Сайт учителя начальных классов
.
Еңлік - Кебек дастаны

Еңлік - Кебек дастаны

Еңлік - Кебек дастаны

Сабақтың мақсаты:  1. Оқушыларға   ақынның  «Еңлік - Кебек» дастаны  жайлы  түсінік  беру;                                        

 2. Оқушылардың    сөздік  қорын,  тіл  байлығын, өлеңді сатылай  кешенді, композициялық  талдауын,  зейінінжәне  шапшаңдығын дамыту;

3. Шынайы сезімге, адал махаббатқа,ынтымақтастыққа, сыйластыққа және  ізгілікке  тәрбиелеу.

Сабақтың түрі:жинақтау

Сабақтың әдісі:түсіндіру,«Күрес» ойыны, сатылай  кешенді  талдау, композициялық  СКТ,  кубизм , сұрақ-жауап, шығармашылық  диктант, жұмбақ  шешу

Сабақтың көрнекілігі:мультимедиялық  кабинет,  суреттер,  бүктеме,  жұмбақтар,  кубик

Сабақ барысы

І  Ұйымдастыру кезеңі

а/ сәлемдесу;       ә/ түгелдеу;         б/ ақынның  өзі  шығарған  жұмбағын шешу.

Тамам  сөзді  сөйлейді,  сөйле  десе,                        

Етінен  ет  кесемін,  сөйлемесе.

Айт  десем,  айтпайтұғын  жауабы  жоқ,

Сүйгенімді  сөйлеттім  әлденеше.

(Қарындаш)

Бір  нәрсе, жұртқа  мәлім,  көзден  ғайып,

Ұстауға  еш  болмайды,  қолдан  тайып.

Не  сынап,  не  түстеуге  ұқсамайды,

Кейде  көп,  кейде  кетер  тіпті  азайып

(Жел)

ІІ   Үй тапсырмасын тексеру

1. Шәкәрім  туралы  ізденген  материалы  бойынша  түсінік  айту 

2.«Күрес»  ойыны

ІІІ  Жаңа  сабақ

Шәкәрім  қаламынан  туған  үш  дастаны  да  ескі  қазақ  тұрмыс-тіршілігін  суреттейді.  Бұл  дастандар  жанрлық  тұрғыдан  алғанда  «Қалқаман-Мамыр»  ─  лиро-эпикалық  жыр,  «Еңлік-Кебек»  ─   әлеуметтік  дастан,  «Нартайлақ-Айсұлу»  ─  махаббат  драмасы.  Сонымен  қоса  «Ләйлі-Мәжнүн»  (Физулиден)  дастанын  1907  жылы  жазған,  «Дубробский  әңгімесі»   (Пушкиннен)  1908  жылы   жазылған  және  «Қодардың  өлімі»  дастанын  жазады.  1888  жылы  «Қалқаман-Мамыр»  дастанын,   1891  жылы  «Еңлік-Кебек»  дастанын  жазып,  1912  жылы  жеке  кітап  күйінде  Семейде  «Жәрдем»     баспасында басылып  шыққан. 

«Еңлік- Кебек» дастаны - адам тағдыры, адал махаббат жолындағы күрес, рушылдық құрбаны болған екі жастың қайғылы тағдыры туралы баяндайды.

Дастанының кейіпкерлері бірін-бірі ұнатқан, ғашық болған жастар Еңлік пен Кебек, бірақ дауласқан екі ру тобықты мен найман билері екеуін ат құйрығына сүйреп өлтіреді. Екі жастың төрт айлық баласы тау бөктерінде жылап жетім қалады.

Махаббат жолында құрбан болған,ерлікті аңсау мен зұлымдық қарсылысының бейнесі болған Еңлік пен Кебек есімдері ел есінде сақталды. Семей-Қарауыл тас жолына жақын жерде Еңлік-Кебек ескерткіші бар.

ІҮ  Сабақты   бекіту

І   Шығармашылық  диктант

Шәкәрім  ... (1858) жылы  ШҚО, Абай  ауданы,  Шыңғыстауының  етегінде  дүниеге  келген.  ... (5)  жасында  оқуға  барып,  ... (7)  жасында  жетім  қалады.  Әкесі  Құдайберді  ... (1866)  жылы  ... (37) жасында  дүниеден  озады. 10  жасында ... (домбыра) , ... (гармонь)  музыкалық  аспаптарында  ойнауды  үйренеді. ...  (25) жасында  болыс  болып  сайланады. Халық  Шәкәрімді  «екінші    ... (Абай)»   деп  таныған.  Ақын  ...  (1905)  жылы  Меккеге  қажылыққа  барған.  Шәкәрім  ақын  1931  жылы  2-ші  ...  күні  ...  (73) жасында  жазықсыз  оққа  ұшқан. 

ІІ Дастанды  сатылай  кешенді  талдау

«Еңлік-Кебек»  дастаны

1.Авторы.Ш.Құдайдердіұлы  ШҚО,  Абай  ауданы, Шыңғыстауының  етегінде  1858  жылы  11  шілдеде  дүниеге келген.  Оның  «Жастарға», «Насихат», «Қулар», «Ғылымсыз адам хайуан», «Шын  сырым»  атты  шығармалары  бар. Ақын 1931жылы  2  қазанда  73  жасында  қастандық  құрбаны  болды.

2.Тақырыбы─ екі  жас  арасындағы  махаббат,  әйел   теңсіздігі.

3.Жанр  түрі  поэзия (дастан).  Дастан ─ (парсы  сөзі  тарихи әңгіме,  ертегі, батырлар  жыры)  Таяу  және  орта  Шығыстың, Азияның  әдебиеті  мен  фольклорындағы  эпикалық  жанр,  өлең түріндегі  оқиғалы  шығарма.

4. Идеясы.  Бұл  дастанның  идеясы  ─ ескіліктің  бұлжымас заңын,  көрінісін  және  ру  арасындағы  кикілжіңін  суреттеп көрсете  білуі.

5.Шумақ.3  шумақты.  (  Жалпы  131  шумақты)

6.Тармақ ─ өлеңнің  әр  жолы.  4  тармақты, барлығы

7.Бунақ ─ белгілі  бір  дауыс  ырғағымен  бөлінуі.3  бунақты.

8.Буын  саны ─ сөздің  құрамындағы  дауысты  дыбыстардың санына  байланысты.  11-12  буынды.

9.Ұйқас  түрі.   (-а- а- ә- а)  қара  өлең  ұйқасы.

10.Әдеби  теориялық  ұғымдар. 

Эпитет ─ қос  басшысы,  жас  басы,   жасы  бала,  жаны  отты, сабаз  жолдас.

Теңеу─ атты  жаяу  бәріне  бірдей  мықты.

Портрет ─Көзі  өткір,  қараторы  жігіт  екен,

Орта  бойлы;  тапалдау,  кең  иықты. 

Ауыспалы  мағына -  жаны  отты  (жігерлі,  қайратты).

11.Түсіндірме  сөздік.

Жамағайын ─ аздаған  жақындық,  алыс  туыстық.

Жасы ─  көңілі  босау,  мұңаю,  қамығу,  беті  қайту.

Сабаз  ─  біреудің  іс-қылығына,  мінез-құлқына, кеңпейілділігіне риза  болғанда  айтылатын  көтерме  сөз.

Тапалдау  ─  аласалау,  кішілеу,  тәпелтектеу.

12. Тәрбиелік  мәні.Адал  махаббатқа, сүйіспеншілікке  тәрбиелейді.

ІІІ  Сатылай  кешенді   композициялық  талдау

«Еңлік-Кебек»  дастаны

1.Авторы – Ш.Құдайбердіұлы  1958 -1931   жылдар аралығында өмір  сүрген .  Қазақтың  ақыны   7  жасында  ақындыққа талпына  бастайды.  Алғашқы  өлеңін  әкесінің  өліміне байланысты  шығарады. «Жуандар», «Қайтқан  шал», «Қорқақ шал», «Бай  мен  қонақ» атты  өлеңдері  бар.

2.Тақырыбы ─ екі  жас  арасындағы  махаббат,  әйел   теңсіздігі.

3.(Дастан)Поэзия

4.Эпикалық  жанр  түрі.

4.1.Орта  көлемді  эпикалық  жанр  түрі.

4.2. Дастан ─ (парсы  сөзі  тарихи  әңгіме,  ертегі, батырлар жыры)  Таяу  және  орта  Шығыстың,  Азияның  әдебиеті  мен фольклорындағы  эпикалық  жанр,  өлең  түріндегі  оқиғалы шығарма.

5.Шығарманың  негізгі  идеясы.  Ескіліктің  бұлжымас заңын, көрінісін  және  ру  арасындағы  кикілжіңін  суреттеп  көрсете білуі.

6.Шығарманың   композициялық  құрылысы -шығарманың  композициясы   сюжеттік  дамудың кезең-кезеңдерін  тәртіпке салып  реттеп  қиыннан  қиыстырады.

6.1.Сюжеттің  басталуы ─Тобықты  руынан  шыққан Кебектің  бейнесі. Сюжеттің  басталуы – оның  кіріспесі  іспетті.  Мұнда әдеби қаһармандар  өзара  қарым  қатынасқа көшпес  бұрынғы  қал-жағдай, тіршілік,  қоғамдық  орта, болашақ   қақтығыстар алаңы,  оқиғалар  орны   суреттеледі.

6.2.Сюжеттік  байланыс ─ Кебектің  Нысан  абызға  бал аштыруға  келуі. Сюжеттік  байланыс ─ адамдар  арасындағы  әрекеттің басы, тартыстың  басталуы  іспетті. Шығарма  арқауындағы  негізгі оқиғаның  әуелгі  туындау  себебі   секілді.

6.3.Сюжеттік  даму ─ аттастырылып  қойған  Еңліктің Кебекпен  бірге  қашуы. Сюжеттік  даму ─ адамдардың  өзара  қарым-қатынасынан, қимыл-әрекетінен  туған  түрліше  жағдайларға, шиеленістерге  байланысты.

6.4.Шиеленісуі ─ екі  рудың  бірін-бірі  шабуы,  малға  бітім қылмауы. Шиеленісуі ─  оқиғаның  адамдар  арасындағы  әрекеттің  шиеленісіп   ширығуы.

6.5.Шарықтау  шегі ─ Еңліктің  соңғы  сөзі (үш  тілегі). Шарықтау  шегі ─ сюжеттік  дамудың  ең  жоғарғы   сатысы. Адамдар  арасындағы  қимыл-әрекеттің  мейлінше  күшейіп, өрбіп  жеткен  жері,  шығармадағы   драмалық  тартыстың өрістеп  шыққан  биігі.

6.6.Шығарманың  шешемі ─ екі  рудың  келісімімен  екі жасты  ат  құйрығына  байлап  өлтіруі. Шығарманың  шешемі ─ суреткердің  өзі  суреттеп  отырған өмір  шындығына  шығарған  үкімі,  адамдар   арасындағы тайталастардың,  күрестердің  бітуі, түрліше  тағдырлар, тартысынан  туған  нақты  нәтиже;  оқиғаға қатысушылардың  ең  ақырғы  күйі;  күллі   құбылыс көріністердің   соңғы  сахнасы.

7.Шығармадағы  кейіпкерлер  бейнесі.

 7.1.Жағымды- Еңлік, Кебек, Нысан  абыз.

7.2.Жағымсыз-екі  ру  адамдары.

8.Әдеби  теориялық  ұғымдар.

8.1.Троп  немесе  құбылту ─  сөздерді  тура    мағынасында емес, ауыспалы  мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп,  ойды  өзгертіп, кейде  тіпті  өңін  айналдырып айту.

9.Түсіндірме  сөздік.

Барымта ─ жауласқан  екі  рудың  бірінің-бірі  мал-мүлкін іштен  тартып  алып,  кек  қайтаруы.

Ұрын ─ күйеу  жігіт  жеңгелеріне  сый-сияпат  беріп, айттырған  қыздың  ауылына  жасырын  келуі.

Абыз ─ ас  білгір,  білімдар  адам.

Бақсы ─ пірге,  аруаққа  сиынып,  ауруды  ұшықтап емдейтін  тәуіп.

10. Тәрбиелік  мәні.  Адал  махаббатқа, сүйіспеншілікке  тәрбиелейді..

ІҮ  Кубизм

1.Суретте.Оқиға  болған  жерді  суреттеп  бер.

2.Зертте. Ру  адамдары  неліктен  екі  жасты  өлімге  бұйыратынын  дәлелде.

3.Салыстыр.Сол ескі  заман  мен  қазіргі  заманды  салыстыр.

4.Қолдан.Шығармадағы  сөз  кестелерінен  ой  айшықтарын  тап.

5.Ізден.  Шығармадағы  салт-дәстүрді  тап.

Мені  де  кедей  емес,  байға  берген,

Күйеуім  өткен  жазда  ұрын  келген.

6.Анықта.  Еңлік  пен  Кебек бейнесі қандай  образға  жатады?

Ү  Үйге  тапсырма

«Еңлік ─ Кебек»  ─  ғашықтық  трагедия»  атты  шағын  шығарма  жазу.

ҮІ  Сабақты  қорыту

Өлең  жолдарынан  әдеби-теориялық  ұғымдарды  табу 

Қасына  жатпақ  түгіл  жуымадым,

Білген  соң  шіріктігін  келген  жерден.

Нышаны  жоқ  бет  аузында  сақал,  мұрттан,

Бұрын  да  естуші  едім  жайын  сырттан.

Қамшылап  күрең  атты  жамбасына

Түлкіден  бұрын  шықты  Хан  басына.

Жел  шығып,  боран  болып  кеткен  екен,

Аң  қуған  аңғал  батыр  аңдасын  ба.

Күйеуімнің  жүрген жоқ  жасы  жетпей,

Ынжықтық  қайтушы  еді  тентіретпей.

Ақыл  салып  бармағын  сау  қылуға

Пендеде  күш  бола  ма  құдіреттей.

─ Жігіттер! Бұл  өлеңді  жазған  мәнім,

Емес  қой  жастықпенен  салған  әнім.

Қас  қайсы,  қаза  қайсы,  таза  қайсы?

Аларсың,  көп  ғибрат,  байқағаның.

Қыз,  қызық,  батыр  жазар  кезім  емес,

Жастарды  қызықтырған  сөзім  емес.

Ертегі  емес,  ертеде  болған  бір  іс,

Ойдан  жалған  шығарған  сөзім  емес.

Әншейін  әңгіме  деп  құлақ  салма,

Құр  ғана  қызығымен  қызын  алма.

Ғаділ,  залым,  шафқатлі  ─  мейірімсіз,

Соларды  айыра  алмай  қапы  қалма!   ─  деп, Шәкәрім  ақын  өз  дастанында  өз  ойын  осылай  түйіндеген  екен. Осымен  мен  де  өз  ашық  сабағымды  қорытындылаймын.

ҮІІ  Бағалау

ID: 5039 | Просмотров: 5958