Сайт учителя начальных классов
.
VIIІ түрдегі коррекциялық мектептің VII-IX сынып оқушыларының тарихи және қоғамтанушылық материалдарды меңгеру ерекшеліктері

VIIІ түрдегі коррекциялық мектептің VII-IX сынып оқушыларының тарихи және қоғамтанушылық материалдарды меңгеру ерекшеліктері

VIIІ түрдегі коррекциялық мектептің VII-IX сынып оқушыларының тарихи және қоғамтанушылық материалдарды меңгеру ерекшеліктері

VIIІ түрдегі коррекциялық мектептің VII-IX сыныптарында оқытылатын Қазақстан тарихы курсы тарихи білімнен басқа қоғамдық-саяси және құқықтық ұғымдар мен түсініктерді қамтиды.

Қазақстан тарихының ең қарапайым, бастапқы біліміне негізделген көмекші мектептегі тарих курсының алдында тарихи үрдістерді толық, жан-жақты суреттеп көрсету міндеті тұрмағаны түсінікті. Сондықтанда оқушыларға Отан тарихының  аса маңызды  оқиғаларынан білім-дағдылар беріледі.

Коррекциялық мектептегі тарихты оқыту курсы келесі білімділік – тәрбиелік міндеттерді шешеді:

- оқушыларға қоғамның ең ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі дамуы туралы мағлұмат беру;

-тарихтың шынайы жасаушылары материалдық және рухани қазыналардың иесі халық бұхарасының және жеке адамның тарихтағы рөлін көрсету;

- мектеп оқушыларына ғылыми объективтілік принциптерін басшылыққа ала отырып қоғамдық саяси әрекетке дұрыс бағдар алуға үйрету;

        Тарихтың ең қарапайым курсын  оқытудың өзі оқушылардың тарихи даталардың минимумын, тарихи уақыт  ұғымдарын және тарихи уақыт түсінігін меңгермей мүмкін емес.

Ақыл-ойы кембағал оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ерекшеліктеріне байланысты, соның ішінде ойлау қабілетінің ауызекі-логикалық пен саралау-сараптау формаларының бұзылуы,тарихи уақытты меңгеру мен түсінуді,тарихи даталардың тиісті тарихи оқиғалармен ара қатысын белгілеуді (яғни, себеп-салдар, уақыттық тәуелділіктерді анықтау) қиындатады да арнайы әдістемелік тәсілдерді қажет етеді.

Тарих пәнінің алғашқы сабақтарында  VII сынып оқушыларына кездесетін негізгі уақыт түсініктері: бұрын, жақында, дейін, кейін, ғасыр, жүз жылдық. Меңгерілген түсініктер негізінде құралған жұмыстың келесі кезеңі – бұлтарихи оқиғаның уақытын  ширек ғасырға  дейін дәл анықтау (бірінші кезеңі, екінші, үшінші, соңғы кезеңі), тарихи даталарды  салыстыру (ерте-кейін).

Тарихты оқу барысында VII сынып оқушыларына тарихи оқиғаны механикалық түрде жаттап алу ғана емес,құбылыстар арасындағы себеп-салдарлы тәуелділікті анықтау үшін біршама терең ойлануды қажет ететін мәселелермен кездесуге тура келеді. Төменде сұрақтар тізімі берілген, олардың көмегімен мұғалім тарихи уақыт түсініктерің меңгеру дәрежесі мен оларды қолдана алу дағдысын анықтай алады.

  1. Біз сендермен нешінші ғасырда өмір сүреміз?
  2. Бір ғасырда неше жыл бар?
  3. Ғасыр сөзін қандай сөзбен алмастыруға болады?
  4. Мына немесе басқа тарихи оқиға ғасырдың қай жартысына жатқызылады (мысалы, 1729 жылы болған Аңырақай шайқасы)?
  5. Дәлме-дәл әлде шамамен алғандағы тарихи дата ма екендігін анықтау (мысалы,  жоңғар шапқыншылығы ХVІІғ. басталды – шамамен алғандағы тарихи оқиға; 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады – бұл дәлме-дәл тарихи дата).
  6. Екі датаны салыстырып, оқиғалардың жүйелілігін анықтау (бұрын-кейін). Мысалы, 1680ж. – Бөгенбай батыр туған және де 1692 ж. – Қабанбай батыр туған.
  7. Тарихи оқиғаның датасын «уақыт лентасынан» көрсету.
  8. Бір тарихи оқиғаның қай ғасырға жатқызылатынын анықтау.

Оқушылардың тарихи уақыт категорияларында бағдарлау ерекшеліктерін 1 кестедегі мағлұматтар көрсетеді.

                                                                                                                        1 кесте

Тарихи уақыт түсінігімен байланысты тапсырмаларды орындау нәтижелері %

Оқушылардың жауабы

Сұрақтар

1-ші

2-ші

3-ші

4-ші

 

5-ші

 

6-шы

 

  7-ші   

 

 

8-ші

Дұрыс                               52         45       50        30        50         20            50          15

Қате                                  33         45       30        70        40         80            40          75

Жауаптан

бас тарту

немесе

«Білмеймін»

деген жауап                      15         10       20       -           10          -              10           10        

 

Сонымен, келтірілген кестеде көрсетілгендей,  жеңіл деген сұрақтардың өзі – 1,2,3,5,7 ( кейбіреуі тек есте сақтауды қажет етеді) – ақыл-ойы кембағал оқушыларға қиындық тұғызды, сондықтанда  оларға оқушылардың тек жартысы жауап бере алды.

Салыстыру, логикалық  жүйелілікті анықтау немесе математикалық операцияларды қолдану тәрізді қосымша ойлануды қажет ететін тапсырмалар ақыл-ойы кембағал оқушыларға айтарлықтай қиыншылықтар тұғызады. Мысалы, оқиғаның датасын ғасырдың төрттен бір бөлігімен байланыстыру коррекциялық мектеп оқушысынан біршама күрделі ойлау операциясын қажет етеді: ғасырдың

төрттен бір бөлігі ұғымын 25 санымен байланыстыру (ғасыр (100 жыл) түсінігін    25 жылдан төрт бөлікке бөлу); датаның соңғы екі санын үлкендігі бойынша 25, 50, 75 және 100 сандарымен салыстыру, яғни, тарихи оқиғаның уақыттың қай бөлігіне жататынын табу.  4, 6 сұрақтарға 70 және 80% қате жауап берілгені кездейсоқ  емес екені анық.

Осындай қиындықтар тұғызатын сұрақтардың тағы бірі тарихи оқиғалардың реттілігін анықтау бойынша тапсырмалар (6 сұрақ), онда екі санды үлкендігі бойынша салыстырып, үлкен сан кейінірек оқиғаға сәйкес деген тұжырым жасау қажет.

Тарихи оқиғаны қай ғасырда болғанымен байланыстыру үшін  (8сұрақ) оқушыларға бірқатар күрделі ойлау операцияларын орындау қажет (алғашқы кезде тақтада немесе дәптерде, содан кейін ойша). Мысалы, Өскемен қаласының іргесі қай ғасырда қаланған екенін анықтау үшін (1720ж.),тарихи датаны білдіретін санды екі бөлікке бөлу қажет – 17 және 20; 17 санының осы оқиғаға дейін өткен ғасырлар санын білдіретінін; оған 1 қосу: 17+1=18. Әрине, бұл тапсырма оқушыларда көптеген қиындық тұғызды – олардың 15% ғана орындай алды.

Қоғамтанушылық  ұғымдардың ерекше тобын жоғары сынып оқушыларының құқықтық білімі мен тәрбиесінің негізі болып табылатын ұғымдар құрайды.

Ақыл-ойы кем оқушыларға арналған коррекциялық мектеп жағдайында құқық негіздерін оқытудың   түзету-тәрбиелік маңызы зор. Оқушыларға күнделікті айналадағылармен әртүрлі қарым-қатынасқа түсуге тура келеді – көшеде, көлікте, дүкенде және т.б. Әсіресе 15-16 жасында өздігінен өмір сүруге бет алған мектеп түлектерінің өндірістік ұжымда, тұрмыста  әлеуметтік байланыстары кеңейіп, жаңа сипатқа ие болады.  Жасөспірімдердің құқығы мен міндеттерінің диапазоны кеңейеді. Көбінесе олар өндірісте немесе тұрмыста өзара әрекеттесу барысында адамдар әртүрлі құқықтық қатынастарға түсетінін, қоғам мүшелеріне ортақ ережелер мен тәртіп нормаларына сәйкес өзін ұстайтынын  білмейді немесе ол туралы ойланбайды.

Ең қарапайым  құқықтық білімнің өзі ақыл-ойы кем оқушыға өзінің құқықтары  мен міндеттерін түсінуге көмектеседі. Бұл мәліметтерді ала отырып, оқушылар өздерін өндірістік ұжымның болашақ мүшесі екенін сезініп, өндірісте немесе тұрмыста әртүрлі дау-жанжалдардан аулақ болуды, тәртіптің нормалары мен ережелерін білмегендіктен жасалатын  қоғамға қарсы іс-әрекеттерге бармауды үйренеді.

VIIІ түрдегі коррекциялық мектептің 8-ші сыныбына арналған бағдарламасына сай құқық негіздерін оқытуға 34 сағат бөлінген. Құқықтық білім беру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. «Қоғам және құқық» пәнін оқытудың білімділік-тәрбиелік міндеттері мен оқушылардың білімі мен машықтарына қойылатын негізгі талаптар:

- оқушылардың заңға деген көзқарасын дамыту; құқықтық тәртіпті қатаң сақтаудың, заңды құрметтеудің қажеттілігін түсіндіру; өз құқықтары мен міндеттерін өмірдің әр түрлі жағдайларында қорғай және пайдалана білу

қабілеттерін арттыру; заңдық нормаларды басшылыққа ала отырып, өз құқығын іс жүзінде асыра білуге үйрету;

Соңғы кезде халық арасында теледидар, кино, танымал заңгерлік әдебиет, Интернет арқылы   құқықтық үгіт-насихаттың өсуі, ақыл-ойы кем жасөспірімдердің сана-сезімінде  біршама құқықтық түсініктердің қалыптасуына ықпал етуде. Сонымен қатар, күнделікті көшеде, көлікте, қоғамдық орындарда мектеп оқушыларына өз тәртіптерін әртүрлі ережелермен, нормалармен реттеуге тура келеді, бұл өз есебінде олардың бойында қарапайым құқықтық сана-сезімнің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл процесске шағын ортаның да (отбасындағы, өзінен үлкен жолдастарының ортасындағы әңгімелер)белгілі әсері бар. Бірақ, құқықтық нормаларды  жүйесіз, кездейсоқ  меңгеру арқылы ақыл-ойы кем баланың  құқықтық тәртібі қалыптасады  деп ойлау қателік болады.

3, 4 кестелерде оқушылардың еңбек заңы, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік бойынша ұғымдарды  меңгеру  ерекшеліктері көрсетілген.

3 кесте

Оқушылардың еңбек заңын  меңгеруі

 

Сұрақтардың мазмұны

Меңгеруі, %

Дұрыс

Қате

 

Жауап беруден бас тартты

 Неше жастан жұмысқа қабылдайды               87              6                      7

 Жұмыс күнінің ұзақтығы                                75              7                    18

Жұмыс күнінің кәмелетке толмағандар

 үшін ұзақтығы                                                 50              25                  25

Кәмелетке толу жасы                                        50             18                   32

Кәмелетке толмағандар

үшін еңбекақысы мен жеңілдіктер                    -              100                   -

Кәмелетке толмағандар үшін

демалыс                                                             32             55                    13

 

Келтірілген мәліметтер оқушылардың алғашқы төрт сұрақты жақсы меңгергенін көрсетеді. Бұл болашақ түлектердің   жұмысқа орналасу мәселесін т отбасында да, мектепте де жиі-жиі талқылайтынын көрсетеді.

Демалыс құқығы бойынша білім-дағдыларды меңгерулері төмен. Ал кәмелетке толмағандардың еңбек ақысы туралы сұраққа  бір де бір дұрыс жауап бермеуінің себебі қажетті ақпараттың жоқтығынан емес, ақыл-ойы кем оқушылардың ойлау қабілетінің ерекшеліктеріне, оның формалдығына, жігерсіздігіне байланысты, сыртқы белгілерінің, «кім көп жұмыс істейді- сол көп еңбекақы алады» деген түсініктің негізінде, кәмелетке толмағандарға қысқарған жұмыс күні үшін аз еңбек ақы төленеді деп ойлауында.

 

VIIІ түрдегі коррекциялық мектептің VII-IX сынып оқушыларының тарихи және қоғамтанушылық материалдарды меңгеру дәрежесі бірінші кезекте олардың негізінде оқушылардың практикалық, көрнекі-сезушілік тәжірибесіне сүйенетін жарқын нақты бейнелер мен көріністердің қаншалықты орын алғанына байланысты. Мүлік, таптық қатынастарды, қоғамтанушылық сипаттағы түсініктерді білдіретін, дерексіздік пен жинақтау дәрежесі жоғары ұғымдарды меңгеру қиынға түседі.

Тарихи уақытты, оқиғалар хронологиясын түсіну ақыл-ойы кем оқушыларға көптеген қиыншылық тұғызады. Тарихи уақытты түсінуде тұрмыстық және математикалық уақыт туралы түсінік басым, бұл өз кезегінде тарихи ұғымдардың бір қатарын «жаңалауға», «қазіргі заманға лайықтауға»  әкеліп соғады.

Бұқаралық ақпарат құралдары жоғары сынып оқушыларының сана-сезімінде қоғамтанушылық және құқықтық сипаттағы түсініктердің біршама қорын қалыптастырады. Бірақ бұл түсініктердің қоры негізінен кездейсоқ, жүйесіз сипатта болып келеді.

Осының барлығы VIIІ түрдегі коррекциялық мектептегі тарихи және қоғамтанушылық материалдарды оқыту әдістемесінің мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.

 

Әдебиет:

1. Гиттис И.В. Вопросы методики воспитания мышления детей в начальном обучении истории.-М.:Изд-во АПН РСФСР, 1950.

2. Құнапина Қ.Қ. Көмекші мектепке арналған байқау бағдарламасы. Гуманитарлық пәндер. – Алматы: «Алматыкітап» ААҚ, 2002.

3. Кузнецов Ю.Ф. Формирование умения ориентироваться в общественно-исторических событиях у учащихся с недостатками интеллектуального развития: Учеб.пособие / Урал.гос.пед.ун-т. – Екатеринбург, 1997.

4. Лернер И.Я. Развитие мышленияучащихся в процессе обучения истории: Пособие для учителей. – М.: Просвещение, 1982.

Картенова Айгүл  Мақсұтханқызы – І санатты дефектолог-мұғалім, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Жетім балаларға арналған ШҚО арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

ID: 66 | Просмотров: 2753

07/Дек/2014