Басты бет » 2015 » Январь » 26 » Бесік жыры
09:39
Бесік жыры
загрузка...

Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие

Тақырыбы: Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие

Бағыты: Өлкетану.

Секциясы: Қазақ тілі және әдебиеті

Зерттеудің нысаны: Бесік. Бесік жыры.

Зерттеудің мақсаты: Қазақ халқының салт – дәстүрін дәріптеу және бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі екендігін көрсету. Бесік жырының сәби тәрбиесіндегі орнын көрсету.

Зерттеу әдісі: Зерттеу, бақылау, іздену, әдебиеттермен жұмыс.

Зерттеудің жаңалығы: Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – бесік жырының ұмытылуында. Қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіре білуі.

Өмірмен байланысы: Қазақ халқының фольклорындағы бесік жырының тәрбиелік маңызы.

Оңтүстік Қазақстан облысы
Қазығұрт ауданы
Жамбыл атындағы жалпы орта
мектебінің 9 «А» сынып оқушысы
Тұранова Әселдің
«Бесік жыры - балаға берілетін
алғашқы тәрбие» - тақырыбында
жазған жұмысына

П І К І Р

Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінің 9 «А» сынып оқушысы
Тұранова Әселдің «Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие» - тақырыбында жазған ғылыми жобасы бүгінгі таңдағы ең өзекті проблемалардың бірі.

Ол бұл ғылыми жұмысында тәлім-тәрбиенің бүгінгі көрінісі өз халқының өткені мен бүгініне байланысты екендігін түсіндіре алған. Соңғы жылдардағы тарихи өзгерістерді есепке ала отырып, өшпейтін озық дәстүр-салтымызға, әдет ғұрпымызға, кәде сыйымызға, жол-жоралғымызға іздеу салып, ең қажеттерін саралай білген.
Бесік жырында кездесетін фонетикалық дыбыстарды зерттеген. Бесік жырының басты қызметі мен тәрбиелік мәнін ашып көрсеткен. Бесік жырыларын мазмұны мен поэтикалық құрылымын топтарға бөліп қарастырған. Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орнының ерекшелігін жеткізе білген.
Бұл 9 «А» сынып оқушысы Тұранова Әселдің «Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие» - тақырыбында жазған ғылыми жобасы аудандық ғылыми жобалар байқауына ұсынуға болады

Жетекшісі:

Аннотация

Әдебиеттерде бесік жыры туралы ақпараттар аз. Осы зерттеу жұмысында сәбиіне баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі, бесік жырының тәрбиелік мәнін және қазіргі таңдағы бесік жырын айта алмайтын аналар мен әжелер туралы айтылған. Оқушы бесік жырының құпия сырына тоқталған. Жұмыстың мақсаты қазақ халқының салт – дәстүрін дәріптеу және
бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі екендігін көрсету.
Бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Оқушы бесік жырының қасиеті туралы ойын тиянақты жеткізген.

Аннотация
В учебниках мало информации о колыбельных песнях. Исследовательский проект позволяет больше узнать о том, какие колыбельные пели и поют мамы своим детям, кто сочиняет эти песни, почему их поют и в наши дни. В ходе исследовательской работы ученик хорошо показал особенности невидимых сил колыбельных песен.
Цель проекта является расширение и систематизация представлений детей о казахских народных колыбельных песенках. Значение колыбельных песен не только в том, чтобы успокоить ребенка. Колыбельная – это школа жизни, где ребенку преподносятся первые понятия о добре и зле. Свои способности ученик сумел грамотно довести до нас.

The summary

In textbooks there is not enough information on lullabies songs. The research project allows to learn more about what lullabies sang and sing mums to the children who composes these songs why them sing and today. During research work the pupil has well shown features of invisible forces of lullabies of songs.
The project purpose is expansion and ordering of representations of children about the Kazakh national lullabies songs. Value of lullabies of songs not only in calming the child. The lullaby is a school of life where the first concepts about good and harm are presented to the child.
The pupil has managed to finish the abilities to us competently.

Жоспар

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

1.Бесік – алтын қазына
2.Қазақ бесігінен безенеді...
3. Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие
4.Бесiк туралы біле жүріңіз

ІІІ. Қорытынды

Кіріспе

Адамның жеке басының қалыптасу заңдылықтары сол халықтың тарихына, экономикасына, тіл мен мәдиниетіне тікелей байланысты. Халық тәрбиесінің асыл тізбегі үзілмей келе жатқан дәуірлерден сол тарихтағы ірі –ірі төңкерістер дәуірінде тәрбиеде адам айтқысыз өзгерістер болды. Сол болатын өзгерістерді қазақтың ойшылдары бұрынғы ғасырлардың өзінде тура болжап кеткен, Мысалы Мөңке бидің сөзіне құлақ түрсек:

Ақыр заман алдында,
Құрамалы үйің болады,
Толқымалы биің болады,
Ежірейген ұлың болады,
Бедірейген қызың болады,
Кекірейген келінің болады,
Ақырайған әйелің болады,
Табалдырақтан биік тау болмайды,
Туысқаннан артық жау болмайды,
Тана, торпаққа жүк артылады,
Ар-ұяттан жұрдай боп,
Қарап тұрған жігітке қыз артылады,

Дәл осы пікірге дау айтуға бола ма? Бәрін қапысыз болжап, қолма-қол суреттеп отырғандай. Бұл жағдай, сөз жоқ, тәлім-тәрбие тізбегінің орынсыз үзілуінен болғаны белгілі. Оқу-тәрбие ісінде бас-аяғы 60-70 жылдың жеткен жақсылығымызды жауып тастамай және жоғалтқан асылдың бірі- халық педагогикасы деп білуіміз керек. Олай болса халық педагогикасының балалар мен жастарды тәрбиелеудегі басты мақсаты мынау:
Бүгінгі жастарымыздың – болашағымыздың бойына халқымыздың ғасырлар бойы қастер тұтып келген ер, намыс, ождан, ата – мекен, ана тіліне деген ерекшелік, әдеп, иба, қайырымдылық, үлкенді, ата – ананы құрметтеу, кісілік, кішілік, қарыз – парыз, борыш, міндет, имандылық. Ел, жерге деген сүйіспеншілік, достық, жолдастық, махаббат т. б. жақсы қасиеттерді дарыту, яғни жастардың өз еліне, халқына, дәстүріне, тіліне, тарихына жақындату, сол нәрмен сусындату.
Халық педагогикасы әлемдегі барлық халықтарда бар. Олардың әрқайсысында жалпы адамдық және ұлттық ерекшелік толық сақталған. Өйткені жоқтан бар жасалмайтыны сияқты бар нәрсе де жоғалып кетпейтіні хақ.
Тәлім-тәрбиенің бүгінгі көрінісі өз халқының өткені мен бүгініне дұрыс байланыс арқылы іске асады. Соңғы жылдардағы тарихи өзгерістері есепке ала отырып, бұл күндері бүкіл ел болып өткендегі адамдық қасиетті құрайтын барлық жарқын, өшпейтін озық дәстүр-салтымызға, әдет ғұрпымызға, кәде сыйымызға, жол-жоралғымызға іздеу салып, ең қажеттерін ғасырлар қойнауынан аршып ала бастадық.

1.Бесік – алтын қазына

“Ел болу үшін, бесігіңді түзе” – деген нақыл айтып кеткен Мұхтар Әуезов атамыздың бұл бір сөзіне ой жүгіртсең, елдің сапасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден жиған тәжірибесі, бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосуда.
Ал енді, бесік атауының шығуына байланысты тлші – ғалым Ә.Нұрмағамбетов былай дейді: “Нәресте жататын төсекті ана тілімізде “бесік” деп атайтынын білесіңдер. Қазақ сөзінде без, безек, безілдеу, безу, безеу, безгілдек, безбен т.б. толып жатқан төл сөздер бар. Осы аталған сөздердің барлығының түбірі – без. Бұл сөздердің барлығы қозғалу, ырғалу, шайқалу, тербелу деген ұғымға сыйып тұрғандықтан, “бесік” әу бастан “безек” немесе “безік” болып, бертін “з” дыбысы қатаң “с” дыбысына ауысып, “бесік” болып қалыптасса керек. Бұл біздің бірінші жорамалымыз.
Екінші ойымыз: бесіктің жасалу жолына қарай, оны құрайтын негізгі бес ағашқа байланысты “бес уық” сөзінің туындауы мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Олай дейтініміз, қазақ халқы негізінде екі түрін тұтынған. Оның ертерек пайда болған түрі “аспалы бесік” деп аталады. Аспалы бесіктің жасалу жолдары өте қарапайым. Оны әзірлеу үшін бес тал, жуандығы біркелкі, жұмыр талдар болса болғаны. Ондай бесікті көшіп – қону кезінде уықтап құрап жасай салу әбден мүмкін жай. Кейін келе бес уық – бесық – бесік болып қалыптасып кеткен тәрізді”. Жалпы “бесік” атауының шығуы әлі де болса терең зерттеуді қажет ететіні даусыз.
Қазақ ұлттық этнология саласына тән – қазақ халқының салт-дәстүрі болып табылады. Бесік – қазақ қауымы үшін аса қастерлі, қасиетті мүлік. Оны адами өмірдің бастапқы ұясы деп біледі.Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта “Бесік көрмеген ессіз болып есікке енеді”, “Есік арқалағаннан бесік арқалаған артық”, “Төрінде бесік тұрса, төре де бас иеді” деген ұлағатты сөздер содан. Көшпелі тұрмысқа бейімділігі сонша, бесікті анасы атқа мінгенде алдына өңгеріп алып жүре береді. Жол қанша ұзақ болса да бала қиналмайды, бейқам ұйқысы бұзылмайды. Тау – тастан асып, жауын – шашынға ұрынса да, нұқсан келмейді. Ұзақ жол үстінде де еги жері былғанбайды. Осындай тазалыққа өне бойы дағдыланғандықтан бір жері ақаулықтан денесіне дымқыл, не дайрақ тисе, сәби ыңқылдап тынышы кетеді, тіпті шырқырап жылай бастайды.
Ал енді, біз осы аталған бесіктің жасалуы мен басқа да жабдықтарына тоқталсақ: қазақ бесігі талдан, қайыңнан иілсе, бұрышы имек болып, ал қарағайдан жасалса, тік бұрышты болып келеді. Иіп әуелі бесік қазақ бесігінің негізгі түрі. Ең әуелі бесіктің екі басын тұтас қайыңнан, талдан иіп не төрт бөлек қарағайдан қиыстырып доға тәрізденіп жасайды да, оның алрақтарының ортасынан бір шабақ салып, шабақтар үстіне тақтай төсеп, оның түбек орнататын жерін дөңгеленіп ояды. Бесіктің доға тәрізденген екі басы дәл төбесінен жіңішке жұмыр арқалықпен біріктіріледі. Бесік бөлшектері бір-бірімен желім, ағаш шегелер арқылы бөрік қиыстырылатындықтан, тербетіп қозғаған уақытта сықырлаған бөтен дыбыс шықпайды. Бесіктің әр басының аяқтарын дөңес табанмен біріктіру, оның зіркілсіз, жұмсақ тербетіліп, баланың мазасын алмау жағын қарастырғандық.

Бесік арқалығы: біріншіден, оның үстіне жапқан көрпені баланың бетіне түсірмеу үшін; екіншіден, бесікті тербету үшін; үшіншіден, оған әртүрлі сылдырмақтар, ойыншықтар іліп тұмарлар тағу үшін аса қолайлы. Бала бесікте ояу жатқан кезде сол сылдырмақтармен ойнайды. Ол үшін оянған екі қолын бос қояды.

Көшпелі ата-жұрттың дәстүрін жалғастырушы қазақ халқы бесікті көпке дейін сақтап, бірден бірге мұра есебінде қалдыра береді. Кездейсоқ жағдай болмаса өздігінен оны сындырып отқа жағуға болмайды.
Қазақ халқы көшпелі өмір сүргенімен де әр мүлікті қастерлеп, оларға өзіндік ырым-тиымдар жасайтын болған. Біреулерден ауысып келген немесе жаңадан жасатқан бесікке ең алғаш бөленген бала қайтыс болса, оны ешуақытта пайдаланбайды, бесікті шетінеген баланың қабіріне бірге апарып қояды
Баланы қырқыннан шығарғаннан кейін халық санасындағы ескі нанымнан туған балаға деген сан-қилы қауіп-қатер бірте-бірте сейіліп, «қара құлақ» болған сайын кеми береді. Әсіресе бұрын баласы тұрмай жүрген ата-аналар көңіліне үлкен медеу болады.
Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе жабады. Әр жабылған нәрсенің өзіндік мәні бар. Мәселен, ең бірінші етіп бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон, жабу, жүген және қамшы сияқты бұйымдармен жабылады. Тон, шапан жабу – ержеткенде бала халыққа қадірлі болсын деген тілек, жүген жабу – ат ұстайтын азамат болуын тілеу, кебенек, қамшы жабу – ел қорғайтын батыр, сөз ұстайтын шешен болсын деген тілек.

Нәрестені бесікке бөлеуге міндеттелген әже бесіктің түрлі қажетті нәрселерін түгендеп, ыңғайлаған соң, ырым ғана емес, жаңа орынның тазалығы үшін аршаның бүрін жағып, соның отымен бесікті аластайды.

Алас, алас, от алас,
Ақ бесікке сәуле шаш!
Жайлы болсын төсегі,
Пәле-жала аулақ қаш!
Жөргек жаяр бесікке
Бұрыңғының жолы бұл.
Сені сылап,сипаймын
Хауа ананың қолы бұл
Мамықтай боп бесігің,
Арта берсін несібің!...

Бұл ырымның тарихы тереңде жатыр. Ежелгі дүниенің сілемі елестейді. Ырым орындалған соң әже нәрестені бесікке жатқызады да, аяқ-қолын жұмсақ шүберекпен орайды. Бесікке бөленген бала шошымас үшін оның бас жағына пышақ қойып, тұмар тағып немесе үкінің тырнағын салады. Шүберекке түйілген қасқырдың кептірілген етін, әртүрлі асыл тас, таналар іліп қояды. Мұның бәрі бала тіл-көзден, жын-шайтанның салқынынан аман болсын деген наныммен істеледі.

2.Қазақ бесігінен безенеді...
АҚШ-тың белгілі ғалымы, педиатр дәрігері Харви Карптың «Баланы тыныштандыру өнері» атты еңбегі бар. Мұнда ол әке-аналарға жылаған баланы жедел жұбатып, оны тыныш та тәтті ұйқысына қайта бөлеудің тәсілдерін зерттеген ұзақ жылдық еңбегінің нәтижесін жазған. Қызығы батыс пен шығыстың баланы жұбату өнерін зерттеген ғалым экономикасы қарыштап дамыған батыс әлемінің бұл нәзік тәрбие ісіне келгенде, шығыстан көш бойы кейін қалғанын мойындайды. Оның зерттеуінше, қазақтың бесік тәрбиесі - бала тәрбиесінің төресі!..

Дәрігер Харви Карпты бұл еңбекті жазуға қызық ойлар жетелепті. «Неге жан-жануар ішінде адам баласы ғана тым әлсіз, қорғансыз келеді? Басқа жануар төлінің қай-қайсысы да дүниеге келе салысымен, тұруға, жүруге ұмтылады. Сол күні-ақ аяққа тұрып, жүріп-жүгіріп кетеді, жылап дауыс шығармайды. Тек адамның перзенті ғана өмірге жылап келеді, кемі 3 айға шейін мазасыз, қорғансыз, көп нәрсеге қабілетсіз келеді. Олар жүре алмайды, жүгіре алмайды, тіпті бүйіріне қарай аунай да алмайды» деп таңданады ғалым. Зерттей келе, Карптың басында қызық ой туады: «шамасы, баланың толық қалыптасуы үшін 9 ай жеткіліксіз болса керек, ол үшін толық бір жыл уақыт қажет шығар». Мұндай болжамын ғалым өзінше оп-оңай дәлелдеп те берген. Баланың, дәлірек айтқанда, ұрықтың ана жатырында қалыптасу уақытын, яғни 9 айды 3 айдан - 3 триместрге бөлетін болсақ, одан бөлек баланың жетілуі үшін тағы 3 ай - төртінші триместр қажет екен. «Дүниеге жаңа келген бала 3 айға дейін әлі ұрық қалпында болады. Жануарлардан адам баласының айырмашылығы - оның миының үлкендігінде. Егер бала ана жатырында тағы 3 айға қалатын болса, онда басы бала босану жолында қиындық туындайды. Сол үшін де ұрықтың жатырішілік дамуы 9 аймен аяқталып, кейінгі даму процесі жарық әлемде жал-ғасады» деп жазады Харви Карп. Дегенмен 3 айға дейін оны бала деп атауға келмейді екен, өйткені ол - әлі қалыптасу кезеңіндегі ұрық қана...
Ғалымның зерттеуінше, ана жатырындағы жағдайды жасау үшін 5 талапты орындау керек екен. Олар - баланы қымтап орау, тербеу, әлсіз шу жасау, бірдеңені сорғызу және баланы қырымен жатқызу екен. Бұл жағынан келгенде, ғалым шығыстың, оның ішінде біздің халықтың бесік тәрбиесіне тәнті болады. Өйткені біздің тәрбиеде - ғалым қажет деп тапқан талаптардың бәрі сақталады. Бесікке бөлеу мәдениеті - дана халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі. Бесікке бөленген бала - ана құрсағында жатқандай, жылы да жайлы күй кешеді. Өйткені мұнда, Харви айтқандай, бала қымталып оралады да, тербеледі де. Ал анасы оған «шу жасап», бесік жырын әндетеді. Рас, дәрігер ғалым бесікке бөлеу мәдениетіне тәнті болғанымен, өз жерлестеріне арналған әдістемеде бесікті қолданбаған. Өйткені оның әдістемесі жергілікті жердің менталитетіне лайықталған.

Бірақ жаңа туған балаға еркіндік қажет емес, оған қауіпсіздік керек» деп жазады Х.Карп.
Мұны айтуымыз, бесікке бөлеуден кемшілік іздеу - біздің тарихымызда да болған ақтаңдақ. Кеңестік дәуірде ғалымдар дәл америкалықтарша бесікке бөлеу - бала құқығын шектеумен бірдей екенін, бөленген баланың аяғы талтақ боп, ол кейін өмірге қабілетсіз боп өсетінін дәлелдеуге тырысты. Алайда мұның бәрі бос сөз болғанын сол ғылымның өзі көрсетіп отыр. Дана халқымыздың дәстүрін - мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттер де мойындауда. Харви Карптің өзі бесік мәдениетінің сыртқы пішініне, яғни оның баланы жұбатудың мықты құралы екендігіне қарап-ақ оған зор баға берді. Ал қазақ халқы үшін бесікке бөлеу - оны тәрбиелеумен де тығыз байла-нысты. Бесікке бөлеу - үлкен өнер. Ол - баланың ұйқысын ғана күзетіп қоймайды, оны халық сенімі бойынша, жын-шайтаннан да қорғайды.
Ана баланы әннің ырғағымен тербетеді. Өкініштісі, бүгінде бесік жырын әндететін ана аз. Бесік жырында түрлі фонетикалық дыбыс кездеседі. Ашық-қысаңы да, жуан-жіңішкесі де, қатаң-ұяң, үндісі де бар. «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем...» бәрі бар. Оның үстіне сазды, әуенді болып келеді.
Міне, бесік тәрбиесінің мұндай да құпиясы бар.
Сірә, Харви Карп қазақтың бесік тәрбиесінің ішкі мазмұнын, ондағы сенім мен тәрбиемен таныса қоймаған болар. Өйткені оның еңбегінің басты нысаны - баланы тыныштандыру болатын. Дегенмен америкалық ғалым бұл жағын да зерттей бастаса, қазақ халқының даналығына тағы бір мәрте бас иеріне шүбәміз жоқ.

3.Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие

Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырылары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады.
Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1-5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен - сазсыз бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. Қазақ бесік жырының үлгілерін алғаш Ә. Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық зерттеле қойған жоқ.

Бесік жырыларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі бесік жырылары және суырып салма бесік жырылары деп екі топқа бөлуге болады. Дәстүрлі Бесік жырылары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана:

“...Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің!
Бармақтары майысып,
Ою-өрнек ойысып,
Ұста болар ма екенсің!
Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің!
...Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?!
Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?!” деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Ал суырып салма бесік жырыларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін Бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады.
Бесікке қатысты, яғни ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс - бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар. Жалпы, бесік жыры жайлы не білеміз? Баласына не себепті бесік жырын айтқан, оның маңызы неде?
Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі - бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», - деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде.
Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.
Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем...» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен... Бүгінде үлкен сахналарда да бесік жыры естіліп қалады.
Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?
Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.
Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,
Асқар таудай айбынды боламын дейсің.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем.
Анам-әкем дейсің бе?
Тілің тәтті екен.
Әлди, әлди, ақ еркем,
Бойжетерсің сен ертең.
Мақтанышы елімнің,
Өзің бол, еркем! - деп жырлаған ақын Қ.Сариннің «Бесік жырын» (әні А.Бексұлтандікі) әнші М.Бесбаев орындап жүр.
Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығады. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да - алаңдатарлық жай.
Жасбалалардың кім болатынына, қандай адам болып өсетіндігіне баса назар аударып, бесік жырына қосқан. Мысалы, мал бағуды, кәсіп етуді, елін жаудан қорғауды жырдағы тілек, ой-арман арқылы жеткізген. Халық аузындағы бесік жырларында «бөтен елді шап», «барымта жаса», «жалқау бол» деген сөздер мүлдем кездеспейді. Өйткені ондай сөздер халықтың ойында болмаған, ондайды қаламаған және жас балаларды жауыз, қатыгез және жауапкершілікті ұғынбайтындай етіп тәрбиелеуге себеп болады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының фольклорындағы бесік жырының тәрбиелік маңызы мен шаршаған сәбиді жұбатып ұйықтатудағы маңызы зор.

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Көк ала иттің құйрығын
Жіпке тағып берейін!
Әлди-әлди, жанашым!
Алдыма алып шабайын,
Тойға кеткен әкеңді
Кайдан іздеп табайын?
Әлди-әлди, аппағым!
Жылама, менің жүрегім,
Әкең малда тұр шығар
Таяныш қып күрегін.
Әлди, менің бөбегім,
Әкең жүр ғой малменен!
Жүрген шығар алысып
Шұнақ аяз қарменен.
Қартайғанда күтетін
Әкесі мен шешесін,
Кандай жігіт өскенде
Болар екен бөпешім?
Өңкей біздей зарлыға,
Кемдіктегі жарлыға,
Жаным менің ержетіп
Көсем болар ма екенсің?

Тақылдаған таңдайы,
Кере қарыс маңдайы.
Алмас тілді немесе,
Шешен болар ма екенсің?
Бұлбұлдай боп тілінен
Тәтті айтқанда бал тамған,
Ащы айтқанда қан тамған
Ақын болар ма екенсің?
Не болмаса жүректі,
Күш, қайратты, білекті,
Кемшілікке көнбейтін
Батыр болар ма екенсің?
Омырауы есіктей,
Ақ балтыры бесіктей,
Егінші боп, өзгеге
Нұсқа болар ма екенсің?
Отқа темір қайнаткан,
Бұт балғаны ойнатқан,
Нанша илейтін темірді
Ұста болар ма екенсің?
Не болмаса жұмыскер,
Не өнерлі мініскер,
Саусақтары сүйріктей
Зергер болар ма екенсің? Не қасқа атты Қамбардай,
Аш қылмайтын аң барда,
Құралайды көзге атар
Мерген болар ма екенсің?
Жақсы болып ержетсе
Балапаны бөпесі,
Бағы ашылып, анасы
Көкке тиер төбесі.
Бақытсыз боп ержетсе,
Бар үміті - қарағы,
Михнат шеккен сорлы ана
Ашпағаны қабағын.
Әлди-әлди, балашын!
Ұйықтатайын тербетіп...
Тілегім сен, құлыным,
Үміт ақта ержетіп!..

4. Бесiк туралы біле жүріңіз

Біріншіден – қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.

Екіншіден – баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етедi. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады.

Үшіншіден – баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды.

Төртіншіден – сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді.

Бесіншіден – бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі.

Алтыншыдан – бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі.

Жетіншіден – бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды.

Сегізіншіден – бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.

Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып жатырмыз. «Бесікке салу», «Тыштыма», т.б. жоғалды. Үлкен жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дегенді тегін айтпаған шығар.

Қорытынды
Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-ана аз. Тіпті «бесік зиян…» дейтіндер де бар. Бұл баяғы кеңестен қалған көзқарас. Кешегi кеңестiк дәуiрде мединституттың оқытушылары шәкірттеріне бесікті жамандап оқытатын арнайы тапсырма болған. Ол заманда жек көрген нәрсеңізді «ескіліктің қалдығы» десеңіз жетіп жатыр. Дәлелдің қажеті жоқ. Сөйтіп, бесік қолданыстан шығып қалды. Әйтпегенде, жүздеген ғасыр сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кім айтады? Оның ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз.
Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып бесік жырын айтатын әже, ана азайды. Бесік тербететін баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын. Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – осы бесік жырының ұмытылуында болса керек.
Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә!

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Қ. Жарықбаев, Қалиев С. Қазақтың халық педагогикасыны тарихынан. Алматы, “Кітап” 1992 ж.
2. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев Қазақ тәлім - тәрбиесі. Алматы, “Санат” 1995 ж.
3.Елікбаев Н. Ұлттық психология. Алматы, “Қазақ университеті”, 1992 ж.
4.Ә. Табылдиев “Қазақ этнопедагогикасы” Оқу құралы. Алматы “Санат” 2001 ж
5. «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газеті. Автор: Нұрболат АМАНЖОЛ. 23.12.2011
6. . А.О.Пинт. Ата-аналар сіздер үшін. - Алматы, 1990.

Мазмұны:

1 П І К І Р
3 бет
2 Аннотация
4 бет
3 Жоспар
5 бет
4 Кіріспе
6 бет
5 Бесік - алтын қазына
7 – 9 беттер
6 Қазақ бесігінен безенеді...
10 - 11беттер
7 Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие
12 – 15 беттер
8 Бесiк туралы біле жүріңіз
16 бет
9 Қорытынды
17 бет
10 Пайдаланған әдебиеттер
18 бет
11 Күнделік – жоспар
19 бет

орта мектебінің 9«А» сынып оқушысы
ғылыми қоғамда атқаратын күнделік жұмыс жоспары

қ/с
Жұмыс мазмұны мен зерттеу әдістері Жұмыс істеу дәрежесі
1 Оқушының зерттеу әрекеті, зерттеу тәртібін түсіндіру жолдары әр аптада
2 Таңдалған тақырып төңірегінде түсіндіру жұмыстары әр аптада
3 Ізденіс иіріміне ғылыми тұрғыда бағыт бағдар беру әр аптада
4 Жаңашылдық ғылым мен техниканың жетістіктерін тиімді пайдалану жолдары әр аптада
5 Кітапханамен байланыс жұмыстары. Еріктілік принціпін тиімді пайдалану әр аптада
6 Айналысу принципін жүзеге асыруға мүмкіндік жасау әр аптада
7 Тақырып бойынша ізденістерін ғылыми тұрғыда жүйелеу жолдарын қолға алу әр аптада
8 Өзара пікір алмасу дидактикалық шығармашылық әрекетін жандандыру(яғни оқу материалдарын, оны оқушыларға беру мен меңгеруге байланысты әртүрлі амалдарды іріктеу және құрылымдау жөніндегі оқыту әрекетін қолға алу). әр аптада
9 Жеке бас ерекшеліктерін ескеру, жоспарлау. Өз бетімен демалуына мүмкіндік жасау, тәжірибені игеру. әр аптада
10 Көсемпаздық педагогиканы жандандыру, білім берудің тиімділігі, яғни идеялар мен жаңалықтар жасалынып тексеруден өткізуді жүзеге асыру. әр аптада
11 Интернетпен жұмыс Аптасына 2 рет

loading...

Авторы:

Бөлім: Ұстаздарға | Көрсетілім: 1686 | Қосты: назира01 | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелген қолданушылар ғана қалдыра алады
[ Тіркелу | Кіру ]
Іздеу
Сертификат алу
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз
Сайтқа кіру
Логин:
Пароль:
Күнтізбе
«  Январь 2015  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Жазба мұрағаты
Сұрақ
Сізге сайттың жаңа дизайны ұнады ма?
Барлық жауаптар: 5904
Бізге қосыл
Жаңалықтар
Санақ

Онлайн: 98
Қонақтар: 97
Тіркелгендер: 1
sayorochka77