Басты бет » 2015 » Февраль » 28 » Оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру
19:17
Оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру
загрузка...
Мейіржан ЕРХАНҚЫЗЫ
№67 орта мектептің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Арал ауданы, Қызылорда облысы

Орта мектепте оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру

Қазіргі жаңару мен жаһандану, өсу мен өрбу, даму мен ілгерілеу заманында, ақпараттар мен техниканың қарыштап дамыған заманында көркем әдебиетті оқыту түгіл түсіндірудің өзі бос әурешілік пе деп қаласың. Өйткені ел экономикасы қарыштап дамыған компьютерлік заманда саналы ұрпақ интернет арқылы төрткүл дүниені аралап, не керегін алып, жан-жақты ақпараттанып жатқанда сенің «Кітап оқы» дегеніңе уақытын зая кетірмесі белгілі. Жоқ. Бұлай деп қол қусыру ертеңгі өсер ұрпақтың тамырына балта сілтеп, өсіру емес, өшіруге, түбірінен қырқуға әкелері хақ. Сондықтан әрбір мұғалімдер қауымы ата-аналармен, көпшілікпен біріге отырып бұндай апатқа дабыл қаға кірісуіміз керек. Болашағымыздың көзі-қарақты, көкірегі ояу, рухани санасына сәуле отын жағуға жол таба білуіміз қажет. Баланың рухани байлығын мол етіп тәрбиелеудің сан түрлі жолдары бар. Солардың бірі және бірегейі – баланы кітап оқуға әуестендіру. Жоғарыда атап өткенімдей соңғы жылдары балалардың көркем әдебиетке қызығушылығы азайып бара жатқаны бәрімізге аян. Оның себебін іздеп, сан түрлі ойға да баттық. Оны нарық заманын ба, кітаптың қымбаттауынан ба, әлде ақын-жазушыларымыз бала ұғымына сай кітап жаза алмай жатыр ма, тіпті ақпараттар мен техниканың заманы кінәлі ме немесе бала түгіл өзі де кітап оқымайтын ата-анадан көреміз бе, әйтеуір не керек кітап оқуға құмарлық жойылып барады. Бұлай бейғам отыра берсек бар білгенімізден айырылып қалмасымызға кім кепіл? Ал кітап оқымаған елдің жастарының ертеңі қандай болмақ?
Шындық сол – кітап оқымайтын бала көп. Көптігінің санын санап отыра бергенше іске кіріскен жөн сияқты. Мұндай жайт туралы «Қазақ әдебиеті» газеті «Мылтықсыз майданның кілті» деген бастамамен үлкен мәселе қозғауда. Техниканың тасқыны рухани дүниенің тынысын тарылтып отырғаны шын. Кітап оқылмай жүргені тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде етек алып барады делінген ақпараттар көзінде. Мысалы, бұрын Гомер мен Шекспирді, шығыстың ғашықтық ғазалдарын немесе орыстың Пушкині мен Лермонтовын оқымайтын адам аз болған. Ал бүгінде оларды білмек түгіл өз дәуірінің жазушысын танымайтындар қаншама. Өйткені бүгінгі оқырманның ықыласы интернет пен небір ғажаптарды жазған сайттарға ауысып алған. Интернетсіз өмір сүре алмайтын жастардың кітап оқуға уақыттары да жоқ шығар.
Сонымен оқырмандық қызығушылық дегеніміз – белгілі бір сала бойынша тұлғаның өзіндік ынта-ықыласымен шығармаларды, кітаптарды оқуға деген ниетінің болуы. Ал бұл ниетінің пайда болуы мен қалыптасуына, артуына қоршаған ортасы, отбасы, мектеп мұғалімдері, кітапханашылардың ықпалы зор.
Баланың көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығы мен ынтасының төмендеуі менің алдыма мынадай сұрақтарды қоюға мәжбүр етті: «Балалардың көркем әдебиетті оқуға деген не үшін ынтасы жоқ? Болашақта біз алдыңғы қатарлы елдермен тереземіз тең болуымыз үшін баланың кітап оқуы қажет пе? Кітап оқымай-ақ компьютерді білумен де биіктерге жетеміз дегендердің әрекеті дұрыс па? Көркем әдебиетті оқығаннан біз не ұтамыз? Ұлтымыздың өткен өміріндегі жетістіктері сол ғылыммен бірге көркем әдебиетті көп оқыған, ұлтымыздың барлық киелі қасиеттерін өз бойларына сіңірген тұлғалардың арқасында қалыптасты емес пе?» Осы сұрақтар төңірегінде сұхбат жүргізгенімде кейбір оқушыларым менің пікіріммен келіспеді. «Қазір компьютер білсең болды, интернет арқылы қажетті мәліметтерді табуға болады» деген ойларын айтты. Оқушыларымның пікірі мен өз пікірімді ой таразысына сала отырып, компьютерді білудің де, көркем әдебиетті оқи білудің де баланың тұлғалық қалыптасуы үшін қажеттілігін былай тұжырымдадым.

Компьютердің бала
дамуына әсері Кітап оқудың бала дамуына әсері
Баланың техникалық сауаттылығы артады.
Балада ептілік қалыптасады.
Интернет арқылы дүниенің түкпір-түкпірінен жаңалықтар және ғылыми деректер жинайды.
Ой өрісі дамиды. Ұлттық сана-сезімі қалыптастады.
Баланың тіл байлығы дамиды. Жан-жақты ойлау қабілеті артады.
Қатесіз жазуға дағды қалыптасады.
Өмірді түсіне білуге деген көзқарасы дамиды. Кейіпкерлердің орнына өзін қоя білу арқылы өз өмір жолын таңдайды.Жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата біледі. Әлем әдебиетін оқу арқылы дүниежүзілік оқиғалардан хабардар болады.

Педагогтар мен психологтар әр адам көркем шығармамен неғұрлым жасырақ шағында танысса, оның оқырмандық қабылдауы да соғұрлым ерте тамырланатындығын, терең де жан-жақты дамитындығын алға тартады.
Осы жерде белгілі ақынымыз Олжас Сүлейменовтің Қадыр Мырза-Әли аударған «Ертегі» өлеңі ойға оралады:
Көп оқыған жоқпын, мама,
Бар болғаны бір-ақ бет,
Тағы біраз оқиыншы,
Ұрықсат па, рақмет.
Ара жайлы әдемі жыр екен, бітіп қалсын да,
Сөйтіп жүріп бір жыл өтті, жырсыз қалай шыдармын.
Көрпе астында бұғып жатып оқитынды шығардым.
Нені көрсем, соны оқыдым, бір болар деп төркіні.
«Капиталмен» отырғанда, байқап қалдың бір күні.
Ол бір ғажап кез еді ғой, кез еді ғой ғажайып,
Жылаушы едің «Көзің майы кетеді, - деп, - азайып»,
Ұрсушы едің «Соқыр болып қаласың» деп ашынып...
Қайран ана,
Кітаптан сол көзім қайта ашылды, - деп жырлаған еді.
Міне, осындай кітапқұмарлар қазірде қайда?!
Ұлы педагог А.С.Макаренко баланың оқуына отбасындағы басшылықты жоғары бағалап, ата-ана жас күнінен-ақ кітапты сүйе білуіне тәрбиелеуге тиіс дей келе: «Хорошо рассказанная сказка – это уже начало культурного воспитания, было бы весьма желательно если бы на книжной полке каждой семьи был сборник сказок», - деп, ең алдымен ертегі оқудан бастау керектігін ескертеді.
Кітап оқу- баланың өзін-өзі тәрбиелеудің ең негізгі қайнар көзі болып табылатыны белгілі. Өкінішке орай бұл мәселеге біздің ата-аналарымыз өз дәрежесінде мән бермейді. Білімге деген сүйіспеншіліктің негізі кітап оқу арқылы қаланатынын көп жағдайда ескере бермеймейтіні алаңдатарлық жайт болып табылады. Кітаптың адам өмірінде алатын орны, маңызы әрбір ата-аналардың баланың көркем шығарма оқуға әуестігі күнделікті негізгі сабаққа әсерін тигізеді, - деп онша құптамайтындарын байқаймыз. Ал, енді бір топ ата-аналар мектептен тыс оқуға баланың не оқып, не білуіне көмектесуші тек пән мұғалімі мен кітапханашының жұмысы деп қарайды. Оқырмандық қызығушылықты анықтау мақсатында ата-аналармен әңгіме жүргізіп, олармен ашық пікірлесе, сырласа отырып, өз ойларын ортаға салуға мүмкіндіктер туғыздық. Пікірлер жиынтығының бір көрінісі төмендегідей болды.
«Тамағы тоқ, киімі бүтін, домбыра үйірмесіне қатысса деп ойлаймын, домбыра сатып әпердім, кітап оқу мәселесін мұғалімдер өздері шеше жатар, сабағын үлгерсе болды» (42 жастағы әке сөзі, мамандығы құрылысшы)
«Телевизор көреді, киноға барады, сабақ оқуға көп уақыт жібереді,сондықтан үй жұмысына үлгермейді, негізгі пән сабағын оқыса жеткілікті деп ойлаймын» (45 жастағы шешенің сөзі, мамандығы сатушы)
«Шынымды айтсам ұлым да қызым да сабақтарын жақсы үлгереді. Соған көңілім тоқ, әдебиет және физика үйірмелеріне қатысады. Ал олардың мектептен тыс қандай шығармалар оқитынын жүйелі түрде бақылаймын деп айта алмаймын.Өздерінің ықыластары бойынша шешіп отырады. Өз балаларыма жан-жақты қарауға уақытым жетпейді» (ауыл мұғалімі 50 жаста) «Өзім оқи білмеймін, кейбір қызықты кітаптарды немерем оқығанда оған қатты риза боламын» (70 жастағы әже сөзі)
Оқушылардың әр түрлі себептермен оқу мәдениетін төмендетіп алғаны байқалады. Тіпті кейбіреулері бағдарламалық материалдарды игеруге құлықсыз екендігін танытты. Бұларға кезінде пән мұғалімі, кітапханашы, ата-аналары тарапынан дұрыс ақыл-кеңес, басшылық болмай, оқырмандық тәжірибені шыңдай түсу бағытындағы жұмыстар өз дәрежесінде жүргізілмегендігін көрсетеді. Кітап оқу дәстүрге айналған үйде ең болмаса бір адамның көп оқуы балаларға да игі ықпалын тигізеді. Мәселен, зерттеу, бақылау жүргізген оқушыларымызға кітап алып оқуда 29 пайыз мұғалімнің, 19 пайыз кітапханашының, 22 пайыз ата-ананың, аға-апайының, 30 пайыз жолдастарының әсері тиетінін анықтадық.
Оқушылар оқылымын анықтау мақсатымен кітапханада «Сізді қандай бағыттағы жазылған кітаптар қызықтырады?» деген сауалнама жүргізілді.
- Оқушылардың 79 пайызы шытырман әңгімелерді оқығанды ұнатады.
- 20 пайызы компьютер туралы оқиды
- 56 пайызы оқушы тіпті кітап таңдап алуға қиналады, ал
- 44 пайыз оқушы көмекті керек етеді.
Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 98 пайызы балалар кітапханасын, қалғандары таныстарының және мектеп кітапханаларын қолданады.
Бердібек Соқпақпаев, Сапарғали Бегалин, Музафар Әлімбаев, Астрид Лингрен, Корий Чуковский...Біздің балаларымыз да осы бір қайталанбас, ғажап балалар әдебиетінің нәрімен сусындап, бойына сіңіріп өссе екен дейміз. Бірақ, қазіргі заман балаларының кітаптан басқа да ермегі толып жатыр; көгілдір экраннан таңертеңнен кешке дейін көрсетілетін әсерлі мультфильмдер мен қырғын төбелес туралы фильмдер, түрлі компьютер ойындары. Бұл «Бәсекелестіктер» бала назарын кітаптан гөрі өзіне неғұрлым көбірек аударуда. Сөйтіп, бала мен көркем әдебиеттің арасы алшақтап, баланың ақыл-ойының дамуына әсер ететін мүмкіндіктер ескерілмей қалып жатыр. Неліктен балаға қоршаған ортаны кітап арқылы емес, көгілдір экран арқылы таныған қызығырақ?
Өйткені, кітапты қолына алған баланың назары алдымен әріптерге түседі. Кітапты оқып, өз ой елегінен өткізген, мазмұнын жете түсінгенде ғана бала ондағы оқиғаларды ішкі жан дүниесімен көріп, сезінеді. Кітап оқу барысында кейде бір сөйлемді не біз үзіндіні бірнеше рет қайталап оқитында кез болады. Ондай жағдайда кітап оқу ерекше ден қоюды, ынта жігерімен оқуды керек етеді, яғни оқырман ой еңбегімен шұғылданады. Бала үшін бұл өте күрделі процесс. Ал , көгілдір экранда бәрі дайын: түрлі-түсті бейнелер де, дыбыстар да. Еш әрекеттенбей - ақ отыр да көре бер ! Әрине, бала дайын нәрсеге ұмтылады. Бірақ теледидардан көрген нәрсенің бәрі бірдей бала ойында, қиялында қала бермейді.Кейбір окиғалар, бейнелер балаға әсер еткенімен де ол бала есінде уақытша ғана сақталады. Уақыт өте келе мүлде ұмыт болады. Сөйтіп, бала мектеп бағдарламасы бойынша оқығанымен шектеліп қана қояды. Әрине, мектепте берілетін тапсырманы орындау үшін де оқушы кітапханаға барады, ізденеді, оқиды, кітапханашының көмегіне сүйенеді. Белгілі пәндер бойынша ілім-білім алады. Бірақ оның ақыл-ойының, шығармашылық қабілеттерінің дамуы мен бала бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру үшін мұндай оқу жеткіліксіз. Әбу Насыр Әл-Фараби: «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген екен. Иә, расында да тәрбие кең ұғым. Себебі, адамды тек отбасы ғана тәрбиелемейді. Отбасымен қатар қоршаған орта, мектеп, достары, кітап тәрбиелейді.
Бүгінгі күні теледидар мен компьютер, ұялы телефон балалардың айрылмас досы болған заманда кітап оқуға деген ынтасын арттыру маңызды. Ата-анасы жоқта теледидар мен компьютерді қосып жоғары технология әлемімен бепе-бет қалады. Иә, компьютерден жасырын зардап шегушілер аз емес. Ал көптеген ата-ана баласының үйде отырғанына мәз болып, оның қаншалықты зардап шегіп жатқанын елемейді. Көру қабілеті нашар, жасына жетпей көзәйнек киетін балалардың саны болса жыл сайын арта түсуде.
Қазақстан Республикасының «Білім беру» заңында ұлттық және әлеуметтік қазыналар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыру және дамыту үшін арнайы жағдайлар жасау білім беру жүйесінің басты міндеті деп көрсетілген. Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, батырлық, отансүйгіштік т.б. қасиеттер болуы тиіс. Ол үшін әрине талғаммен кітап оқи білу керек және кітапты оқуға ұсына білу керек.
Ушинский «Кітап оқымаған ештеңе ойламайды» ,- деген екен. Бұған менің қосарым: Көркем әдебиет оқымаған немесе нағыз өнер туындыларына деген қызығушылығы жоқ адам өзінен басқаның жан дүниесін түсінуді, сезінуді, басқаға жаны ашу сияқты эмоционалдық - эстетикалық қасиеттерден арылады:
Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі мол. Оқушы осы пәннің талабын орындау арқылы алуан түрлі жанрдағы көркем шығармалар, түрлі кітаптар оқиды. Тек, сол ізгі іске оқушыны бастап отырар ата-ана мен мектеп мұғалімдері болса болғаны...

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Меңжанова А. Мектеп жасына дейінгі балаларды көркем әдебиет арқылы тәрбиелеу. Алматы, 1982 ж.
2. Әрінова Б.Л. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы. Алматы, 2003 ж.
3. Жұмажанова Т. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы, Білім, 2009 ж.
4. Кәтембаева Б. Тіл ұстарту жұмыстары бойынша методикалық нұсқаулар. Алматы, 1991ж.
5. Сабиров Т. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары. Алматы, 1978 ж.
6. Бітібаева Қ. Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары. Алматы. Рауан, 1990 ж.
7. Жанабілова А. Оқушылардың бейнелі, көркем тілін дамытудың өнімді жолдары. Алматы, 2003 ж.
8. Жұмажанова Т. Сыныптан тыс оқу барысында тіл дамыту. Алматы, 1992 ж.
loading...

Авторы:

Бөлім: Баяндама | Көрсетілім: 1211 | Қосты: Камал_Мейіржан | Ілмек сөздер: оқырмандық қызығушылық, көркем шығарма | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелген қолданушылар ғана қалдыра алады
[ Тіркелу | Кіру ]
Іздеу
Сертификат алу
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз
Сайтқа кіру
Логин:
Пароль:
Күнтізбе
«  Февраль 2015  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728
Жазба мұрағаты
Сұрақ
Сізге сайттың жаңа дизайны ұнады ма?
Барлық жауаптар: 5929
Бізге қосыл
Жаңалықтар
Санақ

Онлайн: 1
Қонақтар: 1
Тіркелгендер: 0