Сайт учителя начальных классов
.
«Дінтану негіздері» факультативтік курсын  оқытудың тиімді жолдары

«Дінтану негіздері» факультативтік курсын оқытудың тиімді жолдары

Иман сақтауға - қорықпас жүрек,
айнымас көңіл, босамас буын керек.
Абай.

Дін – халық мәдениетінің рухани негізі, баға жетпес құндылығы. Оның қоғамда алатын орны зор және ерекше, діні жоқ, яғни дінсіз қоғамды елестету мүмкін емес.Тарих қойнауына үңіліп, беттерін парақтасақ, қай ұлттың болмасын, қалыптасуы, даму қарқыны, көркею үдерісі жайында тілі, діні, мәдениеті, өнері, кәсібі мол ақпарат береді. Дін ұзақ жылдар бойы, ғасырлар бойы қалыптасып таралған.
«Дінтану негіздері» факультатив курсы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылғы 22 шілдедегі №353 бұйрығының негізінде жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныптарына базистік оқу жоспарының вариативтік бөлігі есебінен аптасына 1 сағат (жылына 34 сағат) енгізілді. Діндер туралы арнайы ғылым болып табылатын «Дінтану негіздері» курсы барысында талап бойынша мұғалімдер діндерді насихаттамайды, олардың шығу тарихы мен дамуын объективтік мазмұнда түсіндіруді мақсат етеді. Расында, дінтану пәні керек екені сөзсіз. Қазір біздің жастарымызды сыртқы күштер, миссионерлер жиі арбап жатыр. Біздіңше, дінтану пәнін енгізудегі басты мақсат – оқушы бойына өз ұлтының төл мәдениетін түсіндіру, сіңіру, сол арқылы сыртқы күштерге, теріс ағымдарға қарсы тұру болу керек. Айналып келгенде, мемлекет үшін балаларға дінімізді, мәдениетімізді түсіндіру де ұлы мақсаттардың қатарынан болғаны абзал.
Бұл пәннен негізінен тарихшылар мен құқықтанушылар береді. Тарихшы оның тарихын айтуы мүмкін, құқықтанушы құқықтық жағын айтуы мүмкін. Ал, діннің ішкі мазмұнын түсінбеген балаға оның тек қана формасын оқыта берудің еш әсері болмайды. Біздің қоғамды алып қарасақ, дін тек қана біржақты оқытылады. Мәселен, намаз оқысаң сен тозақтан құтыласың, ораза ұстасаң осыншама сауап болады, қажылыққа барсаң күнәдан арыласың дегеннен ары аспайды. Соның салдарынан біздің балаларда «Мешітке барып намаз оқысам, күнәларым жуылады, ары қарай күнәні қайтадан істей беремін. Келесі жұма намазда оны «жуып-шая» саламын» деген түсінік пайда бола бастады. Одан бөлек, қазіргі уақытта дін кәсіпке, жеке бастың пайда құралына айналып бара жатыр. Осының бәрі діннің мәні мен мазмұнын ұқпағандықтан орын алуда. Кез келген заттың ішкі және сыртқы формасы болатыны сияқты, діннің де сондай қасиеті бар. Кейбір сақал өсірген немесе орамал тартқан азаматтар мұсылманның бойында жоқ Исламға жат нәрселерді жасап жатады. Мұның бәрі діннің біржақты, сыртқы формасында ғана насихатталуында және оның мазмұнына көңіл бөлінбегендіктен туындап жатыр. «Ораза ұстасаң осыншама сауап аласың» дей салғаннан гөрі, оның не үшін парыз етілгендігін тереңінен түсіндірген анағұрлым пайдалырақ. Сонымен қатар, әдістемелік оқу құралдарының көптеп шығарылуы да артықтық етпейді. Мектептегі сабақ беретін мұғалімдердің білімін үнемі жетілдіріп отырылуы қажет. Арнайы әдістемелік құрал, кітап жоқ болса, біз өзімізге керекті құралды қайдан аламыз? Интернеттен аламыз. Дінтану пәні оқу құралдарының бір ізге, бір жүйеге түспегендігі салдарынан осындай жайттар орын алғаны жасырын емес. Әрине, өзіңнің дініңді кеңірек түсіндіру арқылы өзге діндерді жамандауға да болмайды. Өзіңнің көзқарасың арқылы балаға діндердің тарихын, олардың атқарып жатқан функциясын, қазіргі уақыттағы оның әлемдік құбылысы туралы айту керек. Бала оның ақиқатын өзі тауып алады. Діндерді бір-біріне жамандау орын алмауы керек. Одан гөрі олардың ұқсастықтарын, ерекшеліктерін, айырмашылықтарын ғибадаттық мәселелерін айтып түсіндіріп берген жөн. «Дінтану негіздері» факультативтік курсын тиімді оқыту үшін мұғалімдердің ұйымдастыруымен мектептерде кездесулер, арнайы мамандармен кәсіби сұхбаттасу мен әңгімелер, «дөңгелек үстел» отырыстары, сынып сағаттарында үнемі айтылып отырса, сонымен қатар лаңкестікке қарсы акция ұйымдастырылса көптеген мәселелер шешіледі деп есептеймін.
Жастар ортасында ең күрделі мәселе бұл экстремистік терроризмнің белең алуы, экстремистік топтардың көбеюі және лаңкестік әрекеттердің көбеюі. Осының барлығы қоғамдағы діни таным-түсініктің төмендігінен. «Дін» деген түсініктің жалпы біздің өмірімізде болатындығын, күнделікті тіршілігімізде оны қолданып жүргендігімізді білмегендігімізден, біз дінді тек қана ғибадат жасау деп ойлаймыз. Ғибадаттың өзі әрине кең мағынада айтылған дүние. Ғибадат болғанда біз намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару немесе мешітке барып жұма намаз оқу, болмаса шіркеуге барып шоқынумен ғана шектелеміз. Біздің түсінігімізше, дін осы айтылғандар үшін ғана керек сияқты. Басқа уақытта дін өз функциясын атқармайды деу – қоғамдағы өте қате түсінік. Жат ағымдағы діни ұйымдардың көбеюі, жастарымыздың экстремистік топтардың артынан еріп жатуының бірден бір себебі – діни білімсіздік. Енді осы діни білімсіздіктің орнын толтыру үшін мектеп бағдарламасына дінтану пәнін енгізді. Оның бізге берері көп.
Бірақ, мектеп оқушыларына арналған жөнді кітап жоқ. Ғарифолла Есімнің кітабы бар. Бірақ, оны оқушы емес, оқытушының өзі әрең түсініп жүр. Себебі, ол күрделі тілмен жазылған. Бұл жөнінде ғалымдардың өздері де айтып, оны қайта жазып шығу керектігі жөнінде мәселе көтеріп отыр. Кеңестік идеология мен тоталитаризм нәтижесінде орын алған дін саласындағы жағдай мен халықтың діни сауатсыздығын пайдаланып, шетелдерден түрлі діни ағымдар келе бастады. Қазақ жастарының бір бөлігі исламнан бөлек түрлі дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кете барды, қалған бөлігі мұсылман елдері, солардың ішінде Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр елдерінен келген идеологиялық діни ағымдардың ықпалына ұрынды. Ал, қазақи дәстүр мен мәдениетті сақтап қалған бөлігі ұлттық құндылықтарды алға тартты. Сондықтан, шетелден келген идеологияларға ұрынбай, өзіміздің ұлттық болмысымызды, дінімізді, зайырлы сипатымызды сақтап қалу үшін, халықтың діни сауаттылығын көтеру үшін діни білім, дінді оқытатын, діни жағдайды бақылап, талдау жасай алатын мамандар қажет болды. Осы орайда дінтану пәні енгізіліп, кейіннен осы сала бойынша мамандарды даярлай бастады.
Бүгінгі күні Қазақстанда дін мамандары екі бағытта - дінтанушылар мен теологтар ретінде даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, жалпы әлемде бар барлық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса; теологтар құдайды, дінді іш жағынан, діни тұрғыдан зерттеп, құдай идеясын мойындайтын және негіздейтін діндерді, ең алдымен, әлемдік діндерді зерттейді. Қоғамда зайырлы дінтанушы мамандармен қатар, дінді тереңінен түсіндіретін теолог мамандарға да сұраныс жоғары. Бұл өз кезегінде жас ұрпаққа дінді таңдау немесе таңдаудан бас тарту кезінде ар-ождан бостандығына өз құқығын табысты жүзеге асыруға, нейтралдық ұстаным тұрғысынан дін туралы объективті білімді қалыптастыруға, Қазақстандағы және әлемдегі тыйым салынған діни ұйымдар туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік береді. Дін туралы білім беретін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу тәжірибесі өзге елдердің білім бағдарламаларында да бар. Дінтану пәні – бұл тек діндер туралы ғылыми пән ғана емес, сонымен қатар ең басты мақсаты – оқушының дін туралы түсінігін және оған деген объективті қатынасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін гуманитарлық пән болып табылады. Сондықтан, бұл пәнді арнайы дінтанулық білім бар мамандар беруі тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі таңда мектептерде аталған пәнді дінтанушы мамандар емес, өзге пән мұғалімдері жүргізуде. Мектептегі дінтану пәнін арнайы дінтанушылардың оқыту жолдарын қарастыру керек, болмаса бұл пәнді жүргізіп жатқан мұғалімдерді дінтану саласы бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткізу қажет.
Діннің қоғамдағы рөлін, тұлғаның қалыптасуындағы маңызды орнын, еліміздің поликонфессиялығын ескере отырып, бүгінгі дәстүрлі емес діни ағымдардың етек алып, діни негіздегі экстремистік, террористік саясаттың өрбуі кезеңінде халықтың діни сауаттылығын көтеру үшін, жастардың бойында түрлі жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін, елдегі және шетелдердегі діни жағдайды бақылап, талдау жасай білу үшін көпконфессиялы қазақстандық қоғамға діни білім аса қажет және бүгінгі күні өзекті болып табылады.
Дінтану пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі қазіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да өте маңызды. Орта мектепте дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан аталған пәннің сағат санын көбейту мәселесіне мүмкіндігінше тереңірек маңыз берген жөн.
Қазіргі «Дінтану негіздері» пәнін жүргізетін тарихшы мұғалімдерді қайта даярлау небәрі 24 сағаттық курс көлемінде жүргізілетіні, бұған қосымша мұғалімдердің жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастырылған екі-үш күндік семинар-тренингтер аясында білім жетілдіретіні белгілі. Басқа уақыттарда мұғалімдер көбіне өз бетінше білім жетілдіруге, қолына түскен әдебиетпен қанағаттануға, негізгі мәселелерге жауапты ғаламтор материалдарынан іздеуге мәжбүр. Сондықтан кемінде 1 айлық толыққанды бағдарламаны қамтитын білім жетілдіру курстарын ұйымдастырып, әдістемелік және хрестоматиялық әдебиеттерді даярлау арқылы білім жетілдіру курстарының деңгейін көтерсе екен деген ұсыныс айтқым келеді. «Дінтану негіздері» пәнін жүргізетін мұғалімдердің әдістемелік мәселелерді кеңінен талқылауына, өзара ақпарат алмасуына мүмкіндік беретін орталар (ғаламтор сайттары, парақшалары, әдістемелік журналдар) қалыптастырылса деймін.
Діни және дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын ізгілік өлшемі тұрғысынан дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес діни және дінтанулық білімнің ортақ мақсатқа тиімді түрде бірлесе қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн.

ID: 295 | Просмотров: 5238

01/Мар/2015