

5В011400-Тарих мамандығы бойынша
V республикалық пәндік олимпиадасына дайындалған

ҒЫЛЫМИ ЖОБА

Тақырыбы: Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі
тенденциялары

Ақтау - 2013 ж

Мазмұны

Кіріспе

1. Қазақстандық патриотизмнің қалыптасу тарихы мен даму жолдары.
2. Ұлттық идея- тәуелсіздік тұғыры.

Қортынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

КІРІСПЕ

Ғылыми жобаның өзектілігі: Жаһандану заманында тек экономика ғана емес, мәдениет пен тіл бәсекелестікке түсіп жатқан ғаламда ерлік, елдік, отансүйгіштік секілді рухани құндылықтар ұлт тағдырымен байланысты.Қазақстандық патриотизмнің тарихы мен дамуының негізгі тенденциялары қарастырылған еңбектердегі түйіндер мен тұжырымдарды пайдалана отырып, шетелдік зерттеушілердің де зерттемелерін назарға алып ғылыми қорытындылар жасау, ұлттық идея, тіл, дін, дәстүр, тарихи сана түсініктеріне талдау жасау, ерекшеліктерін зерделеу, құндылықтарын ашу қажеттілігі зерттеуге негіз болып отыр.
Ғылыми жобаның мақсаты: Қазақстандық патриотизмды қалыптастырудың негізі - отансүйгіштік, өз еліміздің тәуелсіздігін қадірлеу және қорғай білуге үйрету, патриотизмді қалыптастырудың негізгі бағыттарына талдау жасай отырып, қоғамда алатын орны туралы ғылыми болжамдар жасау.
Ғылыми жобаның міндеттері: Қазақстандық патриотизм тұғыры- Отансүйгіштік, тіл, дін, ұлттық рух пен идея, мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын жастар пікірімен танысу және оларға талдау жасау. Негізгі міндеті-Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі тенденцияларын анықтауға алғашқы қадамдар жасау.
Ғылыми жобаның зерттелу деңгейі: Қазіргі кезде еліміздің егемендігі мен бейбітшілігін сақтауда тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлкен мән беріліп отырғандығы ҚР Президентінің республика халқына жолдауларында, мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамаларында, «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында», «Қазақстан -2030», «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына ену», «Зияткерлік ұлт қалыптастыру»бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарында, ағымдағы басылым беттерінде айқын аңғарылады.
Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның дамуы - қоғамның идеялық бірлігінде», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» және кейіннен шыққан «Ел бірлігі» ұлттық доктринасының жобасында көрсетілген.
Қазақстандық саясаттану ғылымында ұлттық бірегейленудің негізін құрайтын этникалық және саяси-азаматтық ұлт қалыптастырудың негіздемелері - ұлттық идея мен жалпыұлттық идеяның бүгінгі қазақстандық қоғамдағы идеялық және идеологиялық негіздемесі және ұлттық патриотизм аспектілері жөнінде қазақстандық ғалымдар - А.Б.Абсаттаров, Б. Абдыгалиев, Н.М. Садықов, Б.Г. Аяған, К.Н. Бурханов, Ж.Х. Жүнісова, Г.Ибраева, Р.А.Нұртазина, К. Қалиев, С.М. Бөрбасов, Р.К. Қадыржанов, Ә.Нысанбаев, А.Сейдiмбек, Ә.Ғали, А.Шәрiп, I.Ерғали т.б. еңбектерінде қарастырылған.
Қазақ¬станның білім және ғылым қызметкер¬лерінің ІІ съезінде еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев: “Қазақстанның отан¬шылдық сезімін тәрбиелеу білім беру¬дің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орында¬рына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің хал¬қын сүюге тәрбиелеу – мұғалім¬нің аса маңызды, аса жауап¬ты да қадірменді парызы” – деген сөзі арқылы болашақ маман біздерге үлкен сенім артады.
Ғылыми жобаның жаңалығы:Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі тенденцияларына арналған еңбектерге талдау жасалынды, бағыттары насихатталды.
Ғылыми жобаның практикалық маңызы:Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру қоғамның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға, Қазақстан халықтарының шоғырлануына бағытталған дүниетанымдық сипаттағы бағдарлардың, құндылықтар мен идеалдардың кешенін білдіргендіктен, өтпелі кезеңді бастап кешіріп, әлемдік өркениеттік қауымдастықтан өз орнын табуға ұмтылып отырған біздің еліміз үшін қажет. Жобаның нәтижелерін, тұжырымдары мен қорытындыларын кураторлық сабақтар мен «Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу», «Елдік, бірлік, ұлттық рух пен ұлттық тәрбиені жаңғырту», «Тарихи сананы қалыптастыру»аттытәрбие сағаттарында пайдалануға болады.
Ғылыми жобаның құрылымы:кіріспе, негізгі мәселерді қарастыратын екі бөлімнен, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, мақсаты, міндеттері, зерттелу деңгейі, құрылымы көрсетілді.
Ғылыми жобаның «Қазақстандық патриотизмнің қалыптасу тарихы мен даму жолдары» атты бірінші бөлімінде отансүйгіштік, ұлттық сананы жинақтап зерттеу, саралап игеру, жаңғырту, ұлттық құндылықтардың озық дәстүрлері бұл күнгі жастар тәрбиесіне кеңінен қолдану көрсетілді.
«Ұлттық идея- тәуелсіздік тұғыры» атты екінші бөлімінде ұлттық идея, тарихи таным, ұлттық құндылықтар, оларды дамыту және сақтау жолдары қарастырылған.

1. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ МЕН ДАМУ ЖОЛДАРЫ

«Қазақстан Республикасының жастарына үздіксіз тәлім-тәрбие беру тұжырымдамасында» тәрбиенің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, иманды, ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында тағы да басқа ізгі қасиеттері бар азаматты тәрбиелеу деп белгіленген. Қазақ халқы, яғни біздің ата-бабаларымыз, тәрбиенің негізгі мақсаты сегіз қырлы, бір сырлы, жетілген адамды тәрбиелеу деп санаған.Тәрбенің негізгі міндеттерінің (бағыттарының) ішінде патриоттық (елжандылық, ұлтжандылық) тәрбие ерекше орын алады.
Патриотизм ұғымына енетіндер:
- Адамның туған жерін сүйіп, өз халқының тілін құрметтеуі, Отанының мүддесін қорғау,
- Өткен тарихын, халқының әдет-ғұрыптарын және салт-дәстүрлерін сыйлауы.
М.Шахановтың сөзімен айтсақ:
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Әр адамның өз анасынан басқа,
Жебеп тұрар, демеп тұрар арқада,
Болуы керек құдіретті төрт ана:
Туған жері-түп қазығы айбыны,
Туған тілі-сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы тірегі
Қадамына, шуақ шашар үнемі.
Жаңа заманға жігер керек, талаптылық керек, басқа халықтан үйрену керек, ал ең керегі – ұлттық сана қалыптастырып, ұлттық намысы, ұлттық рухы жоғары, ұлтының тарихи-мәдени құндылықтарын бағалайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу керек. Біз ата дәстүріне сүйене отырып, халқымыздың өркениетті елдер қатарына жетукін армандаймыз. Ұлттық сезім мен ұлттық намысты, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті деп білеміз.
Қазіргі кезеңде “қазақстандық отансүйгіштік” ұғымына зор мән берілуде. Көп ұлтты Қазақстан халықының отансүгіштік сезімін қалыпастыратын – азаматтық келісім, ұлттық бірлік. Егемен еліміздің тәуелсіздігін сақтау ұлттық келісім, ішкі үндесім барша халқымыздың ынтымағы мен өзара жарасымдылығында. Туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар – жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді де бейтарап қалдыра алмайды. Олар сөзсіз адам көкірегінде жылылық, жақындық, туыстық сезімдерді ұялатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, отансүйгіштік қасиетті ұғым.
Қазақстандық отансүйгіштікке келсек, ол тек қазақтардың ғана өз отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендейтін бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Бұл сезімнің мағынасы терең, аумағы кең, құдіреті күшті. Ол өз мазмұны, өз аясы бар, құдіретті күшке кездейсоқтықтан айналмайды, бұл сезімнің оянып, бірте-бірте күш алып, саналы өзіндік мәні, өлшемі, мағынасы бар біртұтас сезімге ұласуы обьективтік шарттылықтарды қажет етеді. Отанын адамның өзі тануы тиіс. Оны жете біліп, қадір – қасиетін ұққанда, тарихын, өткен жолын, қиындық мехнаттарын, рухын, тар жол, тайғақ кешулерін көз алдынан өткізіп, жанымен сезе білгенде, елдің басын біріктірген жат жұрттықтардан жерін, суын, даласын, тауын қанын төгіп қайсарлықпен қорғап алған ерліктерін сезіп білгенде ғана, соған деген мақтаныш сезімі оянады.
Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды.
Соңғы уақыттарда басылым беттерінде «патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбие» ұғымдары қатар қолданылып келеді. Біздің көзқарасымызша, «азаматтық тәрбие» мен «патриоттық тәрбие» ұғымдары бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырады. «Патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбиенің» бір бөлігі болып табылып, оны нақтылай және тереңдете түседі, жеке тұлғаның Отанды сүю, өз халқының өткеніне сыйластықпен қарау сияқты, азаматтың адамгершілік негізін құрайтын қоғамдық мәнді қасиеттерінің қалыптасуына себептігін тигізеді. Патриоттық тәрбие ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына ықпал тигізуде де үлкен мәнге ие. Бұл бірінші кезекте жеке тұлғаның әлеуметтенуіне көмектеседі және әлеуметтік тұрғыдағы қабілеттіктерінің дамуына да тигізер ықпалы мол.
Патриотизмның адамгершілік жақтарын борыш, саналылық, жауапкершілік сезімдері құрайды. Бұл-азаматтық қоғамның құқықтық мәдениетінің маңызды компоненттері. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы жағдайында жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті үлкен мәнге ие, ол азаматтық және патриоттық тәрбиенің өзара байланысының нәтижесі болуы тіс. «Азаматтық тәрбие» де, «патриоттық тәрбие» де жеке тұлғаның қызығушы-лықтарын жүзеге асыру және олардың талап-сұраныстары мен мүмкіндіктері негізінде құрылуы қажет. Біз «азаматтық» және «патриоттық тәрбие» ұғымдары біріктірілуі тиіс деп санаймыз.
Патриоттық тәрбиенің жүйелілік сипатына келетін болсақ, ол ең алдымен, тәрбие мен патриоттық сана-сезімнің жүйесі арқылы айқындалады. Жүйелі патриоттық сана тұрғысынан алғанда, патриоттық тәрбие тәрбиенің идеялық-саяси, адамгершілік, құқықтық, эстетикалық және т.б. элементтерінсіз өмір сүре алмайды, патриоттық сана Отанды өркендету мен қорғауға ішкі даярлық пен қабілетті қалыптастыруға білгілі бір әлеуметтік- саяси бағыт береді. Сөйтіп, патриоттық тәрбие басқа тәрбиенің барлық негізгі бағыттарымен бірге жүзеге асырылады. Патриоттық тәрбиенің соңғы нәтижесі ретінде патриоттық сана өз Отанын өркендету жолындағы күресте, оны нығайту және қорғау жолындағы қызметті көрініп, өлшенеді, сөйтіп, сол арқылы тиісті ерлік, жауынгерлік және ұлттық дәстүрлер түзе отырып, олар кейіннен тәрбиелеуші факторға айналады.
Патриоттық тәрбиенің жүйелілігі, біріншіден тәрбие объектісі-жеке адамның біртұтастығынан; екіншіден, отбасында, ұжымда, еңбек және әскери ұжымдарда патриоттық тәрбиенің сабақтастығы мен бірмәнді бағыттылығын талап ететін қоғамдық өмірдің барлық салаларының өзара байланысынан; үшіншіден, тәрбиенің негізгі принциптері мен жалпы заңдылықтарынан және төртіншіден, негізгі мұраты жеке адамды жарасымды және жан-жақты тәрбиелеу болып табылатын тәрбиенің неғұрлым жалпы жүйесіне патриоттық тәрбиенің ықпалдасуынан туындап жатады.
Патриоттық тәрбие қоғамдық-саяси қызметтің күрделі, салыстырмалы дербес жүйелерінің барлық белгілеріне ие болады. Біріншіден, ол өзара байланысты құндылықтардың белгілі бір құрылымын иеленеді. Патриоттық тәрбие жүйесі кез-келген әлеуметтік жүйенің төрт негізгі топтарын қамтиды: материалдық, іс-әрекеттік, рухани, адами құндылықтар. Осы құндылықтардың болуы және олардың өзара байланысы жүйенің біртұтастығын және жаңа сапалық айқындылықты белгілейтін оның құрамдас бөліктерінің өзара іс-әрекеттестігінің әдісі ретінде, патриоттық тәрбие жүйесінің салыстырмалы түрде алғанда тұрақты құрылымының дербестігін айқындайды. Екіншіден, патриоттық тәрбие жүйесіне оның міндеттерінен көрінетін өзіндік белсенділік тән. Үшіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз - өзіне тән басқару тетігі, субъектісі мен объектісі, басшылық құралдары мен әдістері бар, өзін-өзі басқаратын жүйе. Саналы басқару – бұл жүйенің өзіне тән әрі қажетті сипаттама. Төртіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз – уақыт пен кеңістікте дамытып отыратын жүйе, оның өз тарихы және өзіне тән заңмен белгіленетін қалыптасу, қызмет атқару мен даму процестері бар. Кез келген жүйедегі сияқты патриоттық тәрбиеде де әрдайым өткеннің қалдығы, бүгінгі күннің негіздері және болашақтың нышандары болатыны жалпыға мәлім. Жүйенің негізгі функциясы жастарды ұлт-азаттық майданға, жауынгерлікке, қоғамдағы, халық дәстүрлеріндегі ескі қалдықтармен күресуге, жаңа Отанды құруға даярлау болып табылады.
Бесіншіден, патриоттық тәрбие жүйесі оқшау емес, әлеуметтік тұрғыдан алғанда да, табиғи жағынан келгенде де басқа жүйелермен тығыз байланыста өмір сүреді. Мәселен, қоғам патриоттық тәрбиенің қызмет атқару мен даму процесіне елеулі ықпал жасай отырып, оның тәрбиелік жүйесін жаңғарту және толықтыру көзі болып табылады. Мұнсыз патриоттық тәрбие ойдағыдай дамып, қызмет атқара алмайды.
Патриоттық тәрбие басқа қоғамдық жүйелермен тығыз байланыста болады. Оның жүзеге асуына макроорта мен микроортаның әсері мол. Яғни, патриоттық тәрбие оқшау өмір сүре алмайды. Ол күрделі, салыстырмалы түрде алғанда дербес, біртұтас, өзін-өзі басқарып отыратын, белсенді де дамушы жүйе болып табылады және тәрбиенің барлық негізгі бағыттарында жүзеге асырыла отырып, оны ұйымдастыруға кешенді тәсілді талап етеді.
Кешенді тәсілдің негізгі идеясы - жеке адамның патриоттық қасиеттерінің барлық жиынтығын және патриоттық тәрбие ішінде де (мақсаттары, принциптері, бағыттары, құралдары, нысандары, әдістері және т.б.), сондай-ақ сыртқы жүйелерде де (тәрбие, экономика, саясат, идеология және т.б.) тәрбие процесінің өзара әрекеттестіктегі барлық элементтерінің нысаналы бірлігін қалыптастыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Б.Момышұлы: «Патриотизм - Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің тәуелді екенінді, мемлекетті нығайту дегеніміз - жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, жеке адамнын өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын барлық жағынан біріктіреді» - деп «ұлттық патриотизм», «қазақстандық патриотизм» ұғымдарына анықтама берген.
Патриотизмді дамытудың басты шарты, елдің бір жұдырық болып жұмылып, бірлік пен татулықты сақтауы. Құм, кесек, су, топырақты кез келген бала қалаған формасына келтіре алады. Егер де осыларды цементпен араластырсаңыз бетонға айналады. Енді оны бала түгілі жігіттердің өзі қолымен бұзып, үгіте алмайды. Енді кішкентай ғана құм түйіршіктер мен топырақты, судыбіріктіріп тұрған не нәрсе? Әрине, цемент. Осы тектес миллиондаған отандастарымызды бір-біріне байлап тұрған, бөлінбес бір Отан, ұлтқа біріктіріп тұрған патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік. Сол үшін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді сақтап тұрған патриотизм біз үшін өте маңызды, басты мәселе.
Бірақ патриотизм жасанды болмаған жағдайда ғана өз жемісін береді. Патриотизмнің объектісі, қайнар көзі Отан. Ал оның мазмұны табиғаты, оның байлықтары, жері, тарихы, тілі, т.б. Сондықтан біздегі патриотизмде ұлттық мазмұн болуы шарт. Мысалыға, елімізде өмір сүріп жатқан өзге диаспоралар Абылайхан, Бөгенбай, Қабанбайды, Ахмет, Әлихан, Мұстафаны Отанын қорғаған батырлар ретінде тануы және өз қаһармандары ретінде қабылдаулары керек. Себебі өзге диаспоралар өмір сүріп жатқан Отан үшін құрбан болғандар, олардың да батырлары болып қабылдануы қалыпты жағдай. Өйткені оларға Отан болған жер үшін, өмір сүрулеріне жасалған жағдай үшін құрбан болғандарға құрмет көрсетуі азаматтық парызы.
Патриотизмді халықтың табиғатына жақын, өмір сүру салтымен ұштастырғанда ғана ол сіңімді әрі әсері мол болады. Халқымыздың ғасырлардан бергі тарихы, қалыптасқан салт-санасы бар. Патриотизм сонымен үйлескенде ғана Қазақстан жетістікке жетеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимніне «Намысын бермеген қазағым мықты ғой» деп өзгеріс енгізгенінен байқауға болады.
«Отан – отбасыдан басталады» дегендей отбасыдағы бірлікті нығайту мен ата-анасын сүюден бастауымыз керек. Бұрынғы ата-бабаларымызға қазіргідей арнайы патриотизм саясаты жүргізілмесе де Отанды қорғауда жанын-тәнін аямай, патриотизмнің керемет үлгісін көрсеткен. Себеп біреу, табиғаттан, ұлттық тәрбиеден берілген табиғи, ұлттық патриотизм. Жасандылық жоқ. Тарихымызда патриотизмге үлгі тұтар мысалдар өте көп. Мысалыға, жылқы үшін, яғни мал-мүлік үшін, әйел үшін соғыспаған ғұн бабаларымыз тек Отанын, жерін, атамекенін қорғау үшін ғана соғысқан.
Патриотизмі қанымызда бар. Қазақ ешқашан бір үйде құл болып қызмет етпеген. Қазақ дегеннің өзі еркін, тәуелсіз деген мағына береді. Қазақ тарихын зерделеу барысында олардың табиғаты, әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты патриот халық екенін айқын аңғаруға болады. Бұны қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов жақсы зерттеген және өзінің пат¬риоттық сезімін: “Менің патриот¬тық сезімім ірбіт сандығындай (матрешка сияқты бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде тағы бір сандық) мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды қадірлеймін”, – деген екен.
Отаншылдық – елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан Отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Отаншылдықты рухани құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес.
Н.Назарбаев: “Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс... Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн”- дейді. Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады.
Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.

2. ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ-ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ

Қандай да бір болмасын мәселені зерттегенде негізгі үш сұраққа жауап iздейміз. 1. Қашан пайда болды? 2. Қандай даму белестерiнен өттi? 3. Бүгiнгi жай-күйi қандай? Ұлттық идея тарихы да бұл сұрақтардан тыс тұра алмайды. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы – қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт – ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Ендеше ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату құрады.
Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан айырылған социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi. Ұлтын сүйген, рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп, суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тiлге жеңiл, жүрекке жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды.
А.Байтұрсынов: «Қазақ − жоқ iздеген халық»,- деген екен. Иә, ол замандағы қазақ баласы бiлiмнен, ғылымнан, өнеркәсiптен ала алмаған еншiсiн iздедi. Әлi де жоқ iздеп жүрмiз. Биiк технологиялардан кенже қалыппыз. Әлемдiк бәсекеге даяр емес екенбiз. Елбасымыз «Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық «МЕН» дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр… Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы қажет»,- деп жазуында өмiрлiк мәнi бар шындық жатыр.
Армансыз адам – қанатсыз құспен тең,- дейдi халқымыз. Ендеше ұлттық идеясыз қала берек, қанатсыз ұлтқа айналарымыз сөзсiз. Ұлттық идеяны таппайынша елде жүрiп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана мiндетiн атқарып шығатындай көрiнедi.
Алдымен бiзге қажет ұлттық идеяға қойылатын талаптарды пысықтап алу керек. Бiрiншiден, ол идея Ата Заңымызға қайшы келмеуге тиiс. Яғни нәсiлдiк, ұлттық, дiни, жыныстық кемсiту немесе дәрiптеуден алыс тұрғаны абзал. Екiншiден, ұлттық идея қазақстанның атын анықтап отырған қазақ халқының мұратын ұлықтаумен қоса, басқа диаспоралардың тарихи, дәстүрлi, этникалық ар-намысына тимейтiнi былай тұрсын, қайта соған қуат беретiн факторға айналуын қамтамасыз ететiн болсын. Үшiншiден, ұлттық идеяның хронологиялық бастапқы сәтi белгiлi болғанмен, бүгiн де, ертең де шексiз жүзеге аса беретiнiн баса көрсеткенi жөн.
Ұлттық идея құндылықтары мен ұстанымдарын екi әлеуметтiк қауым арасында мейлiнше дәйектi бекемдеу қажет. Бiрi – бала бақшада тәрбиеленушi бүлдiршiндерден бастап, университет аудиторияларында отырған жастарға жеткiзуден ештеңенi аяуға болмайды. Бiздер болашақ мамандар мен зиялылар ұлттық идеяға қалтқысыз сеніп, санамызға, өмiр салтымызға сiңген ұлттық идеяныжеткізе алатынымызға еш күмән жоқ. Ұлттық идея барша халықтың күш-жiгерiн, iс-әрекетiн уақыт алға қойып отырған аса жауапты тарихи мiндеттi шешуге жұмылдыратын, баурап әкететiн күш болуын қалаймын. Ұлттық идеяның мән-мағынасын дәл қазiргi таңда «Қазақ елi. Азаттық. Бiрлiк» деген ұғым-түсiнiктер аша алады. Бiрлiктiң Ұлы күш екенiн халқымыз қапысыз ұққан. Бiрлiк жоқ жерде тiрлiк жоқ, деген ғой ол. „Сөздiң атасы – шындық, анасы – бірлік” деген ұлағатты сөздi Қаздауысты Қазыбек би айтқан екен. «Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос, көрмесең – iстiң бәрi бос», – деп ұлы Абай жырлаған. Қазақтың, барша қазақстандықтардың бiрлiгi тап қазiр ерекше мағынаға ие болып тұр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «жан-жақты дәйектелген экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару мiндеттерi ынтымақ-бiрлiк барда ғана жүзеге асады» деп дұрыс баға берді.
Бұл мәселені қоғамдық деңгейде талқылау, бүгінде екі түрлі көзқарастың қалыптасуына түрткі болды. Мәселен, қазақстандықтардың бірнеше бөлігі ұлттық идеяның бүгінде қажеттілігі жоқ, себебі, әлеуметтік, саяси және т.б. идеялар мен идеологиялар уақыты өткен кеңестік кезеңде қалды, сондықтан да, нарық жағдайында саналы іс-әрекет пен индивидуализмге жүгінуі керек дейді. Ал қазақстандықтардың келесі бір бөлігі жалпыұлттық идеяны мүлдем жоққа шығарып, қандай да болмасын ұлттық негіздегі идея қауіпті және көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде өте зиян дейді. Олардың көзқарастары бойынша қандай да болсын ұлттық идея қандай да түрде болмасын бұқара санасында адамзатқа талай қасірет әкелген ұлтшылдық-ты тудырады.Бұдан өзгеше көзқарасты жақтаушылар, яғни, көпұлтты мемлекетте ұлттық идея тек бір ғана этностың немесе халықтың идеясы болып қала алмайды. Қазақстандағы көпұлтты мемлекет ретіндегі ұлттық идея мән-мазмұн жағынан жалпыұлттық идея болуы қажет.
Ұлттық идея этникалық, мәдени, діни немесе басқа да тұтастық негізінде біріккен қандай да бір адамдар қауымдастығының ортақ ұстанатын түсініктері, идеалдары, стереотиптер, ұжымдық естеліктер мен құндылықтары болып табылады. Ұлттық идея негізінде, қазіргі әлемде этникалық немесе құрамы жағынан мультиэтникалық болып келген қауымдастықтың ұлттық бірегейлігі қалыптасады. Ұлттық бірегейліксіз, ұлттық идеясыз ұлт қалыптасуы мүмкін емес.
Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты мақсаты - байырғы қазақ жерінде құрылған ұлттық мемлекетті сақтау және нығайту.
Осы мақсатта: тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің баянды болуын қамтамасыз ету;қазақ ұлтының тарихи жадын, тілін, ділін сақтау мен жан-жақты дамыту, оның жаһандану заманындағы өзіндік ұлттық-мәдени ерекшелігін қалыптастыру және әлемге паш ету;елімізде тұрып жатқан барлық этностық топтардың өз тілі мен мәдениетінің дамуына шек қоймай, олардың барлығының ортақ Отаны - Қазақстан Республикасына адал қызмет етіп, оған деген сенімін арттыру қажет.
Бұл үшін мемлекет пен қоғам өздерінің ерік-жігерін төмендегі негізгі міндеттерді атқару үшін жұмылдыруы керек:
- Қазақстан Республикасы қоғамының негізгі ұлттық құндылықтарын қалыптастыру және дамыту;
- қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізіп, оны барша Қазақстан азаматтарын біріктіретін факторға айналдыру;
- этносаралық және дінаралық саладағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді және пәрменді қарым-қатынастарын қамтамасыз ететін жүйені қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының бұл саладағы басты міндеті - оның тәуелсіздігі мен егемендігін, саяси және экономикалық дамуының тірегі болатын, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы білімді жаңа ұрпақ тәрбиелеу, ғылымды жан-жақты дамыту.
Ол үшін:
- ұлттық тарихты, зердені, рух пен мәдениетті терең насихаттайтын әр деңгейдегі, сан алуан технологиядағы жаңа буын оқулықтарын дайындау;
- жоғары оқу орындарында оқытылатын гуманитарлық және техникалық мамандықтарға арналған мемлекеттік тілдегі оқу құралдары мен оқулықтардың сапасын арттыру;
- арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы жасөспірімдер үшін қазақ және басқа тілдерде ұлттық ауыз әдебиетінің үздік үлгілерін, бай эпикалық мұрасын кеңінен насихаттайтын кітаптар, мультфильмдер, дискілер шығару;
- 90-жылдардағы жабайы жекешелендіру кезінде жабылып қалған балабақшалар мен мәдени ошақтары желісін қайтарту және демографиялық үдерістерге сай қайта жаңғырту;
- білім беру жүйесі жас азаматтардың қазақ тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік тіліне деген құрметін арттыруға, Қазақстан Республикасына, оның мемлекеттік рәміздеріне, құндылықтарына деген сүйіспеншілік сезімдер мен отансүйгіштік қасиеттерді өсіруге бағыттау;
Ұлттық идеяның негізі-ұлттық сана-сезім, ұлттық патриотизм, әр халықтың ұлттық ойлау қабілеті, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүр қоршауында сақтайтын негізгі рухани байлық. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы бала дүниеге келгеннен бастап отбасындағы ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Егер отбасында ұлттық тәрбие болмаса, балалардың ұлттық тұлға болып қалыптасуы сондай теріс тәрбиеге лайықтанып қалыптасады.
Ұлттық өзіндік сана дегеніміз — этностық сананың жоғары, күрделіленген, жетілдірілген формасы. Ұлттық өзіндік сананы ұлттың өзінің әлеуметтік-этностық мәнін танып білуі, дүниежүзілік қауымдастық жүйедегі өзінің орнын және қандай орын ала алатынын, адамзат тарихындағы атқарып жүрген әрекеттік рөлін және оның қандайын атқара алатынын, адамзат жасап жатқан өркениетке қосқан және қоса алатын үлесін сезіп тұшынуы, сонымен қоса өзге халықтармен тең, еркін және тәуелсіз өмір сүрудің табиғи-тарихи құқығын түсінуі деп ұғуға болады.
Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына екі тұрғыдан қарауға болады: біріншісі-сезімдік, түйсіктік, екіншісі-саналы теориялық. Біріншісі өз елін, халқын, ұлтын сыйлайтын, сүйетін алғашқы ыстық сезімнен туса, екіншісі өз елінің, халқының, ұлтының өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселелеріне мемлекеттік, елдік, тіпті дүние жүзілік тұрғыдан теориялық ұлттық бағыт-бағдарлама тұрғысынан қарап, аңғару арқылы болатын саналы ойдан туады. Ал, ұлттық сананың жасаушысы, қолдаушысы, қорғаушысы, сақтаушысы әрқашанда ұлттық интеллигенция, ұлттық зиялы қауым.
1. Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.
2. Отанды, халқын, жерін,елін сүю. «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын» тәрбиелеу.
3. Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы».
4. Жеті атасын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».
5. Отбасы шежіресі және мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың ерекше рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.
Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды.
Елімізде ұлттық сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) маңызы ерекше. Жаңа қазақстандық қоғамда жастардың теледидар мен радионы еркін пайдалануға мүмкіндік мол.
Өскелең ұрпақ білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алатыны сөзсіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» демекші, ата дәстүріміздің қалыптаса беруіне отбасы тәрбиесінің ықпалы зор. Әйтседе, күнделікті тірлікте ортақ тәрбие құралы – бұқаралық ақпарат құралдарын баса пайдаланып келеміз.
Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай кезінде былай деген: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».
Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзатттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету арқылы жастардың бойында ұлттық сананы қалыптастыру басты міндетіміз болып қала бермек. Ұлт толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса бүгінгі күні қазақтар өздерінің саяси тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан бері, өткен жиырма жылдың ішінде ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғауда қандай жетістіктерге қол жеткізгенін білу үшін біз әуелі ұлттық сана, ұлттық құндылық, ұлттық мүдде деген сөздердің мағынасына талдау жасап, оның ұғымына түсінік беруіміз керек.

Ұлттық сана дегеніміз сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана.
Ұлттық сана абстракты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін өзі жете танып, түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал ұлттық дүниетаным дұрыс таным-түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады.
Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші — ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Қазақ этносының өкілі болуды құдай маңдайыңа жазғаннан кейін, оны мамандық ауыстырғандай ауыстыру мүмкін емес. Өйткені, ауыстырмақ болып, басқа ұлттың мәдениетін қаншама бойыңа сіңірдім дегеніңмен, бәрібір сен сол ұлтқа кірмейсің, төлтумасы бола алмайсың. Қабылдамайды, реті келген тұста өгейлігіңді есіңе салады да тұрады. Мұндай жағдайды бастан кешірген жан кейін рухани дағдарысқа ұшырап, өмірінің соңы бақытсыздыққа айналады.
Бұдан шығатын қорытынды – адам ата-анасын таңдай алмайтыны сияқты этносын да таңдай алмайды. Тағдырдың жазуы солай. Өзінің тәрбиесіздігінен, біліксіздігінен төл мәдениетін жатсынып, өзге мәдениеттің шапанының шалғайына жармасып жүргендер ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, Абай айтқан: “не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес” күй кешеді. Асылы, дана халық “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” дегенді бекер

айтпаса керек. Біздің міндет – үйіріне қосылуға талпынғандарды қолдап, барынша бауырмалдық көмек беру, ұлттық сананы қалыптастыру.
Жалпы ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айырылып, мылқау күш тобырға айналады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбандығы болып, ұлт, халық, намыс деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде (жүректе) жоқ, тек рухани алыпсатарлардың көпшілік көзін алдар құралы мен ұранына айналады.
Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол - әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты.Қазақ ойшылдарының көзқарасындағы басты идея «атаның баласы болма, адамның баласы бол, жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін», деген гуманистік ой-пікірді қуаттау болды.
Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болуын, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі өң мен түрден ләззат ала білетін, һәм байсалды, ойламды, шымыр болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұсынған.
Ұлттық мүдде дегеніміз, сол ұлттың құрамындағы халықтардың (адамдардың) өздеріне тән халықтық рухани-мәдени және материалдық құндылықтарын сақтай отырып, ұлттың ілгері дамуын, өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейтін негізгі нысаналы ортақ мақсаты. Сондықтан да ұлттық мүдде өмірдің бар саласында бірінші кезекте тұруға тиіс. Саясатта да, экономикада да, мәдениетте де, таным-талғамда да, қысқасы күнделікті жасалынатын іс-әрекеттің бәрінде де мәселенің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі – елдің тұрақты өркендеуінің, мемлекеттігінің нығаюының басты кепілі болып табылады. Сол себепті де ұлттық мүддені қорғау — қоғам мүшелерінің бәріне бірдей ортақ қажеттілікке айналады. Бұл ретте ұлттық мүддені уақыт талабына сай белгілі бір нәтижелі мақсаттарға бағыттап отыратын пәрменді тетік мемлекеттік институттар болуға тиіс. Өкінішке қарай, бізде әзірге бұлай болмай отыр.
Біздің қоғамда елдік мәселе ұлттық мүдде тұрғысынан шешілмей, тек қалайда табыс табу, пайда түсіру тұрғысынан ғана шешіліп келеді.
Құндылықтар ұлттық бірлік, тірлік, жігер мен қайрат. Бұл жөнінде Абай алтыншы қара сөзінде қазақтың «Өнер алды бірлік, ырыс алды тірлік» мақалы төңірегінде ұлттық бірлік туралы ой толғайды. Абайдың айтуынша бірліктің негізі ат ортақ, киім ортақ, дәулет ортақтық емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жолданып бірлік құрады. «Жоқ, бірлік-ақылға бірлік, малға бірлік емес»,-дейді Абай. Абайдың айтып тұрғаны дәстүрлі мәдениет дүниетанымындағы философиялык ой-толғамдармен тәлім-тәрбиелік үрдіс негізіндегі рухани құндылықтар. Бұл құндылықтар құндылықтардың ішіндегі ең құндысы.
Бостандық-құндылық. Бостандық-өзінің жаның калаған нәрсені жасау. Бостандық - бұл еріктің бостандығы. Ерік-жігер-өзінің мәні жағынан әрқашанда еркінді ерік. Ұлттық идея ұлттық сананың негізі. Адам, коғам, өркениет жоғары игілікті идеяларсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Сол идеялар өзінің мәнділігін мәдени байлықтан іздейді. Мәдени байлық және жеткен жетістіктер ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, өткен дәуіріміздің құндылықтарының жиынтығы ретінде мәдени мұраға айналады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтуынша «ұлт тарихын түгендеу, ұлт руханиятын қайта түлету», «халық бірлігі мен ұлттық тарихты нығайту. Міне, ұлт санасындағы басты құндылық осы».
Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.
Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» - дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі -өзім, екіншісі-халқым» - дейді.
Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық, мәдени құндылықтар-дың алмасуы оқыту процесі арқылы жүзеге асырылады.Соның ішінде сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы оқыту – саналы процесс екенін айтқым келеді. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан – жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашалақ түрін жасау қажет.
Қазақ халқында ұлттық сананы қалыптастыратын факторларға мыналарды жатқызады:
- халықтың басынан өткерген тарихы;
- ұзақ жылдар бойы айналысқан шаруашылық түрі;
- төлтума мәдениеті;
- ақпарат алмасу тілі;
- салттары мен дәстүрлері;
- түрған жерінің табиғаты және климаттық жағдайлары;
- діні;
- әлеуметтік-демографиялық жағдайы.
Ұлттық сананы қалыптастыруға тікелей ықпал ететін ұлттық тәлім-тәрбие десек, оның негізгі қағидалары:
- ақылды, намысқор және көпшіл болу. Өнегелі және арманшыл болып өсу, айтқан сөзді тыңдау, адамгершіл, шыншыл және байсалды болу;
- өскен ортаның ықпалдарына мән беру. Табиғат заңдылықтарын, жануарлар дүниесін, өсімдік жамылғысымен танысу;
- ақылды, білімді болып өсу. Ақыл-ойды дамыту әрекеттері. Дамыта отырып тәрбиелеу үрдістері;
- қонақжайлылық, сыпайылық, мейірбандылық, әдет-ғұрыптарды қастерлеу, үлкен адамдарды сыйлау, бата-тілектерді дәріптеу;
- парасатты, қанағатшыл, елжанды және отансүйгіш болып өсу, қайратты, әділетшіл һәм адалдық қасиеттері бойына сіңірген тұлға болу;
- тыйым сөздер мен ырымдарды сақтау және қастерлеу;
- тәлім-тәрбиенің біртұтас этнокомплексті түрде жүргізілуі;
- денсаулықты шыңдау және тазалықты (гигиенаны) сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру;
- үлкенді өнеге тұту, кішіге ізет көрсету, ұлттық қазыналарды қастерлеу, өсиеттер мен аманаттарға назар аудару.
Ғылыми жобаға дайындық кезінде педагогикалық технологиялар институтының 1-4 курс студенттері арасында «Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі тенденциялары» атты сауалнаманы жүргіздік.
Сұрақтары:
1. Халық айтқан «тегінен нәр алған тозбайды» деген ұлағатты ойды қалай түсінесің?
2. Қазіргі жастардың бойында ұлттық рухты ояту үшін қандай шаралар өткізу керек деп ойлайсыз?
3. Ұлтық сананы қалыптастырудағы маңызды фактор деп сіз нені айтар едіңіз?
4. Қазақ ұлтының болашағын қалай елестетесіз?
Сауалнамаға қатысқан студенттердің басым бөлігі өздерін өз елімнің патриотымын деп атап көрсетті, тәрбие мен білім егіз, отбасы тәрбиесі, оқу орнындағы шаралардың өзіндік әсерін, сонымен бірге қазақ ұлтының болашағы сұрағына елде өндірілетін қазақстандық тауарлар үлесін көтеру, ұлттық спорт түрлерін дамыту, ұлттық брендтер туралы өз ойларымен бөлісті.
Қорытындылай келе Ұлттық идеяның мынадай басты тұғырларын анықтаймыз:
Бірінші тұғыры-ел бірлігі;
Екінші тұғыры-экономиканың бәсекеге қабілеттілігі;
Үшінші тұғыры-интеллектуалдық жасампаз қоғам;
Төртінші тұғыры-өркениетті мемлекет.

ҚОРЫТЫНДЫ

Отаншылық, Отансүйгіштік, Патриотизм – адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі. Көшпелі қазақ өркениетінде Отаншылдық ең қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа жазылған Күлтегін ескерткішінде ел билеушілерінің Отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Төре, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, т.б. ұлт зиялылары мен қайраткерлері Отаншылдықты сөзбен ғана емес, іспен де өнеге көрсете білді. Әйтеке би “Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі” деп халыққа қызмет етудің, Отаншылдықтың айнасы бола білді. Тәуке хан заманынан қазақ қоғамында Отаншылдық байлықтан да жоғары бағаланды.
Қазіргі кезде Қазақстан өмірінде “қазақстандық патриотизмді” қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежеге көтергенімен, Отаншылдық ой-сананы қалыптастырудың шешілмеген мәселелері бар.
Қазақстандық патриотизм – ел азаматтарының республиканың бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күрескерлігі іспетті.
Отаншылдық – елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан Отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Отаншылдықты рухани құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес.
Ұлттық идея барша халықтың күш-жiгерiн, iс-әрекетiн уақыт алға қойып отырған аса жауапты тарихи мiндеттi шешуге жұмылдыратын, баурап әкететiн күш болуын қалаймыз. Өткен күндерден айғақ-дәлел келтiрер болсақ, ХІХ ғасыр аяғындағы Россияда ұлттық идея мiндетiн «Самодержавие, православие, народность» деген атау-терминдер атқарса, кешегi Ұлы Отан соғысы жылдарында большевиктер ұлттық идеяның арқалар жүгiн «Бәрi де майдан үшiн, бәрi де жеңiс үшiн» деген ұранға сыйғызды.
Ұлттық идея құндылықтары мен ұстанымдарын екi әлеуметтiк қауым арасында мейлiнше дәйектi бекемдеу қажет. Бiрi – бала бақшада тәрбиеленушi бүлдiршiндерден бастап, университет аудиторияларында отырған жастарға жеткiзуден ештеңенi аяуға болмайды. Екiншiсi – мамандар мен зиялылардың ұлттық идеяға қалтқысыз берiлгендiгiн қалыптастыру. Осылардың санасына, өмiр салтына сiңген ұлттық идея кiмдi болсын өз иiрiмiне ала жөнелетiнiне күмән жоқ.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан. - 28 қаңтар, 2012.
2. "Қазақстан-2030" даму стратегиясы.
3. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. А., 1999.
4. НазарбаевН.Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы,1996
5. Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Ойлау тарихының белестері. А., 1994.
6. Бурбаев Т.Қ. Ұлт менталитеті. А., 2002.
7. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбие тарихы дәрісінің бағдарламасы. А., 1994.
8. Бықай Ф. Қазақстан – менің елім, менің Отаным. // Егемен Қазақстан. 28 ақпан, 2008.
9. Жамбылов Д. Тәуелсіздік және саяси сана. А., 1999.
10. Тоқаев Қ. Келешекті болжаған кемел жолдау. // Егемен Қазақстан. – 9 ақпан, 2010.
11. БекайдарТ. Елін сүйген ұрпақ- ұлт мақтанышы . //Қазақстан мектебі. №9 2003.
12. МахатоваГ. Мақсат- Отаншылдыққа тәрбиелеу. // Қазақстан мектебі. №12. 2006.
13. ЖаманқұлП. Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде көркем шығармалрды пайдалану. //Бастауыш мектеп. №2. 2002.
14. СайдахметоваЛ. Қазақстан мектептерінде оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу.А., 2002.
15. ТасболатовҚ. Қазақстандық патриотизмнің ұлттық және ұлтаралық үйлесімі. // Отан тарихы.№3. 2001.
16. Қалмырзаев Ә. Қазақстандық патриотизм қалай қалыптасады. // Егемен Қазақстан, 1998. 10 қаңтар. № 6.

Ұстаздар сайты

loading...

Авторы: Аминова Айсалқам Мырзабайқызы

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №23 орта мектебі

Ұстаздарға арналған жаңа Қазақстандық портал tarbie.org
Ұстаздарға арналған жаңа Қазақстандық портал tarbie.org

Белсенді ұстаздарды марапаттау
Белсенді ұстаздарды марапаттау

Сертификат алу жылдам әрі сапалы
Сертификат алу жылдам әрі сапалы

Ұқсас ашық сабақтар:
Бөлім: Тарих | Қосты: Аминова_Айсалқам (12.02.2015) | Автор: Аминова Айсалқам Мырзабайқызы E W
Көрсетілім: 2011 | Ілмек сөздер: ұлттық идея, патриотизм, тарих, Тәрбие | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелген қолданушылар ғана қалдыра алады
[ Тіркелу | Кіру ]
Іздеу
Сертификат алу
Бөлімдер
Тарих [978]
тарихтан ашық сабақтар
Қазақ тілі [1465]
қазақ тілінен ашық сабақтар
Бастауыш сынып [1631]
бастауыш сыныптан ашық сабақтар
Биология [522]
биологиядан ашық сабақтар
География [480]
географиядан ашық сабақтар
Информатика [526]
информатикадан ашық сабақтар
Математика [392]
математикадан ашық сабақтар
Физика [271]
физикадан ашық сабақтар
Химия [155]
химиядан ашық сабақтар
Ашық сабақтар [1085]
ашық сабақтар
Әдебиет [281]
әдебиет пәнінен ашық сабақтар
Коучинг [49]
коучинг
Ағылшын тілі [58]
ағылшын тілінен ашық сабақтар
Музыка [55]
музыка пәнінен ашық сабақтар
Өзін-өзі тану [28]
Өзін-өзі тану пәнінен ашық сабақтар жинағы
Дене шынықтыру [223]
дене шынықтыру пәнінен ашық сабақтар
Балабақша [512]
Мектеп алды білім беру
Экономика [42]
экономикадан ашық сабақтар
Құқық негіздері [22]
Құқық негіздері пәні бойынша ашық сабақ
Мектеп әкімшілігі [23]
Мектеп әкімшілігі
Мектептен тыс мекемелер [25]
Мектептен тыс мекемелер
Оқушымен жұмыс [115]
Оқушымен жұмыс
Психология [2]
Психология
Сурет сызу [1]
Сурет сызу ашық сабақ
Сыныптан тыс жұмыстар [171]
Сыныптан тыс жұмыстар
Технология [15]
Технология ашық сабақтар
Тәрбие сағаты [19]
Тәрбие сағаты ашық сабақтар
Сайтқа кіру
Логин:
Пароль:
Сұрақ
Сізге сайттың жаңа дизайны ұнады ма?
Барлық жауаптар: 5927
Бізге қосыл
Жаңалықтар
Санақ

Онлайн: 10
Қонақтар: 10
Тіркелгендер: 0