Сайт учителя начальных классов
.
А.Гиннің “Сабақ конструкторы” бойынша танымдық  ойындары мен әдістер

А.Гиннің “Сабақ конструкторы” бойынша танымдық ойындары мен әдістер

А.Гиннің “Сабақ конструкторы” бойынша танымдық

ойындары мен әдістер

 “Бағдаршам” әдісі: Әр оқушы сабаққа немесе сұраққа өз дайындығы туралы түрлі-түсті қалақшалар арқылы белгі береді: “жасыл” – дайын, “сары” – күмәнді, “қызыл” – дайын емес.

“Өзіндік бағалау” әдісі: Оқушылар берілген тапсырмаға өзінің дайындық деңгейін мұғалім сұрағына қол көтеру арқылы байқатады: Кім “беске” дайын? Кім “төртке” дайын? Кім “үшке” дайын? Кім мүлде дайын емес?

“Жұптық сұрақ-жауап” әдісі: Сұрақтарды мұғалім қояды, ал оқушылар жұптасып, бір-бірін бағалайды немесе “+”, “-” белгісін қойып отырады. Келесі нұсқамен жұмыс кезінде жауап беруші оқушы бағалаушыға айналады.

“Иә-жоқ” ойыны: мұғалім немесе алдын ала дайындалған оқушы сыныпқа бір ұғымды (бұйым, құрал, кейіпкер, автор, т.б) жасырады. Оқушылардың қойған сұрағына тек “иә”, “жоқ” немесе “иә, әрі жоқ” деп жауап беріледі.

“Бақылауға дайындық” әдісі: Бір сабақ бұрын келесі сабақтағы бақылау жұмысына дайындық жүргізіледі. Оқушылар ұқсас нұсқа бойынша бақылау жұмысын орындайды және қалауы бойынша анықтамалықтарды, жолдастары мен мұғалімнің кеңесін пайдалана алады.

“Адвокат” ойыны: Сабақ барысында “Адвокат” рөлін алған оқушы басқа оқушыларды қиын тапсырмалардан, тапсырманы орындауы мен өз пікірін айтуын бағалаудағы қателіктерден қорғап отырады. Бұл роль белгілі бір оқушыларға тұрақты түрде берілуі де, әр сабақта ауыстырылып отырылуы да мүмкін.

“Қорытындылаушы” ойыны: Сабақ басында “Қорытындылаушы” рөлін алған оқушы сабақ соңында жұмыс барысын жалпылай отырып, өтілген тақырып бойынша мәселенің түйінін, өте маңызды жайларды сараптап айтады.

“Қайталау сұрақтары” әдісі: Оқушылар бұрынғы өтілген тақырыптар бойынша сұрақтар тізімін дайындайды. Ең жақсы тізімге байқау өтіп, қайталау сабағы сол бойынша жүргізіледі.

“Қосымша сұрақтар” әдісі: Оқушылар бұрынғы өтілген тақырыптар бойынша алған білімді толықтыратын қосымша сұрақтар тізімін дайындайды. Оқулықта жауабы жоқ болғандықтан кейбір сұрақтарға мұғалім жауап беруіне, кейбір сұрақтарды арнайы тапсырма ретінде беруі мүмкін.

“Тақырыптардың түйісуі” ойыны: Оқушылар топтарға бөлініп, өтілген материалдың мұғалім көрсеткен тақырыппен байланысатын тұстарын табады, мысалдар келтіріп, тапсырмалар құрастырады, сұрақтар дайындап, жорамалдар жасайды.

“Пайымдау сұрақтары” әдісі: Сабақ соңында мұғалім оқушыларды ой-толғаныс жасауға итермелейтін сұрақтар қояды: Сабақта не маңызды болды, не қызық болды, жаңадан не білдіңдер, не үйрендіңдер т.с.с. Бір сұраққа бірнеше оқушы жауап беруі мүмкін.

“Өзіндік мысал” ойыны: Жаңадан өтілген тақырыпқа оқушылар өз мысалдарын келтіріп, өз тапсырмалары мен жорамалдарын дайындайды.

“Үлгі жауап” ойыны: Ең жақсы оқушылардың бірі тақтаға шығып, қойылған сұрақтарға жауап береді, басқалар кейін оны өзара бақылау жүргізгенде үлгі есебінде пайдаланады. Бұл ойын қиын немесе күрделі тақырыптарды өткенда тиімді.

“Таңдау және негіздеу” әдісі: Оқушыларға бірнеше жауабы бар сұрақ беріліп, оған осы жауаптар ішінен біреуін таңдау және таңдау себебін негіздеу тапсырылады. Мұғалім кейде дұрыс емес жауапты қорғауы мүмкін.

“Тізбек бойынша сұрау” әдісі: Қойылған сұраққа беріліп жатқан оқушының жауабы кез келген жерінен тоқтатылып, ары қарай басқа оқушының жауап беруі сұралады. Бұл әдіс оқушылардың зейінін аудару және байқағыштығын дамытуға пайдалы.

“Деректі диктант” әдісі: Оқушыларға 5-7 түйінді сұрағы бар бірнеше нұсқалы сұрақтарға жазбаша жауап беру тапсырылады. Оның бір-екеуі бұрынғы материалдарға қатысты. Оқушылардың алдында таза парақ пен қаламнан басқа ештеңе болмауы тиіс. Соңынан стресстік жағдайдан шығу үшін сергіту ойындары ойналады.

“Сыбырлап сұрау” әдісі: Басқа оқушылар жазба жұмыспен (бақылау, диктант сияқты) айналысып жатқан кезде, мұғалім бір немесе бірнеше оқушыдан (қасына барып не шақырып) сабақ сұрайды. Олар қойылған сұрақтарға сыбырлап қана жауап береді.

“Таңдамалы тексеру” әдісі: Мұғалім оқушылар жазған бақылау (диктант) жұмыстарының ішінен теріп алып, тек бірнешеуін ғана тексереді. Қайсысын тексеретінін ешкім де білмейді.

 “Блиц-бақылау” әдісі: Шартын алдын ала таныстыра отырып, мұғалім әрқайсысының жауабы 1-2 сөзден ғана тұратын бірнеше (7-10) сұрақты біртіндеп айтып тұрып, аз уақыт ішінде (30-60 секунд) қысқаша жауаптар жаздырады. Соңынан мұғалім дұрыс жауаптарды айтады, оқушылар жауап нөмерінің алдына “+” немесе “-” белгісінің бірін қойып, соңына нәтижесі мен берілген шартқа байланысты бағасын жазып, мұғалімге өз парағын өткізеді.

“Релелік бақылау” әдісі: Мұғалім бақылау жұмысын оқушылардың бұрынғы орындаған тапсырмалары (шығарған есептері) бойынша алады. Бұл бақылаудың жүгін жеңілдетеді және үй тапсырмасына жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

“Кәдімгі керемет” ойыны: Мұғалім үй тапсырмасын ерекше түрде береді: кезекші оқушы хат таратады, тапсырма әр қырына әр түрлі әріп жазылған кубик арқылы таңдалады, қорапшадан тапсырма номері лоторея сияқты алынады, т.б.

“Шығармашылық шарт” ойыны: Қабілетті немесе тілек білдірген оқушыларға міндетті тапсырмамен қоса шығармашылық шарт тапсырылады. Ол шарт бойынша оқушы сол тапсырмаға байланысты сөзжұмбақ құрастырып, қызықты деректер жинауы немесе тірек белгі жасап, әзіл сурет дайындауы қажет.

“Айрықша тапсырма” әдісі: Қабілетті оқушылар үйге ешкім орындамаған күрделі де, қиын тапсырма алады. Ол салтанатты түрде табыс етіледі және арнайы дәптерге орындалады. Орындалған тапсырмаға “төрттен” төмен баға қойылмайды.

“Келешекке көмек” ойыны: Оқушылар топтарға бөлініп, өтілген тарау, тақырыпқа байланысты дидактикалық тапсырмалар жинағын дайындау туралы ұзақ мерзімді үй тапсырмасын алады. Оған сұрақтар тізбесі, тірек белгі сияқты міндетті деңгейдегі тапсырмалармен қатар, сөзжұмбақтар мен қызықты деректер сияқты шығармашылық тапсырмалар да кіреді.

“Идеал тапсырма” әдісі: Әр оқушы өзі орындайтын үй тапсырмасын өз таңдайды. Таңдау тапсырма нөмері мен саны ғана емес, орындау сипатына да әсер етеді. Біреу қосымша дерек жинаса, келесісі сурет салуы, үшіншісі мақала жазуы мүмкін.

“Үй тапсырмасын талдау” әдісі: Өткен сабақта үйге берілген қиын тапсырма ешкімнен сұралмайды, қайта оқушылармен бірлесе талданады. Егер толық орындалып бітпеген болса, тағы да кейінге қалдырылуы мүмкін.

“Кездейсоқтық” ойыны: Сыныпта немесе үйде орындалатын тапсырманың номері мен сипаты айтылған соң, оны кімнің орындайтыны ойын сүйегі не қағаз ұшақ арқылы анықталады.

“ҒЗО” ойыны: ҒЗО (ғылыми зерттеу орталығы) қызметкерлері (оқушылардың бір немесе бірнеше тобы) тапсырыс берушіден (мұғалім немесе арнайы бекітілген оқушы) алынған тапсырманы топтасып талдай отырып, өзара міндет бөлінісі арқылы шығармашылықпен орындайды. Біткен жұмысты сызба түрінде дайындап, қабылдау комиссиясына (2-3 үздік оқушы) жоба қорғау түрінде өткізеді. Комиссия қабылдамаса, жұмысты қайта толықтыру керек.

“Тендер” ойыны: Оқушылардың бірнеше (тең шамалас) тобы бір тапсырманы орындайды да, кезекпен тендерлік комиссия алдында жұмысты таныстырады. Комиссия қай топтың жұмысын “үздік” деп тапса, сол топ “жеңімпаз” деп танылады.

“Ондық нысана” ойыны: Оқушылар бірнеше топқа бөлініп, тиісті тапсырмаларды орындап жарысады. Қай тапсырманың қанша ұпайлық екенін тақтадағы “нысана” көрсетеді.

“Байыпты баяндамашы” ойыны: Оқушыға жұрт алдына шығардан 5 минут бұрын баяндама жасауға қажетті тірек сөздер беріледі. Ол сол сөздерден баяндама мәтінінің жобасын құрастыруы керек. Баяндама мазмұнын айту барысында баяндамашыны (сөзге шешен оқушыны) өзге оқушылар тақырыпқа қатысты әр түрлі сұрақтар арқылы жаңылыстыруға тырысады. Әр сұраққа тақырыптан ауытқымай, салмақты түрде жауап бере отырып, баяндамашы белгіленген уақыт ішінде (5-7 минут) өз баяндамасын аяқтауы керек.

“Қызметке қабылдау” ойыны: Жұмысқа қабылдаушылар белгілі бір тақырып бойынша бәсекелес екі топтың біліктілік дәрежесін анықтайды. Ол үшін 5-6 адамнан құралған екі топ алдын ала ақылдаса отырып, бір-біріне кезекпен бес-бестен тапсырма береді. Егер қарсылас топ кезекті тапсырманы орындай алмаса, топтың өзі орындауы қажет. Жұмысқа қабылдаушылар әр тапсырманы 5 ұпаймен, ал әр жауапты он ұпаймен бағалайды да, ақылдаса отырып, қай топтың жұмысқа қабылданғанын айтады. Бұған дейін мұғалім топтық тапсырмалардың орындалу барысын талдайды, кемшілік-жетістіктердің себебін көрсетеді. Даулы мәселелерді арнайы тағайындалған төрешілер шешеді.

 Сабақтағы сергіту сәттері

 “Алыптар мен ергежейлілер” ойыны: Жүргізуші біресе қолдарын жоғары көтеріп, біресе төмен түсіріп, алыптар мен ергежейлілерді бейнелйді және “алып”, “ергежейлі” деп айтып тұрады. Жүргізуші кейде айтқан сөзі мен қимылын керісінше етіп, қатысушыларды жаңылыстыруға тырысады. Кім қателессе, орнына отырады. Соңында қалған үш адам жеңімпаз деп танылады.

“Еден-төбе-мұрын” ойыны: Жүргізуші сұқ саусағымен біресе төбені, біресе еденді, біресе мұрнын көрсетеді және “төбе”, “еден”, “мұрын” деп айтып тұрады. Жүргізуші кейде айтқан сөзі мен қимылын керісінше жасап,қатысушыларды жаңылыстыруға тырысады. Кім қателессе, орнына отырады. Соңында қалған үш адам жеңімпаз деп танылады.

“Бір-екі-үш-төрт-бес” ойыны: Қатысушылардың бәрі бір мезгілде, алдымен оң қолын, сонан соң сол қолын жоғары қарай сермеп тұрып, бірден беске дейін санайды. Келесі жолы төртке дейін, сосын үшке, сосын екіге дейін, ең соңынан бірге дейін санайды. Келесі жолы осы ретпен бірақ орысша, сонан соң ағылшынша санайды. Әр тілде санаудың орнына “Ха-ха”, “Хи-хи” деп айтуға да болады.

“Севен-ап” ойыны: Қатысушылар дөңгелене отырып, кезекпен бірден жетіге дейін санайды. Жеті санын айтатын адам “Жеті” деудің орнына, орнынан тұрып, “Севен-ап” деп айтуы керек. Кім жаңылысса, сол ойыннан шығады.

“Жаңылыспаймын” ойыны: Қатысушылар дөңгелене тұрып, кезекпен бірден отызға дейін, сосын кері қарай санайды. Үшке еселік санды айтатын адам сол санның орнына “Жаңылыспаймын”деп айтуы керек. Кім жаңылысса, сол ойыннан шығады.

“Белгісіз басшы” ойыны: Бір қатысушы сыртқа шығарылып, сол кезде басқалары  іштерінен біреуін басшы етіп сайлайды. Басшының міндеті сырттан келген адамға білдірмей, бір қимыл көрсытуі керек, қал,андары сол қимылды бірдей қайталауы керек. Сырттан келген адам кімнің басқарып тұрғанын табу керек. Егер тапса немесе бірнеше қимыл ауысқанға дейін таба алмаса, басқа адаммен ауысады.

“Дирижер” ойыны: Жүргізуші бір қимыл көрсетіп, сұқ саусағымен  кімді көрсетсе, сол адам сол қимылды қайталауы керек. Кім тез қайталай алмаса, сол ойыннан шығады. Жүргізуші бір қимылды бірнеше адамға жасата отырып, белгілі бір дыбыстар шығаруы керек.

“Көңілді жылан” ойыны: Қатысушылар бірінің артынан бірі ұстап, жылан болады. Ойынның негізгі мақсаты жыланның басы құйрығын ұстап алуы керек. Белгілі бір уақыт ішінде ұстай алмаса немесе басы құйрығын ұстап алса, жыланның басы құйрығына айналады, екінші тұрған басы болады.

“Түлкі-тауық-балапан” ойыны: Түлкі болған қатысушыдан басқалары тауық болған адамның соңына тізіле тұрады. Түлкінің мақсаты тауықты айналып өтіп, соңғы балапанды ұстап алуы керек. Белгілі бір уақыт ішінде ұстай алмаса, түлкі тауыққа, соңғы балапан түлкіге айналады.

“Жыланша” ойыны: Қатысушылар айнала отырады. Сосын бірі бастап келесі адамнан бастап кезекпен қолын алып, тілегін айтады. Оның соңынан келесісі ереді. Ойын ослайша қашан барлығы бір-біріне тілек айтып болғанша жалғасып кете береді.

“Үй-адам-жер сілкіну” ойыны: Қатысушылар үш-үштен топтарға бөлініп, екі адам өзара қол ұстасып үйді құрайды, үшіншісі сол үйде тұратын адам болады. Жүргізуші “Үй” деген кезде, үй боп тұрған екі адам қолдарын жазбастан, келесі адамның үйіне айналуы тиіс. “Адам” деген кезде үйдегі адамдар басқа үйге барып кіруі керек. “Жер сілкіну” деген кезде барлығы тарап кетіп, қайтадан топтарға бөлінуі керек. Осы қимылдардың барысында жүргізуші топтардың біріне қосылып кетеді, ал үйсіз қалған адам жүргізуші болады.

“Атомдар мен молекулалар” ойыны: Жүргізуші “атомдар” деген кезде ойыншылар жеке дара жүреді де, “молекулалар, бесеуден” немесе “молекулалар, үшеуден” деген кезде, бес немесе үш адамнан тез арада топтасады. Кім топқа қосыла алмай қалса, айып төлейді: өз өнерін көрсетеді немесе көпшіліктің тілегін орындайды.

 Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау” жобасының стратегиялары

 “Түртіп алу” әдісі: Жиегіне тиісті белгілер (“ü” – бұрыннан білемін, “+” – енді білдім, “?” – түсіне алмадым, “-” – келісе алмаймын) қоя отырып, әр оқушы мәтінмен алдымен жеке, сонан соң жұптасып жұмыс жасайды. Жұптық жұмыс барысында жаңадан білген мәліметтер мен түсініксіз жайлар талқыланады. Соңынан сол мәселелер тақтаға жазылады да, жауабы бірлесе ізделінеді. Кейде жауабын тауып келу үйге беріледі. Төменгі сыныптарда соңғы белгі пайдаланылмайды.

“ДЖИГСО” әдісі: Сынып төрт-төртеуден топтарға бөлініп, топтағы өз нөмірін анықтайды. Сонан соң сол нөмірлері бойынша үлкен топтарға жиналып, тапсырманың бір бөлігін сарапқа салады. Талқылап болған соң, өз топтарына қайтып, өзгелерге өз білгенін баяндайды. Соңынан әр топтан бір адам жұрт алдында мәліметтердің барлығын жинақтап айтады. Әр топқа ортақ бір баға қойылады. Бұл әдiстiң бiрiншi нұсқасында үй топтарының жұмыстары ортақ болса, екiншi нұсқасында әр топтың атына сай қызметтерi де өзгеше болады.

Ой қозғау” әдiсi: Баланың басынан өткен бұрынғы тәжiрибесiне сүйене отырып, жеке, топтық және ұжымдық талқылау арқылы берiлген тақырып мазмұнымен өз бетiнше жұмыс жасауына бағытталған, қызығушылықты оятуға арналған стратегия.

“Идеяны суреттеу” әдiсi: Алдыңғы стратегиядан айырмасы тақырыпты ауызша емес, сөзбен жазбаша не сызбалар арқылы суреттеп беретiндiгiнде.

“ББҮ” әдiсi (Бiлемiн-бiлгiм келедi-үйрендiм): мұның басты ерекшелiгi үш бөлiктi кестенiң бірінші бөлігіне осы тақырыпқа байланысты не білетіндері, екiншi бөлiгiне балалардың ғылыми – танымдық мәтiнмен танысу барысында “не бiлгiсi келетiнi” жазылады. Үшінші бөлігі (не білдім) мәтінмен танысып, талдап болған соң толтырылады.

“Болжау” әдiсi: Баланың iшкi түйсiгiне сүйене отырып, жеке, топтық және ұжымдық талқылау арқылы көркем - әдеби мәтiн мазмұнымен өз бетiнше жұмыс жасауына бағытталған, мағынаны тануға арналған стратегия.

“Кең ауқымды лекция” әдiсi – алдыңғыдан айырмасы мұғалiм жетекшiлiгiмен екi түрлi мәтiнмен де жұмыс жасауға арналғандығында. Көбiне балаларға таратып беретiн мәтiн болмаған жағдайда жиi қолданылады.

“Галерея аралау” әдiсi – өзгелердiң қабырғаларға iлген көрнекi материалдарын жеке аралап жүрiп, өз ойын көбiне сол нәрсеге жазуға арналған стратегия.

“Әлемдi шарлау” әдiсi – алдыңғы екi стратегияға  ұқсас, бiр топтан екiншi топқа ауысып жүрiп, түрлi талқылауларға қатысуға бағытталған стратегия.

“Бес жолды өлең” әдiсi – аты өлең болғанымен, ұйқас құрап, буын сақтау мiндеттi болмағандықтан, заты бөлектеу, кез келген мәтiнмен жеке жұмыс жасауға бағытталған, ой-толғанысқа арналған стратегия: 1 жол – тақырыбы, 2 жол – екi сын есiм, 3 жол – үш етiстiк, 4 жол - өлеңнiң негiзгi идеясы, 5 жол – тақырыпқа балама сөз.

“Кубизм” әдiсi – жақтарына зерттеңiз, суреттеңiз, салыстырыңыз деген сияқты жұмыс бағыттары жазылған кубиктi пайдаланып, қай қыры түссе, сол қырындағы тапсырманы жеке не топтасып орындауға бағытталған мағынаны тануға және ой-толғанысқа арналған стратегия.

“Вен диаграммасы” әдiсi – екi нәрсенi, екi мәселенi қиылысқан екi шеңберлi сызбамен салыстыруға бағытталған, мағынаны тануға арналған стратегия.

“Екi түрлi түсiнiктеме” әдiсi – парақтың бiр жағына мәтiннiң ұнаған жерлерiнен үзiндi, ал екiншi жағына оның себептерi жазылады. Бұл әдiс балаларды рефлексияға үйретуге тиiмдi.

ID: 7005 | Просмотров: 3323