Сайт учителя начальных классов
.
"Ұстазы жақсының- ұстамы жақсы"

"Ұстазы жақсының- ұстамы жақсы"

«Адамның адамшылығы-ең алдымен,жақсы ұстаздан»
Абай Құнанбаев
Адам жанын әрқашан арман аялайды.Балдәурен балалық шақтан бастау алатын асыл арман ағынды арна тапса,сұңқар қиялы қияндарға жетелейді.Ақжелкен арманға аяулы сезім мен ақыл парасатты астастыра білгендер ғана бақыт баспалдағымен абырой биігіне өрлемек.Осындай бел-белестерден әрі асып,армандармен жалғасып жатқан жолдардың бірі-ұстаз жолы.
Ұстаз! Алғаш әліппенің бетін ашып әріп танытқан,өмірдің қыр-сырын білуге,сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болған,жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп,адамгершілікке баулыған алғаш бастауыш кластағы жетекшім Гүлзира апайыма еліктеп, ұстаз болуды армандадым.Мектепті бітіргенге дейін сол ойым да өзгерген жоқ.Әрдайым сол кісінің айтқан сөздерін,ақылын жадымда сақтап,қашан да оның бізге артқан үмітін ақтаймын деген өз алдыма мақсат қойдым.Ұстаз болу көп еңбекті,шыдамдылықты,төзімділікті,адалдықты,әділдікті талап етеді. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Бестамақ орта мектебін жақсы бағамен бітірген соң,сол арманыма қол жеткізу үшін Ақтөбе гуманитарлық колледжіне «Бастауыш кластарды оқыту және бастауыш кластағы ағылшын тілін оқыту»мамандығы бойынша оқуға түстім.3 жыл бойы ол жердегі ұстаздар қажетті біліммен сусындатып,қабілеттерімді аша түсті. Оқу орнын тәмамдап,жолдама бойынша осы мектепке жұмысқа орналастым. Келген уақытта әрине,қуаныш,толқу сезімі,бір жағынан қорқыныш сезімі де бойымды биледі.Себебі,маған ата-аналар қымбат қазынасы –балаларын тапсырып отыр.Ертең өмірден өз орнын тапса екен,биіктен көрінсе екен деп...
Қазіргі заманның ұстазы ескінің көзіндей,жаңаның өзіндей болып төл мәдениетін қастерлейтін,сыйлайтын,оны өзгеге таныта,сыйлата алатын,дүниежүзілік мәдениетті танитын,рухани дүниесі бай,интеллектуалдық деңгейі жоғары,білімді,білікті болуы керек. Ұстазды оқу-тәрбие ісі жастардың жүрегін тебірентіп,ой сезіміне әсер ету үшін:
Біріншіден,саяси сауатты,жан-жақты білімді болуы;
Екіншіден,өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін,шеберлікпен жеткізе білетіндей әдіскерлік икемділігі;
Үшіншіден,оқушының психологиялық ой-өрісін бақылай алатын сезімтал психолог,өз ісіне,шәкіртіне деген сүйіспеншілігі қажет. Сонда ғана ол-нағыз ұстаз.
Ұстаздың негізгі құралы – сабақ. Шығыс даналығы: «Маған айтсаң ұмытып қаламын,көрсетсең есімде қалар.Істеуін көрсетіп берсең,үйреніп аламын»-деген екен.Бұл баланың ынтасын жетелеу арқылы оқыту,үйрену деген сөз.Сабақта бала көбінесе білімді қабылдап алушы,көп объектінің бірі деп есептеледі,олардың ерекшеліктері ашыла қоймайды.Мұғалім білімді оқушы санасына сабақ арқылы жеткізеді.Сондықтан мұғалім ретінде ең басты мақсатым─
-әр баланы Тұлға ретінде қабылдау
-оның жеке тұлғалық қасиеттерін анықтап ашу
-бұл қасиеттерін анықтап ашуға мүмкіндік туғызу.

ID: 465 | Просмотров: 4070

06/Ноя/2015