Сайт учителя начальных классов
.
«Тарихы терең Қазақ елі»
(тарихи танымдық кеш)
(Қазақ хандығының 550 жылдығына орай)

Мақсаты: ХҮІғ бас кезіндегі Біртұтас Қазақ хандығының қуатты мемлекет дәрежесіне көтерілуіндегі Қасым ханның қызметі туралы, халық зердесінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», «алтын ғасыр» атанған әз Тәуке заманын оқушыларға жеткізу. Жас ұрпаққа халық батырының қаһарманы Райымбек тұлғасын жан-жақты көрсетіп, ата-бабаларымыздың өнегесін үлгі ете отырып, оқушылардың бойына туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттыққа, ынтымаққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақ хандары:Қасым мен Тәуке ханның портреттері, қазақтың хас батыры Райымбектің суреті. Ерлік, батырлық туралы нақыл сөздер, бейнебаян.
Барысы:
1-жүргізуші: Қайырлы күн,қымбатты оқушылар, құрметті қонақтар және ұстаздар! Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған «Тарихы терең Қазақ елі» атты тарихи танымдық кешімізге қош келдіңіздер!
/Қ. Р. Гимні орындалады./
1-жүргізуші: «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық» – деп президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей бұл ғасырда өмір сүріп отырған барша ұрпақ ғылым саласында өзіндік жол салар дара ұрпақ болуы тиіс. Олай болса болашаққа нық қадам жасау бүгіннен басталады.
2015 жылы Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толады. Бұл оқиға қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық аумағын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
2- жүргізуші: Осыған байланысты, елімізде жастардың патриоттық сезімін барынша күшейту мақсатында бұл оқиғаны мерейтой күндерінің қатарына қосу мен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге арналған іс-шараларды өткізу жөнінде мәселе қарастырылды.
Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақтың, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағылымы, міне осында.
Оқушы: Әсем
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүрілдеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
Сарылып сал-сері кеткен жер,
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
1-жүргізуші: Тарих тереңінде қалмай сан мәрте сындарлы кезеңнің сызатын жарып, дүние көшіне ілескен қазақ елінің өткен жолы алмағайып. Ауыздықпен алысып, етігімен су кешкен ауыр күндерге төтеп көнбіс те болды, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда барын шайқап, аста төк жомарт та болды, әупірім зор заманға тән сұрқылтай күйін де кешті.
2- жүргізуші:Қазақ өз тарихында ұлт ретінде талай мәрте жойылып кете жаздап, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартты. Бүгінгі Тәуелсіздікке дейінгі аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы кұрес жатыр. Іштей булыққан бұлқынысы мен өкініші, жеңілістері мен жеңістері жатыр. Бүгінде Алтай мен Атырау, Сыр мен Тобыл арасындағы байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы ежелден қалған үлы істердің, ұлағатты дәстүрлердің, іргелі мемлекеттердің заңды мұрагері болып саналады.
Ән «Қазақ елі». Орындайтын Тындыбаева Әсем.
1-жүргізуші: (Қасым хан туралы)
Тарихта ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырып, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше өзгерістердің тез немесе баяу болуына, оқиғалардың объективті даму, өрбу бағытына өзіндік жеке рөлін қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Халқының тарихында мұндай ұлы адамдар өте көп, "бірақ та" олардың қатарында, 1511-1521 жылдар ішінде Қазақ хандығын билеген Қасым ханның орны ерекше.
Оқушы: Шолпан
Хан өтпес әділдікте Қасым ханнан
Атадан арналғандай озып туған.
Аталып «Қасым ханның қасқа жолы»
Мұра боп кейінгіге содан қалған.
2-жүргізуші:
Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бірден ойымызға ешбір жазба деректерде кездеспейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ол — біріншіден, Қасым ханның өмірі, хандық билігі, сол жылдардағы Мауреннахрдағы шайбанилер әулетімен, Моғолстандағы шағатайлар әулетімен жүргізген саясаттың, қарым-қатынастың нәтижесі; екіншіден—Қазақ хандығын күшейтудегі, қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы сіңірген енбегіне халықтың берген бағасы; үшіншіден — қазақ халқының этникалық, ұлттық территориясын қалыптастыру жолындағы атқарған жұмыстарының жемісі; төртіншіден — мемлекетті басқару ісіндегі келесі ұрпақтарға қалдырған өнеге жолы.
2-жүргізуші:
Міне, осы Қасым ханның туғанына биыл 570 жыл толып отыр. Сол себепті де біз қалың қазақ жұртына Қасым ханның кім екендігін, қазақ халқының тарихи санасында қандай істерімен қалғандығын, қазақ тарихында алатын орнын көрсету мақсатымен баяндағалы отырмыз.
Назарларыңызға Қасым хан туралы бейнебаянды ұсынамыз.
1-жүргізуші:
Тарих ол уақытқа ұқсас толмайтұғын,
Қадамды қасыңа әкеп жалғайтұғын.
Тарих ол бір ғаламат алтын көпір,
Ұрпақты-ұрпақтарға жалғайтұғын.
2-жүргізуші:
Біздің тарих бұл дегенің шежіре,
Азап пенен бақ сыйлаған еліне.
Көп болды ғой көз алартқан пенделер,
Қазағымның ұлан байтақ жеріне.
Ән «Ізін көрем». Орындайтын Оспанова Әлия.
1-жүргізуші: «Қазақтың алтын ғасыры»- бұл елді-елдікке, ынтымаққа, бірлікке бастайтын және сол жолда жанын сала күрескен ерлерді туғызған заман. Тарихтың терең-терең қатпарларына көз жіберер болсақ, елдің есі мен санасында ұзіқ уақыттан бері сақталып келе жатқан небір орасан оқиғаларға куә боламыз. Сол соқпақтардың бойында еліне еңбек сіңіріп, қаһармандық қызмет атқарған ірі-ірі тұлғалардың өмірі мен тарихта қалдырған іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Өз заманындағы Тәуке хан сондай ардақты есімдердің ішінен ерекше орын алады. Салқам Жәңгір атанған Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан тұсында қазақ хандығы саяси жағынан нығайған және бір орталыққа бағынған үлкен мемлекет болды. Оны Тәуке ханның үш жүзге және қырғыз бен қарақалпаққа билігі жүргенінен де көреміз.
2-жүргізуші: Тәуке хан тұсында Сыр бойында қазақтың 32 қаласы болған. Қысқы ордасын Тәуке хан Түркістан қаласына орналастырды.Жазғы ордасы қазіргі Астана қаласына таяу, 10 шақырым жерде болған. Халық зердесінде қалған аңыздар бойынша да Тәуке хан билік жүргізген заман ең бір өркендеген алтын ғасыр ретінде қалған.
Оқушы: Ермек
Аталып Тәуке хан боп ел биледі,
Айырмай жарлы, бай деп тең биледі.
Артық қайрат, тапқыр ой болғандықтан,
Ешкім деп айта алған жоқ кем биледі.
1-жүргізуші: Тәуке ханның билік құрған кезеңі: 1680-1715жж. Яғни қазақ даласында 30 жылға жуық хандық билік құрған. Тәуке ханның басты еңбегі-Қазақ хандығының ішкі саяси ахуалын оңалту жолындағы еңбегі. Ол өзіне дейінгі «Қасым ханның қасқа жолы», «Хақназардың хақ жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталған әдет-ғұрып нормаларына сүйене отырып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» аталған жинағын қабылдаған.
Назарларыңызға Тәуке хан туралы бейнебаян ұсынылады.
2-жүргізуші: Көрініс. 7, 8-класс оқушылары «Әз Тәуке хан».
Қатысушылар:
-Елана- тарих үні;
-Тәуке хан- қазақ ханы;
-Төле би- Ұлы жүздің биі;
-Қазыбек би- Орта жүздің биі;
-Әйтеке би-Кіші жүздің биі;
-Көкім би-қырғыз биі;
-Сасық би-қарақалпақ биі;
-Қатаған Жайма би.
Елана ( «Көш керуен» күйі орындалып тұрады):
-Батыр да, хан да, қара да өз заманының перзенті Тәуке хан сол дәуірде қазақ, орыс, қытай, жоңғар және басқа Шығыс халықтарының тарихында ірі қайраткер, көрнекті қолбасшы ретінде де елеулі орын алған. Ол өз елінің өмірінде дипломат-мәмілегер, данышпан, айлакер қолбасшы, әдеттік құқық системасының реформаторы және ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылады.
Тәуке ханның реформаторлық қызметінің сапынан ерекше орын алатын мәселе-қазақ қоғамының құқықтық жүйесін қалыптастыруда негіз болған «Жеті жарғының» орны ерекше. Мағжан Жұмабаев «Түркістан» деп аталатын әйгілі өлеңінде былайша суреттейді:
Әділ хан аз болды Назардайын
Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен,
Басында Күлтөбенің құрылтайын.
Ал кезінде Тәуке ханның әрі елшісі, әрі кеңесшісінің бірі болған Қожаберген жырау «Жеті жарғының» пайда болуы хақында былай дейді:
Жәңгірден соң орнына Тәуке қалды,
Кезінде әз-Тәуке деп атақ алды.
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп,
Дейтұғын «Жеті жарғы» заң шығарды.
Тәуке хан (ойлы, тақ үстінде отыр):
-Уа, жұртым, алты Алашқа аты шыққан қазақтың игі жақсылары!
Бүгінде Күлтөбенің басына жайдан-жай жиылып отырған жоқпыз. Бабаларымыз Қасым ханның «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі жолын» жалғастыра отырып, ел тыныштығын сақтайтын, тентекті түзейтін Жарғы қабылдап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға» жетуіміз керек.
Бабадан мирасқа қалған жерді сақтау, нығайту үшін, ең алдымен, дау-жанжалдың негізі болған көшпелі елдің мал жаятын жайылымын, қоныстарын дұрыс жолға қою қажет. Олай болса бірінші жарғы-Жер дауы болсын. Бұдан былай жайылымдар ру-ру болып пайдалануға беріліп және әр ру белгіленген аймақтың шеңберінде ғана көшіп-қонуға мүмкіндігі бар болсын. Белгіленген жер межесінің шеңбері рудағы түтін саны мен мөлшеріне қарай бөлініп, жерді пайдалану барысында дау туатын
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан: Ал енді Ұлы жүздің бас биі, Төле би сен не айтасың?
Төле би:
-Жыртық үйден жел гулесе, сол жаман.
Өлім-бесік әлдилеген сол жаман.
Ұрлық, қарлық, барымталап мал тауып,
Берекесін елдің алған сол жаман,-олай болса, екінші жарғымыз ұрлық, қарлық, барымтаның жолын қиып, ел тыныштығын қорғайтын заңымыз болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан:Ал енді Орта жүздің бас биі Қаз дауысты Қазыбек биге сөз берейік.
Қазыбек би:
Біз қазақ деген-мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз,
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді асырмаған елміз,-келесі жарғымыз ұлт қауіпсізідігін қамтамасыз ету болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды)
Тәуке хан: Келесі сөзді Кіші жүздің бас биі Әйтекеге берейік.
Әйтеке би:Қазақ Ордасын нығайту үшін, ең алдымен, бет-бетімен ру-руға бөлініп, бір-бірімен қырқысып, ел берекесін алған рулар арасындағы дауын шешіп, елдің ұлттық бірлігін сақтауымыз керек. Алты Алаштың баласы бір-біріне жау болса, елдің ертеңі не болмақ? Келесі жарғымыз ру арасындағы дауды шешуге арналған заңымыз болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан:Келесі сөзді қырғыз Көкім биге берейік.
Қырғыз Көкім би:
«Аға өлсе, жеңге мұра; іні өлсе, келін мұра» дегендей, аға өлсе, іні мұрасы, іні өлсе, аға мұрасы, жетімдеріміз бен жесірлеріміз ел кезбесін десек келесі жарғымыздың бірі-жесір дауы болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан:Қарақалпақ Сасық би, жарғыға қосарың бар ма?
Қарақалпақ Сасық би:
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе!
Әйелің жаман болса,
Бұл жалғанның тозағы емес пе!
Туған балаң жақсы болса,
Тән мен жанның шырағы емес пе!
Алған жарың жақсы болса,
Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе!- деп Қаз дауысты Қазыбек би айтқандай, келесі жарғымыз үй іші мен бала тәрбиесі болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан:Ал Қатаған Жайма би, сөз кезегі саған да келді, не айтарың бар?
Қатаған Жайма би:
Төрені қара өлтірсе, құның оның кім бермек?
Азаматын өлтірсе, ақысын оның кім бермек?
Жерін жөнсіз иеленсе, есесін оның кім бермек?
Әйелі ерін сыйламаса, ері елін сыйламаса, елі әдет-ғұрпын сақтамаса ертеңгі күніміз не болмақ? Олай болса келесі жарғымыз құн дауы болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан (қол жайып):
-Уа, жұртым, алты алаштың игі жақсылары! Ел тәуелсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етер «Жеті жарғымызды» қабылдадық. Айымыз оңымыздан туып, «Жеті жарғымыз» -темірқазығымыз болсын! Әумин!
1-жүргізуші:
Елана ( «Көш керуен» күйі орындалып тұрады), Қазанғап Байболұлының
«Төле бидің тарихы» атты дастанынан үзінді:
Жер дауы, баяндайтын, біріншісі,
Ру, қоныс болыпты меншікті ісі.
Иеленген жеріне жанжал болса,
Біреуге басымдылық қып озбыр кісі.
Үй іші мен баланы тәрбиелеу-
Болған екен заңының екіншісі.
Ұрлық, қарлық, барымта-үшінші заң,
Баян етер бәрін де білген кісі.

Төртінші боп саналған мынау заңы,
Бр халықпен басқа ру болса дауы.
Ұлтын жаудан қорғамақ бесінші,
Алтыншы-құн, жетінші-жесір дауы.
2-жүргізуші:
Ақылы асқан әз Тәуке хан бұл дүниеден өтер кезінде: «Қазақтың ұраны-бірлік»,-деп көзін жұмған екен. Иә, содан бері үш ғасыр уақыт өтсе де, бұл өсиет-қазақ халқының әлі де көкейкесті, саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани мәселелерді шешуде Қазақстанның күн тәртібінде тұрған мәселесі. Шапса, тұлпардың тұяғы сынатын, ұшса, сұңқардың қанаты талатын Алтайдан Атырауға дейін созылған қазақ даласының территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін жан аямай тер төгіп, қасық қаны қалғанша ішкі сепаратистік әрекеттер мен сыртқы шапқыншылыққа тойтарыс бере білген данышпан бабамыз әз Тәукенің қазақ халқына сіңірген еңбегі, атқарған қызметі өлшеусіз.
Оқушы: Толқын
Рухы мен тілін жанындай сүйген,
Адамдар неге санаулы?
Ұлт үшін дәуір отына күйген,
Аталар болды алаулы.
Армандай асқар,
Жолдарға бастар,
Ісіңнен ұрпақ от алар.
Қалмайсың көштен,
Шықпайсың естен,
Тағдыры шыншыл аталар.
Ән «Ризамын мен». Орындайтындар Төлеубай К, Хаусова М, Оспанова Ә
1-жүргізуші: Бостандық! – деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама батыр мерт болды. Бұл арпалыс бір күн, бір жыл, бір мезет емес, талай ғасырларға созылған. Осы арпалысты жай тілмен тарих дейді.
2-жүргізуші:
Тарих іргетасы халқымның,
Іргетассыз қаланбайды ертеңі.
Ағыл-тегіл нөсер жауып өткендей,
Бұйрат құмдар көмбе сырды төккендей.
1-жүргізуші:
Ғасырлардың қойнауларын сілкінтіп,
Райымбектің үні жеткендей,
Кей ошақтың шамы шала жаныпты,
Жалғандыққа иландырды халықты.
Шалажансар шындық бәрін тірілтіп,
Әңгімелеп жатыр бізге тарихты.
2-жүргізуші:Заманында ел ардақтысы атанған, қалың қол басқарған, туған жерді жоңғар шапқыншылығынан қорғаған, халқын сүйген қаһарман Райымбек батырдың қазақ тарихынан мәңгі өшпейтін орын алады.
1-жүргізуші:
Райымбек Түкеұлы (1705-1785) – жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы.
Батыр қазіргі Алматы облысында туған. Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18-ші ғасырдың 1-ші жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түскен.
2-жүргізуші: Бадам өзені туралы естігендер көп. Бірақ, соның Райымбек батырдан жеңілген қалмақ нояны Бадам-бахадүрдің есімімен байланыстырылатынын көп адам біле бермейді. Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, Сары Мыңжаның әскерін талқандаған. Ал, Итембес өзенінің бойында Шона Доба жасағы жер жастанған. 1758 жылы Райымбек батыр Наурызбай, Бөлек, Өтеген, Малай батырлармен тізе қоса отырып, Жоңғар империясының соңғы күшін қазіргі Сүмбе шекарасынан асыра қуып, Жетісу жерінен ығыстырып, Текестің Құйғаны мен Іленің басталар тұсынан әрі қарай Жұлдыз ойпатына дейін ығыстырып тастаған ерлігі жұртқа аян.
1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанын да білуге болады.
Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған.
Райымбек батыр туралы бейнебаян.
1-жүргізуші: Халқымыздың бастан өткерген тарихының әр беті бізге қымбат. Ел тағдыры сынға түскенде абыздай күніреніп, арашаға келген сонау сұңғыла жандардың атқарған ерлігі ұшан-теңіз.
2-жүргізуші: Қазақ хандарының, батырларының халқына деген асқақ сүйіспеншілігі, Отанның бостандығы үшін жанын аямай күресуі, олардың есімдерін халық арасында асқақтай береді.
Оқушы: Камила
Атады, әне, тағы да бір күн, таң күліп,
Жүректерде арман отын жандырып,
Қазақстан-бізді туған ұлы Отан.
Жайнай бер сен, жасай бер сен мәңгілік.
Оқушы:Даяна
Азат өлкем күндей күлген Шығыстан,
Асыл елім жан-жүректі ұғысқан.
Ата-бабам аңсап өткен бақытын,
Айналайын Қазақстан-гүлстан.

Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаным сенен жаратылған өлкемсің,
Қандай жақсы Қазақстанда туғаным!
О, туған жер!Тамашасың, көркемсің!
Оқушы:Дамир
Қазақ жері көп шеккен қасіретті
Қазақ ері-өнерлі, өсиетті.
Египетті билеген Бейбарыстың
Елі- текті, киелі қасиетті!
Ән «Қазақтай ел қайда». Орындайтындар Хаусова Ш, Тындыбаева Ә
1-жүргізуші: Біз-қазақ, ата-бабамызды пір тұтқан халықпыз. Сондықтан да біз тегімізді атадан, тілімізді анадан таратқан ұлтпыз.Ұрпағымызды жастан жылатпай, қызды аялап, ұлды ұлықтап тәрбиелеуді өмірлік мақсат етейік. Халқымыз ұйымшыл, еліміз тыныш болсын!
2-жүргізуші: Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген қазақ елі, Құдай қаласа, гүлденіп Мәнгі ел болып жасай бермек. Тәуелсіздігімізді алтынымыздай ардақтап, асылымыздай бағалайық, қымбатымыздай құрметтей білейік!
1-жүргізуші:
Өтіп кеткен тарихты біз жасырсақ,
Бөтен елдің билігіне бас ұрсақ.
Бұның бәрі дұрыс болмас түсінгің,
Тәуелсізсің біліп қойғын жас ұрпақ!
2-жүргізуші:
Тәуелсіз-Қазақстаным,Туыңды биік ұстадың,
Көтерді халқың уақыттың қатал қыспағын.
Көшіңді бастап бақытты болашағыңа,
Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстаным!

Ән «Қазақстан». Орындайтын Сағынтай Сержан.

ID: 1671 | Просмотров: 6923