Сайт учителя начальных классов
.
"Ер есімі - ел есінде"

"Ер есімі - ел есінде"

Ер есімі – ел есінде.

Соғыс!... Талай үйдің керегесі опырылып, талай жанның өмірін қиып, талай асыл аналарды зар қақсатып еді. Әрбір үйдің берекесін кетірген сол бір сұм соғысқа лағнет айтпаған жан жоқ шығар, сірә! Өлім мен өмір арасында «ер адам ел үшін туады, ел үшін өледі» деген ұстаныммен жүрген сол кездегі жауынгерлер – бүгінгі егемендіктің ақ таңы атып, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, соғыс атаулысын ұмытқан замандағы соғыс кезінде мерт болған жауынгерлерді ардақтамау, құрметтемеу – үлкен күнә!
Өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылында туылған ұрпақтың Ұлы
Отан соғысына қатыспай қалғаны кемде-кем. Ұрандары «Туған елімді, жерімді жаудан қорғаймын» деген аса қасиетті парызбен шектелген. Қаншама қандасымыз елді жаудан қорғау жолында жанын пида етті, көбісінің мәйіті кіндік қаны тамған атамекенінен жырақта қалды. Осындай азаматтардың бірі Шайдолла Тажиденов еді.
Іздеушісі бардың ізі бар демекші Тажиденов Шайдолланың немересі Найла көп ізденді. Ұрпақтарының тілектері орындалып, Исатай ауданының Жанбай селосындағы батырлар ескерткішіне есімі жазылды. Ғаламтор арқылы табылған архивтерден із-түссіз жоғалды деген қара қағаздары қолдарында. Исатайлықтардың қолдауымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай шыққан «Жеңіс туы» деген кітапқа «Қара қағаздың» құпиясы деген атпен мақала шықты.
«Қара қағаздың құпиясы»
Ол ыстық пен суықты бірге бөліскен жарының аман-есен оралуын тілеп жүрген-ді. Сұм соғыстың баланы әкеден, әйелді жардан, ананы баладан ажыратқаны рас. Дегенмен, Әнес ана еш күдер үзбеген еді. Кім қисын жамандыққа жақынын. Осылайша күндер өте берді, өте берді... От пен оқтың жалыны да шегіне жетті. Шайдолладан хабар болмады.
Әнес жарының қайда жерленгенін біліп, бір уыс топырақ салуды армандаған еді. Тағдырдың жазғанынан қашып құтылу мүмкін бе, уақыт та өз дегенінен танбады. Әнес ана арманын арқалап «із-түссіз кетті» деумен бақилық болды. Тіпті, адамға емес, қағазға сенген заманда соғыста қаза болған жауынгердің жесіріне тиісті ешқандай жеңілдіктерді көрген жоқ. Қарттығына байланысты зейнетақы алатын. 1980 жылы жесірлік анықтама алу үшін Подольскідегі Харьков архивіне сұрау салып, алайда, тек «қайтыс болғаны жөнінде» ғана ақпар алады, Немересі Нәйла ана арманы мен аманатын орындауды парызы санап, сонда да іздеуді тоқтатпайды. Мінекей, 1941 жылдың күзінде майдан даласына аттанып, төрт ай дайындықтан соң, 1942 жылдың алтыншы қаңтарында мерген ретінде ұрысқа түскен қазақ сарбазы Шайдолла Тажиденовтың «қара қағазы» жарты ғасырды артқа тастап интернет арқылы табылды. Қазақ сарбазы Шайдолла 66 жыл бойы хабарсыз кеткендердің бірі болды. Ол 1902 жылы Новобогат ауданы Забурын ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Пішен дайындап, құдық қазып, отбасын асырап, нәпақа тапқан Шайдолла баласы Үмбет алтыға толған шағында Германияның Кеңеске ашқан ұрысына қолындағы кетпені мен күрегін суық қарумен алмастырып кете барады. Майдангер ағасы туралы аталас інісі, оқу ісінің ардагері Таупих Хабиұлы: «Шайдолланың көзін көргендер сары өңді, денелі, қайратты, ақкөңіл, құралайды көзге атқан мерген болған деседі. Аң-құсты көздемей, қоянды жүгіртіп қойып атып алатын болыпты. Осы қасиеттері соғыс кезінде де айқындалған, мерген болғандығы көрсетілген», деп еске алады. Ал, немересі Нейла «1942 жылдың аязы қарып, бораны ұйтки соққан қаңтардың алтыншы жұлдызында атам ұрысқа түскен екен, содан 1943 жылдың наурызында белгісіз болып қалады, яғни денесі де табылмайды. Хабар-ошар жоқ, ұшты-күйлі жоғалған» деп әңгімесін бастады ақтарыла. «Қара қағаз-қағаз емес, қасірет», демекші, талай отбасына қасірет әкеліп, қан қақсатқан "бір жапырақ қағаздың" тарихы кейін ашылып, бұққан сыры мен құпиясын ашады.
Күндер, айлар, тіпті жылдар артта қалып, запыран құстырып, ана мен баланы, елді зар жылатқан ұрыс аяқталар шақта Новобогат ауданында кеңес төрағасы Рахметолла Жүнісбаевқа Шайдолла Тажиденовтың қаза болғаны жөніндегі «қара қағаз» келіп түседі. Алайда, қарындасы Әнесті аяды ма, кім білсін, күйеу баласының қаза болғаны жөнінде тіс жармауды ұйғарып, Шайдолланың інісі Зайдоллаға береді. Ол кезде Зайдолла хатшылық қызмет атқарады. Сол бір зұлмат соғыс та аяқталады. Әнес ананың қолына тілімдей «қара қағаз» тимейді. «Әжем Әнес қара қағазды тапсаң, қасыма көмерсің» деген аманатын айтқан болатын. Мен көптен бірге іздеп келемін. Үмбетяр әкем ерте 1976 жылы о дүниеге аттанды. 2008 жылы Аққыстаудағы мұрағатқа, комиссариатқа барғам. «Қара қағаз» Әнеске тапсырылды» делінген анықтамада»,- дейді Нейлә Шайдолла немересі.
От ортасынан ошағына оралмаған Шайдолла ұрпағының аталарының аты «Боздақтар кітабына» еніп, тақтада есімі жазылса деген тілектері бар. Украина жерінен Харьков түбінен майдангер топырағын елге әкелуді жоспарлап отыр.
Қасық қанын қиып, ұрыс даласынан қайтпай, өзге елдің топырағын көмкеріп жатқан қаһармандар қаншама!
Інісі сол 1941-1945 жылдары ауылдағы тыл ардагерлерінің ерлігін көзімен көрген бозбала, кейін кеңес, комсомол, кәсіподақ, мекеме жұмыстарында басшылық қызметтер атқарған, бұл күндері ұлағатты ардагер-ұстаз атанған Әнуарбек Зайдуллин былай деп еске алады: «1941 жылғы маусымның 21-ші жұлдызының таңы адамзат тарихында қара әріппен жазылған күндер болды ғой! Ол кезде біз Жамбыл ауылдық кеңесіне қарасты «8 наурыз» колхозында тұратынбыз. Үйіміз «Қара сордың» жағасында. «Көлденең», «Ақ шошақ» деген шағылдардың етегінде еді. Біздің бабамыз (Есенғұл Беріш Қалдыбай атасы) Қартмұханбеттің Тажиден, Қайролла деген балаларынан өрген ұрпақтары түгел сол аталған шағылдарды айнала қоныстанып отыратын. Тажиденнің 5 баласы (Қаби, Хилым, Шайдолла, Жарылғас, Заһидолла), Қайролланың екі баласы Жәрдем, Нәси барлығы бір-біріне іргелес, жерді қазып, көк қияқтан шегендеп баспана салып паналайтын. Әр азаматтың бір аты, 1-2 сиыры болатын. Өздері сол өңірдегі малы көп үйлерге жалданып пішен шабатын. Бәрі де жаңадан үйленген жігіттер. Сол кезде бұл азаматтардың 12 баласы болатын, алды 10 жасар, соңы 7-8 айлық шамасында еді. Міне, сұмдық! Сондай көктемгі жас шөптей өсіп келе жатқан отбасылар бір күнде қара жамылды. Соғыс! Соғыс! Соғыс!... Аңыраған ана, зар илеген жар, шырылдап жылаған сәбилердің үндері жалпақ Нарынды күңірентіп кетті. Кең Нарынның әр түкпірін паналап отырған азаматтардың есебі алынып, лек-легімен Үйшікке (Гурьев) шақыру басталды. Бұл тамыз, қыркүйек, қазан айлары болатын. Бәрін де дәрігерлік байқаудан өткізді. Аяғы, қолы кем, денесінде жұқпалы жарасы, ақыл-ойында кемістігі бар адамдар кейінге қалдырылды. Ал 18-40 жас аралығындағы денсаулығы жарамды ерлер соғысқа аттанды. Олардың қатарында Шайдолла, Жарылғас, Жәрдем, Нәси аталарымыз бірден ілікті. Шайдолладан 1 бала 5 жаста – Үмбетияр, Жарылғастан 1 бала 1 жаста Тарих, Жәрдемнен 2 бала, 3 және 1 жаста – Қалипа, Әліпқали, Нәсиден 2 бала, 3 және 1 жаста – Мәдениет, Күләш қалды. Енді осы жас аналар мен балалар қалай күнелтті? Қаншалықты қиын болса да ағайын-туыс, ауылдас адамдар біріне-бірі қолұшын берді, жәрдемдесті, қолтығынан демеп, сүйеу болды, далаға тастамады.
Халық қиналды, қатты күйзелді. Ішерге тамақ, киерге киім жетіспеді. Теріден шалбар, аяқтарына шарық тігіп киді. Өлген малдың терісін үйітіп жеді. Астарына төсегені көк қияқ, басына ақселеу шөпті түйіп салады. Бір аяқ айранды түгел үй ішіндегі адамдар бір-бір ұрттап ішеді. Бір кесек нанды бәрі бөліп жеді. Жазда сұлы, (қияқтың басы) құмаршық қағып, қысқа дайындайды. Балалар болса желкек, шырмауық жеп күнелтті. Жесір қалған әйелдерді, аналарды жер қазып, жол салуға қатқылға алып кетеді. Қалғандарын колхоздың малын бағуға пайдаланады. Сиырды сауып, майын, сүтін майданға жібереді. Есеп өте қатты, бақылау өте күшті. Дайындаған сүттен, майдан пайдалануға, малды сойып жеуге болмайды. Міне, осындай жан түршігерлік азаппен жетімдер өмір сүріп, соғыс жүріп жатты. Аналар майданнан хат күтеді. Хат келген үй бірнеше күнге қуанып, көршілеріне ас-су беріп, кішігірім бас қосулар жасайды. Бұндай қуаныштар ұзаққа созылмайды. Бір жыл өткеннен кейін майданнан «Қара қағаздар» келе бастады. Ондай үйлерге бүкіл көршілері жиналып, жылау, аза тұту, жоқтау айтатын. 1943 жылы күз айында Шайдолла, Жәрдем аталарымыздан «Қара қағаз» келді. Папам Жарылғас 1945 жылдың соңы мен 1946 жылдың басында соғыстан келді. 1946 жылы Қозыбай есімді – Адай Мойнақ бөлімі – қарттың Жұпар деген қызына үйленіп, 7 перзент сүйді.
Ал Жарылғаспен бірге соғысқа аттанған Жәрдемнен, Шайдолладан «Қара қағаз» келді, Нәсиден еш хабар болмады. Олардан қалған ұрпақтар өсті, оқыды, еңбекке араласты. Бүгінгі ұрпақ қан майданда Отан үшін қаны мен жанын берген, елде қалып Жеңісті жақындатуға атсалысқан, үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің де ерлікке пара - пар жанқиярлық еңбегін ешқашан ұмытпауға, естен шығармауға тиісті. Бұл – азаматтық парызымыз болмақ».
Шайдолла Тажиденов 1902 жылы қазіргі Исатай ауданы Забурын селолық округіне қарасты Жамбыл кеншарында дүниеге келген. 1932 жылы Қожанайқызы Әнесиямен отау құрады. 1933 жылдың 10 қыркүйегінде Үмбет (Үмбетияр) есімді ұлдары дүниеге келген. Шайдолла аға пішеншілер бригадасының бригадирі қызметін атқарған. 1941 жылы соғысқа аттанып, 4 ай дайындықтан соң ұрысқа кірісіп кетеді. Шайдолла аға құралайды көзге атқан мерген болған. Ақмола атты әскер құрамында Харьков операциясына қатысып, «Харьков қазаны» операциясына қатысып, содан із-түссіз кетті деген хабар жеткен. Алайда, қазіргі заманның мүмкіншіліктерін пайдаланып, Найла апаның ұрпақтары Шайдолла ағаның тағдырына алаңдап, іздеу салған. 2014 жылдың 10 сәуірінде Ресей Федерациясы Орлов облысы Колына ауданы, Тургеневка селосында жерленген» деген хабар түседі. Содан жүрегі алып ұшқан майдангер ұрпағы Найла апа немересі мен қызын ертіп алып, Орлов облысына жол тартады. Бұрынғы Тургеневка, қазіргі Андреевка селосы маңында атасының қаза тапқан жеріне барады. Мұнда Красненский ауданы әкімі И.Ковалев пен оның көмекшісі Муродов күтіп алып, керекті адамдармен кездестіріп, батыр бабаның жерленген жеріне апарады. Сол жерде атасы Шайдолла Тажиденовтің ерлігіне арнап қойылған ескерткішке барып елден апарған бір уыс туған жердің топырағын салған. Содан сол кездің куәгері, соғыс жылдары 14 жасар болған, бұл күндегі 87 жастағы
қария Алексей Алексеев дегенмен кездеседі. Бұл қария шыныменен де Шайдолла бабамызды көрген, оның ерлігіне куәгер болған екен. Негізі фашистер бұл селоға 1941 жылы келген екен. 1942 жылдан бастап мұнда атқыштар келіп, жау сарбазхдарын атып отырған. Немістер екі жыл бойына паналаған үйлер әлі де бар көрінеді, оларға қазір де ешкім кірмейді екен. Екі сарбаз болған, бірі орыс жігіті, екіншісі – қазақ. Алексеев ақсақалдың айтуынша, күніне әлгі екі мерген 20-30 неміс сарбазын сұлатыпты. Бала сол сарбаздарға таңғы төртке дейін картоп апарып жүрген. Таңда қарауыл ауысқанша тамағын жеткізіп тұрған, әлгілер болса теректің үстіне шығып, фашистерді атқан. Сөйтіп жүргенде, селодағы бір әйелдің көрсетуімен екі сарбаздың қайда жасырынып жүргенін біліп қалған фашистер оларды атып түсіреді. Екеуі сол маңдағы ағып тұрған бұлаққа құлапты. 4 күн бойы сол бұлаққа қос сарбаздың қаны аққан. Алексеевтің айтуынша, 1943 жылдың көктемінде екі батыр құлаған соң, бұлақ суы бұрқақ болып атқылаған. Кейін бұл туралы жергілікті жазушы В. Киселев «Заплачено кровью» атты кітабын жазыпты. 1964 жылы Алексеевтің айтуымен қазақ сарбазы Шайдолла Тажиденовке арналып, ескерткіш орнатылған. Мергендігі, атадан дарыған қасиет болар деп топшылайды. Шайдолла батыр Нарын стансасының түбінде жерленген Қартмұхамбет әулиенің ұрпағы екен. Сөйтіп, қазақ сарбазы, жерлесіміз Шайдолла Тажиденов ерлік көрсетіп, оның рухына арнап, ресейліктер сонау 1964 жылы ескерткіш орнатқан. Осы соғысқа қатысты әлі де ашыла түспеген сырлар бар-ау. Бастысы – ашылған тарихты бүгінгі ұрпаққа жеткізе білу. Соны насихаттап, үлгі етіп, патриоттық бағытта тәрбиелеу. Міне, осы бағытта атасының есімінің ұмытылмауы үшін еңбек сіңірген бауыры Таупих Хабиев ақсақал, Жанбай селосының орталығындағы ескерткішке жазылуына септігін тигізген. Лайықты ерлік көрсетіп, оның батырлығына тәнті болып, тағзым еткен ресейліктер ескерткіш орнатқанда, туған топырағында есімінің ұлығылануы әбден орынды болатын мәселе деп топшылаймын.
Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдық дүбірлі мерекесі кең көлемде тойланды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің жыл өткен сайын мәні артып, мәртебесі биіктеп келеді. Жылдар жылжыған сайын сынық сүйем жерді қанымен қорғаған ерлердің қатары азайып, сұрапыл соғыстың әр күнінің, тіпті әр сағатының салмағы артып келеді. Сұрапыл соғыста елі үшін қан кешіп, отқа оранған жауынгерлеріміздің ерлік істері ұрпақ үшін қашан да үлгі-өнеге. Отан үшін бастарын бәйгеге тігіп, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған Жеңіс солдаттары қандай қошеметке де лайық.
Соғыс деген сұмдық суық сөзді естігенде қаншама өрімдей жас қасиетті Отанын қорғауға аттанды?! Қаншама жас қыршын кетті?! Ерлер есімі ұмытылмақ емес... оны тек Жеңіс күні ғана емес, осы әрбір бейбіт күнімізде әкелген ҚАҺАРМАН ретінде ұрпаққа жыр ғып жеткізу әр адамның парызы. Ерлер есімі - ел есінде. Ешкім де ұмытылмақ емес!

ID: 467 | Просмотров: 6437

08/Ноя/2015