Сайт учителя начальных классов
.
Тестік жүйе бақылаудың бір түрі

Тестік жүйе бақылаудың бір түрі

Тестік жүйе бақылаудың бір түрі

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту» Тұжырымдамасында орта білім берудің мақсаты алған білімінің, кәсіби дағдыларының негізінде өмірдің өзгермелі жағдайларында еркін бағдарлай алатын, білімі арқылы өз мүмкіндіктерін іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және адамгершілік тұрғыда өзбетінше дұрыс, жауапты шешім қабылдауға қабілетті тұлға қалыптастыру екендігі көрсетілген.

Қоғам өзгерістеріне байланысты қазіргі кезеңде әрбір оқушыға жеке адам ретінде, өзіне тән ой-өрісі, еркі, дербес әрекет жасауға қабілеті бар, батыл пікір айта алатын тұлға екенін ескере отырып тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз қажет. Мектеп қабырғасында әр оқушыны жеке тұлға деп танып, оның шығармашылық қабілетін дамыту мұғалімнің басты міндеті.

Ұлттық деңгейде қойылған мақсаттарды жүзеге асыруда жаратылыстану ғылымдарының алатын орны ерекше. Жаратылыстану – табиғат туралы ғылымдардың жиынтығы.

«Жаратылыстану» пәнін негізгі орта білім беру деңгейінде оқытудың мақсаты оқушылардың материалдық дүниенің біртұтастығы және жүйелілігі туралы білімдерін қалыптастыру және оларды табиғатты зерттеуде қолданылатын жаратылыстану ғылымдары қолданатын тәсілдермен таныстыру болып табылады. Оқу пәнін зерделеуге саналы қатынас тұлғаның қалыптасуына себептеседі, яғни бұл пән оқушының ой-өрісінің қарқынды дамуына үлес қосады, сондай-ақ эстетикалық талғамдылықты, табиғатты сүюді, адам ойының күштілігін және оның қоршаған ортаны танып-білу қабілетінің молдығын сезіне біледі. Оқу бағдарламасында адамның табиғатпен өзара қарым-қатынасы, адамның әлемдегі және ғаламшардағы орны, өмірдің мәні туралы мәселелер, жаратылыстану заңдары мен заңдылықтары негізінде практикалық тапсырмалар орындау біліктерін қалыптастыруға көмектеседі.

Жаратылыстану пәні төмендегідей проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

1. Білім берудегі адамгершілік идеясын қалыптастыру.

2. Білім берудегі жүйелікті қалыптастыру.

3. Жаратылыстанудан алған білімді өмірде қалай қолдануға болатындығы.

Жаратылыстану курсының жоспары алуан түрлі, сондықтан да көптеген міндеттерді шешеді:

Біріншіден, экологиялық білімнің негізін түсіндіре отырып, жас ұрпақтың табиғатқа сүйіспеншілігін қалыптастыру.

Екіншіден, оқушылар санасында табиғаттың біртұтастығын қалыптастырады.

Үшіншіден, оқушыларды ғылыми жаратылыстануға деген қызығушылықты қалыптастырады.

Төртіншіден, әр түрлі бағытта тәжірибе жасауға үйретеді және сондай жұмыстарды жүргізуге дағдыландырады.

Кіріспе бөлімінде мұғалімнің негізгі жұмысы, пәннің мақсат-міндетін түсіндіріп, алдағы уақытта осы пәнге деген қызығушылықты тудыра білуі қажет:

- табиғатты танудың әдістерімен танысу;

- жаратылысты тануға деген оқушылардың қызығушылығын қалыптастыру;

- табиғи нысандармен таныса отырып, олардың көп түрлілігін және тұтастығын түсіндіру;

- бір-бірімен тығыз байланыстағы негізгі жаратылыстану ғылымдары туралы түсініктерді қалыптастыру.

Жаратылыстану ғылымдарының салалары

Р/с

Ғылымның аты

Ол нені зерттейді (оқытады)?

1

2

3

4

5

6

Астрономия

География

Биология

Физика

Химия

Экология

 

 

Жаратылыстану – табиғат құбылыстары мен олардың дамуының жалпы заңдарын танумен шұғылданатын ғылымдар жүйесі. Жаратылыстану ауқымы түрлі табиғат нысандары (ғарыштық дүниеден бастап микродүниеге дейін), дүниенің жалпы қасиеті мен құрылымын, тірі табиғатты, біздің ғаламшарымыздан тыс жатқан нысандарды, сондай-ақ  Жерді қамтиды. Жаратылыстану пәнін оқытқанда табиғат жайлы мағлұматтарды танып-білуге қызығушылығын оятсақ жоғарғы сыныптарға барғанда бұл ғылымдарды оқып үйренулеріне жеңіл болады. Жалпы орта білім беру деңгейіндегі географияны оқыту алдымен онда берілетін мазмұның оқушылардың бойында Жер туралы кешенді, жүйелі және әлеуметтік-бағдарлы түсінік қалыптастырушы дүние танымдық сипатымен анықталады. Оның жалпы мақсаты – оқушылардың ғылыми дүниетанымдық түсініктерін қалыптастыруға, табиғат пен қоғамның бір-бірімен бөлінбейтін біртұтастығын түсінуге, адам және табиғат арасындағы үйлесімділікті түсінудегі жаратылыстанудың ролін білуге үйрету болып табылады.

Шығыста қызықты өсиет әңгіме бар. Бір күні ақылды 3 зағип жанды пілге жақындатып: «Бұл не?» деп сұрапты. Сонда біреуі пілдің аяғын құшақтап «Бұл бағана!» депті, келесісі піл тұмсығын ұстап: «Бұл жылан ғой!» деп, шошып кетіпті. Үшіншісі, құйрықты сипап: «Бұл арқан!» деп, жариялады. Сөйтіп, дана адамдардың үшеуі де, олардың алдарында үлкен піл екенін ұқпады. Себебі олардың әрбіреуі тек бір бөлшекті ғана айырып қарап, түсінуге тырысты. Тіпті әрбіреуі өздерінің пікірлерімен алмасса да, олар арқанды, жыланды, бағананы – бәрін бірге жинақтап, қойылған сұраққа дұрыс жауап қайтара алмас еді.

Пілді бөлшектеп қараған кезде оны тұтас күйінде қалай танып біле алмаса, бізді қоршаған әлемнің құрылысын бөлшектеп зерттеу арқылы танып-білудің мүлде мүмкіндігі жоқ.

«Жаратылыстану» - табиғат тану ғылымдарының негізгі сатысы. Ол үшін ортақ зерттеу объектілеріне адам, қоршаған тірі және өлі табиғат, техника және технология жатады. Бұл объектілерді біріктіре қарастыру оқушылардың әлем туралы, табиғаттың маңызды құраушысы ретіндегі және оған әрекет етуші саналы тіршілік иесі ретіндегі адам туралы біртұтас көзқарасты қалыптастырудың қажеттілігінен туындайды.

Бізді қоршаған әлемдегінің барлығы бір-бірімен өте тығыз байланыстағы көрінетін және көрінбейтін мыңдаған жіптердің өрімі тәрізді болса, оның түйінін шешу мұздықтардың, топырақтың, адамдардың, судың, өсімдіктердің, жануарлардың бір екенін түсіну, олардың тәртіпсіз көзқарастарының үйлесімін көру-қазіргі кездегі жаратылыстану ғылымдарының басты міндеті.

Қазіргі білім берудің жаңа парагдимасына орай оқыту әдістемесінде «іс-әрекет арқылы оқыту» және онымен тығыз байланыстағы оқушылардың практикалық іс-әрекетін ұйымдастыру тұжырымдамаларына деген қызығушылық басым болып отыр. Оқушылардың білім алуында шығармашылық әрекетін белсендіруде, олардың интеллектуалдық, рухани-адамгершілік дамуын арттыруға байланысты өзіндік танымдық, шығармашылық іс-әрекет уақытын көбейтуге әкелетін қажетті жаңартулар жүргізуді талап етеді.

Осыған байланысты мұғалімнің атқаратын орны мен міндеті айтарлықтай өзгереді. Оқытудағы мұғалімнің жалпы бағыты оның сыныпқа дайын біліммен емес, оқушыларды білімді меңгеруге бағыттайтын қисынды құрылған сұрақтар, тапсырмалар жүйесімен келуі арқылы айқындалады. Оқу ынтымақтастығын ұйымдастыру барысындағы алғашқы кезеңде оқушылардың жаңа білімді меңгеруге қызығушылығын оятып, проблеманы қабылдауын басты назарда ұстаған жөн. Осындай әдіспен оқыту мұғалім мен оқушының іскерлік және тілдік өзара қарым-қатынасын оқушылардың белсенділігін ынталандырып, олардың танымдық және шығармашылық әлеуетін дамыта түспек.   

Қазіргі кезде оқытудың жаңа үрдісіне сай мектепте барлық пәндерден тест әдісі кеңінен қолданылуда. Тест сұрағы оқушыдан оқулықта баяндаған белгілі бір факт бойынша білімін талап етеді. Әсіресе әр тарауды, тақырыпты қорытып, қайталауда оқушылар тестілерді қызыға орындайды, әрі бұл әдіс оқушылардың есте сақтау, салыстыра ойлау және көз алдына елестету қабілетін дамытады.

Оқушы білімін бағалау үшін оның жетістігі мен кемшілігін біліп отыруға бақылау қажет. Мұғалім оқушының пәндік бағдарламамен сәйкес білімі жайында тест арқылы мәлімет алады. Жеке оқушыға көмек берудің түрін анықтайды. Жеке тақырыптарды оқытудағы оқу еңбегін үйлестіру, қайталау, кемшіліктерін келешекте болдырмауға бағыт алады. Дарынды оқушыларды анықтайды.

Тест – оқушының білім дәрежесінің қандай екендігін анықтайтын және ол білімді түрлі жағдайларда қолдана білуін тексеруге мүмкіндік беретін тиімді жол. Тест тапсырмаларын құрастыру кезеңі үлкен еңбекті талап етеді. Тест тапсырмалары жаратылыстану ғылымдарының негіздеріне оқып-үйренуде есте сақтау, логикалық ойлау мен шығармашылықпен жұмыс істеуіне негізделген. Танымдық қабілетті дамытуға арналған тапсырмалар оқушының жас ерекшелігіне сәйкес дайындалған. Бұл бақылау түрі оқытушы мен оқушы арасында кері байланысты қалыптастырады. Және тестілік бақылауды мұғалім қажетіне байланысты жиі қолдануға болады. Әр оқушы бұл бақылау түрі кезінде өз білім деңгейіне байланысты түрлі жылдамдықпен жауап береді. Тестің аяғында объективті баға қойылады бұл мұғалімнің көңіл күйінен, әр оқушыға қарым-қатынасынан тәуелсіз үрдіс.

Тестік жүйенің беретін оң нәтижелері:

1. Оқушының тақырыпты қалай меңгергендіктерін анықтауға.

2. Оқушыларға өтілген тақырыптардың қандай бөліктерінің ауыр тиетінін білуге.

3. Оқушылардың оқуға жауапкершілігін арттырып, өз бетімен ізденіп, еңбектенуге талпындырады.

4. Оқушының іскерлік дағдыларын арттырып, дүниені тануға қызығушылығын дамытуға.

5. Мұғалім тестіні алған білімді бекітуге де, сонымен қатар оқушылар білімін тексеруге де пайдалана алады.

6. Ең бастысы тест құрастыру қиын да, көп уақыт алатын жұмыс болғанымен, ол оқушы білімін тексерудің тездігі арқасында мұғалім еңбегін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

7. Ал кемшілігі – тест жасауға, тест жұмысына талдау жасауға мұғалімнің жұмсайтын уақытының жетіспейтіндігі.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталған кезекті Қазақстан халқына жолдауында білім беру ісіне тағы да аса жоғары маңыз берді. Барлық істің басшысы тек қана терең біліммен ғана келетін рухани байлық пен рухани құндылықтардың, басты өзегі де таза біліммен ғана бастау алатындығына жол көрсетеді. Білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін әрдайым ізденіс, біліктілікті арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіруді міндеттейді. 

Тұлғаға бағдарланған білім беру жағдайында оқу үрдісін ұйымдастырудың маңызды ерекшелігі – білім беруді күтілетін нәтижелерге бағдарлау болып табылады.

Пайланылған әдебиеттер

  1. Әбілманов Б., Фокина Л. Жаратылыстану оқыту әдістемесі «Алматы» «Атамұра» 2005 ж.
  1. Популях Л.Н.  Жаратылыстану 5 сн. Оқушының жеке жұмыс істеуіне арналған тапсырмалары бар дәптер. Алматы 2010.
  1. Карбаева Ш. Бағдарлы оқыту үрдісіндегі географиялық білім  мазмұнын іріктеудің құралы ретіндегі күтілетін нәтижелер. (География және табиғат №9 2007 ж.)
  1. Қабылханова Н. Тест құру технологиясын талдау (География және табиғат №3 2012 ж)
  1. Мамырова К. Мазбаев О. Физикалық география дидактикалық материалдар «Алматы» «Атамұра» 2001 ж.
  1. Мұқанбетпайызова Н. Заманына сай педагог керек. (Мұғалім және   қоғам №2 2012 ж.)

ID: 52 | Просмотров: 2857

28/Ноя/2014