Сайт учителя начальных классов
.
Ақтөбе облысы Темір ауданы
Шұбарқұдық №5 бастауыш мектебінің
мұғалімі Бекешова Света Қырғызбайқызы
Тақырыбы: «Ана тілім - құламайтын бәйтерегім»
Мақсаты: оқушылардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тілін құрметтеуге, тілді ұлттық мұра ретінде қастерлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: тіл туралы нақыл сөздер,мақал-мәтелдер,т.б.
«Тілден артық қазына жоқ,
Тілден артық қасиет жоқ.»
«Тіл барда айтылар сыр ойдағы.»
«Мемлекеттік тіл-ортақ қазына.»
«Ақыл көркі-тіл.»
Жүргізуші: -Тәуелсіз егемен елдің басты белгілерінің бірі - мемлекеттік тіл-қазақ тілі. Тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді баянды етер басты қаруымыз туған тіл. Тіл ұлттың белгісі, халықтың жаны, асыл мирасы, тарихи дүниетаным құралы. Қазақ тілі - адамдық мұратқа жеткізетін, дүние жүзіндегі ең бай, беделді де бейнелі тілдердің бірі.
Өткірдің жүзі, Кестенің бізі, Өрнегін сендей таба алмас,-деп ұлы Абай атамыз таңырқап тағзым еткен осы-қасиетті тіліміз. Ана тілі - атаңның, анаңның тілі, туған халқыңның тілі. Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өнерлі, білімді, мәдениетті қоғамның белсенді азаматы болуды біз тіл арқылы үйренеміз. – Олай болса балалар! Бүгінгі 2-4 сыныптар аралығында өткізілгелі отырған «Ана тілі құламайтын бәйтерегім» атты қазақ тілі мен ана тілі апталығына қош келдіңіздер! 1989 жылы қыркүйектің 22-сінде «Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Демек, биыл тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғанына 26 жыл болды. Апталықтың жоспарымен таныстыру. 1. Апталықтың ашылуы (жоспарымен таныстыру) 2. «Әдеби әлемге қош келдіңіздер!» 2. «Қазақ тілім-өз тілім,ана тілім, Абай,Мұхтар сөйлеген дана тілім» (ақындардың тіл туралы өлеңдерін мәнерлеп оқу) 3. 1. «Халық ауыз әдебиетіміз-асыл мұрамыз» (көрініс көрсету) 3-4 с. 2. «Ертегілер елінде» (ертегіден көрініс) 2- сынып. 4.1. «Ана тілім-ардағым» тақырыбына шығарма жазу. 2. Газет шығару. 5. «Кім тез табады?» жұмбақ шешу «Жалғасын тап» мақал-мәтел сайысы «Ұйқасын тап» ойыны «Ой ұшқыр» сайысы (мәтін құрау) 6. Апталықтың жабылуы.
Жүргізуші: Тіл - халықтың жаны, сәні. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Ендеше, тілге қандай құрмет көрсетсек те лайық. Олай болса топтарға кезек берейік. Әр сыныптың топ басшысы ортаға шығып, өз тобын таныстырсын. (таныстыру) Екінші кезеңде, «Қазақ тілім-өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім» деп ақындар жырлағандай ақындардың тіл туралы өлеңдерін мәнерлеп оқу. (әр топ мәнерлеп оқудан сайысады)
Жүргізуші: Тіл - әрбір ұлттың заңы, сезімнің, ойдың жанды бейнесі. Қазақ халқы - сөзге шешен, ойы ұшқыр, мақалдап сөйлейтін халық. Кез келген дауды атақты билеріміз бір ауыз сөзбен шеше білген. Келесі кезеңіміз «Халық ауыз әдебиетіміз - асыл мұрамыз» деп аталады. (3-4 сыныптар көрініс көрсетеді), «Ертегілер елінде» (2-сынып ертегіден көрініс көрсетеді) 4-кезең: «Ана тілі - ардағым» тақырыбына шығарма жазу, газет шығару, (әр топтың жазып келген шығармалары оқылады, газеттері талданады). «Мақал - сөздің азығы, жұмбақ - ойдың қазығы» дей отырып, соңғы кезеңімізге де келіп жеттік. Соңғы түйенің жүгі ауыр дегендей мұнда біз төрт бірдей тапсырманы орындаймыз. Алдымен «Кім тез табады?» жұмбақ шешу. Жұмбақтар: 1. Жалғыз бағыт білері, Бұрғаныңа көнбейді. Жол көрсетіп береді, Бірақ, өзі көрмейді. (компас) 2. Туыстарын шетінен, Өбеді де бетінен, Бала-шаға ұсағын, Бауырына қысады. (магнит) 3. Тар шеңберді айналып, Тар құдықта байланып, Қаға берер таңдайды, Әдетінен танбайды. (сағат) 4. Құрғақ жерде сақтайсың, Онсыз тамақ татпайсың. (тұз) 5. Кең әлемді кернейді, Бірақ, көзің көрмейді. (ауа) 6. Нан бар жерде ... бар? (ән) 7. Аса қажет өмірге халық үшін, Пайдаланамыз күн сайын жарық үшін. (тоқ) 8. Сырғалы құлақ бір, Үн-түнсіз сұрап тұр. (сұрақ белгісі) 9. Екі тақта арасында, қимылдайды қызыл тақта. (тіл) 10. Тілден ұшып, құлаққа қонады. (сөз) 11. Үнемі ауызда бұлтылдайды, бірақ жқтылмайды. (тіл) 12. Ешбір бұйым тікпеген, үсті толған көк тебен. (кірпі) 13. Жағалай-жағалай тас қойдым, жирен атты бос қойдым. (тіс,тіл) 14. Гүл ұшып гүлге қонады, гүл бақшам гүлге толады. (көбелек) 15. Темір аяқты, ағаш таяқты. (циркуль, қарындаш) 16. Ақ дуалдың атында қызыл ат, байлауынан бір босамас қызық ат. (тіл) 17. Бірі үй күзетіп қалса да, бірі жүрер қалтада. (құлып пен кілт) 18. Ойдың аяқталуын күтпейді, оны қойсаң сөйлем бітпейді. (үтір) 19. Ашылып жабылады, әр үйден табылады. (есік) 20. Қадалды бір ине, нүктедей түймеге. (леп белгісі) 21. Сары қозы, көк қозы, Қарындары тоқ қозы. Күздігүні көп қозы, Қыстыгүні жоқ қозы. (қауын-қарбыз)
«Жалғасын тап!» мақал-мәтел сайысы.
1. Жақсы тауып айтар, ... (жаман) қауып айтар. 2. Ине көзінен сынады, ... (шешен) сөзінен сынады. 3. Сөз сүйектен өтеді, ... (таяқ) еттен өтеді. 4. Ұлы сөзде ... (ұят) жоқ. 5. Тұз астың дәмін келтіреді, ... (мақал) сөздің мәнін келтіреді. 6. Тіл жүйрік емес, ... (ой) жүйрік. 7. Сөз қадірін білмеген- ... (өз) қадірін білмейді. 8. Ана тілі-бәріміздің анамыз,өйткені ол ... (ұлтымыздың) анасы. 9. Ана тілің ...( алпыс) тілге татиды. 10. Бал тамған тілден ... (у) да тамар. 11. Жаман көлдің суы ащы,жаман ... (адамның ) тілі ащы. 12. Өнер алды ...( қызыл) тіл. 13. Піл көтермегенді ... (тіл) көтереді. 14. Тіл атадан қалған ... (асыл мұра) 15. Шешеннің тілі ортақ, ... (шебердің) қолы ортақ. 16. Жақсы сөз - ... (жарым ырыс). 17. Сөз атасы ... (мақал) 18. Оқу – білім бұлағы, ... (білім өмір шырағы). 19. Білекті бірді жығар, ... (білімді мыңды жығар). 20. Еңбек түбі- ... ( береке ) 21. Үлкенге құрмет, ... (кішіге ізет)
«Бір сөзбен атаңдар» ойыны. (тұрақты тіркесті табу)
Құлақ аспау (тыңдамау), арасынан қыл өтпейді (тату), бетінен оты шығу (ұялу), бас қосу (жиналу), бармағын тістеу (өкіну), қабағынан қар жауу (ренжу), тамырына балта шабу (құрту), маңдайынан шертіп жүріп таңдап жүріп), көзі шарадай жанды (қуанғаннан көзі жайнай берді), т.б.
Келесі кезеңіміз «Ұйқасын тап» деп аталады. Бұл кезеңде «Кім жылдам?» ойынын ойнай отырып, өлең ұйқасын тапқызу. 4-сыныпқа: Мен ... (елгезек) баламын, ..... ..... ..... (Үлкен тілін аламын.) Өссем деген ..... ..... ( ойым бар,) Таудай ..... ..... (биік талабым.)
3-сыныпқа: Қыс келеді ..... (алақай,) ..... ..... ..... (жауады.) Аяз ..... ..... (келеді,) ..... ..... (береді.)
2-сыныпқа:
я – я – я , ..... (жасаймыз) ұя.
яқ – яқ – яқ, қолымда ..... (таяқ.)
ян – ян – ян, ...... (жануардың аты) қоян.
яз – яз – яз, пайдалы екен ......(пияз.)
Жүргізуші: Тіл құдыретін сезіне білу, сөздерді дұрыс қолдану - өнердің өнері. Қазақтың ұлы ағартушылары мен ғалымдары тіл ұстартуға үлкен мән берген. «Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ», - деп ұлы Абай атамыз тегін айтпаған. Тіл ұстартудың басты құралы - сөз. - Сөздерден не құралады? (сөйлем) - Сөйлемдерден не құралады? (мәтін) - Мәтіндегі сөйлемдер қалай жазылады? ( байланысып жазылады.)
- Дұрыс айтасыңдар, балалар. Олай болса, келесі кезеңіміз «Ой ұшқыр деп аталады. (суреттер беріледі,соларға қарап,мәтін құрау)
Сөз кезегі әділқазы алқаларына беріледі.
Жүргізуші: Жанын сап, халқың сүйіп, баққан тілім, Жадымда талмай самғар қанат тілім. Жыр - қуат, сөзі - ана уызындай, Жасай бер, Ана тілім - Қазақ тілім! Ал, балалар, тіл туралы көптеген өлеңдер оқып, ойларыңды ортаға салдыңдар, көп рахмет. Тілді қорғап, қастерлеу - әрқайсымыздың міндетіміз, парызымыз, екенін ұмытпайық.
Ән: «Жаса, жаса қазақ тілім».

ID: 1923 | Просмотров: 3246