Сайт учителя начальных классов
.
Қазақ –Америка Университеті
жанындағы мектептің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
п.ғ.м. Оразбаева Э.С.

Сабақтың лексикалық тақырыбы: Қазақстан әлемдік кеңістікте
Грамматикалық тақырыбы: Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем
(11-сынып )

Сабақтың мақсаты:
1.Білімділік: Қазақстан туралы білімдерін толықтыра отырып, өз ойын ашық айтуға, сөйлесуге үйрету.
Дамытушылық: Оқушылардың ой-өрісін дамыту, сөздік қорларын молайту, логикалық ойларын, шығармашылық танымдық қабілеттерін арттыру.
Тәрбиелік: Тәуелсіздік туын жоғары ұстауға,тіл байлығын қадірлеуге, патриоттық, адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіріп, жеке тұлға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілі: практикалық, іздендіру, көрнекілік, слайд топтамасы, интербелсенді тақта.

Сабақ барысы

ТЫҢДАЛЫМ
Қазақстан әлемдік қауымдастықта

Қазақстанда 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен жақсы қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ең жақын және ірі көрші мемлекеттер – солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар.
Ресей мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың одан әрі дамуында 1998 ж. 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді.
2003 жыл Ресейдегі Қазақстан жылы, 2004 жыл Қазақстандағы Ресей жылы ретінде мемлекеттік деңгейде аталып өтті. 2004 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 7 млрд. долларға жетті, мұның өзі 2003 жылғы сондай көрсеткіштен 40% дерлік .
Тәуелсіздік жылдары оңтүстік-шығыстағы үлкен көрші мемлекет - Қытай Халық Республикасымен тату көршілік және достық қатынастар орнатуда едәуір табыстарға қол жетті. 1990 ж. Қазақстан мен Қытайдың темір жол арқылы өзара байланысы іске асты, сөйтіп, біздің республика Тынық мұхит жағалауына ең қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болды. Екі елдің арасында сауда соңғы жылдары ондаған есе өсті.
Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынасының маңызы өте зор. АҚШ Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде таныған 1991 ж. 25 желтоқсаннан бастап, екі мемлекет арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады.

3-тапсырма. Тыңдалған мәтін бойынша хронологиялық кестені толтырыңыз.

Жылдар Маңызды оқиғалар
1990 жылы

1991 жылы

1992 жылы

1998 жылы

2003 жылы

2004 жылы

Мәтінің тірек сөздері: сыртқы саясат, халықаралық қатынастар, көршілермен қарым-қатынас орнату, дипломатиялық қатынас орнату, достық пен ынтымақтастық туралы декларация, шетелдік елшілік, халықаралық және ұлтаралық ұйым.

СӨЙЛЕСІМ
1-тапсырма. «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында төменде берілген сұрақтар төңірегінде сұхбат құрыңыз.



1. Қай жылы Қазақстан Республикасының рәміздері қабылданды?
2. Әнұранның авторы кімдер?
3. Елтаңбаның авторы кімдер?
4. Тұңғыш Президент қашан сайланды?
5. Тіл туралы Заң қашан қабылданды?
6 Қазақстан Республикасының Ата Заңы қашан қабылданды?
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңы нешінші бабта айтылған?

2-тапсырма. Төменде берілген мақал-мәтелдерді екінші сыңарымен жұптастырыңыз.

1. Бірлік болмай, берекет жоқ
2. Басшысын сыйлаған өз түбіңе жеткенің
3. Хан тірегі - ел озады
4. Әрекет болмай - тірлік болмас
5. Кісі елінде сұлтан болғанша, адамдар қасиеті
6. Отанға опасыздық еткенің, халық
7. Батылдық – рухы күшті өз еліңде ұлтан бол

5-тапсырма. Төменде берілген сұрақтар төңірегінде досыңызбен интервью сұхбат жүргізіңіз?

Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем – іс-әрекеттің не мақсатпен, не үшін болатынығын білдіретін сабақтастың түрі. Жасалу жолы: -у үшін, -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек болып. Мысалы: Халықаралық достық пен ынтымақтастық нығайту үшін, Мәскеуде достық пен ынтымақтастық туралы Декларацияға қол қойылды.
ОҚЫЛЫМ

4-тапсырма. мәтінді тұсініп оқып, сұрақтарға жауап беріңіз.

Қазақстан әлемдік кеңістікте

Дүние жүзіндегі көптеген экономикалық және саяси жаһандау үдерістері халықаралық құқықтың басты-басты қағидаларын алға қойып отыр.
Жас мемлекет үшін БҰҰ, ЕҚЫҰ (ОБСЕ) — (Еуропадағы кауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Халықаралық Еуропалық даму және қайта құру банктері,Халыкаралық валюта қоры, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, т.б. сияқты ірі-ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуы аса маңызды жағдай.
1992 жылғы 2 наурыздағы БҰҰ Бас Ассамблеясыныц (БҰҰ БА) 46-сессиясында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке алу жәніндегі қарарға қол қойылды.Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше мән бере отырып, Қазақстан БҰҰ-ның бейбітшілікке бағытталған қызметіне белсенді түрде қолдау көрсетті. 1996 жылы Қазақстан БҰҰ-ның, бейбітшілікті қолдайтын шараларына қатыса алатын резервтік келісімдер жүйесіне қосылған 51 - мемлекетке айналды.
1998 жылы 16 қарашада БҰҰ БА-ның 53-сессиясы «Халықаралық ыңтымақтастық және тұрғындарды сауықтыру, Қазақстандағы Семей аумағының экологиясы мен экономикалық дамуы мақсатындағы жұмыстарды үйлестіру» деп аталған қарар қабылдады. Қазақстан басқа да халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесіне айналды. 1998 жылы республика БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі (ЭӘК) жанындағы комиссия құрамына кірді. Қазақстанның БҰҰ-ның балаларға көмек қорымен (БКҚ) ынтымақтастығы кең түрде даму үстінде. Республикада «Бала мен ана денсаулығы», «Базалық білім беру», «Сумен қамтамасыз ету және санитария ісі» және басқа да бағдарламалар бойынша жұмыстар жүргізілді. 1997 жылы Қазақстан БҰҰ-ның балаларға көмек қорының Атқару Кеңесіне мүше болды.
Қазақстанның сыртқы саясаты 1991 жылдан 2001 жылға дейінгі 10 жыл ішінде күрделі даму жолынан өтті. 1991—1993 жылдары Қазақстан халықаралык құқық субъектісі ретінде әлемдік қоғамдастыққа ену шараларын жүзеге асырды, дүние жүзіндегі жетекші елдермен ынтымақтастықтың келісімдік-құқықтық базасын қалыптастырды.
1994—1997 жылдары сыртқы саясат қызметінде мықты құкықтық база құру жұмысы жалғастырылды.
2003 жылы Алматыда Бейбітшілік пен өзара келісім жөніндегі халықаралық конференция мен Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің 1 съезі болып өтті. 2006 жылдың қыркүйек айында Астанада Бейбітшілік пен өзара келісім Сарайында Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің II съезі болды.

1. Қазақстан қандай халықаралық ұйымдардың мүшесі?
2. 1992 жылғы 2 наурызда қандай қарарға қол қойды?
3. 1998 жылы 16 қарашада қандай қарар қабылданды?
4. Республикамыз БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі (ЭӘК) жанындағы комиссия құрамына қай жылы кірді?
5. 1997 жылы Қазақстан қандай қорға мүше болды?
6. Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің 1 съезі мен II съезі қай жылдары өтті?

ЖАЗЫЛЫМ
6-тапсырма. Сөйлемді жалғастырыңыз.
1. Қазақстанда сыртқы саясат пен халықаралық қатынастарды нығайтпақ болып, .....................................................................................................................................................................................
2. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен жақсы қарым-қатынастар орнату үшін, .....................................................................................................................................................................................
3. Екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдаланбақ болып, .....................................................................................................................................................................................

Тест тапсырмалары

1. Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемді табыңыз.
A. Өткенге топырақ шашсаң болашақ саған тас атады.
B. Достық пен ынтымақтастық нығайту үшін,Декларацияға қол қойылды.
C. Еңбексіз ауырса, емі табылмайды.
D. Ғылым өзін-өзі сызғылай отырып, талассыз ілгері жылжи береді.

2. ҚР Мемлекеттік Туы қашан қабылданды?
A. 1992 жылы 6 маусымда
B. 1991 жылы 6 мамырда
C. 1994 жылы 4 маусымда
D. 1992 жылы 4 маусымда
3. Қазақстан оңтүстік – шығыста қай елмен шегаралас орналасқан?
A. Өзбекстан
B. Монғолия
C. Қырғызстан
D. Қытай
4. Астана қашан Қазақстанның астанасы болды?
A. 1997 жылы 10 желтоқсанда
B. 1997 жылы 6 шілдеде
C. 1998 жылы 6 мамырда
D. 1992 жылы 4 маусымда


Глоссарий

қазақ тілінде орыс тілінде ағылшын тілінде
тәуелсіздік независимость independence
достық дружба friendly
ынтымақтастық сотрудничество collaboration
қол қою подписывать to sign
құрамына кіру входить в состав included in composition
елшілік посольство embassy
дін өкілдері представители религии representatives of religion
ұйымдастыру организовать to organize
сыртқы саясат внешняя политика foreign policy
Ішкі саясат внутренняя политика domestic policy



Мақал мәтелдерді түсініп оқып, жаттау.
Туған жер - тұғырың,
Туған ел - қыдырың.

Ел қадірін көрген біледі,
Жер қадірін жүрген біледі.


Адам елінде көгерер,
қоға көлінде көгерер.

Бөтен жердің гүлінен
Туған жердің тікені артық.

Өз елімнің басы болмасам да,

Сайының тасы болайын.

Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.

Елінен безген оңбайды,
Көлінен безген қонбайды



«Қазақстан болашақта» тақырыбында шағын эссе жазу.






Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Негізгі әдебиет:
1. «Қазақ тілі» Оқу құралы. / Қ.А. Жақыбаева, Г.Ш. Акимбекова – Алматы: Экономика, 2012 ж.
2. Сарыбасова Қ.Б: Қазіргі қазақ тілі (лексикология және фразеология): Оқу құралы.- Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2012. – 200 бет.
Қосымша әдебиет:
1. Мерзімді баспасөз материалдары және ғаламтордан алынған материалдар.

ID: 1660 | Просмотров: 9401