Сайт учителя начальных классов
.
«Новобогат ауданы еңбекшілерінің Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері» ғылыми жоба -

«Новобогат ауданы еңбекшілерінің Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері» ғылыми жоба

Мұғалімдерге арналған оқу-әдістемелік нұсқаулар, хат | Ашық сабақтар жинағы | Оқушымен жұмыс Загрузок: 5 | Просмотров: 4347 | Размер: | Автор: skoysheken
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Атырау облысы Исатай ауданы
Жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебі
Қамалова Парасат Ерболатқызы
11 - сынып оқушысы

«Новобогат ауданы еңбекшілерінің Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері»

Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар
саяхат маршруттары
Секциясы: Өлкетану

Жетекшісі: Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы
Аққыстау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі
Аңдаухат
Зерттеу мақсаты: Ұлы Отан соғысы сияқты орасан зор оқиғаның бір көрінісін бейнелеу арқылы сол ұлы дүбірден хабар бере білу, оның ауыр шындығына елдің көзін жеткізу, майданға араласқан азаматтармен тылдағы өмірдің арақатынасын айқындау, Исатайлық тыл еңбеккерлерінің өнегелі еңбек жолын, Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлкен үлесі мен өшпес өнегесін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттау.
Гипотеза: Өткенсіз бүгін жоқ. Ұлы Отан соғысы тарихтағы ең қантөгілген соғыс болса, тылдағы еңбек Ұлы Отан соғысы тарихындағы ерлік беттерінің бірі болады.
Зерттеу міндеттері:
-Адамзат тарихында қасіретті оқиғалардың бірі екінші дүниежүзілік соғыс екендігі белгілі, сол соғыста қаншама жандар өмірін қиды. Соғыс аяқталғанна кейін Еділ-Жайық тұрғындарының бастан кешкен қиындықтары мен ерен еңбектерінің жанқиярлық көріністерін айта отырып, достарым мен замандастарымды адами қасиеттерге, өзін-өзі тануға тәрбиелеу;
- Дүниежүзілік аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара басшылығымен демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету;
- Аудан еңбекшілерінің Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан өнегелі еңбек жолын, ел экономикасын өркендетуге қосқан үлестерін дәріптеу, баяндау; тарихи мұраны сақтауға шақыра отырып, тарих беттерінде жазылған бабалар ерлігі мен еңбегін бағалау мақсатында кітапша құрастыру, замандастарымды патриотизмге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақыру. -Жеңіс күнін жақындатқан, қара түнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Тірілерге құрмет көрсетіп, қаза болғандарды риясыз еске ала отырып, олардың тарих бетінде жазылмаған ерліктерін жұртшылыққа жариялау, майдан даласынан оралмаған боздақтардың бірі Ш.Тажиденовтің ерлігін дәріптеу
Зерттеу кезеңдері:
Үш кезеңнен тұрады:
Бірінші кезеңде аудандық кітапханадан, аудандық мұражайдан тыл еңбеккерлері туралы мәліметтерді жинау арқылы зерттеудің алғышарттары, негізгі мақсаты мен міндеттері анықталды.
Екінші кезеңде аудан көлемінде еңбек еткен тыл еңбеккерлерінен сұхбат алу арқылы естеліктер, қосымша тарихи мәліметтер, шежіре суреттер жинақталды.
Үшінші кезеңде аудандық, облыстық мұражайдан алынған тарихи дереккөздерін, архив материалдарын негізге ала отырып, ғылыми тұжырымдама жасалды, аға буынның ерлік істері мен ерен еңбегін есте сақтау, бағалау, насихаттау мақсатында естелік кітапша жинақталып құрастырылды.

ЖОСПАР

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Тыл еңбеккерлерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері

2.2. Естеліктер шежіре боп сыр шертсе..

2.3. Ер есімі – ел есінде.

ІІІ. Қорытынды

ІV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

КІРІСПЕ

«Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Оған барынша
кеңес халқы бір кісідей еңбек етіп, ауызбірлік пен үлкен
тәртіптің арқасында қол жетті. Оларды ұмыт қалдырмау –
біздің Отан алдындағы азаматтық парызымыз».
Н.Ә.Назарбаев

Сан ұлттар мен ұлыстардың ерлігін, достығы мен бірлігін, Отан алдындағы азаматтық парызын, ар-абыройын әлем алдында мойындатқан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ХХ ғасырдағы ең қасіретті де орасан зор адам шығыны болған соғыс ретінде тарихтан өз бағасын алды.
1941 жылдың 22 маусымында таң алагеуімде фашистік Германия әскерлері елімізге тұтқиылдан шабуыл жасады. Фашистер еліміз бен жерімізді жаулап алып, өзімізді бас бостандығымыздан айырмақшы болды. Кеңес халқының фашистік басқыншыларға қарсы Ұлы Отан соғысы басталды. Кеңес жауынгерлері, барлық Отанын азат етуші ар-намыс арқалаған азаматтар жауына қарсы қасық қаны қалғанша жан аямай соққы беруге даяр екенін хабарлап, елі, партиясы алдында ант беріп, жауға қарсы аттанып, Ұлы жорық жолын бастады. Кеңес адамдары бірлік-ынтымақтың үлгісін көрсетіп, бәрі бір анадан туғандай, өз Отаны – Кеңес елін, оның барлық бұрышын, бір түйір топырағына дейін қастерлеп, сол үшін қан төгуге даяр екенін, жау басып алған жерді түгел босатуға бекем бел буып, қатерлі қан кешу майданға аттанды.
Ұлы Отан соғысы біздің атамекеніміз – Новобогат ауданының тарихында үлкен орын алады. Ел басына қауіп-қатер төнген шақта аудан бойынша 2 мыңнан астам азамат қолына қару алып, соғысқа аттанды. Сол кезеңде Новобогат ауданында 12 ауылдық кеңесі, 24 мал шаруашылық колхозы, 4 балықшы колхозы мал шаруашылығын дамыту мен майданды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырды.
Новобогат ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер арасынан фашистермен болған шайқастарда берілген тапсырманы мүлтіксіз орындаған, ерлікке пара-пар іс-қимылмен көзге түскен азаматтар көптеп шықты. Майдан шебінде Бауыржан Момышұлымен жолығысқан, қайсарлығымен тәнті еткен 2 рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, І дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған 15 рет жарақат алса да ажалға бой бермеген Әжігерей Қалимов біздің мақтанышымыз. Көрсеткен ерліктері үшін елге кеуделеріне бірнеше орден, медальдар тағып, жеңіспен оралған Әбуов Тілепберген, Есенғалиев Есқали, Зұлхашев Ыдырғали, Мұқанбетов Мақаш, Наубетов Мақсот, Сабиров Сидеғали, Арыстанов Ораз, Ғалиев Мәсәлім және басқалардың өмірі біз үшін өшпес өнеге.
Отанын қорғаған ерлер ешқашан ұмытылмақ емес. Жаумен шайқаста ерлікпен қаза тауып, шетелдегі бауырластар зиратында жерленген майдангерлеріміздің деректері табылуда. Олар Новобогат ауданы топырағында туған – Нәби Ахметжанов, Шайдолла Тәжиденов, Қабды Ахметов, Танаш Шонатов, Шапағат Іңкебаев, Мұхтар Сариев және басқалар. Ұрпақтары олардың жерленген жерлерін іздеп барып, рухына тағзым етті.
Ғылыми жобаны жазу барысында алдыма мынадай мақсат қойдым: Ұлы Отан соғысы сияқты орасан зор оқиғаның бір көрінісін бейнелеу арқылы сол ұлы дүбірден хабар бере білу, оның ауыр шындығына елдің көзін жеткізу, майданға араласқан азаматтармен тылдағы өмірдің арақатынасын айқындау, ерлікті дәріптеу, Исатайлық тыл еңбеккерлерінің өнегелі еңбек жолын, Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлкен үлесі мен өшпес өнегесін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттау.
Жұмыстың міндеті: адамзат тарихында қасіретті оқиғалардың бірі екінші дүниежүзілік соғыс екендігі белгілі, сол соғыста қаншама жандар өмірін қиды. Соғыс аяқталғанна кейін Еділ-Жайық тұрғындарының бастан кешкен қиындықтары мен ерен еңбектерінің жанқиярлық көріністерін айта отырып, достарым мен замандастарымды адами қасиеттерге, өзін-өзі тануға тәрбиелеу, дүниежүзілік аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара басшылығымен демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету, аудан еңбекшілерінің Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан өнегелі еңбек жолын, ел экономикасын өркендетуге қосқан үлестерін дәріптеу, баяндау, тарихи мұраны сақтауға шақыра отырып, тарих беттерінде жазылған бабалар ерлігі мен еңбегін бағалау мақсатында кітапша құрастыру, замандастарымды патриотизмге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақыру. Жеңіс күнін жақындатқан, қара түнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Тірілерге құрмет көрсетіп, қаза болғандарды риясыз еске ала отырып, олардың тарих бетінде жазылмаған ерліктерін жұртшылыққа жариялау, майдан даласынан оралмаған боздақтардың бірі Ш.Тажиденовтің ерлігін дәріптеу. Ғылыми жобаны жазу барысын үш кезеңге бөлдім. Бірінші кезеңде аудандық кітапханадан, аудандық мұражайдан тыл еңбеккерлері туралы мәліметтерді жинау арқылы зерттеудің алғышарттары, негізгі мақсаты мен міндеттері анықталды. Екінші кезеңде аудан көлемінде еңбек еткен тыл еңбеккерлерінен сұхбат алу арқылы естеліктер, қосымша тарихи мәліметтер, шежіре суреттер жинақталды. Үшінші кезеңде аудандық, облыстық мұражайдан алынған тарихи дереккөздерін, архив материалдарын негізге ала отырып, ғылыми тұжырымдама жасалды, аға буынның ерлік істері мен ерен еңбегін есте сақтау, бағалау, насихаттау мақсатында естелік кітапша жинақталып құрастырылды.
Біз, ата-баба рухына тағзым ретінде олардың ерліктерін, ел үшін құрбан болған ержүректіліктерін есте сақтап, жадымыздан мәңгі өшірмеуге тиіспіз.

2.1. Тыл еңбеккерлерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері


Ұлы Жеңіс қақында аз жазылған жоқ. Алайда оның жаңғырығы жыл аралап жеткен сайын сан ұлттың достығын шыңдаған, ынтымағын нығайтқан, ерлердің намысын жанып, ерен еңбек үлгісіне қанық боп жеткен Ұлы Жеңіспен бірге қан майданда да, қалың тылда да ескірмес ерлікті сомдаған аға ұрпақтың өнегесі өшпесін тағы да ой елегінен өткізе, жас ұрпақ санасына жеткізе түскің келеді.
Ел басына күн туды. «Ер етегімен от кешер, ат ауыздығымен су ішер» қатерлі кезең келді. Күнбатыстан қаруланған жау жолындағының бәрін жайпай, Кеңес жеріне қарай өршелене ілгері ұмтылумен болды, бейбіт қалалар мен селоларды ойрандап, бейкүнә жандарды қырғынға салды: атты, дарға асты, қамауға алды. Ұлы қалалар – Ленинградты темір қоршауға алып, фашистік танктер Мәскеуге қарай алас ұрды. Отан басына төнген қиын да қауіпті шақта жүз жасаған Жамбылдың «Жау қолқаға қол салды, аяулыңды жау алды, аянатын нең қалды» - деген сөздері ел адамдарының зұлым жауға өшпенділігін өршітіп, намыс отын өршіткендей болды.
Біздің бұл жолғы айтпағымыз – сол бір қиын-қыстау жылдардағы майданның мызғымас тірегі болған тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жайлы Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Ел болса, ер шығармай тұра алмайды, елсіз ер дара тұлға бола алмайды» - деген қанатты сөзі бар. Елдің елдігі нақ осы тар жол, тайғақ кешулерде айқын көрінді. Тылдағылардың қаншама қиындық көрсе де, қаймықпай еңбек етіп, майдан нені қажет етсе, соның бәрін уақтылы жетістіріп беріп тұрғаны айна-қатесіз шындық! Бұл бүгінгі ұрпаққа аңыз сияқты естілгенмен сол кезді көзбен көргендер мұны жақсы біледі.
Жүректі дір еткізіп, көңілге үрей ұялатқан «соғыс» деген қорқынышты сөзді алғаш естіген, төрт жыл бойы оның ауыртпалығын көрген балалардың Жеңістің 70 жылдығына аман-есен жеткендердің өзі қазір сеңгір 80-нің ар жақ, бер жағында. Осы жасқа келгенше соғыс салған жараның іздері көңіл төрінен әлі өше қойған жоқ. Өйткені, ол ұрпақ қайғы-мұңның дәмін ерте татты, бала болып асыр салып ойнай алмады, асқар таудай әкенің аялаған қамқорлығын көрмеді, қарны тойып тамақ ішпеді, «жеңіне қарап өсетін» шағында бүтін киім кимеді, бұғанасы қатпай еңбекке жегілді. Осының бәрі балаларды жасына жетпей ерте есейтіп, олардың өмірге, білімге, еңбекке құлшынысын арттырды. Қандай қиындық болмасын оны төзімділік пен қажырлы еңбектің арқасында ғана жеңуге болатынын ерте түсінді. Міне, сол
ұрпақтың көпшілігі өсе келе өмірдің барлық саласында көксеген арманына,
алға қойған мақсатына жетіп, өзі тіршілік еткен қоғамның берік тірегіне айналды. Алған білімі мен білігінің арқасында адал еңбек етті. Олардың өмірлік тәжірибесі еліне деген сүйіспеншілігі, таңдаған мамандығына ықыласы, білімге құштарлығы, қоғамға адалдығы бүгінгі ұрпаққа да, келешек ұрпаққа да үлгі-өнеге. Соғыс кезінде майдандағы жауынгерлерді қару-жарақпен, азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз ету тылдағы еңбеккерлердің мойнына түсті. Қазақстан жерасты байлығымен қару-жарақ жасауға ірі зауыттарды қамтамасыз етсе, егін және мал шаруашылығы еңбеккерлері майданды азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Соғыс... оны естігенде көз алдымызға қантөгіс, қырғын, ажал атты қорқынышты көріністер елестейді. Өкініштісі сол, мұндай зұлмат зобалаңдар адамзат қауымы, өмір сүрген уақыттың барлық кезеңдері мен дәуірлерінде, 14552 рет болған және қазір де қайталануда. Солардың ішінде ең қанды да қасіреттісі – екінші жиһангерлік соғыс еді. Оған әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, майдан баталиясына 61 мемлекет тартылды. Осы зұлматта 40 мемлекеттің жері соғыс отына шарпылса, 110 миллион адам қолына қару алды. Қай уақытта да, қай заманда да адамдар үшін Отан қорғаудан қымбат, одан өткен абырой, қасиетті азаматтық борыш, перзенттік парыз болған емес.
Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам майданға қатысса, олардың әрқайсысы әрбір төртінші тұрғынымыз болатын.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихтағы ең ауыр ұзақ соғыс болғандықтан, неміс-фашист басқыншылары мен жапон милитаристеріне қарсы қанқұйлы күресте кеңес халқының және оның армиясының басына түскен өзіндік қиыншылықтары болғандығы белгілі.
Сол соғыс туралы 1941 жылы 22 маусым күні таңертең Мәскеу радиосы өзінің әдеттегі хабарларын кенеттен тоқтатып «Өткен түнде фашистік жендеттер соғыс жарияламастан еліміздің жеріне тұтқиылдан басып кірді» деген үкімет хабарын жеткізді. Сөйтіп, кеңес халқының фашистік Германияға қарсы Ұлы Отан соғысы басталды. Ашу мен ыза кернеген халықтың белді бекем байлағаны, жауды жеңбей тынбайтындықтары соғыстың басталған алғашқы күндерінде-ақ айтыла бастады. Бұл мақсатқа шынайы таза еңбектің арқасында жететіндіктерін түсінген Гурьев облысының еңбекшілері де тынымсыз сағаттарын бастап кете барды. Елде жаппай әскерге аттану, оларға жол азық дайындау, әсіресе ер-азаматтардың жаппай әскерге алынуына байланысты әйелдер мен жасөспірімдерге ауыртпалық түсе бастады.
Соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ бүкіл кеңес халқымен бірге Атырау облысының еңбеккерлері де «Бәрі майдан үшін, жауды жеңу үшін» деген ұранды іске асыруға жұмылды. Ембінің мұнайшылары, Каспий балықшылары, малшылары мен зиялы қауымы барлық күш-жігерін зұлым жауды талқандау мақсатына жұмсады.
Туған жерін, Отанын қорғау үшін жігіттер мен қыздар өздері сұранып, майданға аттанды. Соғыстың алғашқы екі жылында-ақ 2937 коммунист пен комсомол мүшесі өз еріктерімен майданға аттанды.
Майданда ер ерлік істесе, тылда ел елдігін істеді. Тылдың ерлері жеңіс сағатын тездету үшін майдан тапсырысын кідіртпей орындап, Отан қорғау қорын жасақтады. Жауынгерлерге арнап жылы киім, сыйлықтар дайындады.
Еліміз үшін ауыр сын болған Ұлы Отан соғысының қиын күндерінде-ақ облыс еңбекшілері «Бәрі де майдан үшін», «Бәрі де жауды жеңіп шығу үшін» деген ұрандармен Қызыл Армия жауынгерлеріне жылы киім жинап, өз қаражаттарынан Отан қорғау қорына ақша тапсырды. «Социалистік құрылыстың» 1941 жылғы 13 желтоқсандағы санында Еңбекшілер депутаттары Новобогат аудандық депутаттары Советі атқару комитетінің председателі Қ.Қазиевтің «Новобогат ауданы майданға көмектесуде» деген мақаласында былай деп көрсеткен: «Аудан бойынша Қызыл жауынгерлер үшін 368 тон, 505 пар байпақ, 6243 бөлек әртүрлі киімдер жиналды. Отан қорғау қорына 48 бас мал, 122 мың сом заем, 59063 сом ақша жиналып тапсырылды. Ауданымыздың колхоздары 1941 жылдың мемлекеттік мал өсіру жоспарын 9 айдың ішінде барлық түліктен артығымен орындады. Қоғамдық малдың санымен қатар, оның өнімділігі де артты. Аудан бойынша мемлекетке мал шаруашылығы өнімдерін тапсыру жоспары еттен 102, майдан 100, жүн тапсырудан 119, брынзадан 108 пайыз орындалды».
Ауылдың бар бетке ұстар азаматтары ер намысы – ел намысын қорғап, бәрі дерлік майданға аттанғанында тылда қалған әйелдер мен қыздардың, еңкейген қарттар мен бұғанасы қатпаған жастардың еңбек майданында қол жеткен ерен еңбектерінің айқын айғағы емес пе бұл.
1939 жылы Үкімет халқымыздың рухын көтеріп, келешекке деген сенімін арттырып, ел экономикасын дамыту мақсатында Сталиннің ұсынысымен «Гурьев-Астрахан» теміржолын салуға қаулы алады. Теміржол жұмыстары біздің Манаш. Забурын ауылдарында 1939-1940 жылдары басталып-ақ кетті. Манаш ауылында мұндай аса жауапты жұмысты ұйымдастыру ауылдық кеңестің төрағасы Бозтаев Батырбай мен Забурын ауылында Жүнісбаев Рахметоллаға жүктелген. Ұйымдастыру алқасы совет, колхоз, мектеп мұғалімдері ұжымы сынды үштіктен құрылды.
Кеңес төрағалары әр ұжымға теміржол табанын төсеу учаскелерін күнбе-күн өлшеп, белгілеп беріп қатаң бақылауға алып отырды. Ешқандай техника жоқ ол жылдарда ауылда жұмыс тек қана адамдардың қол күшімен, көлікпен, яғни түйе, өгіз арқылы атқарылатын.
«Астрахань – Гурьев» теміржолының құрылысы Мемлекеттік қорғаныс комитетіңің 1942 жылғы 7 қыркүйектегі № 2257 шешімі мен Жол байланысы Халық Комиссариатының 14 қыркүйектегі № С-943Ц бұйрығы негізінде басталған. Басты жолдың ұзындығы – 335 шақырым. Жер жұмыстарының мөлшерлі көлемі – 35 миллион текше метр. Желіде 25 аялдама пункті, 8 станция, 17 разъезд болады деп жобаланған. Ганюшкино, Новобогатинск және Забурында сумен қамтамасыз етіп отыратын 3 пункт салу көзделінген. 53 кіші, 12 орта құрылыс, 7 үлкен көпір – барлығы 72 құрылысты қолдан жасау жоспарланған. Олардың 1-еуі Жайық өзені арқылы өтетін көпір болады деп жобаланған. Оны аяқтау 1942 жылдың 10 қазаны болып белгіленген. Ұзындығы 335 шақырым, жер жұмыстарының көлемі 35 млн. Текше метрді құрайтын ауқымды шаруаны тындыру елде қалған 14-17 жастағы балалардан, 40-50 – ден асқан аналар мен үлкендердің мойнына жүктелді.
Теміржолды салу – облыстағы ең маңызды қорғаныс құрылысы болып белгіленді. Жобаның бір мақсаты – Қызыл Армияға мұнай өнімдерін, азық-түлікті, басқа да қажетті заттарды үздіксіз тасымалдау болған. Құрылысқа өз облысымыздан басқа Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарынан мыңдаған адамдар жұмылдырылған. 1942 жылдың 16 қарашадағы құжатта мынадай деректер келтіріледі: Теңіз ауданынан 2234 жұмысшы, 82 жылқы, 57 түйе; Новобогат ауданынан 2046 жұмысшы, 258 түйе; Бақсай ауданынан 1060 жұмысшы, 10 жылқы,39 түйе; Есбол ауданынан 659жұмысшы, 48 жылқы, 168 түйе; Жылыой ауданынан 481 жұмысшы, 13 түйе алынған.
Құжаттарды оқи отыра, құрылыстың өте бір күрделі жағдайда жүргізілгендігін көруге болады. Техника, материалдар, арнайы киімдер, жұмыс құралдары, көлік-арба транспорты, азық-түлік – барлығы да тапшы болған. Мынадай үзінділер келтіруге болады: «Только в декабре месяце получили 150 платок, в которых можно разместит 4000 человек». «Во избежание невыходов на работу с наступлениемраспутицы из-за отсутствие обуви просить Каз-Наркомторг выделить Строительству 3000 пар рабочей обуви. Бытовые условия рабочих строительства далеко неудовлетворительны. Лишь незначительная часть рабочих обеспечена матрацными и подушечными наволочками и простынями. Рабочие спят на земляном полу, кипяченой водой обеспечиваются с перебоями». [3]
Жоба бойынша өндірістік норма әрбір жұмысшыға күніне 3,25 текше
метрді құраған. Техника жетіспегендіктен де, бұл жұмыс негізінен қол күшімен атқарылған. Қатаң табиғат жағдайында атқарылған құрылыстың негізгі салмағы аналар иығына түскені анық. Ер азаматтардың көпшілігі майданға аттанғандықтан да, осылай болған. Ғажайып техникалары бар
қазіргі заманда бұл салыстырып айтуға келмейтін норма, жұмыс шығар. Бірақ, темір жолды қол күшімен салу, соның ішінде әйелдер қолымен салу – ерлік емей немене?!
Бакудегі мұнай өндірісіндегі тікелей қауіп төнді. Осы жағдайға байланысты Майкоп пен Грозный мұнай кен орындарының жұмысы тоқтатылды. Мұнай өңдеу зауыттары жедел тылға көшірілді. Кавказдағы мұнай өнімдері майданға Гурьев арқылы жеткізіліп тұрды. Қажетті жанармай мен басқа да жүктерді жеделдетіп жеткізу үшін Мемлекеттік қорғаныс комитеті Гурьев-Астрахан темір жолын салуға арнайы қаулы қабылдады.
1942 жылдың қақаған қысы қатты болды. Теңіз ауданының төрт балықшы колхозының (Амангелді атындағы, «Қызыл ту», «Қызыл таң», «Төңкеріс») жасы мен кәрісіне қарамастан қазіргі Аққыстау-Ақсарай аралығындағы темір жол табанының алғашқы топырағын төсеуге жұмылдырылды. Тәртіп аса қатал, айтылды-орындалады... Әрбір үш адамнан
бір топ құрылды, олардың әрқайсысы тәулігіне жиырма төрт шаршы метр
жердің топырағын ойып, тасып, теміржол табанына төгуі керек. Бір адам
сүйменмен тоңды ойып тұрады, екеуі дайындалған топырақты зембілге салып теміржол табанына апарып, керек орынға төгіп тұрады. Жұмыс өте
ауыр және қатал, жасы 15-тен асқандардың ұл-қызына қарамастан жұмысқа қатыстырды... Сақылдаған аязда жұмысшылар шатырларда тұрды, жерден қазып алған қораны, үйлерді паналады... [5]
Сонымен, Еділ-Жайық арасын құрлықпен жалғайтын теміржолдың табаны толық төселіп аяқталды да. Бірақ, 1942 жылдың 19 қарашасында Қызыл
Армия басқыншыларды ойсырата жеңді.
Атырау-Астрахань аралығына төселетін теміржол құрылысын тоқтата тұруға тура келді. Жол салуға қатысқан қыз келіншектердің еңбектері кезінде және кейін де тиісті бағасын ала алмады, қазір олардың көпшілігі қатарымызда жоқ.
Арада бірнеше жыл өткенде, сол теміржол төсендісі пайдаланып, Атырау-Ақсарай тармағы пайдалануға берілген еді...
Темір жол майданды тылмен байланыстыратын күре тамыр. Тек, 1941-1942 жылдары Қазақстанға майдан шебінен 142 өнеркәсіп орындары мен 536 мың адамдар теміржол арқылы көшірілді.
1941-1945 жылдары Қазақстанда 460 зауыт, фабрика, цех және бөлімшелер іске қосылды. Соғыс уақытында жүк тасымалы 1940 жылмен салыстырғанда 37 пайызға өсті, оның ішінде келген жүктер 16 пайызға артты.
Атыраулықтардың Сталинград шайқасы кезіндегі ерліктері ерекше. Сталинградты қорғаушыларға су жолымен мұнай жеткізу үшін шұғыл қарқынмен 15 күн ішінде Пешной аралында теңіз порты салынды. Мұнай Атыраудан Астраханға жеткізіліп, аз уақыт ішінде 505,5 мың тонна өнім өндіріліп тасылды. Атыраулықтардың белсенді қатысуымен Астрахань-Гурьев-Оралды жалғастыратын 700 шақырым байланыс жүйесі қосылды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Правда» газеті «Қазіргі соғыс – моторлар соғысы, мұнай қазіргі заман соғысының негізгі наны» деп жазған еді. Теміржолшылар –Ембінің мұнайын, Қарағандының көмірін, Шымкенттің қорғасынын, Балқаштың мысын тасып майдан талабын мүлтіксіз орындады.
Бүгінгі және болашақ ұрпақ аға буынның ерлік істерін еске сақтауы керек деп білемін. Бұл-жастарды патриотизмге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбилеудің бір жолы, туған ел тарихы алдындағы борыш. Бұл тек қатары сиреп бара жатқан соғысқа қатысқандар мен тылда еңбектің эпопеясын шерткен жандарға, олардың майдандастары мен замандастарына ғана емес, ол бізге, бүгінгі ұрпаққа, болашақ үшін керек. Тарихи мұраны сақтау дегеніміз де тарих беттеріне жазылған бабалар ерлігі мен еңбегін бағалау. Тылдағы жанқиярлық еңбек майдандағы жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешек және мұнай өнімдерін жөнелтудің төте жолын салуға, жеңісті жақындатуға арналған болатын. Тарих тағылымын бүгінгі ұрпақ жадынан шығармай, Ұлы Жеңіске үлес қосқан ата-әжелерінің жасампаз істерін білуге тиісті. Республика көлемінде жарияланған «Патриот» айлығы шеңберінде
аудан мектептерінде оқушыларға патриоттық тәлім-тәрбие беру, Ұлы Отан
соғысындағы, тылдағы ерен ерлік пен ұрпақ жадында қалдыру, олар туралы тың деректер жинастыру мақсатында Исатай ауданы көлемінде бірқатар игі
шаралар ұйымдастырылды. Солардың қатарында «Астрахан-Гурьев» теміржолының құрылысын салуға қатысушылар еңбегін ұлықтауға арналған оқушылардың веложорығы бар. 2013 жылы 16 мамырда веложорыққа қатысушыларға сөз арнаған, осы шараны ұйымдастырудың басын-қасында жүрген тарихшы Ерболат Насимуллин «әкелеріміз бен аналарымыздың тылдағы ерлік істерін кейінгі жастар біліп, тағылым алса, отаншылдық пен патриоттық сезімдерін қалыптастырса, нұр үстіне нұр болар еді» деген пікірін айтып, веложорыққа қатысушыларға сәтті сапар тіледі. Аудан мектептерінен белсене қатысқан жоғары сынып оқушыларының бір тобына Е.Насимуллин аудандық білім бөлімінің атынан Алғыс хаттарын табыс етті.
Соғыс жылдарында Астрахань – Гурьев темір жолын салған әйелдердің қажырлы еңбегін есте қалдыру шараларын алу тарих үшін, бейбітшілік үшін, бүгініміз бен ертеңіміз үшін жасалар игі іс болмақ.
Қан мен тер төгілген аталмыш темір жол – бүгінде қазақ елін шет жұртпен байланыстырып тұрған достық тіні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Тарих бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді».
Бүгінгі күні Исатай ауданында «Гурьев-Астрахань» темір жол табанын төсеуге қатысқан тірі куәгерлердің арасында Тұщықұдық селосынан Қажиденова Қайлаш, Исмағұлова Сақыш, Күмісбаева Зүлкарима, Х.Ерғалиев ауылынан Сүйінішалиева Лиза, Шакесова Мақпал, Зинеден селосынан Утешқалиева Жамиған, Серғазиева Ұштап, Мұқанбетов Жұмағұл, Биханова Күлаш, Исатай селосынан Мұсаева Қазималар бар.
Мұрағаттың 104/8 қорында әрбір колхозшының сол жылдардағы еңбегі қысқаша көрсетілген. Қазіргі Х.Ерғалиев селосының тұрғыны Құмарова Мақпал сүт сауу және төл алу жоспарларын артық орындағаны үшін, Чапаев селосының тұрғыны Қабасов Елеу Жамбыл ауылдық кеңесі «Комсомол жолы» колхозынан міндеттелген жұмысты үздіксіз істеп, еңбекке үнемі қатысып отырғаны үшін, Мусина Назипа Мыңтөбе ауылдық кеңесі «Алғабас» колхозында күнделікті жұмыс нормасын асыра орындағаны үшін, Бейсова Ағиба Орпа ауылдық кеңесі, «Қызыл Қазақстан» колхозында сүт сауу жоспарын асыра орындағаны үшін «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Мұндай мысалдарды мұрағат құжаттарынан көп кездестіруге болады. Бұның өзі аудан еңбеккерлерінің соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегінің айғағы екені даусыз.
«Бәрі майдан үшін», «Бәрі жеңіс үшін» ұранымен, майдандағы жауынгерлерге азық-түлік, жылы киім, Отан қорғау қорына қаражат жинауда ауданымыз жоғары саналылық пен белсенділік таныта білді. Соғыстың алғашқы айларында ауданнан 368 тон, 505 пар байпақ, 6248 әртүрлі киім, майдан қорына 59063 сом ақша, 122 мың сом заем, 48 бас мал тапсырылғаны ресми деректерде айтылады. «Қызыл балық» колхозының төрағасы Құрмашев Қуанәлі Отан қорғау қорына 150 мың сом қаржы аударса, Забурын балық кооперативінің төрағасы Рахметов Жұқалтай «Қазақстан самолетін» сатып алуға мол қаржы берді, сол үшін Жоғары Бас Қолбасшыдан Алғыс алды. «Қазақстан колхозшысы», «Қазақстан комсомолы», «Қазақстан пионері» танк колонналарын жасақтауға, Қызыл Армия жауынгерлерін киіндіруге жерлестеріміз өз үлестерін қосты.
Колхоздар мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, малдан шығын бермеу, төлді көп алу жөнінде белгіленген жоспар мен міндеттемелерді де ойдағыдай
орындады. 1944 жылдың 5 ақпанында мал шаруашылығын өркендету жөнінде Республикалық Социалистік жарыс ұйымдастыру туралы Новобогат ауданы колхозшылары мен колхозшы әйелдерінің Қазақстанның барлық ауыл еңбеккерлеріне үндеуі және оны мақұлдаған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысы жарияланды. Соғыс кезеңінің аса қиын жағдайында, - делінді үндеуде, өткен 1943 жылы ірі қараны 4200 басқа, қой мен ешкіні 13 мыңға, жылқыны 1350-ге, түйені 210 басқа жоспардан артық өсірдік. Мемлекетке мал өнімдерін түгел тапсырып, алдағы жылдың есебіне 1944 жылы шалғайдағы мал жайылымдарында 12 мың бас мал бағылып
отыр. 153 центнер ет, 6 центнер май, жүн өнімдерін мемлекетке өткізілді.
Атырау облысының Құрметті азаматы атанған атамыз Ғатих Маштаховтың тарихи-деректі ғұмырнамалық эссе жинағы «Замана сыры» атты жинағында ерлік пен шыдамның өнегесін көрсеткен аналар туралы былай деп жазады: «Біздің бұрынғы Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының жеріндегі 1941-1951 жылға дейінгі 10 жылдағы қиындықтар кезінде елді ұстап тұрған ұлы күш – әйелдер болғаны дау туғызбаса керек. Өйткені тек малшаруашылығымен шұғылданатын колхоздардағы жағдай өте ауыр болды. Жетпейтін нәрсе көп. Киім де өте жұпыны. Жұпыны емес-ау өсіп келе жатқан қыз балалардың бір киіп шығатын көйлегі болмағанын да көз көрді. Сондай ауыр жағдайда колхоздың бір қора малын бір әйелдің өзі мектепке жаңа барып жүрген баласымен қысы-жазы баққанын, сонда бір сиырдың бір емшегінің жарты сүтін ғана бұзауына қалдырып, қалғанына өзімен 2-3 уақ баласын асырағанын, ашықса да қоғам малына қол салмағанын қалай түсінуге болады? Сонда бұл әйел майдандағы ерінің немесе басқа туыстарының бірі болмаса екіншісінің аман келуін тілей отырып, ұрлық істесем Құдай кешпейді деп ойлайды.
Қызыл Армияға тамақ үшін қой сауып брынза жасау, сүттің майын жинау үшін жаз айларында сиырын 3 рет сауу және бұзауын кезекпен өздері бағу, әйел сауыншыларға 15-20-ға дейін сиыр бекіту, жас қыздарға 10-12 сиырдан бекіту зорықтырғандай жұмыс еді. Бірер колхозда әскерге жарамсыз ер азаматтардың сауыншы болғанын білеміз. Тек мал бағу, оның өнімін өндіру емес Боқсақ өзені бойынан трактор жоқ, көлікке тіркеген соқамен жер жыртып, мотор жоқ, шығырмен суарып тары өсіруге де колхоздар мәжбүр болды. Халыққа көк сүттен жасалған кептірілген құрттан басқа дәнді дақылдан құмның болмашы құмаршығын қағып алуға қол босамайды. Сол
5-10 гектар жерге өсірілген тарының болмашы өнімінен мемлекетке міндетті дән өткізу керек. Егіс жұмысында істейтіндер де әйелдер мен 60-70 жастағы қарт және балалар. Жұмыс қолы мал мен егін емес, 1940 жылы басталған Бекбике-Қосшағыл, Гурьев-Ганюшкино автожолы мен 1942 жылда басталған Гурьев-Астрахань теміржолының табанына топырақ үюге тек біздің облыс емес, Батыс Қазақстан облысының аудандарынан да басым көпшілігі әйел, күрек ұстауға жараған бала – мыңдаған адам қатыстырылды. Колхоздардың дайындау мекемесіне өткізген малдарын Орск қаласының ет комбинатына айдап жеткізуге ат, түйе көлігімен колхозшылардан адамдар бөлініп, олар 2-3
айдан кейін көліктерін де ет комбинатына өткізіп квитанциясын алып пойызбен келетін-ді. Ал осылардың бәрімен қабат 1943 жылдың көктемінен бастап Сталинградты қоқыстан, адамдар мен үй хайуандарының өлігінен тазартуға да қатысқан колхозшылар бар.
Соғыс тылында елді ұстап қалған, армияға қажетті азық пен жылы киімді қолдан өндірген, жалаңаш-жалпы, аш құрсақ жүріп отбасының иесі, шаңырақтың ұясы болған ауыл әйелдеріне, ашу-ызаға булыққан қамкөңілді ардақты аналарға облыс орталығында биік тұғырға орнатылған Ескерткіш болса адамзаттың ажары мен базары – әйел мәртебесі кейінгі ұрпақтың
есінде мәңгі сақталар еді» [11]
Аудан малшылары бүкіл Республика еңбекшілеріне арнаған үндеуіндегі міндеттемелерді орындауға бір кісідей жұмылды. 1941 жылдың 1 қаңтарынан 1945 жылдың аяғына дейін аудан бойынша ірі қара екі есеге, қой мен ешкі 1,7 есеге, жылқы 2,2 есеге өсіп, ірі қара 20878 басқа қой мен ешкі 116,616 басқа, жылқы 18552 басқа жеткен. Бес жылда орта есеппен әр 100 аналықтан 79 бұзау, 104 қозы-лақ, 80 құлын алынды. Соның нәтижесінде 1944 жылдың қорытындысы бойынша КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен мал шаруашылығын өркендетуде бүкіл Одақ бойынша социалистік жарыста үздік шыққан Новобогат ауданына бірінші дәрежелі, ал Гурьев облысына екінші дәрежелі ақшалай сыйлықтармен қоса Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туы берілді.
1944 жылдың 31 желтоқсанында аудан өмірінде ерекше оқиға болды. Ауданға Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл туы салтанатты жағдайда табыс етілді. Қызыл туды Облыстық атқару комитетінің төрағасы Шынқожа Бөрібаев табыс етті. Аудандық атқару Комитетінің төрағасы Қауқар Бекешов туды қабылдап алып 1945 жылы аудан малшылары бұдан да жоғары табыстарға жетеді деп уәде берді. 1945 жылы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Одақтық Қызыл ту ауданға екінші рет берілді. Ал сол жылы бірінші жарты жылдықтың қорытындысымен Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл туы бірінші дәрежелі ақшалай сыйлығын Новобогат малшылары үшінші рет жеңіп алып, өз қолдарында сақтауға қалдырылды. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталысымен 1945 жылдың 6 маусымында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Германины жеңу құрметіне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қажырлы еңбек еткені үшін» медалі белгіленіп, онымен тек біздің ауданның өзінен мыңдаған тыл еңбеккерлері марапатталған, олардың 3270 –інің аты-жөні аудандық мұрағатта сақталған. Сондай-ақ сол күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының председателі М.Калинин, секретары А.Горкин қол қойған дербес Жарлықпен тылдағы қажырлы еңбектері үшін ауданның бір топ колхозшылары мен қызметкерлері орден, медальдармен марапатталды.
Ерлік пен бірлік, майдан мен тылдың тұтастығы, еселі еңбек пен
маңдайдан тамған ащы тер арқасында азаматтарымыз қасиетті Отанды қорғап қалды. Олардың елге деген сүйіспеншілігі, тылдағы ерліктері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық.

2.2. Естеліктер шежіре боп сыр шертсе..

Соғыс ауыртпалығы қашанда өлшеусіз. Тылдағы елдің тартқан азабы мен тауқыметі майдандағыдан аз болды дей алмаймыз. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін еңбек етті. Осынау отандық соғыс бұрынғы
Новобогат, қазіргі Исатай ауданының тарихына да үлкен әріппен жазылды.
1941 жылдың 3 шілдесіндегі Сталиннің Кеңес халқына арнау сөзінен кейін, 1942 жылдың басынан әскер жасындағы ер адамдар жаппай соғысқа алынды. Солардың қатарында Нарын өңірінің азаматтары да ел қорғауға аттанды. Елдегі барлық тауқымет пен майдан қажетін өтеу міндеті еңкейген кәрілерге, әйелдер мен бұғанасы бекімеген балаларға қалды. Олар жеңісті жақындату үшін жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығына жұмыстың ауыртпалығына қарамастан күндіз-түні дамылсыз еңбек етті.
Тұщықұдық селосының тұрғыны Исмағұлова Сақыш туралы айтсақ, оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы кезімен тұспа-тұс келген болатын. Оның айтуынша қара жерді қазу үшін бірнеше адам бір түйеге мінгесіп, қалғандары жаяулатып сол жерге жететін. Сұрапыл соғыстың кезінде
жарытып ішетін тамақтың жоқтығы белгілі. Олар құмаршықтан пісірілген
нан мен қатықсыз құмаршықтан пісірілген қара көжені азық етті. Киген киімдері де құрақ, тіпті түйенің көнінен тігілген еді. Жер қазу жұмыстарының ішінде ауыл тұрғындары Шеруенова Жаңыл, Қарасова Сақыш, Қапақова Жаңылдар бар. «Қиындықтың ешбіріне мойымадық» деген Сақыш әжей бүгін сол бейнетінің зейнетін көріп отырғанына шүкіршілік етіп көзіне жас алды.

2.3. Ер есімі – ел есінде.

Соғыс!... Талай үйдің керегесі опырылып, талай жанның өмірін қиып, талай асыл аналарды зар қақсатып еді. Әрбір үйдің берекесін кетірген сол бір сұм соғысқа лағнет айтпаған жан жоқ шығар, сірә! Өлім мен өмір арасында «ер адам ел үшін туады, ел үшін өледі» деген ұстаныммен жүрген сол кездегі жауынгерлер – бүгінгі егемендіктің ақ таңы атып, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, соғыс атаулысын ұмытқан замандағы соғыс кезінде мерт болған жауынгерлерді ардақтамау, құрметтемеу – үлкен күнә!
Өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылында туылған ұрпақтың Ұлы
Отан соғысына қатыспай қалғаны кемде-кем. Ұрандары «Туған елімді, жерімді жаудан қорғаймын» деген аса қасиетті парызбен шектелген. Қаншама қандасымыз елді жаудан қорғау жолында жанын пида етті, көбісінің мәйіті кіндік қаны тамған атамекенінен жырақта қалды. Осындай азаматтардың бірі Шайдолла Тажиденов еді.
Іздеушісі бардың ізі бар демекші Тажиденов Шайдолланың немересі Найла көп ізденді. Ұрпақтарының тілектері орындалып, Исатай ауданының Жанбай селосындағы батырлар ескерткішіне есімі жазылды. Ғаламтор арқылы табылған архивтерден із-түссіз жоғалды деген қара қағаздары қолдарында. Исатайлықтардың қолдауымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай шыққан «Жеңіс туы» деген кітапқа «Қара қағаздың» құпиясы деген атпен мақала шықты.
«Қара қағаздың құпиясы»
Ол ыстық пен суықты бірге бөліскен жарының аман-есен оралуын тілеп жүрген-ді. Сұм соғыстың баланы әкеден, әйелді жардан, ананы баладан ажыратқаны рас. Дегенмен, Әнес ана еш күдер үзбеген еді. Кім қисын жамандыққа жақынын. Осылайша күндер өте берді, өте берді... От пен оқтың жалыны да шегіне жетті. Шайдолладан хабар болмады.
Әнес жарының қайда жерленгенін біліп, бір уыс топырақ салуды армандаған еді. Тағдырдың жазғанынан қашып құтылу мүмкін бе, уақыт та өз дегенінен танбады. Әнес ана арманын арқалап «із-түссіз кетті» деумен бақилық болды. Тіпті, адамға емес, қағазға сенген заманда соғыста қаза болған жауынгердің жесіріне тиісті ешқандай жеңілдіктерді көрген жоқ. Қарттығына байланысты зейнетақы алатын. 1980 жылы жесірлік анықтама алу үшін Подольскідегі Харьков архивіне сұрау салып, алайда, тек «қайтыс болғаны жөнінде» ғана ақпар алады, Немересі Нәйла ана арманы мен аманатын орындауды парызы санап, сонда да іздеуді тоқтатпайды. Мінекей, 1941 жылдың күзінде майдан даласына аттанып, төрт ай дайындықтан соң, 1942 жылдың алтыншы қаңтарында мерген ретінде ұрысқа түскен қазақ сарбазы Шайдолла Тажиденовтың «қара қағазы» жарты ғасырды артқа тастап интернет арқылы табылды.
Қазақ сарбазы Шайдолла 66 жыл бойы хабарсыз кеткендердің бірі болды. Ол 1902 жылы Новобогат ауданы Забурын ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Пішен дайындап, құдық қазып, отбасын асырап, нәпақа тапқан Шайдолла баласы Үмбет алтыға толған шағында Германияның Кеңеске ашқан ұрысына қолындағы кетпені мен күрегін суық қарумен алмастырып кете барады. Майдангер ағасы туралы аталас інісі, оқу ісінің ардагері Таупих Хабиұлы: «Шайдолланың көзін көргендер сары өңді, денелі, қайратты, ақкөңіл, құралайды көзге атқан мерген болған деседі. Аң-құсты көздемей, қоянды жүгіртіп қойып атып алатын болыпты. Осы қасиеттері соғыс кезінде де айқындалған, мерген болғандығы көрсетілген», деп еске алады. Ал, немересі Нейла «1942 жылдың аязы қарып, бораны ұйтки соққан қаңтардың алтыншы жұлдызында атам ұрысқа түскен екен, содан 1943
жылдың наурызында белгісіз болып қалады, яғни денесі де табылмайды.
Хабар-ошар жоқ, ұшты-күйлі жоғалған» деп әңгімесін бастады ақтарыла. «Қара қағаз-қағаз емес, қасірет», демекші, талай отбасына қасірет әкеліп, қан қақсатқан "бір жапырақ қағаздың" тарихы кейін ашылып, бұққан сыры мен құпиясын ашады.
Күндер, айлар, тіпті жылдар артта қалып, запыран құстырып, ана мен баланы, елді зар жылатқан ұрыс аяқталар шақта Новобогат ауданында кеңес төрағасы Рахметолла Жүнісбаевқа Шайдолла Тажиденовтың қаза болғаны жөніндегі «қара қағаз» келіп түседі. Алайда, қарындасы Әнесті аяды ма, кім білсін, күйеу баласының қаза болғаны жөнінде тіс жармауды ұйғарып, Шайдолланың інісі Зайдоллаға береді. Ол кезде Зайдолла хатшылық қызмет атқарады. Сол бір зұлмат соғыс та аяқталады. Әнес ананың қолына тілімдей «қара қағаз» тимейді. «Әжем Әнес қара қағазды тапсаң, қасыма көмерсің» деген аманатын айтқан болатын. Мен көптен бірге іздеп келемін. Үмбетяр әкем ерте 1976 жылы о дүниеге аттанды. 2008 жылы Аққыстаудағы мұрағатқа, комиссариатқа барғам. «Қара қағаз» Әнеске тапсырылды» делінген анықтамада»,- дейді Нейлә Шайдолла немересі.
От ортасынан ошағына оралмаған Шайдолла ұрпағының аталарының аты «Боздақтар кітабына» еніп, тақтада есімі жазылса деген тілектері бар. Украина жерінен Харьков түбінен майдангер топырағын елге әкелуді жоспарлап отыр.
Қасық қанын қиып, ұрыс даласынан қайтпай, өзге елдің топырағын көмкеріп жатқан қаһармандар қаншама!
Інісі сол 1941-1945 жылдары ауылдағы тыл ардагерлерінің ерлігін көзімен көрген бозбала, кейін кеңес, комсомол, кәсіподақ, мекеме жұмыстарында басшылық қызметтер атқарған, бұл күндері ұлағатты ардагер-ұстаз атанған Әнуарбек Зайдуллин былай деп еске алады: «1941 жылғы маусымның 21-ші жұлдызының таңы адамзат тарихында қара әріппен жазылған күндер болды ғой! Ол кезде біз Жамбыл ауылдық кеңесіне қарасты
Шайдолла Тажиденов 1902 жылы қазіргі Исатай ауданы Забурын селолық округіне қарасты Жамбыл кеншарында дүниеге келген. 1932 жылы Қожанайқызы Әнесиямен отау құрады. 1933 жылдың 10 қыркүйегінде Үмбет (Үмбетияр) есімді ұлдары дүниеге келген. Шайдолла аға пішеншілер бригадасының бригадирі қызметін атқарған. 1941 жылы соғысқа аттанып, 4 ай дайындықтан соң ұрысқа кірісіп кетеді. Шайдолла аға құралайды көзге атқан мерген болған. Ақмола атты әскер құрамында Харьков операциясына қатысып, «Харьков қазаны» операциясына қатысып, содан із-түссіз кетті деген хабар жеткен. Алайда, қазіргі заманның мүмкіншіліктерін пайдаланып, Найла апаның ұрпақтары Шайдолла ағаның тағдырына алаңдап, іздеу салған. 2014 жылдың 10 сәуірінде Ресей Федерациясы Орлов облысы Колына ауданы, Тургеневка селосында жерленген» деген хабар түседі. Содан жүрегі алып ұшқан майдангер ұрпағы Найла апа немересі мен қызын ертіп алып, Орлов облысына жол тартады. Бұрынғы Тургеневка, қазіргі Андреевка селосы маңында атасының қаза тапқан жеріне барады. Мұнда Красненский ауданы әкімі И.Ковалев пен оның көмекшісі Муродов күтіп алып, керекті адамдармен кездестіріп, батыр бабаның жерленген жеріне апарады. Сол жерде атасы Шайдолла Тажиденовтің ерлігіне арнап қойылған ескерткішке барып елден апарған бір уыс туған жердің топырағын салған. Содан сол кездің куәгері, соғыс жылдары 14 жасар болған, бұл күндегі 87 жастағы
қария Алексей Алексеев дегенмен кездеседі. Бұл қария шыныменен де Шайдолла бабамызды көрген, оның ерлігіне куәгер болған екен. Негізі фашистер бұл селоға 1941 жылы келген екен. 1942 жылдан бастап мұнда атқыштар келіп, жау сарбазхдарын атып отырған. Немістер екі жыл бойына паналаған үйлер әлі де бар көрінеді, оларға қазір де ешкім кірмейді екен. Екі сарбаз болған, бірі орыс жігіті, екіншісі – қазақ. Алексеев ақсақалдың айтуынша, күніне әлгі екі мерген 20-30 неміс сарбазын сұлатыпты. Бала сол сарбаздарға таңғы төртке дейін картоп апарып жүрген. Таңда қарауыл ауысқанша тамағын жеткізіп тұрған, әлгілер болса теректің үстіне шығып, фашистерді атқан. Сөйтіп жүргенде, селодағы бір әйелдің көрсетуімен екі сарбаздың қайда жасырынып жүргенін біліп қалған фашистер оларды атып түсіреді. Екеуі сол маңдағы ағып тұрған бұлаққа құлапты. 4 күн бойы сол бұлаққа қос сарбаздың қаны аққан. Алексеевтің айтуынша, 1943 жылдың көктемінде екі батыр құлаған соң, бұлақ суы бұрқақ болып атқылаған. Кейін бұл туралы жергілікті жазушы В. Киселев «Заплачено кровью» атты кітабын жазыпты. 1964 жылы Алексеевтің айтуымен қазақ сарбазы Шайдолла Тажиденовке арналып, ескерткіш орнатылған. Мергендігі, атадан дарыған қасиет болар деп топшылайды. Шайдолла батыр Нарын стансасының түбінде жерленген Қартмұхамбет әулиенің ұрпағы екен. Сөйтіп, қазақ сарбазы, жерлесіміз Шайдолла Тажиденов ерлік көрсетіп, оның рухына арнап, ресейліктер сонау 1964 жылы ескерткіш орнатқан. Осы соғысқа қатысты әлі де ашыла түспеген сырлар бар-ау. Бастысы – ашылған тарихты бүгінгі ұрпаққа жеткізе білу. Соны насихаттап, үлгі етіп, патриоттық бағытта тәрбиелеу. Міне, осы бағытта атасының есімінің ұмытылмауы үшін еңбек сіңірген бауыры Таупих Хабиев ақсақал, Жанбай селосының орталығындағы ескерткішке жазылуына септігін тигізген. Лайықты ерлік көрсетіп, оның батырлығына тәнті болып, тағзым еткен ресейліктер ескерткіш орнатқанда, туған топырағында есімінің ұлығылануы әбден орынды болатын мәселе деп топшылаймын.

Қорытынды

Туған жері мен елінің, халқының өткен өмірі мен бүгінгі тіршілігін оқытып үйрету арқылы жас ұрпақты азаматтық пен ұлтжандылыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді, жеке тұлғаның дамуына септігін тигізеді. Біз ешкімді де, еш нәрсені де ұмытқан жоқпыз. Тірілерді түгендейміз, өлгендердің рухына бас иеміз. Өйткені олар да өмірді сүйе тұрып, өз өмірінен Отанды қымбат санады. Отан үшін отқа түсті, күйген жоқ, кеудесін оққа тосты, өлген жоқ. Себебі ерлікті сұм ажал жеңбек емес.
Ия, олардың ерліктері ешқашан естен шықпайды, ешбір істері ұмыт қалмайды. Талай ұрпақ олардың ерлігіне бас иіп, үлгі тұтып, аруақтарын қастерлейді. Адамзат басына төнген алапат апаттан аман алып қалған құрбан ерлерін болашақ өмірдің мөлдір мұхиты тебірене толқып, асыл меруертіндей тұңғиық түбінде сақтайды.
"Тау қозғалса да тарих шайқалмайды" деп халық даналығында айтылғандай, бүгінгі таңда елеусіз қалып, ұмытылып бара жатқан соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің өнегелі еңбек жолы мен тағылымды істерін насихаттау, есте сақтау мақсатында аудан орталығындағы көшелердің біріне аты берілсе және аудан орталығынан ескерткіш орнатылса деп ойлаймын.
Тарихымызды түгендеп, бүгінімізді байыптау –перзенттік борышымыз. Отаншылдық әсіресе біздің тәуелсіз елімізге аса қажет. Елжандылықтың, патриотизмнің қайнар көзі – тарихты білу, одан тағылым алу, бабаларымыздың даңқты ісі үшін мақтану.
Аталған жұмыс аталған зерттеу жобасы кешегіміз, бүгінгіміз және ертеңіміз жайында әркімді толғандырса, өлке тарихына деген қызығушылығын арттырса, ашылмаған сырларды ашуға ұмтылдырса, нұр үстіне нұр. Қорытындылай келе, өлке тарихына нүкте қойылған жоқ, әлі де терең зерттелуіне үлес қосу-бәріміздің перзенттік парызымыз.
Ғылыми жоба жұмысында өзіндік ой қорыту, ғылыми тұжырымдамаларды қорытындылай келе төмендегі ұсыныстар айтқым келеді:
Бірінші, тәуелсіздікке сұрапыл соғыста қан кеше жүріп те өз үлестерін қосқан, елі мен жерін қорғауды мақсат еткен батыл ұлдар мен қыздардың ерлігін жаңғыртып отыруды, әлі де болса зерттелмей архивтердің түбінде жатқан майдангер жауынгерлердің дүниелерін, ескерткіштерін, еңбектерін жарыққа шығарып, еңбектерін паш етсек;
Екінші, Исатайлық тыл еңбеккерлерінің өнегелі еңбек жолы мен тағылымды істері кейінгі ұрпаққа жан-жақты насихатталса;
Үшінші, елді мекеніміздегі соғыс ардагерлерінің ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында аудандық, облыстық газеттерде жариялау;
Төртінші, ауылымыздың ардагерлерін жас ұландарға тәрбие ретінде «Қарттарым-асыл қазынам» атты оқулар ұйымдастыру.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1." Атырау энциклопедиясы"

2. "Атырау". 3 наурыз.2009 ж Ешекеева Алмагүл "Тау қозғалса да тарих шайқалмайды"

3."Атырау" 26 ақпан, 2009 ж, Рахмет Иманғалиев "Адамның қанымен салынған жол еді" Атырау-Ақсарай темір жолының тарихынан бір сыр

4."Атырау" 2004 ж, Ғинаятолла Нығмет, "Теміржолшылар соғыс жылдарында"

5. "Атырау". 7 қаңтар, 2014 ж № 1, Дүйсен Мырзағалиев. "Тылдағы еңбек тасқыны немесе Гурьев-Астрахан темір жолы қалай салынды? "

6. "Исатай ауданы шежіресі" 2-кітап 43 бет

7. "Қазақстан теміржолшысы" 26 тамыз 2008 ж № 94 "Гурьев-Астрахань темір жолы, ол туралы біз не білеміз?"

8. "Нарын таңы" № 19 (3608) 09. 05. 2013 ж. Айсана Махмудова. "Елің үшін еңбек етіңдер дейді ардагер әжеміз"

9. Рахмет Иманғалиев. "Өлмейтін өмір", Алматы - 2010, Арыс баспасы. 158-172бет

10. Тихон Әліпқали. "Ортақ тағдыр толғамы" , "Полиграфсервис" ЖШС Орал қаласы 2009 ж

11. Ғатих Маштахов. «Заман сыры», Алматы – 2013
«Абзал-ай баспасы». 92-95 бет

12. Р.Д.Әжіғалиева «Отты жылдар» (Құжаттар жинағы)Атырау облысы мұрағаттар және құжаттама бөлімі. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты, 2005 жыл

13.Мәди Өтеғалиев «Жеңіс туы» Ағатай 2015 ж

ID: 2282 | Просмотров: 4347