Сайт учителя начальных классов
.
Ұстаз – ардақты жан

Ұстаз – ардақты жан

Ұстаз – ардақты жан

Осы дүниедегі ең қымбатты, қадірлі, киелі де, құдірет иесі – ана деп айта аламыз. Бұл сөздің кемеңгерлігі сонша, еш бір теңеу сол бір атауға тең келмес. Бізге өмір сыйлап, мәпелеп өсірген ана болса, мектептегі білімді біздің бойымызға тереңдей сіңіретін, өз білгенін үйретіп, ақылын аямай төгетін, оң мен солды айыра білуді санамызға құятын ардақты жан – ұстаз.

Әр оқушы білім ордасына келгенде, алдымен өзінің жанына жақын адамды яғни мектептің жүрегі бола білген ұстаздарын іздейді. Екінші бір анасын іздегендей. Ал, ұстаз болса, оқушыларын іздейді, бейнебір өз балаларын көруге асық болғандай. Сыныптағы оқушыларының түгелдігін, амандығын көріп көңілі көншиді. Ол әр оқушыны жүрісінен, даусынан, бет – ажарынан таниды. Көңілсіз кездерін қас – қабағынан танып қояды. Егер оқушылары қиналса, жыласа, мұңайса ұстаз жүрегі де қарс айырылады. Өзінен туған бауыр еті балаларына қарағанда, шәкірттеріне  көп көңіл бөледі, қиналғанда қол ұшын беріп демейді. Тіпті, әріптестерімен шәкірттері үшін сөзге де келіп қалатын кездері болады. Сонымен қатар оқушыларының жеткен әр бір жетістігіне балаша қуанып, төбесі көкке жетеді. Биік белестерден көрінген өз баласы секілді.

«Бала, баланың жүрген жері  шала» демекші, бала адамды бір қуантпай, бір қиналтпай, бір елжіретпей, бір жылатпай қоймайды. Бірақ соған шыдамды, төзімді, сабырлы, мейірімді, жауапты, ақылды жан иесі – ұстаз ана. Себебі, бүкіл ата – ана өз балаларын білім ордасына оқып үйренсін деп жіберіп отырғаны рас емес пе?

Ұстаз болу қызығы мен қиындығы қатар жүретін жауапты іс. Өзінің қағазбастылығына қарамай,  шаруаларын ығыстырып қойып, ата – ана мақсатының жүзеге  асуына  көмектесіп, ауыр міндетті  көтеретін тағы  да  ұстаз.

Алайда, ұстаз жүрегінде «Бірақ» деген сөз мәңгіге ұялаған. Бұл сөздің ішінде үлкен бір мұң жатыр. Мұғалім жүрегіне ауыр күш түсіретін де осы сөз. Ұстаздарға мін тағып, сын көзбен қарайтын  пенделер де аз емес. Бір ұстаздың жіберген қателігіне қарап, бүкіл ұстаздың бетіне күйе жағуға болмайтын сияқты. Өз жүрегін бір сәт ұйып тыңдаған адам, мұғалім жүрегінің түпкі мұңын түсіне алары һақ. Сондықтан ұстаз қауымы туралы жағымсыз пікір айту орынсыз деп ойлаймын. Ғалым да, ақын да, білгір маман иесі де, тіпті басшымыз да осы ұстаздардан сауатын ашып, биік белестерден көрініп, халық ілтипатына бөленіп жүр десем артық айтпаған болар едім. Менің бұл пікірім, көзі ашық жандарға ой салар деген үміттемін. Ұстаздар қауымын ардақтап жүрейік, ағайын!

Ермаканова  Гульшат

 № 2 орта мектеп. Қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі.

ID: 71 | Просмотров: 2498

21/Дек/2014