Басты бет » 2015 » Май » 26 » М.Ю.ЛЕРМОНТОВ ПЕН М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ
22:55
М.Ю.ЛЕРМОНТОВ ПЕН М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ
загрузка...
М.Ю.ЛЕРМОНТОВ ПЕН М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ

Д.Ж.Ақышова
Петропавл темір жол көлігі колледжі, Петропавл қ.,Қазақстан

Мағжан - қазақ поэзиясының Абайдан кейінгі алыбы болса, Лермонтов - орыс поэзиясында Пушкиннен кейінгі алыбы. Екі ақынды алып қарасақ, олар - нағыз ұлттың, әлеуметтің, халықтың сөзін сөйлейтін ақындар. Өйткені екі ақын да жоғарғы топтың езгісінің құрбан болған.
Жалпы, ақын - қасиетті, киелі ұғым. Ақын уақыт шындығын, өмірдің ақиқатын танытуға, тамыршыдай дәл басып көрсетуге Тәңірдің бізге жіберген елшісі іспеттес. Алайда әр ақынның сезімді поэзияға өзек етуінде эстетикалық әдіс - тәсілдері түрліше. Сондықтан мұндай жағдайда талант талғамы биік болуы тиіс. Демек, өлеңнің эстетикалық - эмоциялық әсері күшті болуы үшін ақын образ арқылы ойлайды.
Қай ақын - жазушыны алмасақ та, олардың ең алдымен қалам тартып, поэзиялық болсын, прозалық болсын шығармаларының алғашқы тақырыбы - өздері өмір сүріп жатқан орта, сол кездегі тарихи оқиғалар.
Лермонтовтың әдебиетке келген кезі - декабристердің қозғалысы сәтсіздікке ұшыраған дәуір, жаңа революциялық күштер әлі қалыптаспаған кезең. Лермонтов поэзиясы сыншы Белинскийдің айтуынша, жанды тітіркендіріп, жүректі мұздататындай сауалға толы. Олай болса, М.Ю.Лермонтов - революцияшыл - демократтық күштер ояна бастаған дәуірдің, өткеннен үміт үзіп, алдан жаңалық іздеген дәуірдің жыршысы, жаршысы. Ерте есейген жас Лермонтовтың өлеңдерін оқыған адам тұтқиылдан ой - қиялдың соншалықты сарқылмас қызық дүниесіне кіргендей болады. Ұшқыр қиял - Лермонтов поэзиясының рухы, жаны секілді. Өмірдің әрбір күнін өлмес, өшпестей ете алсам деп арман етеді ақын. Лермонтов поэзиясының бір берік қазығындай "Ой" деген толғау - жырын еске алсақ, оның ұлы ақынымыз Абайдың назарына тегін ілікпегені байқалады. Дүние, өмір жайлы тынымсыз ойға батып, бәрін сынап, ақылменен саралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға әбден берілген күйі де, жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан, көптің атынан азулы күштілерге айтқан наразылығы, бәрі де осы өлеңінен мол сезіледі. Ақын жаны кейісе де, күйінсе де, көңілді үміт қозғап, алыс арман толқытып, содан барып жыр шертетіні байқалады. М.Ю.Лермонтовтың осындай өлең - жырларының бағыты, идеялық өзгешелік сырын тереңірек түсіну үшін оларды басқа өмірге деген орасан зор сүйіспеншілік сезімі, жалынды махаббаты тікелей, айқын көрінетін шығармаларымен қатар алып қарастырған жөн. Сонда "Ой" және "Әм жалықтым, әм жабықтым" сияқты сын, сықаққа лық толы, қамыққан көңілдің күйін шерткендей жырларды жазған Лермонтов болса, өмірге құмарлық, оның қызығына құштарлық, ынтықтық асқан ақындық қуатпен белгі берген "Дұға", "Жолға шықтым қараңғы түнде жалғыз..." сияқты жырларды туғызған да сол Лермонтов екенін айқын аңғарамыз. Бұл тұста Лермонтов халықтың жоқшысы, бейнет шеккен көптің жоқтаушысы ретінде де көрінетін және осындай ойларын дәлелдеп, туралап айтқан шығармаларын да айтуға болады. Мысалы: "Өзіңе сенбе жас ойшыл..." атты өлеңін алсақ, осы бір ғана сом бітімді, сондайлық шебер келістіріліп жасалған поэзиялық туындының өзі - ақ ұлы ақын азап шеккен бұқара халықтың тағдырына қандай жанашырлық, жақындық сезіммен қарағанына толық дәлел боларлықтай.
М.Ю.Лермонтов өлеңдерінің қайсысын алсаң да сол кездегі патшалы Россияның ауыр халін, қатал шындығын айтады. 1812 жылғы Отан соғысына арналған "Бородинодан" бастап талай шығармаларында бекзадалар қауымына, оның шіріген пасық дәстүрлеріне қарсылық, наразылық лебі тынымсыз соғып отырады.
М.Ю.Лермонтов шығармалары "Теректің сыны", "Казактың бесік жыры", "Ой", "Қанжар", "Демон", "Мцыри", "Қашқын" т.б. ақындық шеберліктің биік сымбаты, асқар шыңы тәрізді. Лермонтов шығармаларының негізгі қасиеттері түр әсемдігі мен тіл байлығында, сезім мен идея биіктігінде, мазмұн кеңдігінде, образдарының ашықтығында жатады.
Ақынның көптеген туындылары 1828-1836 жылдар аралығында жазылғанмен, оның аты тек 1837 жылы "Ақын өлімі" атты Пушкиннің қазасына арналған өлеңін жазғаннан кейін шыға бастады. Ақынды осы өлеңі үшін Кавказға жер аударып жіберген болатын.
М.Ю.Лермонтов шығармаларының тақырыбы алуан түрлі, ол өмірді мейлінше кең қамтып, терең толғайды, айдауда жүрген кездерінде ұлы ақын қарапайым адамдар өміріне көз жіберіп, олардың ішкі сырларын жүрегімен сезінеді, сондықтан да ақын өлеңдері өзінің тамырларымен халық шындығына байланысып жатады.
Өзінің толып жатқан өлең, поэмаларымен бірге Лермонтов қарасөз де жазған ақын, оның "Біздің заманның геройы" атты романы орыс әдебиетінде үлкен орын алады, сонымен қатар бұл роман орыс әдебиетінде психологиялық романның басы болып есептелінеді.
М.Жұмабаев та М.Ю.Лермонтов секілді жеке басқа табынудың құрбаны болған ақын. 60 жыл бойы М.Жұмабаевтың шығармаларын оқуға тыйым салынып, шығармалары өртенген болатын.
М.Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Мағжан өмір сүрген уақыт қаншалықты күрделі саяси, қоғамдық тақырыптарды алға тартқанмен, оның алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлар бастап кеткен ағартушылық ой - пиғыл бұл кезең әдебиетінде басымдау жатты. Мағжан да Абай дәстүрінде жыр жазды, ұлы ұстаз үлгісін жалғастырады. Алғашқы өлеңдерінің бірін "Алтын хакім Абайға" деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше тұтқаны сезіледі.
Ақын туған елін сүйді, туған жерінің әрбір пұшпағын жүрегіне жақын тұтты. Мағжан өлеңдеріндегі ең басты тақырып - ел мен жер тағдыры. "Өткен күн" атты өлеңінде Еділ мен Ертістің арасын жайлаған қазақтың бір кездегі жайнаған даласы мен көкорай шалғынды жайлауын, айна көлдері мен алаңсыз күн кешкен тұрмысын, қаһарман батырлары мен әділ билерін мақтан етеді.
Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Мысалы: "Сағындым" атты өлеңінде абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.
Мағжан нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.
Мағжанның таза махаббат тақырыбына арналған лирикасы - аса көркем мұра. "Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Шолпы" т.б. өлеңдерінде Мағжан адамға тән осынау ұлы сезімді аса биікке көтере жырлайды. Ал "Толқын" атты өлеңінде ақын өмір философиясы туралы толғанады.
М.Жұмабаев бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын, халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылады. Өйткені артта қалған қазақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен бабаларымыздың ерлігін жырлады. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады.
Мағжан өз тегін де, өз жерін де ардақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ардақтауға ұмтылған, өлең сөзді асыл маржандай терген, сұлу жырымен оқырман жүрегін баураған, ал өзі болса, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті. Сөз құдіретінің сырын ашып, өз өлеңдерінде көркемдегіш құралдарды орынды да, ұтымды пайдаланып, сөз саптау шеберлігін танытқан ақын "Әрбір ірі жазушының шеберлігінің өзгешелігі көбіне-көп оның шығармасынан көрінеді". "Көркемдік дегеніміз әрбір сөздің орынды қолданылуының ғана емес, өте қажеттілікпен, зәрулікпен қолданудың белгісі және сөз дегенің мүмкін болғанша аз жұмсалуы керек", - деген небір ғалымдардың ойын дәлелдегендей. Әсіресе көркем шығармада қолданылатын көркемдегіш құралдың бірі, заттың не құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын бейнелі сөз– эпитетті пайдаланудағы шеберлігі оқырман көңілін еріксіз баурап әкетеді. Сібірдегі қаратүнек кезінде жазылған "Бостандық" атты өлеңі арқылы халықтың асыға күткен таңын, бостандығын:"Ғарыш нұрлы жүзді", "Кәусар жібек сөзді", "Әдемі, алмас ақ қанат" деп бірнеше тізбектелген эпитеттер арқылы ойын нақтылай түскендігін байқатады. Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби тілге үстеме мағына беріп, шығармашылық мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеуді өз шығармасында талғампаздықпен пайдалана білген ақын "Еділде" атты өлеңінде: Бүктеліп жатқан бел, сүтке тойған марқадай. Бұйра қою қарағай, белге біткен шалқалай. Су жеп қойған жұмыр тас, түйір-түйір малтадай. Арнада өзен қылықты қылмыңдаған қалқатай", - деп келтіріп, халық тілінде қалыптасқан, кейде балаларға қаратылып, кейде "тойған қозыдай томпиып отырсың ғой" деп үлкен адамдарға да қаратып айтылатын "Сүтке тойған қозыдай" деген теңеуді қолданудағы шеберлігін танытса, қазақтың ұлттық тағамының бірі құрт болса, сол құрттың езілмейтін малта түрі су ағысымен екшелген жұмырланған тасқа баланатындығын аңғартады.
Ақын метафораны да орынды қолданған. Мәселен, "Өмір - дала, ақын - бала қаңғырған. Жан сусынын көз жасымнан қандырған. Ақын - бөбек, өмір - көбік, тылсым ды".
«Ой» өлеңінде:
Ой деген у – ауызға алсаң қандырар.
Ой деген у – жанды есінен тандырар.
Ой деген у – ішсең мас боласың,
Ой деген у – ішесің де соласың - деген жолдардан аллитерация мен ассонанс тәсілін пайдалану арқылы өлеңнің мазмұны мен мәнін келтіріп тұрғандығын, керемет дыбыс әуезділігін жасағандығын көрсетеді.
Ал, "Жел" атты өлеңінде:
Жел – тым тентек бір бала,
Жан сүйгені – сар дала.
Дамыл алмай жүгірер,
Ерні өтірік қыбырлап - деп, кейіптеу тәсілі арқылы жансыз "жел" бейнесін жанды, тірі адамға айналдырып, бірде ерке балаша "дамыл алмай жүгіртіп", "ернін өтірік қыбырлатып" қояды. Яғни, ақын беймаза желді құдды тірі кісідей құбылтып, оған қызық-қызық қылықтар жасату арқылы өзі суреттеп отырған шындыққа тағы бір тың шырай береді, шынайы сыр дарытады.
Қорыта келгенде, Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Көркем сөзбен көрікті өлеңдерді әдебиетіміздің әлеміне сыйлаған ерек жан.
Әр қаламгердің өзіне тән стилі, сөз саптау мәнері, ой-толғау әдістері болады. Қаламгер ойын билейтін қуатты құрал-тіл, шұрайлы сөз. Осы шұрайлы сөз-халықтың тіл байлығы.
М.Ю.Лермонтовтың стиліне келетін болсақ, қиындау. Кейде ақын жасаған кейіпкер түсініксіз, тұманды болып, қиын ашылады. М.Ю.Лермонтовтың поэтикалық тілі сыртқы безендіру жағынан қарапайым: лексикалық және синтаксистік жағынан бай, стилистік жағынан әр түрлі, эмоционалдық жағынан құнарлы.
Лермонтовтың шешендік стилін кейде декламациялық деп те атайды, ал ақынның өзі "темір өлең" деп атаған. М.Ю.Лермонтов поэзиясында шешендік стилін "Ақын өлімі" атты өлеңінде көрінеді. Мысалы:
Зачем от мирных нег и дружбы простодушной,
Вступил он в этот свет завистливый и душный.
Для сердца вольного и пламенны с страстей.
Ақынның көркемдік тілі оның жеке өзінің тұрақты тіркестерінде, афористикасында, бір сөзбен айтқанда "мақалға енеді". Афористикалық - Лермонтов стилінің сипаттық негізі, оның философиялық ойымен байланысқан. Мысалы, "Я не люблю тебя... А он, мятежный, просит бури. Как будто в бурях гюкой."
Лермонтов көркемдік тәсілдерді де орынды қолдана білген. Мысалы, метафора.
От тайных дум томится грудь.
И эти думы - вечный яд.
Им не пройти, им не уснуть.
Міне, ұлы Пушкиннен кейін орыс поэзиясының ардақты туын құлатпай асқар биігінде ұстаған данышпан Лермонтов өмірі, оның еңбек сүйгіштігі керемет үлгі боларлық жәйт. "Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған" деп біздің Абай сүйікті Лермонтовты айтып тұрғандай.
Екі елдің алып тарландарын шығармашылығын зерделей келе, мынадай қорытынды жасауға болады. Екі ақынның да жырлаған тақырыптары үндес, алған бағыттары ұқсас. Лермонтовтың да, Мағжанның да жырлаған негізгі тақырыптары: ұрпақ тағдыры, жалғыздық, Отан, табиғат, махаббат пен достық, өзін - өзі тануы және өздері пір тұтқан жазушылары туралы.
Екі ақын не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазды. Оқырманның жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды таба алмайсың. Екі ақынды да заман туғызған тәтті қиялдың ақындары, ұлтты жалпағынан таныған ұлт ақындары, санашыл, уайымшыл, өзімшіл ақындар.
М.Жұмабаев та, М.Ю.Лермонтов та тек елім, халқым деп соққан жүрегінің дүрсіліне құлақ түрді. Содан да өз бойларында ұлттың ащысы мен тұщысын, қуанышы мен қайғысын, қызығы мен азабын қат - қабат қондырып, тағдырлы, тауқыметі мол, тайғағы көп жолды таңдады. Қанаттарын еркін сермей алмай қапыда кетті, жақұт жырлары қаратүнек қойнауында қалды, дегенмен солақай, содыр саясат олардың өздерін де, сөздерін де жоя алған жоқ. "Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар" деген Мағжанның сөзі ақиқатқа айналып, жазушылар халқымен қайта қауышты, мәңгілікке оралды.

Әдебиеттер тізімі

1. М.Ю.Лермонтов. Собрание сочинений в четырех томах. - Издательство "Правда". Москва, 1969.
2. Әдеби - көркем көпшілік журналы Мағжан - № 2(6) 2008.
3. Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан. - Алматы, 1998.
4. Қабдолов З. Сөз өнері. - Алматы, 1976.
5. Н.В. Беляева, А.Е. Иллюминарская. Изучение литературы в 10 классе: М. Ю. Лермонтов. Жизнь и творчество. Основные темы и мотивы лирики Лермонтова. Эволюция его отношения к поэтическому дару.
6. М.Жұмабаев. Сүй, жан сәулем. - Алматы, "Атамұра" , 2002.
loading...

Авторы:

Бөлім: Ұстаздарға | Көрсетілім: 1268 | Қосты: Ақышова_Динара | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелген қолданушылар ғана қалдыра алады
[ Тіркелу | Кіру ]
Іздеу
Сертификат алу
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз
Сайтқа кіру
Логин:
Пароль:
Күнтізбе
«  Май 2015  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
Жазба мұрағаты
Сұрақ
Сізге сайттың жаңа дизайны ұнады ма?
Барлық жауаптар: 5925
Бізге қосыл
Жаңалықтар
Санақ

Онлайн: 44
Қонақтар: 44
Тіркелгендер: 0