Сайт учителя начальных классов
.
Әр бала бақытты болуға лайық

Әр бала бақытты болуға лайық

Әр бала бақытты болуға лайық

«Әр бала бақытты болуға лайық»

психологиялық тренинг

Мақсаты:Бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру,отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық,қайырымдылық,достық қарым-қатынасты қалыптастыру,бір- бірін түсіне білуге және жақсы қасиеттерге тәрбиелеу.

Көрнекіліктері: қағаздар, шам, доп,  жаднама, карточкалар.

Тренинг бағдарламасы:

1. Танысу:Есімдер аллитерациясы.

2. Кіріспе сөз: Ата-ананың басты қуанышы бала.

3. Жаттығу. Шығармашылық жұмыс «Отбасылық құндылық ағашы»

4. Аяқталмаған мақал – мәтелдер.

6. «Тілек шамы».

7. Ой- толғаныс.

Тренинг барысы:

І. Ата-аналарды тіркеу. Бағдарламамен танысу.

1.2. Есімдер аллитерациясы.

Мақсаты:Ата-аналарды бір-бірімен таныстыру.

Шарты:Әр ата-ана өз есімдерін айтып және де есімдерінің бірінші әрпінен басталатын жағымды қасиетін айту керек.Әр ата-ананың сөзінен кейін қалғандары үш рет қол соғып қошеметтеп қояды.

-         Сіздің есіміңізді, жақсы қасиетіңізді айтып жатқанда қандай сезімде болдыңыз?

-         Өзіңіз қазіргі кезде қандай көңіл-күйде отырсыз?

ІІ. Кіріспе сөз. Ата-ананың басты қуанышы-бала.

         Ата-ананың басты қазығы,алтын тіреу діңгегі-бала.Отбасы тұлғаны дамытатын кішігірім орта.Отбасының қоғамдағы мақсаты баланы дамытып қана қоймай,оны өмірге дайындап,рухани жағынан жеткізіп,тұлға ретінде қалыптастыру.Отбасында баланың жан-жақты қалыптасуына ата-ана мен отбасы мүшелерінің қарым-қатынасында махаббат,сүйіспеншілік,адамгершілік,қайырымдылық,әділдік,ұйымшылдық,мәдениеттілік қасиеттері және т.б.келбетін сақтайтын тұлға тәрбиелеуге керек екендігі бәрімізге аян.Мына жасампаз ғасырда,жаһандану дәуірінде мектеп партасында отырған баланың жан-жақты білім алуына ең бірінші ықпал ететін-ұстаз болса,оның сүйеніші ата-ана.Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасау тиіс.Бала тәуліктің бір бөлігінде,яғни 6 сағат мектепте болса,18 сағат өз отбасында тәрбие алады.

         Бала – ата- ана өмірінің жалғасы.    Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Жазушы – педагог Ж.Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. »

Баланы жастан бақпасаң,

Жамандықтан қақпасаң.

Қадірден жұрдай қасқа боп

Кешкенің өмір босқа тек - дегендей, баланың ыстық суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өседі, бойын түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші ата-ана.

ІІІ.Жаттығу. Шығармашылық жұмыс «Отбасылық құндылық ағашы»

Нұсқау: Үлкен ағаштың суретін салу керек. Бұл сіздің отбасылық құндылық ағашыңыз. Бірнеше берілген отбасылық құндылықтарды ағаштың тамырына, діңіне, бұтақтарына орналастыру. Тамыры сіздің ең негізгі отбасылық құндылық болып есептеледі, ағаштың діңіне орташа құндылықтарды, ал, бұтақтарына отбасыңызға маңызды бірақ, қатты қолданбайтын, көп көңіл аудармайтын құндылықтарды орналастыру керек. Берілген уақыт 7 - 10 минут.
1. Мықты денсаулық
2. Ағайындарыңа, достарыңа ашық есік
3. Ауызбіршілік
4. Ортақ қызығушылық
5. Бір - біріңіздің жұмысына араласпау
6. Қамқорлық
7. Тәртіп
8. Бос уақытыңызды бірге өткізу
9. Сенімділік
10. Ата - ананың сөзі заң
11. Ата - ана отбасының үлгісі
12. Әлеуметтік жағдай
13. Отбасылық қарым - қатынас
14. Махаббат
15. Мейірімділік
16. Шынайылық
17. Сырт көзге үлгі болу
18. Береке
19. Үлкенге - ізет, кішіге - құрмет
20. Көп бала
Соңында үлкен бәйтерек ағашы шығу керек. Шыққан суретті қорғапшығамыз.

IҮ .Аяқталмаған мақал – мәтелдер.

1)Балалы үй базар,

Баласыз үй қу мазар.

2) Ананың сүті – бал,  баланың тілі - бал.

3) Жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді,

Жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді.

4) Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер,

Он бес  жасқа дейін құлдай жұмса,

Он бестен ары онымен досыңдай ақылдас.

5) Тәрбиелі кісі —

Қант қосқан жармадай,

Тәрбиесіз кісі —

Шаң боратқан арбадай.

6) Ұлға отыз үйден тыю,

Қызға қырық үйден тыю.

7) Бала тәрбиесі бесіктен.

8) Әдепті бала – арлы бала,

Әдепсіз бала – сорлы бала.

9) Әкені көріп ұл өсер,

Шешені көріп қыз өсер.

10) Ананың ізін қыз басар,

Атаның ізін ұл басар.

11) Балапан ұяда не көрсе,

Ұшқанда соны алады.

 

12) Балаға байқап сөйлесең,

Ақылыңа көнер,

Байқамай шайқап сөйлесең,

Көрсетер бір «өнер».

13) Жемісті ағаш жер бауырлап өседі,

Жетелі жігіт ел бауырлап өседі.

14) Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ,

бала - жағасындағы құрақ.

 15) Қарға баласын «аппағым» дейді,

Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.

 16) Жаста берген тәрбие —

Жас қайыңды игендей.

17) Отан – отбасынан басталады.

18) Аға әдепті болса, іні әдепті,

Апа әдепті болса, сіңлі әдепті.

19) Алты жасар бала алыстан келгенде,

Алпыстағы ақсақал  сәлем берер.

20) Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – он пішер.

YI. «Тілек шамы».

Мақсаты:тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.

-Құрметті ата-аналар. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен  балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені.  «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.

ҮІІ. Ой-толғаныс.

       Қорыта айтқанда, отбасылық қарым-қатынастың негізінде үнемі балаға қамқорлық көрсетіп, ол отбасы мүшесі, оның пікірі мен көмегі үлкендерге қажет деген сенімін қалыптастыру қажет. Халық даналығына назар аударсақ, ол былай дейді: «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң – онда арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң – онда ағаш ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң онда бала тәрбиеле».Тәрбие ешқашан үзіліс, демалыс күндерді білмейді.Ендеше, ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер олардың ең басты үлгі болар бейнесі екендігімізді ұмытпайық.

ID: 6977 | Просмотров: 3667