Сайт учителя начальных классов
.
Алматы облысы
Іле ауданы
«№35 орта мектеп»МКМ
9а сынып жетекшісі
Тезекбаева Лаура Мауленбаевна

Қос шынар

Мақсаты: Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ер қыздардың ерлігін үлгі тұту, Отанын сүюге, қорғауға баулу.
Көрнекілігі: М.Мәметова мен Ә.Молдағулованың портреттері, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер жазылған плакаттар:
1. «Отан үшін отқа түс күймейсің»
2. «Батыр майданда шынығады, болат қайнауда шынығады»
Құрметті қонақтар, бүгінгі тәрбие сағаты халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы тарихи көтерілісі мол Ұлы Жеңіске арналады. Бұл соғыстың салған жарасы әлі күнге дейін барлық ұлттың жүрегінде толық жазылмады, әлі де сақталуда. Мұны біз ешқашанда ұмытпаймыз. Осы жарқын өмірді сыйлаған әке, аға, әпкелеріміздің ерлігі бізге мәңгі үлгі.

Құрметті қонақтар, 8а сынып оқушылары дайындаған «Қос шынар» атты сынып сағатын ұсынамыз. Балалар, «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия мен Мәншүк кім, қайда оқыған, қандай ерлік көрсеткен? Міне, осылар жайлы ой толғайықшы.
Қымбатты бауырлар, 1941 жылы 22 маусымда Германия хабарламастан Отанымызға шабуыл жасады. Соғыс басталды. Бұл - әділетсіз соғыс. Біз жеңеміз.

Отан ана жылағанда шерленіп,
Тапжылмастан шөгеді екен жерге бұлт.
«Қара бұлтты қақ жарайық!» - деді де,
Қолдарына қару алды ерленіп.

Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова 1922 жылы туып, 1943 жылы дүниеден өтті. Ол Батыс Қазақстан облысының Орда Қалашығында туған, оның балалық шағы Алматы қаласында өтті.

Мәншүк бес жасында әке-шешесінен жетім қалып, Ахмет ағайы мен Әмина апайының қолында өседі. Ол Алматы қаласының №28 мектебінде оқиды. Адам арашашысы – дәрегер боламын деп жүргенде соғыс басталып кетеді. 1942 жылы өзі сұранып майданға аттанды.
Анасы Мәншүкке: - Қызым-ау, қырғын соғысқа барғанда не ұтпақсың? – деп сұрады.
Сонда Мәншүк: - Жоқ, апа! Әкемді «халық жауы» деп әкетті. Артымда інім, иек артар ағам жоқ. Мен майданға әкемнің адалдығын дәлелдеуге барамын. Менің батыр ағаларым елін-жерін қасқая тұрып, жаудан қорғаған. Мен Махамбеттің жырымен сусындап өстім. Сол баба жырын ұран қылып Отанымды қорғағым келеді.
- Аман бол! Сенің әкелерің батыр болған. әкең үшін де кек ал!
Жолың болсын! – деп анасы батасын береді.
Аласапыран соғыс, қым – қиғаш атыс. Мәншүкпен қатар атып жатқан командирдің пулеметі кенет аунап түсті. Мәншүк жаралы командирдің басын байлап, үш пулеметті қатарлап қойды да, бар оқты қасына жинап алды. Жау таяғанда, оның «Максимі» толассыз оқ жаудырып, фашистер баудай түсіп құлап жатты. Жау гранатасы оны аяғынан жаралады. Мәншүк жанталас үстінде жарасына топырақ сеуіп, байлап тастады да, пулеметіне қайта жабысты. Жасанған жауды жалғыз өзі үш сағат бөгеді. Бірақ фашист оғы оны ұрыс үстінде мерт қылды. Мәншүк қанатын жая «Максимін» айқара құшақтай жығылды. Осылай, жауқазын жайқала алмай, ерте солды.

Ленинград, Псков бағытыдағы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін М.Маметоваға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Псков облысындағы Невель қаласының тұрғындары оның есімін мәңгі есінде сақтау үшін, қаладағы бір көшеге Мәншүктің атын қойды.
Жау еңсесін жаншып төмен
Қуған оның жатыр ізі.
Есіңде ме «Мәншүк» деген,
Қазақтың жас батыр қызы? – деп, невельдіктер оны әрдайым құрметпен еске алады.

Иә, артыңда аңырап қайғыдан самай шашы ағарған анаң қалды. Аңсаған арманың қиылып, отауының түтіні түгелдей өшті. Бірақ сен арманың мен өміріңнің сыбағасы кейінгі ұрпаққа өшпестей аманат қылып қалдырып кеттің. Сен өмірге жалын боп келдің, жалын боп өттің! Көңілден өшсең де, өмірде өшпейсің мәңгілік!

Дауылымен тербеп, оның жас бесігін
Мәншүк деп елі атаған ерке есімін –
Адамша ақтау үшін Ана сүтін
Майданның «Максимменен» ашты есігін

Ай өтпек, жылдар өтпек, ғасыр өтпек,
Жеңіспен майдан бітіп... жас ержетпек
Ерлігі ел жүрегін тебірентіп
Ұрпаққа үлгі болып Мәншүк кетпек

Сабақты жақсы оқығаны үшін Әлияны «Артек» пионер лагеріне барғанын ағасы мақтанышпен еске алатын. Әлия Ленинградта №43 балалар үйінде болды. №140 мектепте оқыды. Комсомолға өтті. Соғыс басталғанда Әлия небәрі 15 жаста ғана еді. Ол атқыштар мектебін үздік бітіріп шығады.

Соғыс басталысымен әскери-көлік академиясы тылға көшіріледі. Ағасы өзімен бірге қарындасын ала кетуге барады. Бірақ «не де болса, құрбыларыммен бірге көремін, білім алған қаламды жаудан қорғаймын», - деп Әлия көнбей қояды.
Бұл жермен сонау заман Пушкин өткен,
Желдіріп қоңыраулы атын жеккен,
Сол жерді жаудан сақтап қаламын деп,
Қазақтың Әлия қызы қанын төккен.

Айтамыз біз өлең ғып
Айтамыз біз жыр етіп
Әлия апай ерлігі
Ұмытылмас мәңгілік

Тверьдің орманы жас, жері кәрі
Ата қоныс санайды елдің бәрі
Сол жерде Әлияның қаны сіңді
Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі

Шаттансаң қыз тудым деп қазақ шаттан
Әлия – Отанына болған мақтан
Казачиха дөңінде тұлғасы тұр
Дегендей, ерлікке аттан, жеңіске аттан!

Ән «Әлия». Әні С.Бәйтерековтікі, сөзі Ә.Тәжібаевтікі
хор
Саптан шықпай нық басып келесің бе?
Сыздап тұр-ау әлі күн оқ тескен жер
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде
Ару қыздар – алаулап от кешкендер
Екі арман, екі бақыт, екі өмір
Солмайтұғын әрқайсысы бір жеке гүл
Қолдарына қару алған арулар
Тіршілікте бас иіп, құрмет ете жүр!

Биыл Жеңіске 70 жыл толды. Иә, бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов, Ж.Сайн, Т.Бигельдинов, М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев сияқты аты аңызға айналған ағаларымыз бен әкелеріміз, апаларымыз тарих бетінде «Батыр» деп өз аттарын қанмен жазды. Сол ағаларымызды құрметтеп, бір минут үнсіздікпен еске алайы. /Еске алу/

Көптеген ағаларың қолдарына қару мен қаламды қатар ұстады. Солардың бірі Бауыржан атамыз. Буаыржан атамыз ерлікке жетелеп, әдептілікке баулитын.
Ән «Батыр ата Бауыржан»

Бүгінгі тәрбие сағатында біз Ұлы Отан соғысы туралы естіп, білдік және Отанымызды қорғауға қатысқан апаларымыздың ерлік істерімен таныстық. Аға – апаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Әр уақытта тағзым етеміз.
Хор: Жойылсын, мәңгі жойылсын.
Міне құрметті қонақтар. Бүгінгі «Қос шынар» атты сынып сағатымыз осымен аяқталды. Зер салып тыңдағандарыңызға рахмет.

ID: 1852 | Просмотров: 2510