Сайт учителя начальных классов
.
Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы бір рефлексивтік есе

Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы бір рефлексивтік есе

ПОСМОТРЕТЬ ВИДЕО-УРОК Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы бір рефлексивтік есе

Панель 1
Панель 2

Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы бір рефлексивтік есеп

«Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы», - деп ұлы ағартушымыз Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, біздің мектептегі тәжірибе кезеңінде Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтарының біліктілігін арттыру курсының бізге берер пайдасы зор деп ойлаймын. Себебі, мен өзім аталған курстың І бетпе-бет кезеңін тәмамдап болған соң, білім беру мен білім алудың жаңаша әдіс-тәсілдері негізінде игерген теориялық білімімді қашықтықтан оқытудағы мектептегі іс-тәжірибемде жүзеге асыруға асықтым. Алдымен мен «Мен нені өзгерте аламын?», «Мен қалай өзгерте аламын?», «Осы өзгерістерді енгізу барысында қандай іс-әрекеттерді орындауым қажет?»деген сұрақтар төңірегінде ойланып,жанашыр серіктесіммен кеңесе отырып, жоспар құрдым. Сондай-ақ, «Қандай нәтиже берер екен?», «Әріптестерім қандай көзқараста болар екен?», «Оқушыларым жаңалықты қалай қабылдар екен?», - деген сұрақтардың нәтижесі қандай болар екендеп, көруге асықтым.

Курстың бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде алған теориялық білімімізді мектептегі тәжірибе кезінде Бағдарламаның жеті модулі аясында жүзеге асыруға тырыстық. Өзгеріске барар жолда ең алдымен атқарылатын іс-әрекеттердің мазмұны мен орындалу мерзімі, одан күтілетін нәтижелер жүйелі түрде көрсетілген жеке жұмыс жоспарын құрып алдым. Мектептегі тәжірибелік кезеңнің алғашқы күні лицей әкімшілігімен кездесіп, жұмыс жоспарымен таныстырып, бекіткіздім және кәсіби кеңес алдым. Нәтижесінде ынтымақтастық атмосферасы құрылып, серіктестік қарым-қатынас негізінде тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп, жоспарланған жұмыс бағыты, қажеттіліктер айқындалды.

Тізбектелген сабақтар топтамасының орта мерзімдік жоспары қалыптасқан дәстүрлі үдеріс аясынан шығып, тәжірибеме Бағдарламаның түйінді идеяларына сәйкес өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл өзгерістердің өзі сабақ барысында жаңа технологияларды сынақтан өткізу, бағалау, талқылау және шолу сияқты іс-әрекеттермен тікелей сабақтас болғандықтан, тәжірибе кезеңінде әріптестермен кеңесудің маңызы өте зор болды.

Наурыз айының алтыншы жұлдызында жоспар бойынша әріптестер мен қызығушылық танытқан адамдарға семинар өткіздім. Семинарға лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, тәжірибелі мұғалімдермен қатар жас мамандар да қатысып, Бағдарлама жаңашылдығы төңірегінде біраз мағлұмат алды. Power Point таныстырылымы арқылы бағдарламаның іске асырылу кезеңдері мен  мазмұнына жалпы шолу жасап, түйінді идеяларын жеткізуге тырыстым. Бағдарламаның негізін құрайтын ғылыми зерттеулер мен талдау қорытындыларын тілге тиек ете отырып, сындарлы оқыту тәсілдерін мысалға келтірдім. Графикалық кесте арқылы Бағдарламадан күтілетін нәтижелер үлгісі де көрсетілді. Лицей ұжымына біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны берілген жеті модуль турасында жүйелі ақпарат беріліп, конструктивті оқытудың мақсаты айқындалды.

Семинар барысында әріптестерім, әсіресе жас мамандар терең қызығушылық танытып, бұл жобаға әр қырынан келуді қажет ететін сауалдар қойды. Нәтижесінде кәсіби кеңеске негізделген ұтымды диалог орнатылды. Өз тәжірибесінде осы бағдарлама стратегияларының элементтерін бұрыннан қолданып жүрген мұғалімдер де бар екен. Олар да өз ойларымен бөлісіп, жобаны іске асыратын мәнмәтінді жақсырақ түсінуге септігін тигізді. Жалпы, әріптестерімнің басым көпшілігінің бұл курс жайынан хабары бар екен. Бағдарлама мазмұнының кейбір тұстарын айқындай түсу мақсатында қызу талқылау жүргізілді, субъективті көзқарас бойынша қиындықтары мен басымдықтары турасында сөз қозғалды. Әріптестерім бағдарлама стратегияларын өз пәніне икемдеп, сол төңіректе әңгіме өрбітуге тырысты. Тәжірибелі әріптестерім өзгерістерді жоспарлау және жүзеге асыру барысында қолдау көрсететіндіктерін білдірді.

Тағы бір айта кететін жайт, осы семинар барысында мен оқытуды жақсарту үдерісі ретінде сабақты зерттеу, яғни Lesson Study тәсілдерінің негізгі идеяларын аша түсуге тырыстым. Аталмыш тәсілдің мақсатын, артықшылығы мен пайдалану тиімділігін, іске асырылу кезеңдерін тілге тиек еттім. Мұғалімнің оқыту дағдысын дамытатын бұл әдістің еліміздегі ашық сабаққа ұқсас екендігі аталып өтті.

Семинар нәтижесінде мұғалімдер ұжымы курстың мақсаты және бағдарлама мазмұнымен тереңірек танысып, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби кеңестерімен бөлісті. Жоспарлаған семинарым көңілге қонымды дәрежеде өтті деген ойдамын.

 Әріптестеріммен кеңесулер менің жоспарыма және практикадағы өзгерістерге оң ықпалын тигізді деп айта аламын. Мен лицей әкімшілігімен жоспарды іске асыру барысы жөнінде кеңестім, нәтижесінде тиісті деңгейде қолдау таптым. Әріптестеріммен сабақ үдерісін жаңа технологиялар арқылы тиімді ұйымдастыру, уақытты ұтымды пайдалану, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту төңірегінде кеңес алдым және өз тәжірибемде оны дұрыс қолдануға тырыстым. Өткізілген семинар нәтижесінде жоспарланған жұмыс бағыты, қажеттіліктер айқындалды, ынтымақтастық атмосферасы құрылып, бағдарлама мазмұны айқындала түсті.

Тізбектелген сабақтар топтамасының орта мерзімдік жоспары негізінде қысқа мерзімдік сабақ жоспарлары құрылды. Ең алдымен оқушылар арасында ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырып, өзара әрекеттесуге негізделген топтық жұмысқа бейімдеу қажет болды. Мектептегі тәжірибе кезінде мен 3«З» сыныбын таңдап алдым. 3-сыныптың  бағдарламасында ең қызықты модульдердің бірі - "Спорт залда". Осы аталған модульдің ішінен, бүгінгі сабағыма "Менің сүйікті спортшым" атты тақырыбының  алғашқы сабағың 4 кезең бойынша жүргіздім. Бірінші сабақтың кіріспе кезеңінде ынтымақтастық атмосферасын орнату  мақсатында "Шаттық шеңбер" стратегиясын құру оқушыларды қиындыққа әкелді. Себебі, сыныпта оқушылар бір-бірімен шеңберге тұрғысы келмей, сәл түсінбеушіліктер болды. Сонында,  шаттық шеңберін құрып, бір-бірімен амандасып, жылы лебіздерің  білдірді. Бұл стратегияның оқушылардың сабаққа көңіл-күйін аударту жағынан өте тиімді екенін түсіндім. Ұйымдастыру кезеңінде "Мозайка" әдісі бойынша  олимпиада символдарына байланысты  3 топқа топтастырып бөлдім. Енді топтасып отырған уақытта А,В  деңгейінің оқушылары С деңгейінің оқушыларымен отырғысы келмейтіндігін білдірді. 

Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырудың тиімділігі – оқушылар бірлескен әрекет арқылы ой еркіндігін сезініп, өз-өзін реттеуге дағдыланып қалды. Топтағы жұмыстың бaрынша қолайлы аспектісі қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігі болғандықтaн, оқушылaрдың коммуникативтік қабілеттері де ұштaла түсті. Өзім үшін сындарлы оқу мен оқытудың мәні оқыту үдерісінде жеке тұлғалар өздерін еркін және қауіпсіз сезінуіне жағдай жасаудан тұрады деген ой түйдім. Сыныптағы топтық жұмыс оқытылатын пәннің мазмұнын берумен шектеліп қоймай, мұғалімнің ынтымақтастық атмосферасында оқуды дұрыс қамтамасыз етуіне бағытталған екен.

Сыныпты топқа бөлуде әр сабақта әр түрлі әдістерді қолданып отыруға тырыстым. Мозайка қиындыларын құрастыру арқылы, түрлі түсті қима карточкалары, Түрлі-түсті кәмпиттер арқылы, санамалау әдісі арқылы топқа бөліну оқушыларым үшін қызық әрі тың дүние болды. Топтың «Алтын ережесін» құрастыруда да оқушылар ерекше белсенділік танытып, өз ойларын білдіріп жатты. Бірлесіп білім алуға негізделген ұстанымдары бойынша оқушылар бір-бірін мұқият тыңдауға, пікірлеріне сыйластықпен қарауға, уақытқа бағына отырып, ортақ пәтуаға, ымыраға жету жолында әрекет етуге уәде берді. Өзара бірлескен әрекеттесу барысында оқушыларым ұйымшылдыққа бейімделіп, тәжірибемен, идеялармен бөлісу арқылы барынша жоғары ұжымдық нәтижелерге қол жеткізуге болатындығын түсінді.

Бағдарламаның негізгі мазмұнын құрайтын жеті модульді өзара ықпалдастыра отырып, сабақ үдерісінде сындарды оқытуға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, белгілі бір деңгейде сынақтан өткіздім. Қорытынды нәтиже шығару үшін бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде алған теориялық білімді тәжірибе арқылы жүзеге асыру керек болатын. Осы жұмыстарды атқару барысында мен өзімді белгілі бір деңгейде «рефлексивті практик» ретінде сезіндім. Бұл ұғым философ, психолог және оқу реформаторы Джон Дьюи мен философ, индустриялық, технологиялық зерттеуші Дональд Шонның ғылыми еңбектерінен шығып отыр. Өзінің оқыту мен оқу тәжірибесін дамыту, өзгерту және жетілдіру әдістерін мұқият және үнемі ойластырып жүретін педагогты «рефлексивті практик» деп атайды екен. Мен өзіме «Конструктивті оқытуға қол жеткізу үшін оқыту реттілігін қалай құрылымдағаным тиімдірек болады?», «Оқыту мен оқу үдерісін жетілдіру мақсатында жеті модульді қалай ықпалдастырамын?» және «Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту үшін қандай стратегияларды қолданамын?» деген сауалдарды қоя отырып, өзгеріске барар жолда кәсіби шеберлігімді ұштай түсу туралы шешім қабылдадым.

Тәжірибелік кезеңнің алғашқы сабақтарында жоспарды 45 минут шеңберіне ыңғайлап уақытты ұтымды пайдалануда біраз қиындықтар болды. Дегенмен, практика барысында уақытты тиімді ұйымдастыруға дағдыланып қалдым. Бағдарлама мазмұны оқушылардың пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз етуге бағытталғандықтан (Нұсқаулық 6-б), менің басты мақсатым оқушылардың метатанымдық дағдыларын, оқу икемділігін қалыптастыру болды. Метатаным дегеннің өзі оқушылардың өзіндік оқу және проблемаларды шешу стратегияларын түйсінуі дегенді білдіреді. Алғаш рет бұл ұғымды америкалық психолог Джон Флэйвелл енгізген болатын. Демек, сабақ үдерісінде оқушылардың қалай оқу керектігін түсінуі, яғни «ойлау туралы ойлануы» басты рөл атқарады. Оның өзі маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Бұл орайда мұғалім ретінде мен жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін ескеріп, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен тиімді жұмыс жүргізу қажеттігін түсіндім.

Белгілі бір шешімдердің қабылдану көзі болып табылатын мұғалім көзқарасының қалыптасу барысына ұстаным зор ықпал етеді. Менің оқыту құралдарым өз болжамдарымнан, білім мен ұстаным, көзқарастарымның жиынтығынан құралуы тиіс болды. Пажарес (1992) оқыту стилін таңдау кезінде мұғалімнің білімділігінен гөрі ұстанымға негізделген ой-тоқтамдарының ықпалы күштірек деп сендіреді: оқыту үдерісінде қалыптасқан көзқарастар мұғалімнің сыныптағы барлық іс-әрекеттеріне әсер етеді.

Жалпы сабақ процесін бақылау нәтижесінде, негізгі бөлімде жаңа тақырыпқа көшпес бұрын, оқушылардың назарын тың ақпарат алуға бейімдеп, ойларына қозғау салу мақсатында «Миға шабуыл» әдісін қолданудың өте пайдалы екендігіне көзімді жеткіздім. Миға шабуыл – белгілі бір мәселені қарқынды талқылау, шығармашылық белсенділікті ынталандыру жолы. Оқыту оқушының бастапқы білімі мен дағдыларын назарға алып, оларды өрістетуді мақсат еткенде мәнді болады. Оқушылардың ойын одан әрі шоғырландырып, жадыларында сақталған ақпаратты өңдеп, толықтыруға икемдеу үшін көбіне сабақ барысында «Ой қозғау» стратегиясын қолданып отырдым. Сонымен қатар әр түрлі шешімдердің ішінен шоғырландырылған ойды жеделдететін қосарлау ойлау үдерісін көрсететін Блум таксономиясын сабақ барысында қолданып көрдім. Бұл стратегия сыни тұрғыдан ойлау құралы болып табылады. Ойлаудың алты қалпағын оқушылардың өз айтқандарын негіздеу және басқалардың идеяларына сыни баға беру, пікірлерін дәлелдей білу дағдыларын дамыту үшін пайдаландым. Нәтижесінде оқушыларым сұрақ қоюдың, дәлелдеудің басты дағдыларын меңгере бастады.

Оқушыларды ой жинақылығына, сындарлы сөйлеу мәдениетіне дағдыландыру, білім деңгейін саралау мақсатында сабақта «Ыстық орындық» әдісін қолданудың тиімділігін аңғардым. Оқушылардың оқу үдерісіне  қызығушылығы артып, оқуларына деген жауапкершілік сезімдері ұштала түсті. Оқушылардың алған білімдерін жинақтап, жүйелеу мақсатында Венн диаграммасын, ментальді картаны пайдалану ұтымды болды.

Сабақтардың өзі топтық жұмысқа негізделіп құрылғандықтан, оқуда әңгімелесудің әр түрін қолдандым. Көбіне тақырыпты өту барысында зерттеушілік әңгіме, топтық әңгіме үлгілерін сынақтан өткіздім. Диалог барысында оқушыларымның әрқайсысы ақылға қонымды мәлімет ұсынды, бір-біріне сұрақтар қойып, келісімге жетуге тырысты. Тағы бір байқағаным: оқушыларым өз ойларын дауыстап айтып, болжамдарын ұсына отырып, топтың мүддесі үшін ортақ шешімге ұмтылды. Сұхбаттасу нәтижесінде игерген мәліметті бұған дейін меңгерген білімдерімен байланыстыра алды. Сыныптағы диалогтың маңызын ескере отырып, оқытудың тек мұғалімді селқос тыңдағанда емес, сөйлесу, өзара талқылау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынына көз жеткіздім. Оқушылар үшін диалог құрастыру үдерісі өте қызықты және білімділік, дамытушылық тұрғысынан нәтижелі болды. Сабаққа белсенді араласпай отырған кейбір оқушылардың өздері әңгімеге тартылып, өзара пікір алмасып жатты. Осы тұрғыдан мен, Александердің «Оқытудағы әңгімелесу – қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды» деген тұжырымымен толықтай келісемін.

Диалог арқылы оқушылар сабаққа қатысты ақпаратты өңдеп, жинақтап, өз ойларын білдіруге мүмкіндік алды; өздерінің тақырыпты қаншалықты деңгейде меңгергендігін анықтады; өзара пікір алмасу арқылы өзгелерде түрлі идеялардың болатындығын түсінді; коммуникативтік қабілеттері жетіле түсті; тақырып бойынша сындарлы сөйлеуге тырысты; сыни тұрғыдан ойлауға ұмтылып, оқытудағы кедергілер мен түсінбестіктерді анықтады. Ал бақылаушы ретінде мен оқушылардың өтілген тақырыпты қандай дәрежеде игере алғандығын анықтадым. Бұл стратегияны қолдану кезінде өзімді өте жайлы сезіндім. Себебі, бір жағынан оқушыларға да белгілі бір дәрежеде еркіндік беріліп, олар өз беттерімен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Диалогтік әңгіме кезінде сыныптағы атмосфера да өзгеріп сала берді. Оқушылар өзара әңгімелесуге шынайы қызығушылық пен құлшыныс танытып, бірден ерекше көңілденіп, шабыттанып кетті, яғни жұптық жұмыс кезінде олар өздерін өте жайлы сезінді. Және тағы бір ескеретін жайт, бәрі де сыныптың алдына шығып, диалогтарын шағын көрініс ретінде көрсеткісі келді. Бірақ, бұның барлығын 45минуттық уақыт шеңберіне сыйдыру мүмкін болмады. Жұптармен әңгімелесу оқушылардың сабақтың негізгі идеясына байланысты не ойлайтындарын түсінуге көмектесті, барлық балалар өздерінің пікірлерін жеткізуге, дәлелдеуге тырысты және жұмыстарының бағаланатынын сезінді.

Сұрақ орынды қойылған жағдайда оқушылар ақпаратты белгілі бағытпен қолдануға, қайта құруға, толықтыруға, бағалауға және талдауға тиіс болады. Яғни, сапалы, жоғары дәрежелі сауалдар арқылы сыныптың танымдық қабілеттерін жетілдіріп, сыни тұрғыдан ойлауын қалыптастыруға болады.

Сабақ барысында мен оқушылардың ойлау қабілеттерін ұштап, оқуына қолдау көрсетіп, оны кеңейте алатын жан-жақты әрі салмақты сауалдар қоюға тырыстым. Қойылатын сұрақтың түрі оның мақсатына қарай өзгеріп тұрды. Оқу үдерісінің әр кезеңін және оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, сауалдарды сұрыптап қолдандым. Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына түрткі жасау үшін «Айтқан пікіріңді қалай дәлелдей аласың?», «Мысал немесе балама шешім келтіре аласың ба?», «Осы тұжырымның мәнін қалай түсіндіріп бересің?», «Неліктен осындай шешімге келдің?», «Бұл мысалдың тақырыпқа қатысы қандай?» деген сияқты салмағы бар жоғары деңгейдегі сұрақтарды құрастыруға тырыстым. Сұрақ қоюдың бұндай техникасы сынақтан өткізу деп аталады. Осындай үлгіде қойылған сұрақтар оқушыларға анағұрлым толық жауап беруге, өз ойларын жүйелеп, нақты білдіруге және идеяларын жетілдіруге көмектеседі. Аталмыш техниканы мен көбіне жаңа тақырыпты меңгерту және пысықтау мақсатында оқушылардың пайымдау мен логикалық ойлауына себепші болу үшін қолдандым. Нәтижесінде оқушылар болып жатқан оқиғаларды түсінгендерін анықтады және тақырып бойынша сындарлы сөйлеуге бейімделді.

Сабақтың өн бойында бағалау, оқушылармен кері байланыс орнату арқылы оқуға ынталандыру, уәж тудыру өте маңызды. Бағалаудың өзі одан арғы оқу туралы шешімдерді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатындықтан, сабақ үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады. Мектептегі тәжірибе барысында мен курстың бірінші кезеңінде меңгерген бағалау түрлерін сынақтан өткіздім. «Бағалауға қатысты жүйелі түсіндірмелер оқушыларға қалай дамуы қажет екенін түсінуге көмектеседі» деген тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, мен оқушыларды сабақтың өн бойында толыққанды бағалауға тырыстым. Бұрынғы сабақтарымда мен тек сандық және баллдық бағалау жүйесін, ауызша мадақтау түрін қолдансам, курс мазмұнымен танысқаннан кейін оқушыларды эмоция символдары – смайликтер, бағдаршам, А,Б,С және бағалау парақшалары арқылы ынталандыруды үйрендім. Тәжірибе барысында оқушыларым тек өздерін ғана емес, бір-бірлерін бағалауға да дағдыланып қалды. Атқарылған жұмыс бойынша топтық сараптама жүргізіп, жіберілген қателіктерді ескере отырып, объективті баға қоюды үйренді. Айта кететін жайт: оқушылар бағалаудың критерийлеріне тоқталып, түсініктеме беру арқылы оның шынайылығын дәлелдеуге дағдылана бастады. Нәтижесінде жіберілген қателіктерге жан-жақты анализ жасап, проблемалардың мәнін пайымдау мен тұжырымдауды үйренді. Оқушылардың бағалауларына қарап, өзін-өзі реттеуге, сын көзімен қарауға бейімделіп қалғандығын аңғардым. Жалпы тәжірибе нәтижесінде мен өзара әрекеттестікке негізделген топтық жұмыстың және конструктивті оқытуға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдердің тиімділігін байқап, оқыту реттілігін дұрыс құрылымдауға қадау қадам жасадым.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, қорытындылай келсек, «мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім», «мұғалім – дамыту жұмысының көшбасшысы» деген түсініктерді басшылыққа ала отырып, өзімнің Бағдарлама мазмұнына сәйкес өзгере бастағанымды аңғардым. Оқу үдерісіне басқа қырынан келіп, Бағдарламаның түйінді идеяларын енгізу арқылы іс-тәжірибені жетілдіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруды қолға аламын. Сындарлы оқытуға негізделген өзгерістерді жүзеге асыру үшін өзімді «рефлексивті практик» ретінде қабылдап, кәсіби біліктілікті арттыру жолында Шульманның үш көмекшісін, яғни кәсіби түсінік, оқытудың тәжірибелік дағдылары мен кәсіби-өнегелілік тұтастықты өзіме мызғымас «бағыт сілтеуші» етіп аламын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық үшінші деңгей.

2. Мұғалімдерге арналған таратпа материалдары.

ID: 7179 | Просмотров: 4225