Сайт учителя начальных классов
.
Асыл сөз мәңгі жасайды

Асыл сөз мәңгі жасайды

Асыл сөз мәңгі жасайды

Тақырыбы: «Асыл сөз мәңгі жасайды»

Мақсаты:

Білімділік: Сөздік қорының байлығын таныту, сөз мәйегін теруге құлшыныстарын арттыру. Әдебиеті әлеміне тоқталып, оқушыларды әдебиет пен өмірді байланыстыра меңгерту.

Дамытушылық: Оқушылардың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту. Сонымен қатар күнделікті өмірде мәдени, әдеби тілде сөйлеуді дағдыландыру.

Тәрбиелік: Оқушыларды іс-әрекет пен қарым-қатынас арқылы адамгершілік пен иманжүзділікке, елжандылыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Сайыс сабақ

Көрнекілігі: Интерактивті тақта

Барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлеметсіздер ме құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Асыл сөз – мәңгі жасайды» атты сайысымызға қош келдіңіздер! Әдебиет адамға сөз қуаты, көркем бейне арқылы әсер етеді. Сөз өнері – мәңгілік мектеп, оның өмірінің шегі жоқ. Бүгінгі сайысқа қатысқалы отырған ІІ топ өздерін таныстырып өтсін. Олай болса, бүгінгі сайысымыздың турларымен таныстырып өтейін.

І. «Мақал-мәтелдер сайысы»

ІІ. «Әдебиет әлемі»

ІІІ. «Көненің көзі – асылдың сөзі»

ІҮ. «Бір сөзбен айтқанда»

Ү. «Орнын тап...»

Олай болса, сайысымыздың әділ бағасын беретін әділ-қазылар алқасымен таныстырып өтейін. Барлығына сәттілік тілей отырып, сайысымызды бастайық!

І. «Мақал-мәтелдер сайысы» туры. (Бұл кезеңде ІІ топ мақал-мәтел айтудан жарысады).

ІІ. «Әдебиет әлемі» туры.

Қай ақын, тапшы қане, алғырлар,

Ой тастайық жұмбақ жанның сөзіне.

Әдебиетте біз ұғатын көп сыр бар,

Авторын тап, қарап алып сөзіне – дей отырып, мына жерде ұяшықтарда жасырылған ақын-жазушылардың шығармалары берілген. Осы өлеңдеріне қарап қай ақынның, қай өлеңі екенін анықтаймыз. Сонымен қатар, әдебиет пәнінен теориялық сұрақтар та кездеседі.

  1. Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлеймін сиынбай.

Сырлы сұлу сөздері –

Маған тартқан сыйындай!

(Ж.Жабаев «Жаныс ақынға»)

  1. Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,

Қуанышқа қуанып, қайғыңа күйетұғын?

-Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,

Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.

(М.Дулатұлы «Шешенің балаларын сүюі»)

  1. Аңыз дегеніміз не?

Жауабы: Аңыз дегеніміз тарихта болған әйгілі адамдар жайында немесе ел, рудың шығу тегі туралы нақтылы бір жерде өткен оқиғалар жайлы тарихи шындыққа негізделген, уақыт өте келе көркем шығармаға айналып кеткен әңгімені айтамыз.

  1. Көркем туындының идеясы дегеніміз не?

Жауабы: Жазушы өзі көтеріп, көркем бейнелеген әлеуметтік мәселелер, адамдар тағдыры айтпақ ойлары, танытпақ шындығы.

  1. Ілімге толса көкірек,

Ашылар көзі сананың

Құлақ салсаң, жақсылап,

Азырақ сөзді жазамын.

(Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Толғау «Ілімге толса көкірек»)

  1. Ремарка дегеніміз не?

Жауабы: Ремарка – қысқа түсіндірме түрінде келетін автор сөзі.

  1. Қыз:

«Қалауым бар, Ноян батыр,

Адасқан аққу құстай мен бір пақыр.

Арқаның аруы боп жүрсем дағы

Алыса туған, өскен жерім жатыр....»

(М.Жұмабаев «Батыр Баян»)

  1. Монолог дегеніміз не?

Жауабы: Бір кейіпкердің сөзі, түрлі жағдайлардың әсерімен оның өзімен-өзі сырласуы, толғанысы.

Балалар «Әдебиет әлемі» кезеңі арқылы біршама өткен тақырыптарды еске түсіріп, қаншалықты білетініміз де көрінді. Келесі турымызға өтейік.

ІІІ. «Көненің көзі – асылдың сөзі» туры

            1          2          3          4                      5          6          7

            │         │         │         │                     │         │         │

            А         с          ы         л                      с          ө          з

Осы әріптердің артында көне сөздер жасырылған. Ол көне сөздер біздің күнделікті әдебиет пәнінде өтілген шығармалардың ішінен алынған сөздер. Сендер сол сөздің мағынасын ашасыңдар. Барлығы байырғы сөздер. Әр жауапқа 10 ұпай. Жауап бере алмаған жағдайда екінші топқа жауап беруге мүмкіндік беріледі.

А – көбең.

Жауабы: арықтап жүріп, ет алған жылқы Ж.Жабаев. «Жаныс ақынға»

«Құлаштап бір кетейін, Көбең құсап тығылмай...»

С – қанқор. Жауабы: Қанқұмар.

Ж.Жабаев.     «Сұраншы батыр»

«Қасқырға шауып арыстан,

Қанқордың шықты ойраны...»

 Ы – бүлген.   Жауабы: бүлінген, шабылған.

Махамбет «Мұнар күн»

«Он сан байтақ бүлген күн ...»

Л – қу толағай. Жауабы: тақыр бас, жалаңаш бас.

М.Өтемісұлы «Ереуіл атқа ер салмай!»

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?»

С – бастаңғы. Жауабы: әке-шешесі үйде жоқта қыз-бозбала мал сойып, құрбыларын жинайды.

Ш.Құдайбердіұлы «Қалқаман-Мамыр»

«Қазақста бастан деген бір ырым бар,

Мал сойып, жастар ойнап, бір жиылар»

Ө - Жабы. Жауабы: қарапайым жылқы.

Ж. Жабаев «Жаныс ақынға»

«Қашсаң қуып жетейін,

Бізге жабы бұйым ба-ай!»

З – көбе. Жауабы: сауыт.

М. Жұмабаев «Батыр баян»

«Жебесі көбе бұзып, жүректі үзбей,

Найзасын, сірә, шалғай сермеп пе еді?»

Сонымен балалар «Көненің көзі – асылдың сөзі» кезеңінен де жақсы өттік. Олай болса, келесі турымызға өтейік.

ІҮ. «Біз сөзбен айтқанда...»

Бұл тур балалар, сергіту сәті ретінде берілген. Олай болса, шартымен таныстырып өтейін. Мен сіздерге жұмбақ ретінде жасырып, бірнеше балама түрлерін айтамын, сендер бір сөзден айтасыңдар! Ұпай саны – 10 ұпай.

І-топ.

 1.  Әлемнің жарығын сыйлаған, түн ұйқысын төрт бөліп, әлпештеп аялап өсірген аяулы жан (Ана)

 2.  Даудың бірін әділ шешетін, қазақтың үш кемеңгері, Төле, Қазыбек, Әйтеке (Би)

ІІ-топ.

 1.  Сөз тапқыр, сөйлегенде аз сөйлеп, дөп сөйлейтін кім?       (Шешен)

 2.  Он екі мүшел жылдың бірі, құмай тазы,

Жеті қазынаның бірі (Ит)

Жарайсыңдар, балалар! Енді кезек соңғы турымызға келіп жетті.

Ү. «Орнын тап...»

Сендерге мақал-мәтелдер берілген, бір сөзі түсіп қалған. Сол сөзді тауып орысша, ағылшынша баламасын айтамыз. Ұпай саны есептеліп отырады. Бірінші топ жауап бере алмаған жағдайда екінші топ жауап бере алады.

  1. Шешен сөз бастайды,

Батыр ...бастайды (қол – рука – hand)

  1. Жақсы жігіт – аспандағы ...

Жақсы қыз – жағаңдағы құндыз    (жұлдыз – звезда – star)

  1. Көз қорқақ, ...батыр  (қол – рука – hand)
  2. Өз ... - өлең төсегім    (үй – дом – home)
  3. Жақсы дос ашып айтар,

Жаман ...қашып айтыр  (дос – друзья – friend)

  1. Анасына қарап ...ал   (қыз – девочка – girl)
  2. Өзге тілдің бәрін біл,

Өз ...құрметте  (тіл – язык – language)

Сонымен балалар! «Орнын тап...» соңғы турымыз да аяқталды, демек бүгінгі «Асыл сөз – мәңгі жасайды» атты сайысымыз да өз мәресіне жетіп қалды. Екі топтың сайыскерлерінің әділ бағаларын білу үшін әділ-қазылар алқасына сөз береміз.

Марапаттау. Сау болыңыздар!

ID: 5091 | Просмотров: 3001