Сайт учителя начальных классов
.
«Біздің  балабақша!»

«Біздің балабақша!»

«Бала тәрбиесі – бесіктен»
(халық даналығы)

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»
(М. Әуезов)
«,,,Баланы жан – тәніңмен сүймей баламен жұмыс жасау – ескексіз қайықпен су бетінде әрлі – берлі толқынмен бірге бағытсыз ырғу» Сол балаға деген сүйіспеншілік мәні осы мамандыққа әкелді.
... Бала дүниеге іңгәлап келгеннен кейін, өз отбасымен, өз елімен қауышып, бесіктен түлейді.
Бір жасқа толып , аяғын апыл- тапыл басқаннан кейін өзінің жеке – дара бесігінен , «Балабақша» деген үлкен бесік тәрбиесіне беріледі. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім – тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім – тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы , сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.
Ұстаз – киелі мамандық. Ол ертеңгі болашақты , болашақ иесін – ұлтын тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу , оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қылықтарды бойына дарыту – ол оңай шаруа емес.
Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай қоғамда оңды өзгерістер көп болды. Елдің ертеңі мен ұлт болашағын жан – жақты тұлға ретінде қалыптастыруда мектепке дейінгі мекемелерге де үлкен жүк артып отыр.
Елбасымыз « 100 мектеп», «100 аурухана», «100 балабақша» салу керек деген мемлекеттік бағдарламасының өзі жоғарыдағы біздің ойымыздың түп төркіні болса керек.
...Енді жалпыдан жалқыға қарай...
«Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» дегендей ұямнан алған тәрбиемнен бе , әлде табиғатым сол тірлікті керек етті ме, жасымнан ұстаз – тәрбиеші болуға аңсарым ауды.
Мектептен білім негіздерінен сусындап, әрі қарай пединститутқа , университетке түсіп , мұғалім, тәрбиеші мамандығын игердім.
«Тәрбиеші адам – тағалы атпен тең» деп халық даналығында көрсеткендей тағамның беріктігінен «Әсем» балабақшасында 10 жыл тәрбиеші, «Аққайың» балабақшасында 10 жыл әдіскерлік қызмет атқарып , ұлт болашағын тәрбиелеу жолында тынбай тер төктім. Бала тәрбиелеуде өз пікірім, өзімдік көзқарасым қалыптасты.
Бала тәрбиесінің үдерісінен шығу және көзқарастарымды толығымен жүзеге асыру үшін тек тәрбиеші немесе әдіскер болып қалу аздық ететіндей көрінді.
«Армансыз адам – қанатсыз құс» арманымды, балабақшада жинаған теориялық – практикалық қырларымды көрсету мақсатында «Салтанат» балабақшасына меңгеруші болып барғанмын , өкінішке орай, көп кешікпкй пайдалануға жарамсыз болып жабылып, «Айгөлек» балабақшасына басшылық қызметке келуім.
«Айгөлек» балабақшасы - ширек ғасырдан астам уақыттан бері қарай халыққа қызмет етіп келе жатқан байырғы шаңырақ. Ғимарат ескі үлгідегі, қазіргі сұранысты мүлде көтермейді.
«Айгөлек» балабақшасының педагогикалық кадрлары «па» дегендей болмағанмен , онда білікті мамандар аз емес. Балабақшада маман кадрлар толық – әдіскер, психолог, дене шынықтыру, орыс тілі, ағылшын тілі мамандары көптеген тәрбиешілер жоғары білімді, саз – би жетекшілері басқа да тәрбиешілердің көпшілігі тәжірибелі педагогтар . Сондықтан, педагогикалық ұжым хал – қадырынше облыстық, аудандық, бақша ішілік әр түрлі оқу – тәрбиелік олимпиада, шара – сайыстарда өздерін көрсетіп бағуда.
Әрине ,«Әттеген – ай» жақтары да бар. Оның үлкен себебі: жоғарыда атап өткендей балабақша ғимаратының ескілігі, бүгінгідей заманауи талаптарға жауап бере алмайтыны. Соның салқыны оқу – тәрбие процесінің кемшіндеуіне әкеліп , көңілге кірбің ұялатады.
«Болашақ бүгіннен басталады». Болашақта біздің балабақша әкімшіліктің қолдауымен күрделі жөндеуден өтпекші.
Тағы да балабақшаны үлкен сын күтіп тұр. Ол – аттестация, балабақша ұжымының жан – жақты тексеру бақылауынан өтуі.
«Мың қосшыдан, бір басшы» дегендей басшылық қызметті мойныма алған соң , ертең балабақшамның сыннан абыроймен, мүдірмей өтуі мен үшін үлкен жауапкершілік.
Болашақта «Айгөлек» балабақшасы әр түрлі сындардан сүрінбей өткеннен кейін... Күрделі жөндеуден өткеннен кейін... Қандай? Қандай болмақшы.
...Қиял теңізінде жүзіп келе жатырмын....
... Алдымда шамдары самаладай жарқыраған , ақ шаңқан , әдемі ғимарат . Аулада жүздері бал – бұл жанып , бақытты балалық шақтарының асқарында алаңсыз сайраңдаған бүлдіршіндер.
Дәл ауланың ортасында маржандарын көкке шапшытқан бұрқақ. Бақшаның ішіне ендім..... Алдымда жарқын жүзді адамдар, маған ізет көрсетуде. Бір сәт кеудемді қуаныш кернегендей.
Балабақша бөлмелері қандай әсем десеңізші!
Заманауи тәрбие, білім беретін «Компьютер», «Логопед», «Психолог», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Үйірме», «Мейірбике», «Әдіскер», «Меңгеруші», «Балапан», «Бүлдіршін», «Құлыншақ», «Қызғалдақ», «Бәйшешек», «Жауқазын», «Күншуақ» айдарлы топ бөлмелері, көздің жауын алардай, жоғары талғаммен безендірілген.
«Меңгеруші» бөлмесіне еніп , терезеден сыртқа назар аудардым....
Манағы өзім көрген бүлдіршіндерім мәре – сәре болып, хауызға шомылуда, күлкілері күмістей сыңғырлайды, бір – біріне су шашып ойнап, күміс жаңбырды армансыз сыйлауда.
Иә, құрметті әріптестерім !
Бұл – менің ертеңгі арманым !
Бұл – менің ертеңгі балабақшам !
Бұл - біздің «Айгөлек» балабақшасы !
Армандар болса армандар, ол да бір күн орындалар !
Болашағымыз – балалар ,
Береріңмен балаға келешегің бағаланар,
(Иншалла)

ID: 266 | Просмотров: 6516

23/Фев/2015