Сайт учителя начальных классов
.
Сын тұрғысынан ойлау – тұлғаның құзыреттілігін  қалыптастырудың негізі

Сын тұрғысынан ойлау – тұлғаның құзыреттілігін қалыптастырудың негізі

Сын тұрғысынан ойлау – тұлғаның құзыреттілігін  қалыптастырудың негізі

 

ХХІ ғасыр – жаһандану ғасыры, жаңашылдық заманы. Күн санап әлемге, елімізге, өмірімізге  өзгеріс еніп жатады. Бұл  өзгерістердің баршасы адамзат игілігі үшін жасалып жатқандығы белгілі. Өзгерістер  өміріміздің барлық саласына өзіндік әсерін тигізбей қоймайтындығы да ақиқат.

Бүгінгі күні адамзат тіршілігінің негізгі тұғырнамасы білім болып табылады. Тәуелсіздік алғалы жыл сайын жүргізіліп,  білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар мемлекетіміздің болашағына салынып жатқан даңғыл жол іспеттес. Себебі қай мемлекеттің болсын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы. Олай болса, еліміздің болашағы үшін ұлттық білім жүйемізді дамыту – заман  талабы. [1]

2015 жылдан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінде өзгеріс болары баршамызға белгілі. Сондықтан білім беру саласындағы саясаткерлер алдында, мектеп және мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер – «ХХІ  ғасырда нені оқыту керек?» және «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» деген өзекті сауалдардың туындауы.  Осы тұрғыда белгілі  ойшыл И.С. Конидің сөзі ойыма оралады: «Жастар өзінің ата-анасынан гөрі заманына көбірек ұқсас келеді». Ендеше, заман талабына сай қоғамды  көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техниканың деңгейі де, оны басқару жүйесі де өзгеріп отырады.  Осыған орай, маман қызметінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіндіктерді қажет етеді.  Ондай мүмкіндік тек білім арқылы келеді.

Сондықтан мұғалімдердің алдында  өзіндік дәлел-уәждері нанымды жеткізе алатын, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары дамыған, сандық технологияларда құзырлық танытатын оқушы қалыптастыру міндеті тұр.

ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын жақсарту керектігін, сонымен қатар заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңыздылығын айта келіп: «Орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуі тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты талдау машығын игеру болуға тиіс», - деген болатын.[2]

Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсіл кең тараған. Сындарлы оқытуға негізделген сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып-білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс оқушының өз болжамдарын күмәнмен, сын тұрғысынан қарай отырып, сол арқылы әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өз түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігін ұлғайтады.[3]

Осыған байланысты мектептер сын тұрғысынан ойлауға үйретуде, әрбір оқушының жеке даралығына қатысты мәселелерді шешуде ынтымақтастық жүргізуде өте мұқият болғаны дұрыс.

     Сын тұрғысынан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сын тұрғысынан ойлауды дамытуды саналы  және оймен қабылдауын көздейді. Психолог-ғалым В.Г. Крутецкий: «Ойдың сыншылдығы – бұл адамның өзінің және басқалардың ойларын белсенді бағалау дағдысы, барлық ұсынылған ережелер мен қорытындыларды нақты және жан-жақты тексеру», - дейді. Сыни тұрғыдан ойлау – шыңдалған ойлау,  «ойлау туралы ойлау» деп сипаталған ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды.  Бірақ бұл деңгейдегі ойлау тек ересек адамдарға немесе жоғары сынып оқушыларына ғана тән деп ойлау дұрыс емес. Жас балалардың да бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайында өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз.

    Сыни ойлауға оқыту – жеңіл міндет емес. Оны белгілі кезеңде орындап, кейін ұмытып кетуге болмайды. Сыни ойлауға апаратын қатаң реттелген қадамдар тізімі жоқ, дегенмен сыни ойлауды дамытатын оқу шарттары бар екенін мұғалімдер  естен шығармауы  керек. Олар төмендегідей:

1. Оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру;

2. Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;

3. Оқушылардың оқу үрдісіндегі белсенділіктерін мадақтау;

4. Оқушыларға мысқылсыз еркін атмосферада жұмыс істейтіндіктеріне кепілдік беру;

5. Сыни ойлау тәжірибесі үшін уақыт пен мүмкіндіктермен қамтамасыз ету;

6. Кез-келген оқушының сыни шешімді қабылдай алатын қабілетіне сенімдік білдіру;

7. Сыни ойлауды бағалау;

8. Оқушылардың өздеріне деген сенімдерін және өз пікірлері мен идеяларының құндылықтарын түсінуін арттыру.

     Жеке тұлғаның өзін-өзі бағалай алуы, өзін-өзі құрметтеудің жоғары деңгейі, «мен» бейнесінің айқын қалыптасуы үшін  сыни ойлаудың болуы шарт. Оқушы қандай да болмасын ақпаратты өздігінше игеріп, өз өміріне жарата алатын әмбебап тәсілдерді үйрену керек . Соның бір тәсілі – қойын дәптерге үзбей әрі үнемі жазу. Үнемі үзбей жазудың арқасында оқушылардың қойын дәптерлерінен жақсы ой түйіндерін кездестіруге болады. 10-сыныпта «Ресми іс қағаздар стилі» тақырыбын өту барысында осы тәсілді қолдандым.  Оқушылардың қойын дәптерлеріндегі жазуды бақылау барысында байқағаным, олардың көпшілігі тілек, қажетті күндер, оқу кестелері, нақыл сөздер және өздеріне ұнаған ақындардың өлеңдерінен үзінді жазған екен. Кейін келе өздерінің рұқсатымен бір-біріне қойын дәптерлерін оқытып, өздеріне не ұнағанын айтқызып, бір-біріне ұсыныстар айтуына мүмкіндік жасадым. Айтылған ұсыныстардан кейін қойын дәптер жазудың әр түрлі тақырыптар бойынша жазуға болатынын анықтадық:

- ұнаған нақыл сөздерге өзіндік ой тұжырым жазу;
- өмірінде болып жатқан қызықты немесе маңызды оқиғаларды  түрліше формамен жазу;
- қарпайым адамдардың өмірі туралы,  өзіне ұстаз немесе пір тұтқан адамдар жайлы жазу;
- ата-анаңның түрлі қасиетін, шыққан тегін жазу;
- өзі шығарған өлеңдерін немесе эсселер  жазу;
- дос, құрбы, замандас туралы пікірлер жазу.

    Осындай ойларды ортаға салғаннан кейін, олар қойын дәптерді бір сарында емес, әр түрлі тақырыпта, жүйлеп, саралап жазуды дағдыға айналдырды.  Рефлексиялық әрекеттер барысында оқытудың жолдары талданады, өзіндік шешім қабылдауға жағдай туғызады. Сөйтіп, бала өзін-өзі дамыту, тәрбиелеу, өз әрекеттерін ұйымдастыру мүмкіндігін алады, өз ерекшелігі мен деңгейін таниды. Міне, осы жолда қойын дәптерді жазудың маңыздылығы зор.  Күнделіктен үзінді:  «Бүгін әкемнің туған күні.  Мен үшін өте қуанышты күн. Сабақ үстінде туған күн туралы қайта-қайта ойлана бердім. «Әкеме қандай сыйлық алайын? Қандай тілек айтамын?» деген ойлар басымнан кетпеді. Әкемнің мен үшін қандай қымбат жан екенін ерекше түсінгендей болдым...»

Бұл жазба жұмыстан оқушының әкесін бұған дейін жақсы көрмеді деген ой туындамауы керек. Оқушының әке туралы, туған-туыстары туралы сыни тұрғыда ойлануы деп білу керек. Олардың қадір-қасиетін бағалауы.

     Сабақ барысында проблемалық сұрақтар қою – оқушылардың сыни ойлауын дамытудың кепілі. Мысалы қазақ әдебиеті сабағында Жерлес ақынымыз М. Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқытуда «Абылай хан неге батыр Баянсыз жорыққа аттанбады? Басқа батырлардың жеңісіне сенбеді ме?» немесе «Батыр Баянның інісі Ноянды өлтіруі дұрыс па?» деген сұрақтарды қою оқушылардың кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беріп, дәлелдер мен дәйектер келтіруіне мүмкіндік береді. Сондағы оқушылардың жауабын мысалға келтіре кетсем: «Абылай, әрине, өзге батырларына сенді. Бірақ Баянның Ордаға келмеуінің  бір себебі барын, Баянның бір қиындыққа тап болғанын іші сезді. Батырдың амандығын тіледі. Бұдан біз Абылай үшін батыр Баянның орны ерекше екенін көреміз»,- десе, екінші сұраққа біреулері: «Батырдың інісін өлтіруі дұрыс, себебі ол өз ағасына, сондай-ақ өз Отанына опасыздық жасады....», ал келесілері: «Жоқ, дұрыс емес, себебі Ноян батыр -  Баянның бауыры. Бұл мәселенің шешуінің басқа жолы болуы мүмкін. Ноян ағаттық жасады, өйткені ол жас. Оған кешіріммен қарап, елге қайтару керек еді», - деген пікірлер айтты.  Оқушылар поэмадағы оқиғаға, кейіпкерлердің іс-әрекетіне талдау жасап, әрқайсысы өзіндік пікір айтып, көзқарастарын білдірді, қорытынды жасады.

     М. Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңі оқыту барысында мынадай тапсырмалар бердім:

1. Өлеңді оқып, қиын сөздер мен тіркестерді  жазып алыңдар.

2. Сол сөздерді топта талқылап, бір-бірлеріңе түсіндіріңдер.

3. Топта жауап таба алмаған сөздерді ортаға ұсыныңдар.

4. Өлең бойынша «неге» деп басталатын сұрақтар дайындаңдар.

   Топта талқыланып ұсынылған сөздер мен тіркестер мыналар.

1.Көз дегенің сұп-сұр көр.

2. Көрше ауыр күрсінер.

3. Жабайы ғана жарым.

4. Қыс – ақ кебін.

5. Мәңгі өлік сахара.

   Топта ұсынылған сұрақтар төмендегідей:

1.Неге анасы көрше ауыр күрсінді?

2. Неге  ақын  жарын жабайы деп суреттейді?

3. Неге табиғатты жағымсыз түрде суреттейді? т.б.

  Сабақ соңында кері байланыс жасауда «Жеке оқығанда кезде кей сөздердің мағынасын түсінбедім.  Неге өз сүйетін нәрселерді жағымсыз сипаттайды деп ойладым. Топта талқылау барысында ақын сөздерінің қолданысының мәнін түсіндім»,- деген пікірлер айтты.  Осындай жұмыстарды жүргізгеннен кейін оқушылар бойынан қандай өзгеріс  байқадым? Оқушылардың  бір-біріне, өзіне деген сенімі  артты, сөздіктермен жұмыс істеу мүмкіндігі артты, сөздің  астарлы мағынасын ұғыну қажеттігін түсінді, өзіндік пікір айту дағдылары дамыды, өзара білімдерімен алмасты. Өздері дайындаған сұрақтарға жауап таба білді.

Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауының негізгі ерекшеліктері төмендегідей:

1.Ұтымдылық, яғни ең жақсы түсініктемені табуға ұмтылып, нақты жауатарды іздеудің орнына сұрақтар қояды;

2. Сыңаржақтың болмауы: барлық қорытындыларды бағалайды, болжамды көзқарастар мен мүмкіндіктердің барлығын қарастырады;

3. Пайым: дәлелдердің деңгейі мен маңызын мойындайды;

4. Тәртіп: тиянақты, нақты және жан-жақты болады, барлық дәлелдерді есепке алып, барлық көзқарастарға көңіл бөледі;

5. Өзіндік сана-сезім: өздерінің эмоциясы мен көзқарасының, сенімі мен болжамдарының субъективті екенін сезінеді.

   Жалпы сын тұрғысынан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегияларды қолданады. Мұндай адамдар жаңашыл идеялар мен келешекке ашық болады.[3]

Қорытындылай келе айтарым, бүкіл дүние жүзіндегі болып жатқан осындай құндылықтардың өзгеруі жаңа ғасырға жас ұрпақты дайындау міндетімен байланысты. Біздің қоғамға жаңа мағлұматтарды қабылдап қана қоймай, оны ойлана отырып, сыни талқылап, ой елегінен өткізе білетін оқушылар керек. Мұғалім ең алдымен оқушыда өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыруға ат салысу керек. Өйткені бұл тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке үйлесуге апаратын сара жол.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
  2. «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
  3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. 1деңгей 5, 17, 29-бет

ID: 145 | Просмотров: 3301

25/Янв/2015