Сайт учителя начальных классов
.
Өзіндік жұмыс жасату арқылы бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамыту

Өзіндік жұмыс жасату арқылы бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамыту

Өзіндік жұмыс жасату арқылы бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамыту

Бөріқұлақова Ботакөз

ОҚО, Созақ ауданы С. Қожанов атындағы

жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Шығармашыл мұғалім ғана шығармашыл

оқушыларды тәрбиелеп шығарады, жеке

тұстаз ғана жеке тұлғаны қалыптастырады.

Мәселе нені оқытуда емес, қалай оқытуда...

Шығыс даналығынан

" Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз" демекші, бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сондықтан қазіргі мектептің басты мақсаты – баланың табиғи күштері мен мүмкіншіліктерінің ашылуына қолайлы жағдай жасау. Білім беру мазмұнын жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту - бүгінгі күннің талабы.

Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңында: "Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау" делінген. Жас ұрпақ – еліміздің ертеңі, болашағы. Ендеше, білім беру саласындағы басты міндет ұлттық ерекшеліктерді есепке ала отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін жетілдіру, жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

Қазіргі күні Қазақстан Республикасында бастауыш білім берудің жаңа мемлекеттік стандартына сәйкес мектептегі оқыту мен тәрбиелеу маңызы түбегейлі өзгеріп, бірінші кезекке бұрынғыдай оқушыны пәндік білім, білік және дағдылардың белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оқушының оқу танымдық іс-әрекетін дұрыс және тиімді ұйымдастыру негізінде жеке бас тұлғасын қалыптастыру мақсаты қойылып отыр. Осы орайда егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұлғада өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде. Демек мектептегі оқу үрдісі оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық әрекетін дамытуына жол ашуы қажет.

Танымдық белсенділік- оқушының оқуға білуге деген ынта-ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. Танымдық белсенділік проблемалық сұрақтың жауабын іздестіруде, өзіндік жұмыс орындауда жүзеге асады.

Оқушының білім алу процесіндегі өзіндік пікірі мен ой-жүйесінің негізі бастауыш сатыда қаланатыны белгілі. Сондықтан бастауыш сыныптарда оқитын балалардың жас ерекшеліктерінің және оның мектепке дейінгі жүйемен сабақтастығының ескеруіне баса назар аударылады.

Оқушының өзіндік білімін кеңейтуге деген алғашқы қадамы өз іс-әрекетіне басшылық жасай білуінен байқалады. Ол мектепке дейінгі жастағы баланың ойын әрекетінен анық байқалады. Сондықтан, баланың өзі атқарып отырған әрекеті ендеше ақпарат алу, яғни әңгімеге тарту оның ақыл-ойының одан әрі дамуына кепіл бола алады. Оған мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, оқушы ретінде өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыруға жағдай жасау арқылы қол жеткізуге болады. Ол мектепке дейінгі қаланған дағдылар негізінде, сондай-ақ бастауыш білім беру сатысымен тікелей сабақтастықта жүзеге асады.

Мектепке келгеннен кейін оқушының ойын түріндегі өзіндік іс-әрекетін дамыта отырып, оқу әрекетін ұштастыру оқытушы тарапынан жоғары білікті талап етеді. Мұғалім оқушының өз бетімен жұмыс істей білу қабілетін ашудың педагогикалық-психологиялық, ғылыми-әдістемелік негіздерінен хабардар болуы тиіс.

Оқушының өздігінен білім алуы өз еркімен жұмыс істеуді талап етеді. Өздігінен білім алу әрекеттің мақсат, міндеттерін мазмұнын, ұйымдастыру жолдарын оқушылардың өздері анықтап, іске асыруына байланысты. Ал оларға кеңес, нұсқау, жалпы бағыт беріп басқару- мұғалімнің міндеті. Оқушының өзіндік жұмысын ұйымдастыру, оған басшылық жасау- мұғалім үшін жауапты да, күрделі жұмыс. Оқушының өзіндік әрекетке белсенділігін арттыруға баулу әрбір мұғалімнің алғашқы міндеттерінің біріне айналуы тиіс.

Мектеп – білім мен тәрбие берудің орталығы. Баланың өмірге көзқарасы, дүниетанымы, мінез-құлқы да мектепте қалыптасады.

Адам өмірінің «алтын бесігі» - мектептің есігін ашқан балдырған жарығы мол жаңаша өмірде адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір заңдылықтарын үйренеді.

Ал осы бағытта оның алдында пір тұтар тұлғасы ұстазы тұрады. Ұстаз-бала тағдырының бастауына жол ашар ұлы тұлға.

Ұстаз! Осы сөзде қаншама құдіретті, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Ендеше осы қасиетті сөздің иесі болу – бақыт. Ы. Алтынсарин атамыз: "...жақсы мұғалім – мектептің жүрегі", - деген еді. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің де іске аспайтыны белгілі.

Әр ұстаз шығармашылықпен еңбек ету керек. Іздену, жаңалыққа ұмтылу – бүгінгі күннің талабы. Қайта құру өзімізден, өзіміздің іс-тәжірибемізді молайтудан басталады. Ұстаз оқу мен тәрбие жұмысын ұштастыра, байланыстыра жүргізу қажет. Оқу-тәрбие жұмысы ұстаздардан білімділікті, шеберлікті талап етеді.

Білімді ұстаз ғана өз оқушысының алдында беделге ие болады. Мұғалім өз оқушыларының пікірімен санасып, бірімен-бірі өзара достық қарым-қатынаста болса, оқу-тәрбие жұмысының да алға басатыны даусыз.

Сонымен қатар оқушы да өзін-өзі басқару дәрежесінде болуы керек. Ұстаз берген білімді, тәрбиені дұрыс қабылдау, көркем әдеби кітаптарды көп оқу, пәндік үйірме жұмыстарына, әдеби-драмалық, көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысу-оқушы білімі мен тәрбиесінің жоғары болуына елеулі әсер етеді. Қорытындылай айтарым, жарқын,бақытты өмір сүру үшін жастарымыз білімді, саналы азаматтар болып қалыптасуы керек.

Міне осы тұлғаның бірі-мен: «Шығармашыл мұғалім ғана шығармашыл оқушыларды тәрбиелеп шығарады, жеке тұлғалы ұстаз ғана жеке тұлғаны қалыптастырады. Мәселе нені оқытуда емес, қалай оқытуда» деген шығыстың даналық сөзіне бас иемін. Осы орайда Чарлз Дарвин өзі туралы өмірбаянында: «...Мен басқалардан ерекше ақылдылығыммен, ой жүйріктігімен емес, кейбір адамдар көре белмейтін назардан тыс нәрселерді байқап, талдай алумен ерекшелемін»-деген жазба жолдарын оқи отырып, осы «байқау» мен «талдай алу» мүмкіндігіне де мұғалім қырағылығымен жетеді деген жауапкершілікті өзіме жүктеп алдым.

Ұзақ жылдан бері кіші жастағы мектеп оқушыларымен жұмыс жасау барысында үнемі басшылыққа алып отыратын жұмыс түрім-өзіндік жұмыс.

Күнделікті 45 минуттық әрбір сабағымның 70-80 пайызын алып жататын өзіндік жұмыстар-мені және оқушыларымды жаман нәтижеге жеткізген жоқ. Мен бұл баяндамамда ұзақ жылғы қолданған әдісіме және нәтижеме тоқталмақпын.

Педагог-ғалым Ж.Әбілдин «Адамзат баласының санасы қисынды ойлауға икемді қандай да бір іс-әрекеттер жасауға қабілетті дайын әлеуметтік бағдарламамен бірге туылмайды. Барлық адами атрибуттар, қасиеттер оның табиғатында жатқан жоқ, керісінше, ол адамның әрекет етуі мен қарым-қатынас жасауы, өзіндік әрекеті арқылы қалыптасады», - делінген. Міне осындай өзіндік әрекетке бейімделген бала-заман талабы, ХХІ ғасыр талабына сай келетін шәкірт тәрбиелеу-басты мақсатымыз. Оқушыларды өздігінен жаңа ақпараттар іздестіруге, оқу тапсырмаларын өздігінен шешуге талпындыруымыз керек.

Бұл орайда ұлы педагог Ахмет Байтұрсынұлы: «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек, мұғалімнің міндеті балаға жұмысты әліне қарай шағындап беруі және белгіленген мақсатқа қарай бағыттап отыруы керек»-делінген. Менің мұнан түйгенім- мұғалім алдында отырған әрбір оқушының қызығуы мен мүмкіндіктерін ашушы. Оқушының өзіндік жұмыстарының мән-мағынасын ұйымдастырудың тәсіл-амалдарын бір жақты ғана сипаттауға болмайды.

Выготскии: «Әр баланың өзінің деңгейі болатындай, әр балаға берілетін тапсырманың көлемі оның өз деңгейіне лайықтап беріледі. Әр баланың өзінің даму зонасында жетілдіру керек»,-дейді. Балаларға берілетін тапсырмалар тек ауызша оқуға ғана емес, жазу арқылы есінде сақталмақ. Баланың өз бетімен жұмысы кеңістікте заттарды орналастыру, бастырып сызу, сызбаны өзінше аяқтау арқылы жазу, мөлшерлеу, іштей санау, салыстыру, дәлелдеу, ойланып жұмыс жасау арқылы іске аспақ. Мысалы: Мектепке жаңа келген даярлық сыныбының оқушыларына мынадай тапсырма ұсынамын:

Оқушылардың алдына шалбар, тон, көйлек, қалпақ, кесе, қасық, тауық, қаз, үйрек суреттерін тастаймын. Әрбір оқушы осы суреттерді топтастырып, жалпы атаумен атау керектігін ескертемін. Балалар суреттерді қарап шалбар, тон, көйлек, қалпақ-киім атаулары, кесе, қасық-ыдыстар, қаз, үйрек-құстар деп топтастырып шықты. Ал 1-сынып оқушыларына «Қай әріпті жоғалттым?» ойыны бойынша тақтаға кейбір әріптері жазылмай қалған сөздер жазылған плакат ілемін Жоқ әріптерді жазып оларды дауысты-дауыссызға, жуан-жіңішкеге ажырату керектігі жайлы айтып

....ліппе, ....ыбыс, са..хат, жа...быр, су...ет, ...е...із

ә-а, д-т, я-ю, н-ң, әріптерінің біреуін қойып жазуға тапсырма бердім.

Ал 2-3 сынып оқушыларына күрделірек тапсырмалар ұсынамын. Өзіндік жұмысты ана тілі пәнін өткенде мәтін кейіпкерлеріне сипаттама беру, осы мәтін төңірегінде эссе жазу, әр тараудан соң шығарма жазу т.б. тапсырмаларды менің көмегімсіз орындауға дағдыланған.Мұндай өзіндік жұмыстар балаларды ізденімпаздыққа, жауапкершіліке және еңбек етуге үйретеді. Бала өз бетінше ізденіп, кітапханамен байланыс жасап, газет-журналдар оқиды. Оқушыларға жекелей тапсырма беру үйренушілік, шығармашылық, құбылыстарды өз бетінше талдай келіп, шағын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмысын жүргізуге болады. Бұл оқушыға кішкентай жаңалық ашқанмен пара-пар.

Осы орайда «Ата-баба мұрасын сақтаймыз және көбейтеміз» атты ғылыми жоба сайысында оқушым Қалдыбайқызы Салтанат ауданннан ІІ орынды иеленді.

Ал тілдер мерекесінің қарсаңында ауданымызда өтілген «Ана тілім-асылым» атты шығармалар байқауында оқушым Мақаш Жарқын жүлделі І орын алды. Қиял ғажайып ертнгілер тақырыбында «Мен фантастикаға сенемін» атты өткізілген аудандық байқаудан оқушым Тұрғанбек Назым бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен бірге облыстық, республикалық балалар газеттеріне оқушыларымның бірнеше мақалалары басылып шықты.

Өзіндік тапсырмаларды менің оқушыларым әсіресе математика сабағында орындауға өте көп құлшыныс білдіреді. Әсіресе көп таңбалы сандарды көбейту және бөлу тақырыбын өткенде әрбір оқушыға жеке-жеке тапсырма беріп, орындап болған соң тақтаға жауабын ілемін. Балалар өз-өзін тексеріп, іштей өздерін бағалауға үйренеді. Балаларды өз бетінше жұмыс жасауға үйретуге СТО бағдарламасы өте тиімді. Олай дейтінім балалар топтасып, кейде жұптасып жұмыс жасайды. Бірінің білмегенін бірі толықтырады. Бір-біріне көмек беруге де үйренеді. Қызығушылығы төмен балалар да топтық тапсырмада өзінің қалай қосылып кеткенін де байқамай қалады.

Оқушылардың өзіндік әрекет дағдыларын қалыптастыруда бір-бірімен тығыз байланысты екі міндетті шешу қажет. Бірі - оқушылардың танымдық көзқарасын қалыптастыра отыпып, дамыту, екіншісі-өзінің практикалық іс-әрекетін бағалауға, өзіндік қорытынды шығаруға,шешім қабылдауға баулу. Өзіндік жұмыс терең де берік білім алу құралы бола отырып, оқушының азамат ретінде өмірден өз орнын табуға кепіл бола алады.

Әрине оқу тәрбие процесінде оқушы өзінің іс-әрекетін өз бетінше ұйымдастырып алып кете алмайтыны түсінікті. Оған әр оқушыны жеке тұлға ретінде дамыту арқылы, жас ерекшеліктерін ескере отырып, қабілеті мен мүмкіндіктерін ашу арқылы қол жеткізуге болады.

Мақсатқа қоюға үйретудің өзі қарапайым әрекеттер жиынтығынан бастау алады. Мақсатқа жету процесінің өзі терең ойлануды, әрекеттерді сабақтастыра, салыстыра білуді талап етеді. Мұның бәрі оқушының жеке қабілеттерінің дамуымен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Сондай -ақ мұғалімнің жүйелі ұйымдастыруымен, нәтижеге бағыттауымен, тиімді жоспарлауымен, бірізділікпен орындалатын іс.

В.Г. Лембергтің пікірінше, өзіндік жұмысты ұйымдарстыру мына шарттарға байланысты:

а) жұмыстың мақсатын айқын түсінуі;

ә) жұмыстың жемісті аяқталуына, оның алдағы нәтижесіне қызығуы;

б) жұмысты өз еркімен, қалауымен орындауы.

Оқушының оқу таным әрекетін арттырудың тиімді құралдарының бірі- оқушының өзіндік жұмысы мен өздігінен білім алу әрекеті. Өзіндік жұмыс істеу іскерліктері мен дағдылары, сөзсіз ой еңбегінің мәдениетімен байланысты.

Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:

Мұғалімнің нақты тапсырмалар, нұсқаулар беруі;

жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;

мұғалімнің басқаруымен оқушының дербестігінің мөлшері;

олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеу, оған әсер ететін мотивтер.т.б.

Өзіндік жұмысты мұғалімнің дұрыс басқара білуі және оқушының дербестік әрекетінің деңгейінің артып отыруы-осы жұмысты ұйымдастырудың негізгі белгілері болып табылады.

Оқушының дербестігін даму деңгейіне қарай өз бетінше істейтін жұмыстары репродуктивтік және шығармашылық деп арнайы екі топқа бөлуге болады.

Өзіндік әрекет нәтижесінде оқушы бойында мынадай қасиеттер қалыптасады.

Өз бетінше ойлану біліктері мен ізденімпаздығы;

Оқуға деген қабілетінің артуы;

Берілген білімді игеру ғана емес, оны жаңалап және тиімді игеру жолдарын түсіне білу ниеті;

Басқа оқушылармен сын көзбен қарауы;

Өз ойының дербестігі;

Оқушының өз бетінше кітаппен жұмыс істеу, бақылау, жаттығу, экспиримент жүргізу іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру.

Репродуктивті жұмыстарға-оқушының дайын үлгіге қарап жасайтын жұмыстары (көшіріп жазу, жаттығулар, мұғалім сұрақтарына жауап беру, оқулықтағы мәтінмен жұмыс істеу, сабақ үстіндеорындаған тапсырмаға ұқсас тапсырманы үйде орындау. т.б.) жатады.

Өзіндік жұмыс танымдық іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыруда, болашақта білімді өз бетінше жинай алу қабілеттерін дамытуда жетекші рөл атқарады, ойлауды жандандыра түседі және оқып үйренуде оқушылардың жалпы белсенділігін арттырады.

Оқушының оқу үрдісінде танымдық белсенділігін, қабілетін дамыту, танымдық жан қуаттарының оянуына ықпал ету, білім деңгейін жетілдіру ұзақ әрі жүйелі жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде қалыптасады.

Бастауыш сыныптан бастап, оқушының өзіндік әрекетін ұйымдастыра білу дағдысын қалыптастыру ісінің бүгінгі күнгі білім беру мазмұнын жаңғырту процесінде мұғалімнің іс-тәжірибесінде ерекше орын алатыны анық.

Жаңа заман жаңа адамын талап ететін болса, ол адамның өмір сүру тәсілі өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыра білуінен бастау алады. Ол жас кезеңдеріне сәйкес өзгеріп, қалыптасып, жаңарып отырады. Сондықтан баланың өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыра білуге баулу өз бетімен өмір сүруге даярлаудың алғышарты болып табылады.

Бұл-ұстаздарға, барлық жұртшылыққа жүктелетін ауыр да абыройлы іс. Еліміздің білімді, саналы азаматтарын тәрбиелеп шығарудан артық ұстаз үшін бақыт болмаса керек.

Уақыт талабы, кезеңі де осыны талап етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Бастауыш білім журналы 2011 №4

2.12 жылдық білім журналы №6-2007,№10-2008

3. Бастауыш сынып журналы №5,7,8-2004

4.Б.Қ. Игенбаева «Адамгершілік сабақтары»

5.Қ. Жарықбаев. Психология-Алматы, «Мектеп» 1982

6.Мектептегі психология 2007, №2

7. Әрекеттегі PWCT философиясы мен әдістері Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту

ID: 55 | Просмотров: 3366

28/Ноя/2014