Сайт учителя начальных классов
.
«Сыңғырла, күміс қоңырау!»

«Сыңғырла, күміс қоңырау!»

«Сыңғырла, күміс қоңырау!»

Жүргізушілер: Қарабекова Мадина–10-сынып оқушысы,Балтабайұлы Серік–11-сынып оқушысы

 1-жүргізуші:       Армысыздар, құрметті қонақтар!

2-жүргізуші:       Ұлағатты ұстаздар!

1-жүргізуші:       Ардақты ата-аналар!

2-жүргізуші:     және күміс қоңырау үнін сағына, асыға жеткен оқушылар!

1-жүргізуші:              Аралап көрікті жерлерді,

                                  Жаз бойы тынығып демалдық.

                                  Білімге шақырып келді күз,

                                  Мектепке көңілді оралдық. 

2-жүргізуші:              Білім күнгі мерекелік жиында

                                  Мектептен басталады білім нәрі.

                                  Елімнің көк байрағы енгізіліп,

                                  Шырқалсын қазағымның Әнұраны!

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізілсін!

 /ҚР-ның Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұраны орындалады./

 

2-жүргізуші:   Дәстүрлі 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!

 

1-жүргізуші:  Биыл егеменді еліміздің төлқұжаты - Ата заңымыздың қабылданғанына 15 жыл! Ғасырлар бойы тәуелсіздікті армандаған Қазақстан халқының бұл Конституциясы адамзат дамуының ғаламаттық үрдісіне сай қазіргі заманғы либералды-демократиялық құндылықтарды толығымен бекітуімен ерекшеленеді.

2-жүргізуші: Конституция – жеке тұлға және оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын Республиканың ең қымбат қазынасы ретінде танып, мемлекеттен олардың орындалуына жағдайлар жасауын  талап етеді.

1-жүргізуші: Сонымен қатар биыл Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай, әлсізге – Медет, күштіге – Айбар, зарыққанға – Жебеу, тарыққанға – Медеу, асқанға – Тосқан, сасқанға – Сая, ұрпаққа – Ұстаз, ұлысқа – Ұран, ел Иесі, жер Киесі Бекет Атаның туғанына 260 жыл.

2-жүргізуші: Қасиетті Бекет Ата жастайынан рухы күшті рухани ортаның әсерімен тәрбиеленген. Ел аузымен айтылатын:

                                           ... Таудан асқан тас бұлақ

                                           Тасыса құяр теңізге.

                                           Жақсыдан туған жас құрақ,

                                           Тартпай қоймас негізге-

деген халық даналығы Бекет атаға да қатысты. Бекет Ата – киелі, әрі пір. Сондықтан да осы айтулы күн, яғни атаның 260 жылдығы кең көлемде аталып өтуде.

1-жүргізуші:  Ата Заңымыздың 15 жылдығы мен Бекет Атаның 260 жылдығы тағы бір мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Ол – киелі де құтты шаңырағымыз  -  алтын ұямыздың құрылғанына 5 жыл!

2-жүргізуші:   Осындай мерекелермен қатар келіп жеткен  жаңа 2010-2011 оқу жылы баршамызға құтты болсын, ағайын!

1-жүргізуші:   Еліміз дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға қадам басқан күндерек беттерінде ел сыйлаған ағалар мен апаларымыз бүгінгі жиынымыздың қадірлі қонақтары.

2-жүргізуші:                       Шарықтасын шат көңілдің алабы,

                                           Шат жүрекке ақ тілектер қонады.

                                           Дархандай кең біз қонақжай халықпыз

                                           Әрқашанда төрде отырар қонағы.

1-жүргізуші:   Салтанатты жиынымыздың құрметті қонақтарымен таныстырып өтейік.

/Қонақтар таныстырылады./

1-жүргізуші:  Еліміздің келешегі бүгінгі ұрпақ екені баршамызға мәлім. Алтын ордамыздың табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған  1-сынып оқушылары сынып жетекшілерімен арамызда.

2-жүргізуші:  Ендеше, 1-а сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Бабаева Жібек Шамғалиқызына  және 1-ә сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Кенжеханова Әлия Мырзахбарқызына  ду қол шапалақпен қошеметімізді білдірсек.

1-жүргізуші:   Киелі шаңырағымызда жыл сайын жас мамандар қатары толығуда. 

Білім бәсекелестігінде өз біліктілігімен танылған биылғы жылы біздің гимназиямыздан ұстаздық жолының бастауын бастағалы тұрған жас мамандарды қошеметпен ортаға шақырамыз. 

2-жүргізуші:   КубеноваАян Нарымбаевна – математика пәні мұғалімі 

1-жүргізуші:   Тумаева Гүлзира Бақытовна –география пәні мұғалімі

2-жүргізуші: Баймурзаева Балнұр Тілеубековна – ағылшын тілі пәні мұғалімі

1-жүргізуші:  Төлеуова Жамила Султанбаевна – қазақ тілі пәні мұғалімі

/Жас мамандар ортаға шақырылады./

 

1-жүргізуші:   Бүгінгі мерекемен  құттықтау үшін және жас мамандарға тілек хаттарын табыс ету үшін  алғашқы сөз кезегі гимназия директоры Даурбаев Келдімұрат Түгелбайұлына беріледі.

/құттықтау сөз кезегі беріледі, тілек хаттар табыс етіледі./

 

1-жүргізуші:   Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының дипломанты 11-сынып оқушысы Меңдіғалиева Жансаяның орындауындағы «Ұстазым» әнін сазды сәлем ретінде жолдаймыз. Қабыл алыңыздар!

/Сазды сәлем/

 

2-жүргізуші:                 Дәм жазса жақсылыққа кез келерміз,

                                        Күн сайын өркендерміз, өсерміз.

                                        Бүгінгі салтанатты жиналыста

                                        Құрметпен өзіңізге сөз береміз.

 

1-жүргізуші:   Ендеше, сөз кезегі сіздерде, құрметті қонақтар!

/Құттықтау сөз беріледі./

 

1-жүргізуші:                 5 жылдық тойымызға

                                        Биден шашу шашайық!

 

2-жүргізуші:                 Мың бұралған бишілерді

                                        Қол соғып қарсы алайық!

1-жүргізуші: «Құрық балалар өнер мектебінің» бишілер тобының орындауында би.

/Сазды сәлем/

 

1-жүргізуші:                    Мектеп ана күліп тұр тағы,

                                        Шақырады қыркүйектің нұр таңы.

                                        Асығуда әліппені алуға

                                        Еліміздің тағы бір жас ұрпағы!

2-жүргізуші:   Сөз кезегі гимназия табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған 1-сынып оқушыларына беріледі.

1-оқушы:                        Абзал жандар, биік тұлға байсалды,

                                       Құшақ жая төл мерекең қарсы алды.

                                       Қуанышпен жарқын тілек білдіріп,

                                       Құттықтайды бірінші сынып баршаңды.

 

2-оқушы:                        Келді міне, қоңыр күз

                                       Келді қағып қоңырау.

                                       Мектеп – ана жылы жүз

                                       Ашты құшақ омырау.

 

3-оқушы:                       Алты жасқа келгенім

                                       Еркеліктен кеткенім

                                       Кітабымды қолтықтап,

                                       Мектебіме жеткенім.

 

   4-оқушы:                    Мейірім, нәр, гүл өңі

                                      Ұстаздардың реңі.

                                      Шәкірттерін құшақтап,

                                      Шаттанады, күледі.

 

5-оқушы:                      Арттырған шәкірт талғамын,

                                     Ұстаздар – үміт ардағым.

                                     Өзіңнен үміт нәрін ап,

                                     Қырандай алға самғармын.

 

6-оқушы:                     Мектеп – қамқор анамыз,

                                    Оқып, білім аламыз.

                                    Өнерпаз боп өсетін

                                    Біз – оқушы баламыз.

 

7-оқушы:                    Алдыңа кеп ұстазым,

                                   Тұңғышқалам ұстадым.

                                   Күлімдеген көзіңнен

                                   Мейірімің сезілген.

/1-сынып оқушыларының құттықтауы/

1-жүргізуші:                 Құтты болсын қарағым,

                                     Білімге қадам басқаның.

                                     Сөмке артып арқаңа

                                     Мектеп есігін ашқаның.

2-жүргізуші:                 Айналайын, дарын бол,

                                     Жақсы оқып, ер жетіп.

                                     Оқу оқып, ғалым бол,

                                     Жанған оттай жалын бол!

1-жүргізуші:                 Әділ шешер әр істі

                                     Ақылың асқан дана бол.

                                     Шыбықтай өсіп шынар бол,

                                     Білім жолын қуар бол!

 

2-жүргізуші:   Бүлдіршіндер, білім майданына алғаш аттаған қадамдарың құтты болсын!

1-жүргізуші:   Еліміздің көк байрағын аспандататын, келешекке нық қадам баса алатын білімді де саналы азаматтары бола біліңдер.

1-жүргізуші:  Келесі құттықтау сөз кезегі ата-аналар атынан ата-аналар кеңесінің төрайымы, «Құрық балалр өнер мектебінің» директоры Әлпіш Фарида Бектемірқызына беріледі.

/Құттықтау сөз/

 

2-жүргізуші: Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының лауреаты, жезтаңдай жас әншіміз Жетіс Ақбаянның орындауындағы «Қорқыт қобыз» әні өздеріңе арналады, жас бүлдіршіндер!

/Сазды сәлем/

 

2-жүргізуші:   Биылғы оқу жылында Білім күніне арналған алғашқы қоңырау соғу құрметі алтын ұямыздың 5 жылдығына орай 5 буынға бұйырып отыр.

1-жүргізуші: Ұрпақтар сабақтастығы мен қоңырау үні сыңғырының жалғасының белгісіндей қоңырау соғу құрметі ардагер ұстаз Төлесбаева Айханым апайға,

2-жүргізуші: 11-сынып оқушысы оқу озаты Омарова Рыстыға,

1-жүргізуші: гимназиямыздың негізгі бөлімін үздік куәлікке аяқтаған, оқу озаты 10-сынып оқушысы Алдабергенов Нұрасылға,

2-жүргізуші: гимназияның бастауыш сатысын үздік аяқтаған 5-сынып оқушысы оқу озаты Жәкіш Мұхамбетәлиге

1-жүргізуші:  және 1-сынып бүлдіршіндері Нұрмұратұлы Мадияр мен Шынтемірова Жансаяға беріледі.

1-жүргізуші:         Қоңырау сыңғырла, асыға,

                             Үн қосқан қиядан асуға.

                             Білім ал, еңбек ет, жас ұлан,

                             Өрле сен, биік шың басына!

/Қоңырау соғылады./

2-жүргізуші:         Қағылды алғашқы қоңырау, күмбірледі,

                             Аралап айлық жерді, күндік жерді.

                              Ілесіп жез қоңырау үніменен

                              Қазақтың даласына жаңа леп –

1,2-жүргізушілер: Білімді ұрпақтар тобы келді!

1-жүргізуші: Жаңа 2010-2011 оқу жылы баршаңызға құтты болсын!

2-жүргізуші: Жаңа оқу жылы толағай табыс, жетістіктер әкелсін!

1-жүргізуші: Осымен бүгінгі салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз!

2-жүргізуші: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкетілсін!

/ҚР-ның Туы әкетіледі, Әнұран орындалады./

1-жүргізуші: Құрметті халайық! 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты мерекемізді аяқтаймыз!

2-жүргізуші: Амандықпен жүздескенше, ағайын!

 

ID: 8937 | Просмотров: 2269