Сайт учителя начальных классов
.
Дарынды балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері

Дарынды балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері

Дарынды балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері

Бүгінгі таңда дарынды бала сөзі жиі қолданылып жүр. Дарындылық—адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет.
Оқушының дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы көбінесе мұғалімнің кәсіби біліктілігне, және оның тұлғалық қасиетіне байланысты екені айдан анық.
Көбіне мұғалімдер ойынша “дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологі П.Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П.Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты- олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Дарынды оқушымен жұмыс жүйесіндегі мұғалім маңызды орын алады. Оқушының болашақтағы мамандығына байланысты, яғни кәсіби тағдыры тек қана жақсы мұғалімге байланысты.
Дарынды баланың одан әрі жетіле түсуіне ұстаз тарапынан мейірім мен кішіпейілділік,бала жанын жазбай танушылық қасиет қажет-ақ.
Бала бойындағы дарындылық, ғылымилық қабілетін ашу, жақсы танымдық қасиеттерін зерттеу, айқындау – ең басты мәселе. Ал оқытудың түпкілікті нәтижесі – өз ойын дәлелдей алатын, жан – жақты білімді, білімін жүзеге асыра алатын, қалыптасқан өзіндік азаматтық көзқарасы бар іскер, ақылды, адамгершілігі мол тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру. Ол үшін белгілі бір жоба болуы шарт. Яғни, оқушының дарындылығын айқындау, шығармашылық дарындылығын зерттеу, анықтау, белгілі бір бағыт – бағдарлама бойынша жұмыс жүргізу қажет. Оқу жылының басында дарынды балаларға арналған тиімді жұмыс жоспарын құру.
Оқушының дарындылығын анықтап, дамыту мақсатында әр пән мұғалімінің алдында төмендегідей мақсаттар мен міндеттер болуы орынды:
1. Дарынды оқушының ақыл-ойының, эмоционалдық және әлеуметтік дамуы мен ерекшеліктерінің өзіндік ашылу деңгейі мен өлшемін ескеру;
2. Жан - жақты ақпараттандыру;
3.Коммуникативті бейімдеу;
4. Дарынды оқушының шығармашылық бағытының ашылуына, дамуына, қоршаған ортаға өзін-өзі жарнамалауына көмек көрсету;
Осы мақсаттар мен міндеттерді орындауда мектеп ұстаздары мынандай жұмыс түрлерін қолданады:
1. Икемді және ұтқыр оқу жоспарын құрады;
2. Жеке пәндерді оқытуда тәуелсіз қозғалыс жасайды;
3. Дарынды оқушының өзінің жұмысын өзі жоспарлап, шешім қабылдауына ықпал етеді;
4. Дарынды оқушының қызығушылығына байланысты оқу жоспарын құрады;
Осындай жұмыс түрлерін ұйымдастыруда ұстаздар мынандай мәселелерге баса назар аударады:
1. Пән сабақтарында шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды іріктеу, орындау, талдау жұмыстарын жүйелі жүргізуге;
2. Дарынды оқушылардың білім деңгейі мен олардың өз мүмкіндіктерін пайдалану көрсеткішін арнайы әдістемелер бойынша жүйелі түрде тексеріп отыруға;
3. Сабақтан тыс мезгілде жүргізілетін жұмыстарға - пәндік олимпиада, ғылыми конференцияға, интеллектуалдық турнирлер мен шығармашылық байқауларға дайындық жұмыстарын жыл бойы жоспарлы жүргізуге;
Дарынды оқушылармен жасалынатын жұмыс түрлері:
1. Баланың қызығушылығына әрі табиғатына қарай ғылыми жұмысқа баулу;
2. Пәндік олимпиадалық жұмыстарға дайындау;
3. Қазіргі кезде жақсы дамып келе жатқан дебаттарға, пікір – сайыс яғни интеллектуальды ойындарға дайындау;
4. Мектептің ғылыми қоғамындағы үйірме жұмыстарын ұйымдастыру.
Оқушылардың ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыруы мақсатты әрі жүйелі түрде бағыттау керек. Сондықтан да ғылыми жоба технологиясының тиімділігі күннен күнге артуда. Жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта әр түрлі жағдаяттарда, әр түрлі қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете білуге бейімдеу. Егер оқушы ғылыми жобасы тақырыбын дұрыс таңдай отырып, жоспарлай білсе, оны дұрыс орындай алса - ол болашаққа дұрыс бейімделген тұлға болып қалыптасады. Әр түрлі жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдай отырып, әр түрлі адамдармен тіл табыса отырып, әр ортада дұрыс бағыт – бағдар бере алады. Сонымен, оқушының ғылыми жұмысының тиімділігі – көзбен көріп, құлақпен естіп, есте сақтай отырып,оқушыны ізденіске, іскерлік пен танымдық ынтаға, шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі мәселелерді шеше білуге, тапқырлыққа, жаңа ғылыми ізденіске жетелеуде.
Пәндік олимпиадалардың негізгі мақсаттары мен міндеттері педагогтардың ғылыми-әдістемелік деңгейлерін анықтау, кәсіби және ақпараттық құзыреттілік деңгейлерін арттыру мен қатар, дарынды оқушының өзін қызықтыратын пәнде шығармашылық белсенділігін ынталандыру және қызығушылығын дамыту, ғылыми білімді насихаттау болып табылады.
Қазіргі кезде жақсы дамып келе жатқан дебаттардың, пікір – сайыс яғни интеллектуальды ойындардың мақсаты - Қазақстандық қоғамдағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, ашық пікірталас алаңында талқыға салу арқылы оқушылардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыру; жастардың ғылымға қызығушылығын туғызып, мемлекетшілдік сананы дамыту болып табылады.
Дарынды баланың қабілетіне білім беру тарапынан және тәрбиеішілік жұмыстар тарапынан қолдау болуы шарт. Ол ең алдымен: дарынды баланы анықтау жолдарымен және дұрыс бағыт-бағдар беру жолдарымен айқындалады. Дарынды баламен жұмысты бастау жолында төмендегідей проблемаларға кездесеміз: әлеуметтік жағдайының әсері, жаңадан келген оқушының ортаға бейімделе алмауы; жас кезеңіндегі өтпелі кезеңі, оқуда жетістікке жете алмауы, ұяңдығы, психофизиологиялық себептер. Әртүрлі жағдайда кездесетін жоғарыда көрсетілген проблемадан негізінен ата-ана мен сынып жетекшісінің, пән мұғалімдерінің және әкімшіліктің тығыз байланысы шешуші жолды анықтайды.
Оқушының дарындылығын анықтауда:
1. Дарынды бала туралы педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік ақпараттар, мәліметтер жинақтау.
2. Бақылау
3. Анкета
4. Психодиагностика
5. Социометрия
6. Әңгімелесу
7. Интервью сынды жұмыс түрлері жүргілуі тиіс.
Аталмыш жұмыстар негізде психологиялық ерекшеліктерін айқындап,психологиялық зерттеу жұмысының қорытындысын (темперамент,зейін,ес,қабылдау,ойлауы, т.б.) және басқа мәліметтерді салыстыру арқылы, баланың әлсіз жақтарын дамытуға бағыт – бағдар беріп отыру. Ол салыстыру өмірдегі ғұлама ғалымдардың балалық шағымен байланысқаны ұтымды болады. Атақты адамдардың мектеп қабырғасында кей пәндерде білімі төмен болғанымен танымдық қабілеті жүре дамитындығын дәлел ретінде айтуға болады. Мысалы: Лейбниицтің, Ньютонның, Лобачевскийдің математикаға қабілеттері 20 жастан соң байқалыпты. Томас Эдисонның бала кезінде есте сақтау қабілетінің өте нашар болғандығын және мектепте үйреткенін ұмыта беріп, мұғалімдерді жиі ренжітетін. Ол мектепте барлығы үш ай ғана оқыды. Қашықтықтан ақпарат жіберетін прибор құрастырды, жазу машинкасымен әлемді таң қалдырды. Осындай өмірдегі жағдаяттармен таныстыра отырып, баланың тек жақсы оқуына ғана емес, бойындағы қабілеттілікті көре, тани білуіміз керектігін естен шығармағанымыз да дұрыс.
Дарынды балалардың шығармашылық қасиеттерін дамыту жұмыстары сынып ішінде психо-эмоционалды климатты қалыптастыру бағдарымен де тығыз байланысты. Ол бағыт:
-Әлеуметтік жағдайы төмен отбасының дарынды балаларына мектеп тарапынан материалдық көмекпен қамтамасыз ету (мұражай, театр, қаланың көрнекті жерлеріне саяхат ұйымдастыру т.б.)
- физиологиялық денсаулығын бақылап отыру,
- демалыс кезінде тегін сауықтыру орындарына жіберу;
- психологиялық қызмет қолдауы (психологиялық тұрғыда денсаулығын бақылау,консультация,
- профилактика, тренинг, қабілетіне қарай іс-шаралар ұйымдастыру, ақпараттандыру,жинақтау,тарату,т.б.)
- кітапханамен тығыз байланыс,қажетті материалдар қарастыру.
Көрсетілген жұмыстар сынып жетекшісімен ата-ана байланысы негізінде мектеп әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асады. Аталмыш жұмыстар жүйелілікке негізделіп, дарынды оқушымен жұмыс түрлері іске асу барысында оқушының өзін өзі бақылауы негізінде төмендегідей өзгешелікті байқауға болады:
1. Интеллектуалды эмоциялық бірлікті сақтай біледі;
2. Шешім қабылдайды;
3. Сенімділік туындайды;
4. Өзгелермен салыстырады;
5. Өзін-өзі бақылайды;
6. Жауапкершілік туындайды;
7. Мінез-құлқы өзгеріледі;
8. Ғылыми тұрғыда ізденеді;
9. Материалдарын жинақтайды.
Дарынды баламен жасалынатын жұмыс барысында төмендегідей бағыт-бағдарды жоспарлаған орынды:
1.Оқушымен жасалынатын жұмыстың икемді және ұтқыр формасы құрылуы тиіс;
2.Жеке пәндерді оқытуда бағдарламадан тыс материалдар негізі қамтылып, тәуелсіз құрылымы жасалуы қажет;
3.Дарынды оқушының ғылыми жұмысының жоспары өзі қалауындай етіп жасағаны орынды,өзіндік шешім қабылдауына ықпал ету қажет;
4.Дарынды оқушының қызығушылығына байланысты мұғалімнің өзіндік оқу жоспарын құру;
5.Оқушыға ЖОО -на ғылыми жетекшілік жасайтын ұстаз бен тығыз байланыс жасауына ықпал ету;
6.Дистанциялық оқуды ұйымдастыру.
Дарынды балалармен жұмыс түрлерін ұйымдастыруда төмендегідей мәселелерге назар аудару керек;
1.Пән сабақтарында шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды іріктеу, орындау, талдау жұмыстарын жүйелі жүргізу.
2.Дарынды оқушылардың білім деңгейі мен олардың өз мүмкіндіктерін пайдалану көрсеткішін арнайы әдістемелер бойынша жүйелі түрде тексеріп отыру.
3.Сабақтан тыс мезгілінде жүргізілетін жұмыстарды- пәндік олимпиада, ғылыми конференцияға, интеллектуальдық турнирлер мен шығармашылық байқауларға дайындық жұмыстарын жыл бойы жоспарлы жүргізу керек.
4. Білім беру мекемелерінде дарынды оқушылар үшін арнайы сыныптар мен топтар құрып, оқу бағдарламаларын жеделдетіп оқытуды ұйымдастыру;
Дарынды баланың жасаған жұмысына қолдау көрсету де оның болашағына ерекше әсер береді. Оның өзінің білімділігіне деген сенімділігі арта түседі. Қолдау көрсету дегеніміз өзі баланың жұмысын таныстыру, тарату ұғымдарымен астасып жатады. Ол:
1. Тәжірибелерін газет,журнал беттеріне беру;
2. Байқауларға қатысу;
3. Іс-шаралар ұйымдастыру;
4. Мектептермен тәжірибе алмасу.
5. Бақылау күнделігін жазып отыру;
6. Психологиялық материалдар жинақтау;
7. Кітапша құрастыру.
8.”Реферат”;
9.”Портфолио”

Дарынды баламен жұмыс мұғалімнің бақылауымен тікелей жүзеге асып отыруы қажет. Бұл дегеніміз- әр жұмыс түрлері талданып, сараптама жасалып отыру деген сөз. Осы сараптама негізінде дарынды балаларды мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық іс-шараларға қатыстырып, қабілеттерін дәлелдеу – баланың өз біліміне деген сенімін арттырады. Әр дарынды баланың ынтасын, дарындылығын қамти отырып, шығармашылық жұмыстарын таратуға мүмкіндіктер жасалынады. .Осы жағдай дарынды баланы бақылауға, дұрыс бағыт беруге, жеке тұлғалық дамуына мүмкіндік туғызатын бірден бір жол. Жас ерекшелігін ескере отырып қабілетіне қарай баланы жүйелі дамытып, қолдау көрсетіп отыру - келешек жастардың мемлекетімізге әкелер үлесінің зор екендігін айқындай түседі.
Дарынды баламен жұмыс негізінде біріншіден: өзін-өзі тануға, өзін-өзі тәрбиелеуге, жаңашыл, төзімі берік, үнемі өзін дамытуға, ізденетін, экспериментшіл, принципке берік, ешкімді қайталамайтын, энтузиазист,бойына дарындылықты қалыптастыра білетін тұлғаны күтеміз.Екіншіден: дарынды балалар келешектегі кәсіби мамандық таңдауда өздері шешім қабылдайды.Және олар мектептегі жасалынған жұмыс негізінде болашақ мамандықтарын қателеспей таңдай алады және болашақта жақсы маман иелері болып шығады. Үшіншіден: дарынды баламен жұмыс барысында мектеппен ғана шектелмей, жоғары оқу орындарымен байланыс жасалынады; төртіншіден өз беттерімен дарындылық орталығын құруға мүмкіндік жасалынады; Дарынды балалармен жасалынатын жұмыс түрлері нәтижесінде төмендегідей жетістіктерге қол жеткізуге болады:
1. Дарынды оқушының ақыл-ойының, эмоционалдық және әлеуметтік дамуы мен ерекшеліктерінің өзіндік көзқарас тұрғысынан дамиды.
2. Жан-жақты ақпаратты қабылдауы, сол ақпараттар негізінде өз ойын жеткізіп, өмір ағымына сай көзқарасы пайда болады.
3. Дарынды оқушының шығармашылық деңгейі дамып, кез-келген ортады өзін еркін ұстау мүмкіншілігі арта түседі.
4. Дарынды оқушының қоршаған ортаға өзін-өзі жарнамалау деңгейі яғни өз білімін көрсете білуі дұрыс жолға қойылады.
Бүгінгі таңда білім беру орындарында баланы шығармашылық тұрғыда дамытуға арналған жұмыс түрлері жеткілікті. Дарынды балалардың қабілетін дамытудың келесі жолдарын іріктеп алуға болады:
1. Сабақтар, ОҒҚ-ның жұмысы;
2. Пәндік үйірмелер;
3. Тіл мерекесі;
4. Абай, оқулары;
5. Олимпиадалар;
6. Интеллектуалдық ойындар, дебат (пікір сайыс) клубы;
7. Ғылыми-практикалық конференция (ізденімпаздық жұмыс, зерттеу жұмысы, рефераттар қорғау, жоба қорғау);
8. Оқушылардың білім деңгейлерін арттыру (мұражайға бару, белгілі адамдармен кездесу);
9. Шеберлер байқауы (ақындар айтысы, шешендер сайысы, би үйірмесі, шебер қолдар үйірмесі);
10. Оқушылардың аудандық, облыстық, республикалық шығармалар, жобалар байқауларына қатысу.
«Оқушы дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы көп жағдайда мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен шеберлігіне, оның тұлғалық қасиеттеріне тікелей байланысты»
1. Дарынды оқушымен жұмысқа тұрақты қызығуы, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі;
2. Дарынды оқушының ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы;
3. Дарынды оқушымен жұмыс кезінде жоғары нәтижелерге ұмтылуы;
Дарынды балаларда төмендегі қабілеттерді дамыту қажет:
1. Танымдық қабілеттері:
- кең көлемді ақпаратқа ие болу;
- сөздік қоры мол;
- себеп-салдық байланыстарды табу;
- қорытынды жасай алу;
- күрделі мәселелерді шешуге қатысу;
- күрделі идеяларды қолға алу;
- қарама-қайшылықты түсіне білу;
- жағдайларды талдау;
- талқылай алу;
- идеяларды практикада қолдану;
- өз ойын сынай алу;
- бәрін білгісі келушілік.
2. Шығармашылық қабілеттіктері:
- тәуекелдікке бару;
- ойлау мен іс-әрекеттің жылдамдығы;
- тез ойлау;
- жаңа нәрсе ойлап таба алу;
- бай фантазия;
- күрделі заттарды қабылдай алу;
- эстетикалық құндылықтар;
- дамыған интуиция.
3. Эмоционалды ерекшеліктері:
- басқаларды сыйлау;
- басқа адамдардың ерекшеліктерін сыйлау;
- сынға шыдау;
- тапсырмаларды орындауда алған бетінен қайтпастығы;
- ойлау мен іс-әрекеттерінде еркіндігі;
- әзілкештік;
- мораль проблемаларын талдай алу;
- өз күші мен қабілетіне сенімі;
- ішкі сезім.
Дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге кеңес:
1. Баланың бейімдік жақтарына қарай сабақ жоспарын құру.
2. Ең күрделі сұрақтарға берілетін кеңестердің тақырыбын анықтау.
3. Баланы тексеру формасын таңдау (тест, сұрақтар, т.б.)
4. Балаға берілетін мәліметтер:
1. Тақырып аты.
2. негізгі сұрақтар
3. термин сөздер
4. әдебиеттер тізімі
5. бақылау түрі
6. өзін-өзі тексеруге тапсырмалар
5. Нәтижелерді талдау үшін кесте құру керек.
1. пән
2. кеңестің уақыты мен күні
3. негізгі қаралатын мәселелер
4. бағдарлама бойынша қосымша сұрақтар
5. іс жүзінде кеткен уақыт
6. бағдарламаға кірмеген қосымша сұрақтар
7. анықталмаған сұрақтар
8. уақыттан ауытқу себептері.

Ойлау процесін дамытуға арналған жаттығулар:

1. « Сөзді есіңде сақта»
20 сөз оқылады да, сол сөздерді еске сақтау ұсынылады. Сөздерді бірақ рет оқу керек:

1. айна 11. бала
2. тарақ 12. бауыр
3. сүлгі 13. дана
4. апта 14. қала
5. күн 15. шана
6. жер 16. қалам
7. аспан 17. кітап
8. жұлдыз 18. дәптер
9. табиғат 19. парта
10. ана 20. тақта

Сөздерді естеріңізге түсіріп жаз, сөз ретін шатастырмау. Жауаптарды тізіммен салыстырып, тексеру. Егер сөз жоқ болса немесе өз орнында тұрмаса – қате деп санау. Қателерді санаңыз. Неше ұпай жинағаныңызды қараңыз.
Қате жоқ – 10 ұпай 9-10- 5 ұпай
1-2 қате жоқ – 9 ұпай 11-12- 4 ұпай
3-4 қате жоқ – 8 ұпай 13-14 - 3 ұпай
5-6 - 7 ұпай 15-17- 2 ұпай
7-8 - 6 ұпай 18-20 - 1 ұпай

2.«Сөйлемді аяқта» ойыны.
Мақсаты: Балада ойлауды дамыту.
Нұсқау: Балалар шеңбер бойына отырады. Жүргізуші балалардың біреуіне допты лақтырып, сөйлемнің басын айтады. Допты тосып алған бала сөйлемді аяқтап, допты жүргізушіге кері лақтырады. Егер бала екі рет сөйлемді аяқтай алмаса, ойыннан шығады. Сөздердің нұсқауы:
Лимон ащы, ал қант ............
Шөп жасыл, ал аспан ............
Адамда екі аяқ, ал итте ..............
Сен ауызбен тамақтанасың, ал құлақпен .............
Қазақстанда қазақша сөйлейді, ал Америкада ................
Ағашты аралайды, ал шегені ...............
Балерина билейді, ал пианист .................
Ит үреді, ал мысық ...............
Құстар ұяда тұрады, ал адамдар .................
Кеме жүзеді, ал машина .......................
Жүннен тоқиды, ал матадан ................
Шиені жейді, ал шәйді .................
Түнде қараңғы, ал күндіз ..................
Әнші өлең айтады, ал құрылысшы ...............
4. «Тақпақ»
Мақсаты: Шығармашылық қабілетті дамыту.
«Ақын болмауың мүмкін, ал байқап көруге міндеттісің»
Тақпақ құру.
Төмендегі жолдарды жалғастыру қажет:
Қызықты, өзгеше, әзілмен де жалғастыруға болады.
1. Келді міне, наурыз
2. Келе жатып жолда мен
3. Тышқан күннен сұрапты
Орындау уақыты 5 минут.
Талдау. Өлең жолдарын құрастыру жеңіл болды ма? Қиындығы неде болды?

Мұғалімнің біліміне қойылатын талаптар:
- өзінің сабақ беретін пәнін мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары деңгейде білуі;
- қызмет нысанын, яғни бірыңғай педагогикалық үрдісті білуі;
- оқушы дарындылығын моделін білуі;
- жеке тұлға теориясын, оны қалыптастырудың әдіс-тәсілін білуі;
- дарынды оқушыны анықтаудың психодиагностикалық әдіс-тәсілін білуі;
- қазіргі заманға сай оқытудың жаңа технологияларын білуі;
- дарынды оқушыны оқыту, тәрбиелеу үрдісінде үлгерімге ғана көңіл бөлмей, оның басқа көрсеткіштерімен байланысына да көңіл бөлуі;
-Шығармашылықпен жұмыс жасайтын тапсырмалар бере білуі.

Мұғалімнің іскерлігіне қойылатын талаптар:
- дарынды оқушыны анықтауға, дамытуға қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізе алуы;
- Дарынды оқушыны зерттеу барысында психодиагностикалық күнделік жүргізуі;
- оқушылармен қарым-қатынасын сауатты жүзеге асыра алуы;
- дарынды оқушыны оқытудың нәтижесін нақты бағалай алуы;
-дарынды оқушының ғылыми-ізденіс жұмыстарымен айналысуына жетекшілік етуі;
-дарынды оқушыны олимпиада мен сайыстарға дайындауда нәтижеге жете алатындай деңгейде жұмыс жасай алуы;
- дарынды оқушының ата-анасына әртүрлі психологиялық-педагогикалық кеңестер бере алуы;
- дарынды оқушының (жеке және топпен) оқытуға тереңдетілген бағдарлама құрастырып тұрақты жұмыс жасай алуы»
Сондай-ақ дарынды оқушылармен нәтижелі жұмыс жасайтын мұғалімнің кәсіби “бейнесі” мынадай қасиеттерден тұрады: жоғары кәсіби біліктілік, даралық қасиет, білімпаздық, ойлап табуға және ғылыми зертеу жұмысына қабілеттілік, кәсіби қызметін өздігінен жетілдіруге ұмтылушылық. Дарынды оқушымен жұмыс мұғалімнің өзіне, қызметіне және кәсіби біліктілігіне жаңа, жоғары талаптар қояды. Тіпті оның кәсіби жетілуіне өзгеше емтихан болып табылады.
Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай депті: “…Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұпарды есекке айналдырып құртып тынады”. Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, ынталандыру үшін сабақтарды мынадай жолдармен өткізуге болады:
1. Сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану;
2. Сабақты түрлендіріп өткізу;
3. Сабақта оқушылар өздері жасаған суреттер, схемаларды пайдалану;
4. Техникалық құралдарды тиімді қолдану;
5. Сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету.
Қорыта келгенде, О.Бальзактың “ұдай еңбек ету- өнердің де, өмірдің де заңы” дегеніндей, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін артыруда мұғалімге үнемі ізденуге, тұрақты еңбек етуді міндеттейді.
Әрине, артқарылған істер аз емес. Дегенмен, әлі де болса бізді ойландыратын, толғандыратын істер жетерлік. Атап айтқанда, олар – білім сапасын арттыру, оқушылардың біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми-ізденіс қабілеттерін қалыптастыру, т.с.с. Өйткені, ХХІ ғасыр- білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.

ID: 160 | Просмотров: 5236

28/Янв/2015