Сайт учителя начальных классов
.
Тынысалу жүйесі. Тынысалу мүшелерінің құрылысы.  Өкпенің құрылысы мен қызметі. Өкпенің тіршілік  сыйымдылығы. Тыныс алудың жүйкелік және  гу

Тынысалу жүйесі. Тынысалу мүшелерінің құрылысы. Өкпенің құрылысы мен қызметі. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы. Тыныс алудың жүйкелік және гу

 

Тынысалу жүйесі. Тынысалу мүшелерінің құрылысы.

Өкпенің құрылысы мен қызметі. Өкпенің тіршілік

сыйымдылығы. Тыныс алудың жүйкелік және

гуморальдық реттелуі. Тынысалу мүшелерінің аурулары.

Тақырыбы: Тынысалу жүйесі. Тынысалу мүшелерінің құрылысы. Өкпенің құрылысы мен қызметі. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы. Тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі. Тынысалу мүшелерінің аурулары.

 3. Жаңа тақырыпты түсіндіру:

Сабақтың жоспары:

  1. Тынысалудың маңызы,
  2. Тынысалу мүшелерінің құрылысы.

А) сыртқы тыныс алу мүшесі: мұрын қуысының (кеңсіріктің) құрылысы.

Ә) ішкі тыныс алу мүшелері: көмекей, кеңірдек, өкпе.

  1. Тынысалу қозғалыстары.
  2. Өкпедегі және ұлпалардағы газ алмасу.

а) Өкпедегі газ алмасу.

б)  Ұлпалардағы газ алмасу.

  1. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы.
  2. Тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі.
  3. Жасанды тынысалу жолдары.
  4. Тынысалу мүшелерінің аурулары және оның гигиенасы.
  5. Темекі шегудің тыныс мүшелеріне зияны.

 

Жаңа тақырыпты бастамас бұрын, тынысалу дегеніміз не? Өсімдіктер мен жануарлар қалай немесе немен тыныс алады? Олардың бір-бірінен айырмашылықтары қандай? Ал, адам қалай, немен тынысалады?

Жер бетіндегі барлық тірі ағзалар да, сонымен қатар адамдар да тынысалады. Тынысалу деп мүшелер мен қоршаған ортаның арасындағы газ алмасуды айтады. Жер бетіндегі тіршілік ететін тірі ағзалардың барлығы тынысалу кезінде оттекті қабылдап, көмірқышқыл газын бөледі. Ағзаның әрбір жасушасының жұмысы ( бұлшықеттердің жиырылуы, тердің, сілекейдің бөлінуі, қозудың берілуі) энергияны жұмсаумен байланысты. Тынысалу тірі ағзаларға тән қасиет.

Адамдар өттексіз өмір сүре алама? Ия, алмайды екен.

Энергия органикалық заттардың тотығуы мен ыдырауынан босап шығады. Тотығуға оттек жұмсалады. Ағзада оттектің қоры болмайды. Ағза тыныс алғанда оттекті қабылдайды, ыдырау өнімдері (көмірқышқыл газы мен су буы) ағзадан сыфртқа шығарылады. Тынысалу мүшелері, қанайналым жүйесі, ағза мен қоршаған орта арасында газ алмасуды қамтамасыз етеді. Органикалық заттардан энергия босау үшін оттек қажет. Тірі ағза үздіксіз тыныс алады.. адам оттексіз 1 минут те тіршілік ете алмайды.

Тынысалу мүшелерінің құрылысына қандай мүшелер жатады? Немесе не жататынын білеміз бе? Және қай жерде орналсқан?

Тынысалу мүшелерінің құрылысы. Тынысалу жүйесіне – мұрын қуысы (кеңсірік), жұтқыншақ, көмекей (көмей), кеңірдек, бронхылар, өкпелер жатады. өкпелерден басқасын ауа өтетін жолдар деп атайды. Тынысалу мүшелері кеуде қуысында орналасады.

 

Мұрын қуысының (кеңсіріктің) құрылысы. Ата танау тесіктері арқылы кеңсірікке барады. Кеңсірікті сүйекті-шеміршекті перде оң және сол жақ жартыға бөліп тұрады. Кеңсіріктің қабырғаларын эпителий ұлпасынан түзілген кірпікшелері мен түктері бар кілегейлі қабықша қаптайды. Онда көптеген ұсақ бездер болады. Безді жасушалардан бөлінген шырыш шаң мен тозаңдарды ұстп қалады. Әрі ауа ылғалданады. Кілегейлі қабықша қантамырларына бай. Мұрын қуысындағы ұсақ көптеген  қантамырлардың әсерінен ауа біршама жылынып ары қарай өтеді. Қан жасушалары – лейкоциттер мұрын қуысына енген микробтарды жояды.

Кеңсіріктің жоғарғы жағында түрлі иістерді қабылдайтын иіс сезу жүйкелерінің ұштары орналасады. Мұрын қуысы ішкі танау тесігі арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Жұтқыншақта асқорыту және тынысалу жүйелерінің жолы түйіседі. Тамақ жұтқыншақтан өңешке, ауа жұтқыншақ арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ әрі асқорыту, әрі тынысалу мүшелер жүйесіне жатады. (Асқорыту мүшелерін естеріңе түсіріңдер).

 

Көмекей (көмей) – мойынның алдыңғы жағында орналасқан іші қуыс шеміршекті мүше. Оның ішкі бетін кілегейлі қабықша астарлап жатады. Қабырғасы 3 сыңар, 3 жұп шеміршектен түзілген. Ірі шеміршектеріне: төменгі бөлігіндегі сақина тәрізді, алдыңғы жағы мен бүйіріндегі қалқанша тәрізді, үстіңгі жағындағы көмекей қақпақшасы жатады. Көмекейдің артқы жағында 3 жұп майда шеміршектер болады. Шеміршектер бір-бірімен жартылай қозғалмалы байланысқан. Шеміршектерге бұлшықеттер бекінеді. Шеміршектердің арасында – 2 дыбыс сіңірлері болады, оларда шеміршекке бекінеді. Дыбыс сіңірлері бір-біріне қатарлас жатқан иілгіш, серпімді талшықтардан түзілген. Дыбыс сіңірлерінің арасындағы кеңістікті дыбыс саңылауы дейді.

Адам дем шығарғанда дыбыс саңылауы тарылып дыбыс шығады. Дыбыстың шығуы адам сөйлегенде ауа ағынының дыбыс сіңірлерінің тербелтуіне байланысты. Дыбыс сіңірлері неғұрлым ұзын болса, оның тербелісінен жуан дыбыс шығады. Ер адамдардың көмекейі үлкен , дыбыс сіңірлері ұзын, дауыстары жуан. Мойынның алдыңғы жғындағы ең ірі қалқанша шеміршегінің үлкен үшкір түйіні – бидайық (кадык) деп аталады. Ол жұтынғанда, сөйлегенде жоғары, төмен қозғалады. Сонымен көмекей дыбыс шығару мүшесінің де қызметін атқарады. «Көмекей бүлкілдеген әнші екен», «күміс көмей» деген ұғымдар соны білдіреді. Ер адамда көмекейінің орташа ұзындығы 44 мм. Әйелдердің көмекейі кішілеу, дыбыс сіңірлері қысқа болғандықтан, дауысы жіңішке болады, оның орташа ұзындығы 36 мм. Адам сөйлегенде дыбыс сіңірлерінен басқа тіл, ерін, жақ сүйектері, бөбешік, мұрын және ауыз қуысы қатысады. Әдетте барлық адамның дауысы бірдей емес. Дыбыстың құбылып, түрліше болып шығуы: көмекейдің пішіні мен мөлшеріне, дыбыс маңылауына, мұрын, ауыз қуыстарына, тіл, ерін, тістеріне байланысты. Көмекей – ауаны өткізуге, дыбыс шығаруға көмектеседі. Көмекейдің төменгі бөлімі кеңірдекке жалғасады.

 

Кеңірдек – көмекейдің жалғсы, іші қуыс түтік пішінді шеміршекті мүше. Ол өңештің алдыңғы жағында орналасады, ұзындығы шамамен 9-12 см, диаметрі 15-18 мм. Кеңірдектің алдыңғы қабырғасы бір-бірімен сіңірлер арқылы өзара байланысқан жартылай шеміршекті сақиналардан тұрады. Жартылай сақиналы  шеміршектер кеңірдектің бір-біріне қабысып қалмай ауаның еркін өтуіне қамтамасыз етеді. Кеңірдектің өңешпен жанасқан артқы жағы жұмсақ, тығыз талшықты дәнекер ұлпасынан түзілген. Кеңірдектің бұл жағы өңештен тамақ өтуіне ешбір кедергі жасамайды.

Кеңірдек 5-інші арқа омыртқасының тұсынан оң және сол жақ өкпеге баратын 2 бронхыға тармақталады. Бронхы (грекше «bronchus» - тыныс алқымы) кеңірдектің жалғасы. Ішкі беті кілегейлі қабықшамен қапталған. Бронхылар өкпеде өте көп тармақтарға бөлінген. Ең жіңішке тармақтары бронхиолалар (грекше «broncholi» - кішірею) деп аталады. Бронхиолалардың ұштары шоғырланып, іші ауаға толы өкпе көпіршіктерімен (альвеолалалармен) аяқталады. Альвеоланың (латынша «alveolus» - ұяшық, көпіршік, қуыс) диаметрі 0,2-0,3 мм, қабырғалары бір қабат эпителий жасушаларынан тұрады. өкпе көпіршіктерінің сыртын тұтас капилляр қантамырлары торлап жатады. Капиллярлар мен өкпе көпіршіктері қабырғаларының арасында газ алмасады. Көпіршіктердің ішіндегі ауа құрамынан өттегі қанға өтеді. Капиллярлардағы қанның құрамындағы көмірқышқыл газы өкпе көпіршігіне өтеді.

Ауатамырдың төменгі жағы екіге таралады. Кеңірдектің екі тарамы ауатамырлардың қызметін атқарады. Бұл тарамдардың ұштары жалғаспалы шеміршек сақиналарынан тұрады. Ауатамырларының екі ұштары өкпемен жалғасып, одан әрі тармақталады да, өкпе көпіршектерімен аяқталады. Оң жақ ауатамыр сол жаққа қарағанда кеңірек. Тыныс жолына бөгде дене түскенде, көбінесе оң жақ ауатамырларға түседі. Ауатамырларының ішкі беті жыпылықтағыш эпителий бар сілемейлі қабықпен қапталған. Өкпе қақпасының алдында ауатамыр (бірінші реттік) бөліктерге (екінші реттік), ал олар өз кезеңінде сегментарлық (үшінші реттік) және одан да ұсақ бронхиолдарға (19 реттік) бөлінеді. Осылай ауатамырлардың ағашы пайда болады.

Адамда тынысалу процесінің бірнеше кезеңдерін ажыратады:

  1. Өкпенің желдетуі (сырт ортадан ауаның тынысалу жолдары арқылы өкпеге өтуі).
  2. Өкпе альвеолдары мен қан арасындағы газ алмасу.
  3. Қан арқылы газдардың тасымалдануы.
  4. Ұлпалық тынгыс алу.

Тынысалу кезінде ауаның таза болуының да маңызы зор.

 

4. Қорытынды, бекіту.

1. Тынысалудың қандай маңызы бар?

2. Тынысалу жүйесіне қандай мүшелер жатады?

3. Мұрын мен тынысалудың қандай пайдасы бар?

4. Дыбыс қалай пайда болады?

5. Адам ағзасы үшін оттегінің маңызы қандай?

 

                      3. Жаңа тақырыпты түсіндіру:

Балалар, «өкпе» дегеніміз не? Ол қайда орналасады? Қалай ойлайсыңдар, адамда өкпе нешеу? Және неше бөліктен тұрады?

Өкпе – кеуде (көкірек) қуысының қабырғасына жанаса орналасқан серпінді, борпылдақ (губчатый) мүше. Өкпеде қантамырлары көпболғандықтан, түсі қызғылт. Адамда 2 өкпе (оң жақ және сол жақ өкпе) болады. Оң жақ өкпені сайшалар (борозды) 3 бөлікке, сол жақ өкпені 2 бөлікке бөледі. Қкпенің сыртынан сайшалар сызығы анық білінеді. Екі өкпенің бір-біріне қараған ішкі бетінде өкпе қақпасы орналасқан. Ол арқылы өкпе артерия қантамырлары, бронхылар, жүйкелер өкпеге енеді, өкпе вена қантамырлары шығады. Өкпе толыпжатқан өкпе көпіршіктері мен жиі тарамдалған ұсақ бронхиолалардан түзілген. Бұлар өкпенің ішінде болады. Екі өкпенің арасындағы кеңістікке жүрек сол жаққа таман орналасқандықтан, сол жақ өкпе сәл кішілеу болады. Әр өкпенің сыртын дәнекер ұлпасынан түзілген қабықша - өкпе плеврасы (грекше «pleura» - бүйірі, маңы)  қаптайды. Кеуде қуысының ішкі қабырғасы да плеврамен қапталған. Плевра қабаттарының арасында плевра қуысы болады, онда ауа болмайды. Плевра қуысында үйкелісті азайтатын сұйықтық болады.

Өкпе көпіршіктері серпінді болғандықтан тыныс алғанда созылады. Оның қабырғаларын орталық жүйке жүйесімен байланыстыратын жүйке талшықтары торлайды. Өкпе көпіршіктері орталық жүйке жүйесімен тығыз байланысты. Өкпе көпіршіктері мен капилляр қантамырларының қабырғасы өте жұқа болғандықтан, олардың арасында газдар еркін алмасады.

Адам 1 минутта неше рет тыныс алады?

Тынысалу қозғалысы. Тынысалу қозғалыстары – тынысалу және тыныс шығару арқылы жүзеге асады. Жаңа туған нәрестенің тынысалу қозғалыстары минутына 60 рет, ересек адамдарда 16-18 рет.

Демді ішке алғанда қабырғалар сәл көтеріліп, көкет тегістеледі. Кеуде қуысы кеңейеді. Көкет – диафрагма кеуде қуысын құрсақ қуысынан бөліп тұратын күмбез тәрізді бұлшықетті перде. (Бұлшықеттерді естеріңе түсіріңдер).

Тыныс алғанда көкеттің тегістелуі бұлшықет талшықтарының жиырылуынан болады. Тыныс алғанда  кеуде қуысының көлемі үлкейеді. Кеуде қуысының қозғалысына сай өкпенің де көлемі үлкейіп, ауаға  толады. Сыртқы қабырға аралық бұлшықеттердің жиырылуынан қабырғалар көтеріледі. Тынысалуға көкет пен қабырға аралық бұлшықеттерден басқа кеңірдек пен бронхылардың шеміршек арасындағы бұлшықеттер де қатысады.

Тыныс шығарғанда кеуде қуысы мен өкпенің көлемі  кішірейеді. Көкет күмбезденіп қайта қалпына келеді. Өкпе көпіршіктеріндегі қысым артып, ауа өкпеден ауа жолдары арқылы сыртқа шығарылады. Тынысалуға қатысатын  бұлшықеттер босаңсып, көкет күмбезденіп көтеріледі.жиі тыныс шығарғанда ішкі қабырғааралық және құрсақтың бұлшықеттері қосылып жиырылады.

Тыныс алуға қабырғааралық еттер белсенді қатысса – «көкіректі» тыныс алу типі дейді. Бұл көбіне әйел адамдарда байқалады. Көкет белсенді қатысса - «құрсақты» тыныс алу типі дейді, бұл ер адамдарда болады.

Тыныс алу мен тыныс шығарғанда адамда қандай өзгерістер болатынын айтыңдаршы?

Сыртқы тыныс алу механизмін төмендегі сызбанұсқа арқылы көрсетуге болады:

Тыныс алу                                               Тыныс шығару

 

 

Қабырғааралық                                         Қабырға бұлшық

бұлшықеттің                                              етінің жиырылуы

                     жиырылуы

 

                 Қабырға шетінің                                         Қабырға шетінің

                 көтерілуі                                                                түсуі

 

 

                Төстің алға жылжуы                                 Төстің алға жылжуы

            диафрагма куполасының түсуі                 диафрагма куполасының түсуі

                        

                  Өкпенің созылуы                               Өкпе көлемінің тарылуы

 

 

                      Тыныс алу                                              Тыныс шығару

Мыны сұраққа жауап беріңдерші, ағзасындағы газ алмасу дегеніміз не?

Өкпедегі және ұлпалардағы газ алмасу.

Өкпедегі газ алмасу – тыныс алғанда атмосфералық ауаның құрамында 79% - азот, 21% - оттек, 003% - көмірқышқыл газы және т.б. болады. Тыныс шығарғанда оттектің мөлшері азайып (16%), көмірқышқыл газы (4%)көбейеді. Тыныс алу мен тыныс шығару кезінде азоттың мөлшері өзгермейді. Тыныс алу актысы кезінде өкпе көпіршіктерінен оттек қанға, көмірқышқыл газы өкпеге өтеді.

Оттекті тасушы – гемоглабин. Өкпеде қан  көмірқышқыл газынан тазарып, оттекке қанығады. Оттекте қаныққан қан үлкен қанайналым шеңберімен ағзаның барлық ұлпаларына таралады.

Ұлпалардағы газ алмасу. Ұлпа жасушаларындағы оттектен артерия қанындағы оттектің мөлшері көп болады. Оттек капиллярлардың қабырғаларынан жасушаларға өтеді де, олардың тіршілік әрекеттеріне  жұмсалады. Артерия қанымен  жасушалардың газ алмасуы диффузия жолымен жүреді. Түзілген  көмірқышқыл газы ұлпа жасушаларынан қанға өтіп, артерия қаны вена қанына айналады. Ұлпаларда қан оттекті беріп, көмірқышқыл газына қанығады.

Жалпы, газ алмасу дегеніміз – оттегінің немесе көмірқышқыл газының қысымы жоғары орталықтан олардың қысымы төмен орталыққа өтуін айтамыз.

Өкпедегі және ұлпалардағы газ алмасу үш кезеңнен тұрады.

Біріншісі – сыртқы (өкпелік),

екіншісі – газдардың қан арқылы тасымалдануы,

үшіншісі –ішкі (ұлпалық) газ алмасу деп аталады.

 

4. Қорытындылау, бекіту.

1. Өкпе дененің қай жерінде орналасқан?

2. Сол жақ өкпе мен оң жақ өкпенің қандай айырмашылығы бар?

3. Плевра дегеніміз не? Ол қайда болады?

4. Тыныс алғанда қандай бұлшықеттер қатысады?

5. Тынысалу қозғалыстары дегеніміз не? Кеуде қуысы мен өкпенің көлемі қай кезде кеңейіп, қай кезде тарылады? Себебін түсіндіріңіздер№

6. Өкпе құрылысын түсіндіріңіздер.

7. Өкпедегі газ алмасу мен ұлпадағы газ алмасудың айырмашылығын салыстырыңдар.

8. Тыныс алу мен тыныс шығарғандағы болатын өзгерістерді айтыңдар.

 

3. Жаңа материалды түсіндіру:

1.  Өкпенің тіршілік сыйымдылығы  деп адам терең дем алып, терең дем шығарғандағы ең көп мөлшерін айтады. Әйелдердің өкпесінің тіршілік сыйымдылығы орташ есеппен алғанда 3000 – 5000 мл, ер адамдарда 3500 – 4800 мл болады. Дене еңбегімен шыныққан адамдарда өкпенің сыйымдылығы 6000 – 7500 мл дейін барады.

Өкпенің тіршілік сыйымдылығы  (ӨТС) 3 құрамды бөліктен тұрады. Адам тыныштық қалыпта әрбір дем алғанда және әрбір дем шығарғанда шамамен 500 мл ауаны жұтады, әрі шығарады. Бұл ауа мөлшері тыныстық сыйымдылық деп аталады.

Адам қалыпты дем алып, артынша дем алғанда тағы да  қосымша 1500 мл ауаны жұтады. Бұл жұтылған ауа мөлщерін тыныс алудың қосымша сыйымдылығы деп аталады.

Адам қалыпты дем шығарып, артынша терең дем шығарғанда тағы да қосымша 1500 мл ауаны шығарады. Бұл ауа мөлшері тыныс шығарудың  қосымша сыйымдылығы деп аталады.

 

 

Қаншама терең дем шығарғанмен де өкпеде 1200 мл ауа қалып қояды. Оны қалдық ауа сыйымдылығы деп атайды. Сондықтн да өкпе еш уақытта қабысып қалмайды.

Өкпенің тіршілік сыйымдылығын өлшейтін арнайы құралды спирометр дейді. Неғұрлым өкпенің тіршілік  сыйымдылығының көлемі көбірек болса, соғұрлым адамның денсаулығы күшті болады.

 

2. Тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі. Тыныс алу мен тыныс шығарудың алмасуы орталық жүйке жүйесінің қызметіне байланысты. Сопақша мида тынысалу, тыныс шығару орталығы орналасады. Тыныс шығырғанда өкпенің сығылуы өкпе көпіршіктеріндегі жүйке ұштарын тітіркендіріп, қозу пайда болады. Қозу сезгіш жүйке талшықтары арқылы тынысалу орталығының тынысалу бөліміне беріледі. Бұл бөлімнің импульстері жұлынға, одан қозғалтқыш жүйке талшықтары арқылы сыртқы қабырғааралық бұлшықеттер мен көкетке беріледі. Бұлшықеттер жиырылып, кеуде қуысын  кеңейтеді, тыныс алады. Тыныс алу мен тыныс шығаруды реттейтін орталық – жүйке жүйесі. Мұны жүйкелік реттелу дейді. Тынысалу орталығы жөтелу, түшкіру сияқты қорғаныш рефлекстерін тудырады.

Гуморальдық реттелу. Қанның химиялық құрамы өзгергенде (көмірқышқыл газының артуы, қан қышқылдығының жоғарлауы және т.б.) тынысалу орталығының жұмысы гуморальды реттейді. Қанда көмірқышқыл газы концентрациясының артуы мидағы тынысалу орталығын қоздырып, тынысалу жиілетеді.

 

3. Жасанды тыныс алу жолдары. Адам суға кеткенде, тоқ соққанда, газбен уланғанда есінен танып қалуы мүмкін. 5-7 минут ішінде жүрек пен өкпенің жұмысын қалпына келтіру керек. Жедел жасанды тыныс алдырып, жүрекке массаж жасау қажет.

Жасанды тыныс алу жолдары:

а) аурудың басын шалқайта қатты заттың үстіне жатқызу;

ә) түймелерін ағытып, кеудесін жалаңаштау;

б) мұрны мен аузын дәкемен жауып, минутына 16 рет ауа үрлеу;

в) суға кеткенде етпетінен жатқызып, өкпесін судан тазартып құстыру;

г) жүрегі тоқтап қалса кеудесін қос қолдап ырғақты басу;

д) әрбір 5-6 рет басқаннан соң аузына ауа үрлеу;

е) тамыр соғуын ұдайы тексеріп (қадағалау) тұру.

 

 4. Тынысалу мүшелерінің аурулары және оның гигиенасы. Атмосфералық және өндірістік шаң-тозаң болады.   Атмосфера шаң-тозаңы кен орындарынан көтеріледі, одан шыққан газ, түтін, шөп, тоғай өртенгенде пайда болған түтін, күл; құмды жерде желмен көтерілетін және қала көшелерінен, жерден көтерілген шаңдар; өндірісте болатын шаң-тозаңдар әртүрлі завод-фабрикалардан, шахталардың қалдықтарынан көтеріліп шығады. Шаң тынысалу жолдарын жыбырлатып, тітіркендіріп, жөтелтіп, түшкіртеді. Шаңда ауру тудыратын әртүрлі микробтар болуы мүмкін. Егер жұмыс орнында шаң-тозаң болса, мұрын бітіп, даусы қарлығады, кейде өкпе ауруымен ауруы да мүмкін. Шаң-тозаң болған жерде түрлі ауру тарататын микробтар болады, мысалы, туберкулез, тұмау және т.б.

Өкпені жарақаттайтын ауру – туберкулез. Туберкулез (латынша «tuberculum» - төмпешік) – микроскоппен ғана көрінетін туберкулез таяқшасы микробы қоздыратын жұқпалы ауру. Туберкулез таяқшасы адам ағзасында өте тез көбейеді. Ағзадан тыс жерде көбеймейді, бірақ қараңғы, ылғалды, жылы жерде ұзақ сақталады. Даладағы шаңның ішінде 3-14 күнге дейін тіршілік етеді. Туберкулез ауруы ұлпаларды жансыздандырады. Өкпе қатайып беріштенеді. Ауырған адам терлегіш, әлсіз, дене қызуы 37-37,7 градусқа дейін көтеріңкі болады. Тамаққа тәбеті тартпайды, жөтеледі, ұйықтағанда терлей береді, қаны азайып, жүдейді, қан түкіреді.

Күтіну шаралары: витаминді, қуатты тамақ ішу; бойды таза ұстау; таза ауада көп серундеу; дәрігер белгілеген дәрілерді уақытында ішу.

Мұрын қуысының сілемейлі қабықшасының қабынуын тұмау  деп атайды. Тұмау – бүкіл ағзаны әлсірететін өте кең тараған  қауіпті жұқпалы ауру. Асқынғанда басқа аурулардың тууына себепші болады. Аурудың дене қызуы көтеріледі, түшкіреді, жөтеледі, тамақтың иісін, дәмін сезбейді. Иіс, дәм сезу мүшелеріне қатты әсер етеді. Мұрын қуысындағы капилляр қантамырларының қабырғалары кеңейіп, кілегейлі қабықшадан сұйық заттар көп бөлінеді. Тұмаумен ауырғанда гигиенаны сақтау керек: а) ыдыс-аяқ, төсек-орынды бөлектеу; ә) бөлмені ауық-ауық тазалау; б) желдеткішті ашып, таза ауа кіргізу; в) жатып демалу және т.б.; г) терең тыныс алу; д) спорт, дене шынықтыру, дене еңбегімен шұғылдану.

Ұзаққа созылатын тұмау сырқатты әртүрлі әсерден де (мысалы, даладағы шаң, түтін, улы заттар, бұлт және ауарайының түрлі құбылыстары) болады. Сонымен қатар, тұмауға зат  алмасудың дұрыс болмауы мен дәрумендердің жетіспеуі де себеп болады.

Тынысалу мүшелерінің ауруларына туберкулез бен тұмаудан басқа ауа тамырларының, өкпенің қабынып, тыныс демікпесі, мұрын қойнаулары, жұтқыншақ, көмекей аурулары (синусит, тонзиллит, фарингит) жатады. Бұл аурулармен ауырған адмдар тез арада дәрігерге көрініп, тек дәрігер емдеуі тиіс.

Мұрын арқылы демалудың маңызы ерекше. Оның себебі мұрын қуысындағы толып жатқан иірімдер болады. Олар ауаны жылытады және ауадағы микробтарды ұстап қалады. Суық күндері суық тиіп аурудан сақтайды. Ауызбен тыныс алғанда суық ауадан тістьің кіреукесі бұзылады. Сондықтан мұрынмен тынысалу тісті бұзылудан, түрлі тынысалу мүшелерінің ауруларынан қорғайды.

Ірі қалаларда өнеркәсіп орындарынан, автокөліктерден бөлінетін улы газдар да ауаны ластайды. Ол үшін өнеркәсіпте қалдықсыз технологияны енгізу, тазартқыш қондырғылар орнату қажет.

Сынып бөлмесінің де ауасының тазалығын қадағалап отырыңдар. Үзіліс кезінде терезені ашып желдетуді ұмытпаңдар!

 

5. Темекі шегудің тыныс мүшелеріне зияны. Темекі түтінінде адам ағзасына зиянды 200-ден астам улы заттар болады. Ең басты темекінің түтінінде өте улы зат – никотин бар. Бұл заттар сілекейде еріп, асқазанға түседі де, оның кілегейлі қабығын жарақаттайды. Темекі түтіні тыныс жолының кілегейлі қабығын қабындырады, сөйтіп, қорғаныш қасиеті нашарлаған сілемейлі қабықша арқылы ауру туғызатын микробтар енеді. Сондықтан темекі шегетін адамдар көбінесе суық тиіп, тағы басқа ауруларға тез шалдығады. Темекіні күніне жиырмасын тартқан адам 90 милиграмм шамасында никотин жұтады. Темекі түтінінде болатын күйе (сажа) мен қара май (деготь) ұсақ бронхиолалар мен өкпе көпіршіктерін бітеп тастайды. Өкпе ағзаны оттекпен толық қамтамасыз ете алмай газ алмасу бұзылады, қан тамырлары тарылады. Бұл ауатамыр ауруына өкпе, пәле (рак) ауруларына шалдықтырады. Өкпедегі пәле (рак) ауруымен ауырғандардың 97% - і темекі шегетіндер. Бұған себеп – тыныс мүшелерінде темекіні ұзақ шеккенде көпке дейін жазылмайтын жараның пайда болуы. Неғұрлым адам өте ерте – бала кезінен темекі шегумен айналысса, соғұрлым рак ауруына жиі шалдығатыны ақиқат. Және темекі шеккендердің өмірі қысқа болады. Темекінің түтініндегі радиоактивті заттар ағзаға жиналады. Күніне бір қорап темекі тартқан адам мөлшерден артық 3,5 сәулеленуге ұшырайды. Сонымен қоса, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Көп мөлшерде болса, адам үшін өте қауіпті, өліп кетуі де мүмкін. Темекі, әсіресе жас ағзаны тез уландырады. Жас достар! Темекіге әуестенбеңдер!

ID: 7010 | Просмотров: 6378