Сайт учителя начальных классов
.
І. Есенберлиннің  "Көшпенділер" тарихи трилогиясы бойынша  Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым хандардың бейнесі -

І. Есенберлиннің "Көшпенділер" тарихи трилогиясы бойынша Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым хандардың бейнесі

Мұғалімдерге арналған оқу-әдістемелік нұсқаулар, хат | Ашық сабақтар жинағы | Оқушымен жұмыс Загрузок: 0 | Просмотров: 4576 | Размер: | Автор: skoysheken
І. Есенберлиннің "Көшпенділер" тарихи трилогиясы бойынша
Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым хандардың бейнесі арқылы ұзақ жылдарды қамтитын
күрес жолының жанды картинасының айғағын табу.

"Көшпенділер" трилогиясының алғашқы атауы "Ақ Орда" болатын. Оған ол кездегі "ақ" түс қызыл коммунистерге саяси тұрғыда жарамсыз болғандықтан бұл атауға рұқсат етілмеді. І.Есенберлин қызыл фаталистермен кітап атауы бойынша ымыраға келуге мәжбүр болды. Ақыры трилологияға "Көшпенділер" деген сәтті атау табылды. Ол қазақ халқының ғасырлар бойы басынан кешкен тұрмысын көрсетеді. Оның үстіне біздермен қатар өткен ғасырларда басқа да көрші халықтар да көшпенділер болған.
"Көшпенділер" және "Алтын Орда"трилогиялары, басқа он бір кітапты есептемей-ақ қойғанда, бізді мыңдаған жылдық тарихы бар ұлт екенімізді айдан анық дәлелдеп берді.
І.Есенберлин қазіргі Қазақстанның ХІІ-ХV ғасырлардағы Алтын Орданың бір бөлігі болып табылатынын көрсетті. Жазушының деректері бойынша, осы Алтын Орда мемлекеті монғолдардан бастау алып, бірақ оның негізгі бөлігі Қыпшақ даласы болып табылады, оның арқасында Шыңғысхан мемлекетінің күш-қуаты нығайтылды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстан Алтын Орданың мұрагері болып саналады, өйткені бабаларымыз өз жері мен тарихи отанында аталмыш мемлекет игілігіне аянбай жұмыс істеді.
Қос қолы қызыл ханға боялғанына қарамай он жеті жасар Әбілқайырды азулы тілектестері Дешті Қыпшаққа хан етіп ақ киізге көтерді. Бақ құсы басына қонып, ақ түйенің қарны жарылды. Бірақ адамның бағы көтерілген сайын жауы да көбейеді. Бұған Жошының өзге ұрпақтарының арасындағы көкіректерін ежелден жегідей жеп келе жатқан бақ күндестік, ел билеуліктен туған талас кеселдерінен басқа себептер де қосылған. Бұл бір мың төрт жүз елу алтыншы жылы осы талас жарға тіреліп тасығалы тұрған өзендей шеңберіне әбден жеткен кезі еді. Әбілқайырдың сескенетін екі жауы болды. Оның бірі Орыс ханнан туған Құйыршық ханның баласы Барақ ұлы Жәнібек пен оның үш аталас туысы Керей. Екіншісі өзінің аталас туысы Мақмүдек ханнан туған Ходжа Мұхамед ханның баласы Абақ. Бұл да құр сұлтан емес, Алтын Орда мен Ақ Ордаға ие болған хан тұқымдары. Әсіресе Орыс ханның ұрпақтары қауіпті. Жәнібек пен Керейдің құр өздері ғана емес арттарында әрқайсысы бір түменге қолбасшы бола алар қасқырдың бөлтірігіндей Керейдің төрт баласы бар: Бұрындық, Шайхым, Санджор-Жақан, Жақан-Бахты. Жәнібек ханнан тоғыз бала: Жиренше, Махмұт, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Тыныш, Ұспақ, Жәдік болды. Әсіресе жас болса да Жәнібектің ұлы Қасымның, Керейдің баласы Бұрындықтың аяқ алыстары бөлек. сондай-ақ Әбілқайырдың оң қолы Қыпшақ болса, Жәнібек пен Керейдің сүйенері Арғын, қоңырат, найман, керей, уақ, тарақты да үзеңгілесе кетеді.
Әбілқайыр қарамағындағы көшпелі елдерге алым-салықты көп салып, оны тек бөтен жұртты шабатын әскерге жұмсап, халықтың күйін нашарлатып жіберген. Дешті Қыпшақ тайпалары енді Әбілқайырдан іргесін әрі салуды ойлаған. Осы тілектің туын көтерген басты адам - Жәнібек сұлтан. Жәнібектің бұл қылығы Әбілқайырға ұнаған жоқ. Орыс ханның ұрпақтарының ел арасын былай қобалжыта бастауы тек өздері хан болғылары келуден деп қана түсінетін Дешті Қыпшақ әміршісі алдымен Жәнібекті құртуды көздеген. Ал бұл көкейтесті арманның түбі халықта жатқанын ол аңғармаған. Халыққа тек тобыр деп қарайтын Әбілқайыр батырлардың артында рулары барын, ал ел деген мағына осы руларда екенін есепке алмайтын. Әбілқайырдың ұғымы бойынша бұл тобырларды сұлтандар басқарады. Тек сол сұлтандармен тіл табысса болғаны. Сондықтан Әбілқайыр Орда маңына қазақтың Қаптағай, Бөрібай, Қарақожа секілді ерлігі үшін әр ру аттарын ұран ғып көтерген аңғал батырлардан гөрі, өзі секілді дәулеті шалқыған сұлтан, әмір, хакімдерді жинайтын.
Ел билеу! Бұл мансопқор жанның ұлы тілегі. Әбілқайыр мына төрт өсиетке бас иген адам: Шыңғыс ханның ел билеу жөнінде балаларына айтыпты-мыс деген қағидасы есіне түсті. Ұлы хан жаулап алған жерін төрт ұлысқа бөліп, төрт баласына беріпті. Сол мәжілісте әкесінен өсиет естігісі келген үлкен ұлы Жошы: "Ұлы мәртебелі, Әлем әміршісі, хан қандай болу керек?" - деп сұрапты. Шыңғыс: "Хан халқының көңілін табу үшін ақылды, ал халқы оның көңілін табу үшін тақымды болу керек", - деп жауап беріпті. Шыңғыстың екінші баласы Шағатай: "Ханды қайткенде халқы сыйлайды?" - деп сұрапты. Шыңғысхан: "Халқың сыйласын десең тағыңнан түспе", - деп жауап беріпті. Шыңғысханның үшінші баласы Үгедей: "Хан қайткенде тағынан түспейді?"- деп сұрапты. Шыңғысхан: "Маңына өзінен ақылы төмен, бірақ құлқы өзіндей адамдарды жинай білсе, сол хан тағында ұзақ отырады", - деп жауап беріпті. Шыңғыстың төртінші баласы Төле: "Қандай хан абыройлы болады?"- деп сұрапты. Сонда Шыңғысхан: " Ойынан шықпаған туған баласын да бауыздай алар хан әрқашанда абыройлы
болады ", - деп жауап береді. Шыңғысханның осы төрт ақылын алған төрт баласы өле-өлгенше абыройлы хан болып өтіпті-мыс.
Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын құрды. Атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің қалдырған нақты деректеріне сүйене отырып, тарихшы ғалымдарымыз Қазақ хандығының құрылған кезеңі 1465 жылы болғанын белгіледі. Тұңғыш рет Қазақ хандығы атты тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланды. Қазақ ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей сұлтан ақ киізбен хан көтеріліпті. Одан кейін Жәнібек хан билік құрды. Тарих сахнасынан шыққан біртұтас Қазақ мемлекетінің ұлттық ұраны - "Алаш", мемлекеттік Елтаңбасы - "Төре таңба", бас байрағы - төре таңбалы қызыл ту. Жаңа хандықтың мемлекеттік құрылымы мен заң жүйесі де Жәнібек заманында жүйеленіп, келер ұрпаққа мұра етілген. Халқымыздың қасиетті шежіресінде Жәнібек ханға ерекше айшықты орын беріледі. Ол ел естелігінде ақылгөй, дана және әділетті әмірші ретінде мәңгі қалған. Халық оны жай ғана Жәнібек хан демей, Әз-Жәнібек деп атап кеткен.
Жәнібек ханның тұсында хан кеңесі екі түрге бөлінетін. Бірін "Тағанақ кеңесі" деп атайтын, екіншісін "Тұрымтай кеңесі" дейтін. Біріншісі үлкен Хан кеңесі деген мағынада, екіншісі кіші хан кеңесі деген түсінікте. Біріншісінде елеулі рудың басты адамдары тегіс жиналады. Онда хан сайлау, соғыс ашу тәрізді күрделі істер ғана қаралуға тиісті. Ал Тұрымтай кеңесінде басқа елге елші жіберу, қонысқа жер бөлу тәрізді жеңілдеу мәселелер шешілген. Бұл кеңеске Орда маңындағы әскери қолбасшылар, хан балалары қатынаса алады. Бірінші Кеңес жылына бір мәртебе, екінші Кеңес апта сайын бас қосатын.
Жәнібек Мұхамед Шайбанимен арадағы болған ұрыста қаза тапты. Жәнібектің орнына кезегіне қарай Керейдің өзге ұлдарынан батыр туған Бұрындықты ақ киізге көтеріп хан етіп сайлады. Бұрындық хан болысымен Әбілқайырға еліктеп жұртты отырықшылыққа бейімдей бастады. Бөген мен Шілік өзенінің түйіскен жерінде өзінің астанасы Бұрындық деген қала салуға кірісті. Екі жағында екі өзен, түйіскен жерінің алдыңғы жағынан қамал жүргізді. Бірақ бұл қаланы салып бітіре алмады. Самарқантқа қашқанында әдейі кісілер жіберіп өртеп кетті. Бұл арада осы күнге дейін Бұзық деп атап кеткен қорғанды қала орны әлі тұр. Бұрындық таққа отырып, Қасым сұлтан әскербасы болғаннан кейін, көп кешікпей-ақ араларында қайшылықтар туа бастады. Негізгі алауыздық Бұрындық пен Қасымның қазақ хандығының келешек саясатының қандай болуы керек деген мәселедегі екеуінің көзқарасынан туған. Аңғал батыр, морт мінезді Бұрындық қазақ хандығының келешегі тек соғыста деп ойлаған. Жасынан жауынгершілікті мұрат еткен, тоң мойын, өз дегенін дүниенің тетігі көретін қайсар хан қазақ хандығының күшею жолы көрші елдерді шабуда деп ұққан. Ал Қасым бөтен пікірдің адамы. Оның ойынша қалың қол, соғыс тек жаудан өз жеріңді қайтарып алу үшін ғана керек. Қазақ хандығының күшею жолы үнемі соғысуда емес, алдымен өзіңе ешкімнің тісі бата алмайтын айбарлы, қой үстінде боз торғай жұмыртқалататын бейбітшілікті арман еткен ел болуда деп түсінген. Осындай ойдағы Қасым үнемі жорық, үнемі шапқыншылық халықты жүдетеді десе, Бұрындық "жоқ, олай емес, жаудың жер, суын тартып алып, дүниесін тонау ер жүректі қазақ жігіттерін байытады, ал жорық, ұрыс тек халықты шынықтырады, сақылдаған аяз бен бұрқыраған боранда өскен көкжал қасқырдай қайтпас қайсар етеді. Бұндай елге ешкім беттей алмайды. Ал жауы қорыққан елдің хандығы да берік, айбынды келеді. Сол себепті қазақ елінің ең мықты саясаты соғыс болуы керек" деп тұжырымдаған. Хан билігіне бағынбауға қақы жоқ әскербасы Қасым амалсыз Бұрындықтың бұйрығын орындап жұмсаған жорықтарына баруға мәжбүр болған. Бұрындық хан билік құрған кезеңде Қазақ хандығы ата жауларының үздіксіз жүргізген басқыншылық соғыстарына күйрете соққы бере отырып, ел іргесін де кеңейте түсті. Қазақ хандығы Көк орданың байырғы астанасы Сығанақ қаласымен бірге Сырдарияның жағасындағы стратегиялық маңызы зор Созақ, Сауран, Аркөк, Үзкент, Аққорған сияқты қалалары мен шұрайлы аймақтарын өзіне қаратты. Сырдария бойындағы бай қалаларды жаулап алу жолында бітіспес қанды шайқастар жүргізген Қазақ Ордасының қас жауы - Мұхаммед Шайбани болды. Мұхаммед Шайбани Сырдың бойындағы қалаларды басып алу және атасы Әбілқайырдың Дешті Қыпшақта құлаған үстемдігін қайта орнату үшін қазақтармен 30 жыл үздіксіз соғысты. Бұл соғыстарда ол бірде Әмір Темір әулеттеріне, бірде Ноғай одағына, бірде Моғолстан хандарына иек артты. Шайбани хан өзінің осы пиғылын қайткен күнде жүзеге асыру үшін Қазақ еліне төрт рет жойқын басқыншылық жорық жасады. Жеңіске желігіп, оңай олжаға құныққан Мұхаммед Шайбани Қазақ хандығын біржолата талқандап, ата кегін қайтару үшін 1510 жылы тағы қыс айында өзінің соңғы, төртінші жойқын жорығына шықты. Шайбани әскеріне қарсы Қасым сұлтан басқыншыларды қоршауға алады. Кескілескен шайқас ұзаққа созылды. Туған жерін қанға бөктірген жауға деген кек жігерлендірген қазақ сарбаздары Шайбанидің есін жиғызбады. оңай олжа қуып келген он мыңдаған басқыншылар жер жастанды. Отыз жылға созылған басқыншылық соғысқа қарсы тұрып, Орта Азия әміршісі Мұхаммед Шайбаниді біржолата талқандағаннан кейін Қазақ хандығының мерейі өсіп, атақ-даңқы төрткүл дүниеге тегіс тарады. Қазақтың жеңімпаз әскерінің бас қолбасшысы Қасым сұлтанның атағы бір жағы Мәскеу княздігіне, бір жағы Иран мен Үндістанға жетті. Өзара жауласқан Орта Азия билеушілерінің арасындағы бітіспес кикілжіңді Қасым тиімді пайдаланып, қазақ елінің шырқын бұзатындай бұл жақтан ешқандай қауіптің болмауына қол жеткізді. Қасым сұлтанның атақ-даңқы ел арасында шарықтай көтеріліп, оның беделінің алыс-жақын елдерге де кеңінен танылғанын Бұрындық хан дер кезінде көре білді. Ол хан тағынан бас тартып Жәнібектің баласы Қасым сұлтанға жол берді. Ата салтымен Қасым ақ киізге қондырылып, хан көтерілді. Қазақ халқының қасиетті шежіресінде "Қасым ханның қасқа жолы" деген атауға ие болған Қазақ ордасының нығайып, дәуірлеу кезеңі басталды. Хандық іс - ол кезде әскер ісі, кімнің әскері күшті болса, сол - хан және күшті хан. Қасымның жас кезінен ұстаған жалғыз сара жолы бар. Ол жол - бейбітшілік жолы - өз жеріңді ешкімге берме, өзгенің жерін тартып алма. Өзгенің жерін тартып алмау оңайға түскенмен, күштілер жеңген опасыз сұрқия заманда, өз жеріңді бермеу оңай іс емес еді. Әкесі Жәнібектей бұл да қазақтың бар руына "бірігіп ел болайық" деп кісі жібереді. Өзі әзірге бір өлкенің ғана ханы бола тұрып, енді бүкіл қазақты билейтін ұлы хандық құруды ойлады. "Хан ақылы қырық кісілік, халық ақылы қырық мың кісілік. көппен кеңесіп пішкен тон келте болмайды" деп бұл мәселені халықтың шешіміне қалдырды. Әкесі Жәнібектің хан кеңесі заңы етіп кеткен "Тағанақ кеңесі" мен "Тұрымтай кеңесін" қайтадан күшіне енгізді. Кемеңгер Қасым хан ел басқару жүйесінде ата жолын берік ұстап, ескі билерден қалған қазақтың заңдық ғұрыптарын қадірлеп, оларды заманға бейімдеді.
Н.Ә.Назарбаевтың "Нұрлы жол - болашаққа бастар жол" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы тапсырмасын жүзеге асыру бүгінгі басты міндет. Қазақ хандығының құрылуы бір мезгілде жүзеге асқан акті емес, ұзақ уақытқа созылған процесс. Осы қазақ хандарының бейнесі І.Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясында кеңінен көрініс тапқан. І.Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясы кез келген ұлттың мәдени өмірінде бір ғасырда, мүмкін бірнеше ғасырда, бір рет қана дүниеге келетін әрі сирек, әрі ғажайып алып туынды.

ID: 2096 | Просмотров: 4576