Сайт учителя начальных классов
.
Бір үзік сыр

Бір үзік сыр

Бір үзік сыр ....
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға демекші, әрбір жаңашыл әрі балаға жанашыр ұстаздың алдындағы оқушыға тек қана білім беріп қоймай, қазіргі заман талабына сай жан-жақты, озық ойлы, алған білімін өмірде қолдана алатын, егеменді еліміздің туын биікке көтеретін білімді, білікті, саналы ұрпақ етіп тәрбиелеу үшін ұстаздың өзі үнемі ізденіс үстінде болуы, кәсіби дамуға ұмтылуы-заңды құбылыс.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының бір топ ұстаздары да осы мақсатпен «Өрлеу» педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтына екінші (негізгі) деңгей бойынша деңгейлік курсқа әсем Алматыға аттандық. Қыркүйектің алғашқы күнінде Алматы қаласындағы «Әлия» қонақ үйіне келіп жайғастық. Алғашқы сабақ қыркүйектің екінші жұлдызында басталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ұстаздар бір-бірімізге жатырқаса қарасып, аудиторияға жайғастық. Бір кезде тренеріміз келді. Ол кісі өзін Жақсылықова Кенжегүл Зарлыханқызы деп таныстыра отырды. Біздің үшінші топта 23 тыңдаушы болды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, біз тобымыздың атын «Нартәуекел» деп қойдық.
Менің ұстаздық еткеніме 17жыл, ал «оқушылық» өмірмен қоштасқаныма (орта мектепті бітіргеніме) 23 жыл болған екен. Міне, осы 23 жылдан кейін «оқушының» кейпіне қайта еніп отырмын. Өйткені тренеріміз кішкене мақтау айтса жас балаша мәз болып, өзімізге деген сенімділігіміз артып, жүзіміз жадырап қалады. Ал жүзінен реніш байқалып түсі қатуланса, айтар ойымызды айта алмай жасқанып бұға бастаймыз. Мен осы сәттің өзінен сабақ алғандай болдым. Қандай көңіл-күйде болсам да, оқушы алдында жылы жүзімізбен кіріп, оқушыларға сенім білдіруіміз керек деп ойлаймын. Балаларға ешқандай ренжудің қажеті жоқ , одан гөрі өзіміз ойлағандай дәрежеге жеткізудің тиімді жолдарын табуымыз керек секілді. Кенжегүл Зарлыханқызы үлкен дәрежесіне қарамай, өзін бізбен тең дәрежеде ұстап түрлі жаттығуларды бізбен бірге жасап жүрді. Бізге әр түрлі тапсырмалар беріп, сол тапсырмаларды орындау барысындағы біздердің іс-әрекеттеріміз арқылы әрқайсысымыздың білімімізді, ойлау деңгейімізді бақылап отырды. «Маған айтсаң-ұмытып қаламын, көрсетсең-есімде қалады,ал өзіме істетсең-үйреніп аламын» деген шығыс даналығына сүйенетін көреген тренеріміз әрбір тапсырманы біздің өн бойымыздан өткізуді талап етті. Бұл біздің сол тақырыпты терең түсінуімізге себепкер болды. Әрбір тапсырмада топ болып бірлесе жұмыс жасадық. Біріміздің ойымызды біріміз толықтырып (ЖАДА. Выготский) ұжым болып мәселенің шешімін табуға тырыстық. Әр күні әр түрлі тақырыптар өтілді. Бір күні «Диалогтік оқыту» туралы, оның балалардың сөйлеу, ойлау қабілетін дамытудағы атқаратын ролі жайында тақырып қозғалды. Бұл сабақта мен диалогтік оқытудың үш түрі бар екенін, оның ішінде зерттеушілік әңгіме арқылы әр түрлі ашық, түрткі сұрақтар қоя отырып балалардың сөздік қорын молайтып, ой-өрісін дамытуға болатынын ұғындым. Сабақ соңында Кенжегүл Зарлыханқызы үйде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Не етер едің?» өлеңінің мақамына салып диалог түрінде өлең жазып келуді тапсырды. Қонақ үйге келген соң қолыма қағаз-қаламымды алып, ойға шомып біршама уақыт отырдым. Өлең жолдарын курспен байланыстыруды жөн көрдім. Арада екі сағаттай өткенде мынадай өлең жолдары пайда болды:
Не етер едің?
(Мұқағали Мақатаевтың «Не етер едің?» өлеңінің үлгісімен)
-Алматыға не мақсатпен келдің десем, не дер едің?
-Білімнің биік шыңын бағындырсам деп едім.
-Деңгейлік осы курсқа келмегенде не етер едің?
-Кембридждік тәсілді үйрене алмай өтер едім.

-Кедергілер кес-кестеп, аяқтан шалса не етер едің?
-Қиындықты жеңуге ұмтылумен өтер едім.
-Білім сенің басыңа қонбай жатса, не етер едің?
-Еңбектеніп, бәрібір дегеніме жетер едім.

-Тапсырманы орындамай, сөз естісең не етер едің?
-Ұялғаннан қып-қызыл шоқтай болып кетер едім.
-Бірінші бетпе-бет біткен сәтте не етер едің?
-Құстай ұшып, жылы ұяма жетер едім.

-Мектебіңе барғаннан соң не етер едің?
-Білімімді тексеріп, тәжірбиеден өтер едім.
Жаңа тәсіл бойынша коучинг өтіп,
Соңымнан ізбасарлар ертер едім.

-Сертификат ала алмасаң, не етер едің?
-Солай деген тіліңді кесер ме едім?
-Күндіз-түні тер төгіп, көп ізденіп,
Бәрібір мақсатыма жетер едім.

-Үш айлық курс біткеннен соң, не етер едің?
-Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етер едім.
-Жылы ұяңда отбасыңмен қауышқан соң не етер едің?
-Осы күнге жеттім-ау деп, тәтті ұйқыға кетер едім.
Оқушылардың сөздік қорын молайтуда, танымдық, шығармашылық қабілетін дамытуда диалогтік оқытудың тиімділігі өте жоғары. Балаларға сұрақтардың түрлерін шеберлікпен қоя отырып, оқушының бойындағы жасырын жатқан білімді жарыққа шығаруға (әңгіме жүргізудің сократтық әдісі), сол арқылы олардың сөздік қорын, тіл байлығын дамытуға мол мүмкіндік туады. Диалогтік оқытудағы зерттеушілік әңгіме арқылы сұрақтарды бірінен соң бірін қоя отырып, балаларды ойлануға жетелеп, дағдыландыру керек. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп, дана халық бекер айтпаған. Балалардың бір-бірімен пікірлесу диалогтық қатынасқа негізделеді, ал диалог өз кезегінде өзара түсіністікке, бірлескен әрекеттерге, таным процесінде туындаған мәселелер мен проблемаларды бірлесе шешуге алып келеді. Соның нәтижесінде кез-келген мәселені сын тұрғысынан ойлау арқылы шеше білетін озық ойлы, адами құндылықтары жоғары тұлға тәрбиелеуге болады деп сенемін.

ID: 468 | Просмотров: 6195

08/Ноя/2015