Сайт учителя начальных классов
.
Желтоқсан желі ызғарлы

Желтоқсан желі ызғарлы

Адырбекова Ләззат Нұрғалиқызы . ОҚО Шымкент қаласы . . №3 Ұлықбек атындағы . жалпы орта мектебінің . қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

« Желтоқсан желі ызғарлы »

Мақсаты: Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз отанын сүйетін азамат қалыптастыру, от жүректі өжет мінезді ұл-қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулу. Патриоттық сезім қалыптастыру.
Білімділігі: оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерін және тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіну.
Тәрбиелігі: Отан - Ананы құрметтеу, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету.
Дамытушылығы: оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту, өлеңді мәнерлеп оқу, әр сөздің айтылуына көңіл бөлу, дикциясы мен интонациясын дамыту.
Көрнекілігі: Желтоқсан қаһармандарының суреттері (Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол), тақырып желісі бойынша слайдтар, нақыл сөздер.
«Желтоқсан желі» атты бейне клип
Қазақ биі
1-жүргізуші: ( Малика )
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

2-жүргізуші: ( Арман )
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!
1- жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгін 10 « Ә» сыныбының ұйымдастыруымен өткізілетін « Желтоқсан желі ызғарлы » атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына айналған, бізге тәуелсіздік туын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

2- жүргізуші: Міне, содан бері 28 жыл уақыт өтті. Өмір бізді одан алыстатып бара жатса да жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды. Ол – дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақтың өр мінезді қыздары мен ұлдарының рухына, ерлігіне деген тағзым, құрмет.
1-Көрініс:
Алаң. Құлпытас жаны. М. Шаханов және қыз бен жігіт, ана, оқушы.

Жігіт: ( Шыңғыс )
- Алматыға жолым түсіп келе қалсам мен міндетті түрде Республика алаңына соғамын. Есіме марғау дүниені дүр сілкіндірген қасіретті де қасиетті Желтоқсан оқиғасы түседі. Себебі, алаңға егемендік үшін құрбан болған Қайратпен бірге мен де болған едім.

Қыз: (Аяулым )
- Мен де осы алаңға келсем, барлығы маған не айтасың дегендей болады.
Ақтық сөзің армандарың хатта қалды
Көріп жүрміз қиып ап сақтағанды
Қайрат! Қайрат!
Сен мені естимісің
Лагерде сен шірітпей, ақтап алдың, - дегім келеді және келген сайын осы сөзді қайталай беремін.
Ортаға ақырындап ана шығады. Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қояды. Жанында немересі болады.
Ана: ( Нұрсұлу )
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Кеудемдегі қоламта қоздатқаным
Тұншықса да түрмеде тозбапты әнім.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан,
Жалтақтап кете барған боздақтарым.
М.Шаханов: ( Жасұлан )
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей ар намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

2-жүргізуші:
Орыны ағалардың бізбен толсын,
Сәбилер ағалардың жолын қусын.
1минут үнсіздікпен еске алайық,
Аруағы ағалардың ырза болсын.

Желтоқсан құрбандарын еске алып 1 минуттық үнсіздік жарияланады.
(Залдан көрініс қоюшылар шығып кетеді)
1-жүргізуші:
Қазір бұл күн қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістің бірі.
2-жүргізуші:
Енді міне, осы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.

Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан, ( Ержан )
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып – жойып таптады.
Сонда елімнің ұл – қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.

Шектеліп ана тіліміз, ( Диана )
Оқылмай өлең-жырымыз
Жабылып жатса мектептер
Жадырар қалай күніміз?
Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеге өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы
Жанымыз жомарт қазақпыз
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық жансақ маздап біз.

1-жүргізуші: 1986 жылы 17 – желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылығын білдіріп, бейбіт шеруге шықты. Олар «қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген тілек білдірді.
2-жүргізуші: Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға, «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген кінә тағылды.
Осыдан 25 жыл бұрынғы Алматы оқу орындарының бірінің жатақханасының алдындағы оқиға. Көрініс.
2- Көрініс
- Қыздар, мен газет әкелдім.
- Не жаңалық шығыпты?
- КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Д.Қонаевты алып, орнына В.Колбинді тағайындапты.
- Колбин деген кім екен?
- Қайдан келіпті?
- Колбин Ульяновтан келіпті.
- Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқарсын!
- Біз демократияны талап етеміз.
- Қане жүріңдер, қыздар, жігіттер алаңға кетейік!
Сүймейтұғын болдық қой, сүймей ғұмыр ( Абзал )
Көлеңкеміз күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген?
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?

Тәуелсіздік оңайлықпен келмейді, ( Жазгүл )
Бізге оны ешкім аяп бермейді.
Тәуелсіздік – Қайрат, Ләззат, Ерболдың,
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.

1-жүргізуші: Қазақстанның астанасы Алматы қаласында қазақ жастарының ұлттық көтеріліске шығуына Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың жұмысынан босатылып, орнына басқа қаладан келген Геннадий Колбиннің тағайындалуы себепкер болды.

2-жүргізуші: Ия, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсан еді. Таңертеңгілік сағат 10.00 да бар жоғы 18 минутта 26 жыл елді үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаев түсіріліп, орнына Г.Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді.
3- Көрініс. «Жастардың алаңға шығуы»
Дауыс: Естідіңдер ме?
Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?
Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы келгені несі?
Дауыс: Талап-тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.
Прокурор : Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатаханаларыңа қайтыңдар! Ұят болады! Біз сендерге күш қолданамыз! Үйлеріңе қайтыңдар!
Әскери адамдар: Первая рота! Слушайте мою команду! Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов» Первая рота за мной! Ура! Айдана: әй, туғандар! Жігіт болсаңдар бері қарай! Қосылыңдар біздің қатарға!
Нашақор деп, ұлтшыл деп, ( Жанна )
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн
Әділдікпен шындықты
Өтірік жала жапқан күн.
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.
Қақап күннің ызғары
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын
ОМОН-дар бастан тепкен күн
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн

Ән: «Қара бауыр қасқалдақ»- орындайтын

1-жүргізуші:
Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Ербол, Ләззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді.

2-жүргізуші: Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматы қызметкерлеріне көмекке милиция қызметкерлері: Фрунзеден - 100, Ташкенттен - 300, Челябіден - 203, Новосибирскіден - 203, Свердловскіден - 225, Тбилисиден 450 тартылған. Жастарға қарсы Бұрқасын 86 жоспары бойынша іс - шаралар жасалынған. Жастарға Өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылаумен тоқталмай адамдарға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған.
Жалпы шеруде 8500 адам ұсталған
1-жүргізуші:
1986 жылыдың сол бір қасіретті күні «Шеру ұйымдастыруға қатысы бар» деген жалған айыппен қаншама зиялы азаматтар жазаланды, жұмыстан қуылды. Бірақ ол үшін жауапқа тартылған ешкім болған жоқ.

2-жүргізуші:
1986 жылғы 16 желтоқсан күні Д.Қонаевтың орнына Колбин келіп, 17-сі жастар Брежнев атындағы алаңға бейбіт және саяси шеруге шығады. Шеруге шыққан жастарды саперлік күрекпен, дубинкамен, су атқыш машинамен, итпен және т.б. таратады. Ертеңіне 18-желтоқсан Қайраттың үйі.
4- Көрініс.
Сахнада Қайрат пен жеңгесі дастархан басында отырады. Үйге милиционер жігіт кіреді.
Милиция: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың санкциясы бар. Міне!
Жеңгесі: Қайрат, бері кел.
Милиция: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.
Жеңгесі. Ойбай-ау бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз.
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық – қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз.
(Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді.)

Ара Жас арудың жанарында –Желтоқсан, ( Асылзат )
Қанды ғасыр табанында –Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында –Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да - Желтоқсан
Жаңа ғұмыр бастаған да –Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да - Желтоқсан
«Өз елім» орындайтын -

5- КӨРІНІС
Кезекші: Заключенный Рыскулбеков на допрос.
Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?
Қайрат: Егер ол көшеге бармасам оларды қайдан көремін?
Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын?
Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір, бұл өтірік жала.
Тергеуші: Ах, ты, декабрист несчастный. Я тебе покажу өтірікті! Жала
дейді еще! Ей, Рыскулбеков, сен, «Савицкийді өлтірдім» деп
мойныңа ала сал, сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер,сен
Савицкийді өлтіргеніңді мойындасаң, әкеңе тиіспейміз.
Әйтпесе әкеңді де…
Қайрат: Жолдас тергеуші, бұл жала ғой! Өлтірмеген адамды өлтірдім деп қалай мойындаймын, адам түгіл тышқанды да өлтіріп көрген емеспін.
Тергеуші: Заключенный Рыскулбеков, сен ақымақ болма,
«Савецкийді өлтірдім» деп мойында. Бұл – бір. Сен әкеңнен 4 мың сом алып, мына менің алақаныма сал, бұл – екі. Түсіндің бе, мақұлық?
Қайрат:
Жолдас тергеуші! Айылда әзер күнін көріп отырған ата-анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін ақша төлеуім керек?
Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ.
Тергеуші: Әкетіңдер, құртыңдар, атыңдар!

1 – жүргізуші: Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.

2- жүргізуші : Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.

6-Көрініс Түрмеден хат жіберу көрінісі
Қайрат және тамақ тасушы кісі
Қайраттың туыс – бауырларына арналған өлеңдерінен үзінді
Қайрат: Әкетай-ау, пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді жаралап,
Кесір болды-ау біз секілді масылдар!

Айналайын, қарындасым, қарағым,
Қолда кісен, мен айдау да барамын.
Қайғы жетіп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы, жаным ,қандай жанға баладың?
Айналайын, інішегім, құлыным,
Сені ойласам үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Кетіп барам мен айдауда, құлыным!

33«Елім менің» орындайтын

7-Көрініс
Жасмина : Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.
Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып мауқымды басайын.
Қайраттың хаты: Амансыздар ма, анам, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтығы отырғаныма сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге- қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым.
Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш күнәсі жоқ. Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісі емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!
Ана: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт күтеді сорлы анашың…
Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн, ( Нұрдаулет )
Ерттеп мініп ар –ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.
Желтоқсан тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршынынан қиылған боздақтары
Қалар мәңгі есінде Қазағымның.
Желтоқсан – жадымызда жаралы күн
Жастарым жапа шеккен жаралы мұң
Еркіндік, егемендік, елдігімді
Емірене аңсады саналы ұғым.

Жас арудың жанарында –Желтоқсан, ( Нилуфар )
Қанды ғасыр табанында –Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында –Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да - Желтоқсан
Жаңа ғұмыр бастаған да –Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да - Желтоқсан
Ән «Туған жер»
1-жүргізуші:
Маңдайына жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін мынау алдамшы дүниеден рахым күтіп, күдерін үзбеген сұңғыла жігіттің көңілі кім үшін, не үшін мерт болуға тиіс екенін сезе бастаған тәрізді.
2-жүргізуші: Алматы сәулет құрылыс институтының студенті Қайрат қазақ елінің 21-ші басшысы зобалаңына ұшырап, 21 жасқа келгенде, түрменің 21-ші камерасында, 21-ші мамыр күні қапаста дүниеден өтті.
8-КӨРІНІС Көрініс: «Қайратты тергеу сәті».
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр. Өлеңін оқиды.
Қайрат:
Қаймана қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Елбең, елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақсауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар!
Хатшы: Отырыңдар!
Сот үкімді оқиды.
Сот: -Алдындағы сот нәтижесі бойынша:
Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес соталқасы Үкім етеді.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65-бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына , атуға кесілсін.

Апасы: -Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: -Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат: Бар.
”Ақтық сөз” өлеңін оқиды.
Қайрат:
”Ақтық сөзің не?” – деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
”Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған-азамат.
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат!

Сот: -Бүгінгі сот процесін аяқтаймын.
Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде апасы баласының соңынан жүреді. ”Қайрат” анама өлеңін оқиды.
Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп-ау мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой,
Қолыңнан тым ерте ұзап кетіп ем.


1-жүргізуші КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының шешімі мен 1988 жылғы 28 сәуірдегі указымен Қайратқа кешірім жасалып, 20 жыл бас бостандығынан айыруымен ауыстырылды.
Алайда, бұл хабар Қайратты қуанта алған жоқ.

Қайраттың хаты үнтаспадан жіберіледі.
«Міне, өздерің естігендей ату жазасын 20 жылға ауыстырды. Бұл әрине, біреуге қуаныш, біреуге азап. Өз басым бұл үшін қуанғам жоқ. Өйткені, асыл анашым, түсініңізші! Мен сорлы бұл тас зынданда жазықсыздан жазықсыз еш отырғым келмейді. 11 ай ішінде қайғы-қасіреттен әбден жүйке тамырым жұқарды. Әбден шаршадым. Сол себептен 20 жыл бойы өз-өзімді қинағым келмейді.»

2-жүргізуші 1988 жылы 21 мамырда Семей қаласындағы түрменің 21- камерасында Қайрат 21 жасында «өзін-өзі өлтірді» деген атпен құпия түрде қаза тапты.
9- Көрініс: «Ананың зары»
Түрменің алдында анасы Қайратты көру үшін әр милициядан ішке кіргізуін өтініп тұрады.Бірақ анасын ешкім ішке кіргізбейді,сұрағына дұрыс жауап қатпайды. Анасы сол жерден тергеушіні кездестіріп қалады. Тергеуші Қайраттың өлгендігі туралы айтады. Сол мезгілде екі солдат Қайраттың денесін көтеріп алып шығып бара жатады. Анасы баласының өлі денесін құшактап тұрып жоқтау айтады.
Желтоқсанның шыдадың
Толғағына, қарағым.
Арман, арман, арман көп...
Айтылар теңеу қалған жоқ
Қысқа ғұмыр сүрсең де,
Таң қалдырған қарағым!
Алатауға абиыр,
Алып берген қарағым!
Ерлік жолын халқыңа
Салып берген қарағым!
Қазағың, Қайрат, ел болар
Алты алаш басы бірігіп,
Қайтейін, балам, ғаріп боп,
Жатқан жерін жарық боп,
Бақұл бол, бақұл, әй, көкем,
Тәубе, тәубе, тәубе етем!

- Қайратым,балам,құлыным! Ашшы көзіңді,жарығым. Көтерші басыңды,тұра ғой! Анашың келіп тұр,балапаным!
Аямаған қыршынын,
Заман беті қатты екен.
Кімнен болды ажалың,
Кімнен болды азабың,
Езілген мына бауырымды
Қалай ғана жазамын,
Алтын баулы ақ сұңқар
Енді қайтып келер ме?!
Мәңгі шөккен қара нар,
Енді қайтып тұрар ма?!
Шейіт болған көкешім,
Басын маған бұрар ма?!
Жоқтау болды бар жырым,
Жоқтау болды бар әнім,
Осы болды тағдырың,
Елің іздеп жатқанда,
Тәубе деймін, қарағым,
Тәубе деймін, қарағым!

Болсын осы ар алдында сөз ақтық, ( Мақпал )
Қан мен намыс болса бойда қазақтық.
Қайтпас қайсар қасиетті күреспен,
Алыппыз біз мәңгі теңдік,азаттық.
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өркендер ақталады.
Ер намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.

Мұз жастанып азаттықтың жолында, ( Айдана )
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Жеңіп шықтың, бас имедің қасардың,
Сойыл, таяқ ойнаса да жанында
Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың,
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан-ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке,
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным жеткіздің ақ тілекке.

1-жүргізуші: Желтоқсан оқиғасы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова тәрізді батырларымыздың бар екенін дәлелдеп берді.

2 - жүргізуші: Осы көтерілістің нәтижесінде 1991 жылы біздің еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш президентімізді сайлап, тәуелсіз егеменді ел болдық.
Президент жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке “Халық Қаһарманы” атағы беріліп, ата – анасына “Алтын жұлдыз” айрықша ерекшелік белгісі тапсырылды.
Сәбира, Ләззат, Ерболдарға “Ақтау жөніндегі анықтама” қағаздары берілді.

Хор «Көк тудың желбірегені» әні орындайтын

1-жүргізуші: Еліміздің тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын! Бабалардың арманы, аналардың тілегі болған бақыт-тәуелсіздік жиырмасыншы ғасырдың аяқталар тұсында біздің маңдайымызға дарып, алақанымызға қонды. Азаттық деген осынау қасиетті ұғымды жақындату үшін талай ерлердің жаны қиылды! Мемлекеттік тәуелсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің және қазақстандықтардың рухани әл-ауқатының, өз күшіне, еркіне, қуатына сеніп, бар мақсаттарын жүзеге асыруының, Қазақстандағы ұлттық келісім мен тыныштықтың кепілі. Мемлекетіміздің өсіп-өніп, шыңға жетіп өркендеуі – біздің жетістігіміз, халайық!

2-жүргізуші: 16-желтоқсан –Тәуелсіздік күнімен сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Азат елдің білікті, білімді, жігерлі, азаматтары болыңыздар! деген тілекпен Тәуелсіздік мерекесіне арналған « Желтоқсан желі ызғарлы » – атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Келесі кездескенше, хош сау болыңыздар!

ID: 9456 | Просмотров: 10610