Сайт учителя начальных классов
.
Ардагүл Кыдырманова,
Алматы қаласындағы
№148 мектеп- гимназияның мұғалімі

Сабақтың тақырыбы: Сөздердің байланысу түрлері. Қиысу
Білімділік: сөздердің байланысу түрлерін таныту, жасалуы мен ерекшеліктері жайлы білім беру;
Дамытушылық: оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілетін жетілдіру, алған білімді қолдана және талдай білуге үйрету;
Тәрбиелік: оқушылардың белсенділігін арттыру, бірін - бірі сыйлауға, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже:
-Қиысудың қалай байланысатынын меңгереді. Сөйлемдерден қиысуды сұрақ қойып табуға үйренеді.
-Қиысу әрі сөз байланысының бір түрі, әрі сөйлем болып саналатынын тәжірибеде іске асырады.
-Оқушылар жұптық, топтық жұмыстар барысында ынтымақтастық ортасын қалыптастырады.
-Сабақ соңында оқушылар өздерінің түсініп, алған білімдерін іс-әрекет барысында қолданады және өздерін бағалайды.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдіс - тәсілдері: сұрақ-жауап, талдау, іздендіру, шығармашылық жұмыс
Сабақтың көрнекілігі: Слайд, кесте.
Пәнаралық байланыс: Әдебиет, тарих
Сабақтың барысы: а) Ұйымдастыру кезеңі :
Оқушылармен амандасу, түгелдеу, оқу құралдарын тексеру. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.Топқа бөлу.
Тренинг: «Атыңды әнге қосу». Есімін жуан – жіңішкелігіне қарай музыка әуенімен айтады. Кейбір жақсы айтылған әуендер қайталанады.
Білу. Біліміңді байқап көр
Синтаксис нені зерттейді?
Сөз тіркесі дегеніміз не?
Күрделі сөз дегеніміз не?
Сөз тіркесінің айрықша белгілері қандай?
Сөздердің байланысу тәсілдері қалай жасалады?
Септеулік шылаулар мен жалғаулық шылаулардың сөздерді байланыстырудағы айырмашылықтары қандай?
«Сәйкестендіру» .Сөздердің байланысу тәсілдерін анықтау.
Самал жел --------------------------шылау арқылы
Адамзатты сүю ------------------------орын тәртібі
Білу үшін оқу -----------------------жалғау арқылы
Шоқан – ғалым --------------------шылау арқылы
Ғажайып әлем ----------------интонация арқылы
Еңбектің жемісі --------------интонация арқылы
Түсіну. Сөздердің байланысу түрлері. Қиысу
Жаңа сабақты ашуда оқушылардың Түсінгенін қол шапалағы арқылы берулері сұралады.
Сөйлемдегі сөздер әр түрлі ыңғайда байланысады. Олай болса сөйлемдегі, сөз тіркесіндегі сөздерді тек байланысу тәсілдеріне қарай емес, байланысу түрлеріне қарай да топтастыруға болады. Мысалы, Біз Ғаниды өзінің үйінен таптық деген сөйлемді сөздерді байланысу тәсілі тұрғысынан қарасақ, бәрі де қосымшалар арқылы байланысып тұрғанын білеміз: біз таптық (жіктік жалғау арқылы), Ғаниды таптық (табыс септік жалғауы арқылы), өзінің үйінен (ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғауы арқылы), үйінен таптық (шығыс септік жалғауы арқылы). Бұлар сөздердің байланысу түріне қарай өзара ажыратылады. Қазақ тілінде сөздердің байланысуы бес түрге бөлінеді.
Сөздердің байланысу түрлері
Қиысу, меңгеру, матасу, қабысу, жанасу
1. Қиысу — баяндауыштың бастауышпен байланысы. Мысалы: Біз оқушымыз. Сендер студентсіңдер. Мен жазушымын. Олар бірінші космонавттар. Сіз оқытушысыз. Мен оқыдым. Біз оқыдық. Бұл — Шолақсай, Табысымыз мол, ертеңіміз айқын (газеттен).
2. Меңгеру — сөздердің өзара септік жалғауларының (ілік пен атаудан басқа) біреуі арқылы байланысқан түрі. Мысалы: Алтын етікті де аяққа киеді. Жақсы ісімен жақсы.
3. Матасу - ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің байланысуы. Мысалы: ағаштың бұтағы.
4. Қабысу деп сөз бен сөздің өзара ешбір жалғаусыз тұрған орны арқылы байланысуын айтамыз. Мысалы: қызық кітап, ақ жаға, алтын сағат.
5. Жанасу - сөздердің жалғаусыз орын тәртібі арқылы байланысуының бір түрі. Мұның қабысудан айырмашылығы - тіркескен сөзінен алшақтап араға сөз салып та тұра алады. Мысалы: шарықтап ұшу, шырақтап көкке ұшу, ертең бару, ертең киноға бару.
Қолдану. Ару қыздар — алаулап от кешкендер
ТАПСЫРМА: «Ойлан, тап!»
І топ
Ленинград қаласын әуе шабуылынан қорғаған зенит зеңбірегі ресчетінің командирі Әкима Ақжолаева есіне алады.
...Әлі күнге жүрегімнің түкпірінде сақтап келген бір сырым бар. Мен ешкімге айтқан емеспін. Мен құжаты жоқ адамды майданға алдыңғы шепке жібереді дегенді естідім. Новосібір қаласына жақындағанда құжаттарымды құртып жібердім. Бәрі соло майданға жетсем деген адал ниеттен шыққан еді.

Қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Доспанова Хиуаз.
Хиуаз апа Берлинге дейінгі ұзақ жолында 300-ден астам рет аспанға көтеріліп, екі рет жаралы болыпты. Ол Мәскеуде медицина институтында оқып жүрген кезінде, майданға өз ерікмен аттанды. Гитлершілердің берекесін қашырған қазақтың ұшқыш қызы талай рет көзге түсіп, «Жауынгерлік Қызыл Жұлдыз», Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
ІІ топ
Пулеметші, ефрейтор София Шияпованың естелігінен.
...Будапешт үшін сұрапыл соғыс жүріп жатқан. Біз бекінген үйге қарай бір ротадай неміс солдаттары келе жатты. Мен пулеметтен оқ жаудырдым. Бұл жағдайда күтпеген немістер сасқалақтап қалды. Бұл ерлігім үшін мен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым.

Зеңбірек оқтаушы Алтын Уәлиева
1943 жылы Витебск түбінде. Түскі тамақ кезінде бір топ қазақ сау етіп кіріп келді. «Алға, жауға қарсы аттан!» майдандық газетінің тілшілері екен. Оларды Дихан бастап келді.
Сергіту сәті. «Біз айтпаймыз, тек көрсетеміз»
Талдау. Морфологиялық талдау.
Оқулықпен жұмыс.
226 – жаттығу. Мәтіннен қиыса байланысып тұрған сөз тіркестерін тауып, қай сөз табынан екенін анықтау.
227 – жаттығу. Оқушыларға оқыту. Мәтіннен қиыса байланысып тұрған сөз тіркестерін табу.
Жинақтау. Шығармашылық жұмыс
І топ Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді
ІІ топ Ана тілі- қадірлеп ұстайтын байлық
Салыстыру. Венн диаграммасы

Сөздердің байланысу тәсілдері Ортақ белгісі Сөздердің байланысу түрлері

«Ыстық орындық» (ортаға шығып оқушылардың сұрақтарына жауап береді.Әр топтан тек 2 сұрақтан берілуі тиіс)
Мыс: Сөздердің байланысуы дегеніміз не?
Бағалау. Бағалау парағы бойынша оқушылардың білімдері бағаланады.
Рефлексия. Оқушылар стикерлерді төмендегідей суреттерге жапсырады.
• Сандық – білімді ойыма тоқыдым;
• Ет турағыш -білімімді әрі қарай жетілдіруім керек;
• Қоқыс шелегі - маған бұл білім қажет емес.
Қорытынды. Сеңдер бүгін сабақтан не алдыңдар? Сізге не ұнады?
Үйге тапсырма: 230- жаттығу. Етістіктерді байланысатын сөздерімен бірге теріп жазыңдар.

ID: 1648 | Просмотров: 5307