Сайт учителя начальных классов
.
Бастауыш білім мазмұнын интеграциялау мәселесінің тиімділігі

Бастауыш білім мазмұнын интеграциялау мәселесінің тиімділігі

Садырқұлова Ұлмира Салқынбекқызы
Алматы қаласы, №148 мектеп-гимназия директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Бастауыш білім мазмұнын интеграциялау мәселесінің тиімділігі
Оқытудың барынша интеграцияланған әдісін қолдану дүниетанымды, адамтану, экологиялық, коммуникативтік білімдер мен іскерліктерді қалыптастыру үшін маңызды. Интеграция мазмұнды кең қамтуға, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі дамыған елдердегі бастауыш білімнің ерекшелігі – қоршаған дүние мен қоғамның дамуы туралы білімдердің интеграциясы болып табылады.
Білім берудің бүгінгі күнгі мақсатына сәйкес бастауыш сыныптың бітірушісі мыналарды меңгеруі және білуі керек:
-өз бетімен және басқалармен ынтымақтастықта қарым-қатынас жасай білуі және жұмыс істей білуі; қарым-қатынас мәдениетінің болуы;
-бақылау, салыстыру, талдау, жинақтау, өз пікірін дәлелдей білуі, сауал қою тәжірибелері қалыптасқан, коммуникативтік қабілетінің болуы;
-табиғатпен, қоғаммен, өз-өзімен дене және адамгершілік , рухани үйлесімділікке ұмтылуы;
- адамзаттық құндылықтарды түсінуі және қабылдауы;
-қоршаған орта туралы білімі болуы және оны әртүрлі жағдайда қолдана білуі;
Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекеті процесінде білім мазмұнын интеграциялаудың белгілі бір педагогикалық шарттарын сақтаған, жүзеге асырған кезде жоғарыда көрсетілген бағыттарға нәтижелі қол жеткізуге болады.
Бастауыш сыныптарда білім беруде интеграциялық жүйе ендіру оқушыларда танымдық, психикалық процестердің дамуына, тұлғаның икемділікті меңгеру дәрежесінің және оларды практикалық әрекетте қолдануы дәрежесінің артуына, өзіндік, жүйелелік ойлаудың қалыптасуына жағдай туғызады.
Әртүрлі пәндерді оқытуды келістіруден оларды терең өзара кіріктіруге көшу әртүрлі деңгейде жүзеге асырылады:
-пәнішілік интеграция, пәнаралық интеграция, пәндер мазмұнын жақындастыру
-бір пән бойынша сабақта ұғымдарды, бейнелерді басқа пәндерден алу, яғни «басқа аймаққа кіру»принципі
-өз ерекшеліктері бойынша әртүрлі пәндік білімдерді қажет ететін мәселелер мен құбылыстардың кешенін қарастыру.
Бастауыш сыныптарда көптеген пәндерді бір ғана мұғалім оқытатын болғандықтан әрбір пәннің мүмкіндігін жақсы біледі, пәндердің қайсысы білімді меңгерту тұрғысынан бір-біріне жақын, қандай әдіс-тәсілмен және қандай сабақтарды сәйкестендіруге болатынын біледі, пән бойынша реттеу, ілгерілеу қарқынын реттеуге болады. Осы мақсатта зерттеу жұмыстары кезінде интеграциялаудың мүмкін болатын тиімді жолдары анықталды.
Бастауыш сыныптарда білімді интеграциялау пәндер арасындағы өзара байланыстар мен өзара тәуелділікті тереңдетеді, сол арқылы жалпы идеяға біріктірілген және шоғырландырылған әртүрлі ақпараттарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді.
«Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты – осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек» Мағжан Жұмабайұлы.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. 12-жылдық білім журналы. 2007 ж.
2. Мұханбетжанова Ә.М. Бастауыш білімнің интеграциясы арқылы оқушыларда дүниенің ғылыми бейнесін қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздері.
Алматы,2001ж
3. Жұмабаев М. Педагогика. –Алматы: Рауан, 1992 ж.

ID: 436 | Просмотров: 3550

14/Май/2015