Сайт учителя начальных классов
.
Өзiн-өзi тану сабағының жоспары

Мектеп №226
Мерзiм 11.02.2015ж № 23 сабақ
Тақырып: Мейірімділік асыл қасиет
Құндылық: Сүйіспеншілік
Қасиеттер: бақыт, сыпайлылық, мейірімділік, кішіпейілділік, қайырымдылық
Мұғалiм: Тулегенова Айжан
Сынып 4 В
Оқушылар саны - 21
Сабақ мақсаты:
Оқушыларға жақсы сөз арқылы, жақсы ой, сезім арқылы сүйіспеншілік құндылығын жүректерінен оята отырып, мейірімділікке, сыпайылық пен қамқорлық жасау керек екендігін ұғындыру.

Міндеттері:
- жақсы сөз, мейірімділік, сыпайлылық, қайырымдылық дұрыс әрекет екендігін түсіндіру;
- жақсы сөздерді қолдана білу іскерліктерін дамыту;
- жақсы сөз айтуға, мейірімділікке, сыпайлылыққа тәрбиелеу Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәтi.
нұрға бөлену
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Рахмет. Ескертулер

2. Үй тапсырмасын тексеру
48 беттегі 9 тақырып.
М.Төрежанов "Сары тауық пен балапандары" мәтінін оқып келу
3. Дәйексөз.
"Мейірімділікті анадан үйрен"
Дәйексөздің мағынасын ашу. Хормен қайталату, дәптерге жазғызу.

Мейірімділік дегеніміз не? Мейірімділік – ол басқалардың игіліг үшін қамқор болу. Мейірімділік адамдармен, жануарлармен, табиғат пен қарым-қатынаста байқалады. Шынайы мейірімді болу-өзіңнен гөрі адамдар мен айналаны қоршағандарға қамқор болу дегенді білдіреді. Ол рақымшылдық пен аяушылық. Мейірімді кісі әрқашан басқаларға көмекке келіп, әр кез жақсылық жасағысы келіп тұрады. Ботаснан айрылған аруана сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе құйқаңды шымырлатып боздағанын естідіңдер ме? Бір сәт елестетіп көріңіздерші. Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады. Қыз баланың адамгершілігі, тәрбиелілігі, сұлулығы сыртқы көрінісінен ғана емес, ішкі көрінісімен тең болу керек. Қазақ қыздарының нәзік жаны мейірімділік, қамқорлық аясында өсіп, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу мінезі қалыптасуы керек. Бала кезінен-ақ ата-анасын, бауырларын, ұстаздарын сыйлай білу, халқын, жерін, тілін, салтын қадірлеу өз шаңырағын ардақтай білу.
4. Әңгiмелеу (мұғалімнің сыйлығы)
Сыйқырлы сөз
Мультфильм «Просто так»

- мультфильмде қандай кейіпкерлерді көрдік?
- баланың жүзі қандай еді?
- бала есекке не сыйлады?
- есек күшікке гүлін ұсынғанда қандай сезімде болды?
- гүл алған күшіктің жүзіне не ұялады?
- қонжықтың әркеті қандай?
- қонжық жемісін түсіріп алғанда қандай көңіл күйде болды?
- қонжық тиынға гүлді қалай сыйлады?
- мультфильмдегі кейіпкерлердің орынанда адамдар болса, олар бір-біріне жылы жүрекпен жақсы тілек тілеген сәтте қандай сезімде болады?

- Бір-бірімізге жақсы, жылы сөздер көп айтылса, өмір мейірім мен қайырымға толы болып, қуаныш пен шаттыққа кенеледі. Сондықтан да барлық уақытта бір - бірімізге жүрекке жылы тиетін жақсы лебіздерді жиі айтып жүрейік.
Кезінде Абай атамыз да өзінің қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» - деген. Адамшылық, мейірбандық қасиетті бойына сіңіріп, әрбір адам баласын «өз бауырым» деп ойлауы керек

5. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
Жақсы сөздерді пайдалана отырып, диалог құрастыру. Оқушыларды төрт топқа бөлемін.
1-топ: Сабаққа кешігіп келген оқушы мен мұғалім арасындағы әңгімеден үзінді.
2-топ: Тұтынушы мен сатушының дүкендегі сыпайы қарым - қатынасы.
3-топ: Емханаға келген науқас пен дәрігер арсындағы диалог.
4-топ: Әжесі мен немересінің бір-біріне айтқан жылы сөздері.

6. Топпен ән айту.
МЕЙІРІМДІ БОЛАЙЫҚШЫ,АҒАЙЫН

1.Көктем етіп көркейтсе де маңайын,
Көріп жүрміз өкпешілдің талайын.
Өшігуді қояйықшы өзгеге,
Кешірімді болайықшы, ағайын!

2.Көк нөсерін көл етсе де жауындар,
Көк пен жерді сел етсе де дауылдар.
Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,
Мейірімді болайықшы, бауырлар!

3.Болашаққа қол ұстасып барайық,
Ақиқаттың ауылын іздеп табайық.
Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,
Кішіпейіл болайықшы, халайық!

4. Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,
Сонда дағы бөлінумен шаршап ек.
Өзімізге қалайтұғын нәрсені,
Тілейікші өзгеге де, болса деп!

5.Ұлттың қамын жүректермен ұғынып,
Жұрттың жүгін көтерейік жұмылып.
Қаратайық Құбылаға жүздерді,
Таратайық адамзатқа жылылық!
7. Үй тапсырмасы.
53 беттегі 10-сабақ
"Екі дос" мәтінін оқып келу. Ел аузынан
8. Соңғы тыныштық сәтi.
Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін, басын тік ұстап, көзін жұмып отырады.
Мұғалім жәй дауыспен:
- Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет! Көздеріңді ашуға болады.

ID: 578 | Просмотров: 5381