Білім беруді тиімді дамыту-ұстаз парызы
Қазақтың қаны бір, жаны бір,
Жол басшысы-мұғалім
М.Жұмабаев
Педагог кадрлардың білім деңгейлері мен әдістемелік бірлестігіне келіп тоғысты. Демек, интеллектуалды элитаны сапалық және сандық көрсеткішіне тікелей ұстаздар қауымы зор ықпал етеді деген сөз. Мақсаты-білім мен ғылым саласына жаңадан келіп жатқан теориялар мен жаңалықтарды, инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізіп, оны одан әрі дамыту.
Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты терең білімді, іздемпаз, барлық әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлғаны тәрбиелеу- уақыт талабынан туындап отыр.
Адамның болашағы оның қазіргі алған білімінің сапасына, көлеміне, ойлау деңгейіне байланысты . Сондықтан да оқушының жеке қабілетін дамытуда, дарынын ашуда және қоғамдық белсенді әрекетін жүзеге асыруда мұғалімдердің іс-әрекеті мен озық тәжірибесі, қабілеті мен шеберлігі шешуші роль атқарады. Мұғалім дамымай оқушы дамымайды. Қазіргі заманғы ақпараттық және білім беру технологияларын пайдаланбай, оқушы мен мұғалімнің сапасын арттырамын деуге болмайды. А.Байтұрсынов «Білім-біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп, білім мен біліктілік жайлы үлкен ой айтқан. Дәрігер өзінің білместігімен бір ғана адамға зардап әкелуі мүмкін, ал педагог бір ұрпақты құртуы мүмкін. Сондықтан да білім берудің нәтижелігі мұғалімнің шеберлігі, шығармашылығы мен оның кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты. Ол үшін мұғалім белгілі бір тақырыппен айналысып, озық үлгідегі педагогикалық тәжірибені өз тәжірибесімен шебер ұштастыра білу керек. Атқарылатын жұмыстың нәтижесін бағалап, қортындысын шығару, баспаға жариялау, іс-тәжірибені жинақтап, тарату.
Мұғалім өз жұмысында оқушылардың қабілеттерін анықтап, оларды оқыту, жетілдіру, ғылымға бейімдеу, бала дарындығын ашу, оны дамыту, бойындағы қабілеттілік белгілерін көре алуы мұғалімнің шеберлігін қажет етеді.
Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы-оқушыға білімді терең игертудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру, шығармашылыққа жетелеу.
Елбасының алға қойып отырған ұзақ мерзімге арналған өркендеу, даму, тәуелсіздікті баянды ету жоспарын қазіргі біз тәрбиелеп отырған жасөспірімдер іске асырмақ.
Жас дарынды шығармашылық жұмысқа тәрбиелеу, оның қабілетін ашу, санасында жалт еткен шоқты үрлеп, үлкен жалынға айналдыру әрбір ұстаздың әдіскерлік шеберлігі мен парасат-пайымының нақты көрсеткіші екені айқын. Дарынды оқушымен жұмыс істеудің негізгі мақсаты-олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал, мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп, оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Оқушының болашақтағы мамандығы, яғни кәсіби тағдыры тек ғана жақсы мұғалімге байланысты. Дарынды баланы анықтау, дамыту , оған, қолдау көрсету қазіргі уақытта білім жүйесіндегі қолға алынып жатқан өзекті мәселе екеніне қарамастан, елімізде жоғарғы оқу орнына дарынды оқушылар мен жұмыс істейтін мұғалімдерді даярлау мәселелері нақты қарастырылмаған. Сондықтан әрбір мұғалім өзінің жинақтаған және семинарларда алған тәжірибесі деңгейінде ғана оқушымен жұмыс жасайды. Мұғалімнің бағыт-бағдарына байланысты талаптары: оқушымен жақсы қарым-қатынаста болу, жұмысқа тұрақты қызығушылық танытуы және нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай іздеуі, жоғары нәтижелерге жету, өзінің сабақ беретін пәнін мемлекеттік стандар деңгейінен жоғары білуі, ғылыми-ізденіс жұмыстарына басшылық жасай білуі, тереңдетілген бағдарламалар құрастырып, жұмыс жасай білуі қажет.
Мұғалім еңбегі-оқушы білімімен өлшенеді. Ұстаздық оқу-тәрбие ісі, жастардың жүрегін тебірентіп, ой сезіміне әсер ету үшін біріншіден саяси сауатты, жан-жақты білімді болуы, екіншіден өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін, шеберлікпен жеткізе білетіндей әдіскерлік икемділігі , үшіншіден, оқушының психологиялық ой-өрісін бақылай алатын сезімтал психолог, өз ісіне , шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол-нағыз ұстаз. Бүгінгі күрделі процестің бірі-кадр. Өйткені, кез-келген өзгеріс, заман талабына ұстазсыз жете алмайды.
Біріншіден, мұғалім шығармашылықпен жұмыс істеуші тұлға, оқу бағдарламалары мен оқулық авторы.
Екіншіден, педагогтарға зәрулік толық ақталып отырған жоқ.
Ұстаз! «Көңілсіздікті мектеп табалдығынан аттар жерде қалдыр!» - деп педагогиканың бір ережесінде қандай орынды айтылған. Осы ережені естен шығармаған жөн. Балалар ұжымында А.С.Макаренко айтқандай әрқашанда шаттық үстем болуы тиіс. Мұғалім кей жағдайда артиске ұқсас. Ал нағыз артист өзінің көңіл-күйін жасыра алады. Оны сырт, көз сезбей де қалады. Міне нағыз ұстаз да солай болуға міндетті. Балалармен жұмыс істеудің ерекшелігі де осында.
Бұрын өз пәнімізді жақсы білсек, аздаған педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгерсек, баланы өз ерігімізге бағындырсақ, өте күшті педагог болдық деп тоқмейілсуді бастан кешіретін едік. Енді бұл көзқарасты мүлде өзгертуге тура келді. Өйткені, қазір заман өзгерді ,қоғам психологиясы да өзгерді. «Жаңа балалар » деген феномен пайда болды. Олардың мақсаттары да құндылықтары ешнәрседен қорқа қоймайтын , өзінің болашағына тиімділік тұрғысынан қорғайтын, іскерлікке бейім, романтикалық қиялшыл емес көп нәрсеге сене бермейтін адамдар. Сондықтан, баланы өзінен төмен көретін, көп ақыл айтатын, іскер емес мұғалімді олардың жан-дүниесі қабылдамайды.
Сондықтан ұстаздарға қойылатын кейбір талаптарға тоқталмақпын:
1.Сіздердің азаматтық батылдықтарыңыз және сіздердің адамдар арасына тәртіптеріңіз, өздеріңізден тәлім алатындарға мұра болып қалатындай болсын.
2.Өз оқушыларыңызды сыйлап, олардың ар-намысын қорғап, дамытып отырыңыздар.
3.Сөйлеу мәдениетін игеріңідер, айқайдан алыс жүріңіздер. Айқай сіздің ұстаздығыңызды кемсітеді, оқушыларға тигізер ықпалыңыздың мүмкіншіліктерін төмендетеді. Айқай күштілікті емес, әлсіздікті білдіреді.
4.Әдістемелік тұрғыдан алғанда оқушы қаншалықты бетімен кеткен болса да оқушыны мақтауға сылтау іздеңіздер. Орынды мақтау ондаған ескертуден пайдалы.
5.Оқушыларыңыздың сенімін ақтаңыздар. Бұл сенім олардың жан-дүниесіне енер жол. Бір оқушының сенімін ақтамасыңыз, бүкіл сыныптың сенімінен айырылуыңыз мүмкін.
Жаңаша оқыту әдістемелері мен қаруланған ұстаздар қауымы қазіргі қоғамдағы педагогика жүйесінің негізі тармағында ұлттық құндылықтарымызды жоғары қоюы керек. Кез келген пән мұғалімі өз пәнін ұлттық педагогикамен тығыз байланыстырып, оқушының санасына имандылық, тазалық, тілімізді құрметтеуді, ұлтжандылықты қалыптастыру керек.
Ұлттық білім үлгісінің негізгі бағыты- адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен роліне, әлеуметтік жағдайына, психилогиялық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру. ХХІ ғасырдың маманы-жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар бойынша ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай, ұлттық менталитеті жоғары, кәсіби білікті маман, адамдармен дұрыс қатынас жасай алатын, жауапкершілік сезімі жоғары, қоғамда белгілі рөл атқаратын, қайталабайтын дара тұлға болуы тиіс.
Қорыта айтқанда, жылдан-жылға, күннен-күнге оқушыларымыздың бойына еліміздің азаматына тән жоғары сезімдерді, инабаттылық пен ізеттілік, адамгершілікті, парасаттылықты, сүйіспеншілікті сіңіре беріңіздер.
Мұғалімдік қызметтің мақсаты өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе. Мұғалім адамды жасаушы адам. Мұғалім үшін баға құнды емес, бала құнды.
ID: 456 | Просмотров: 3872
21/Сен/2015