Сайт учителя начальных классов
.
Қазақ тілінің фонетикасын оқытудағы басшылыққа алатын негізгі қағидалар

Қазақ тілінің фонетикасын оқытудағы басшылыққа алатын негізгі қағидалар

Қазақ тілінің фонетикасын оқытудағы басшылыққа алатын негізгі қағидалар

Құралбаева Гүлнар Ержігітқызы

ОҚО, Шымкент қаласы

«Сәлем» жалпы орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі

Қазақ тіл білімінің қалыптасып дамуы, бүгінгі кемел шағына жетіп, биіктерге көтерілуіне көптеген тұлғалар тер төгіп еңбек сіңірді. Олар: Ахмет Байтұсынов, Халел Досмұхамедұлы, Құдайберген Жұбанов, Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Кәкен Аханов т.б. Осы тұлғалардың орны айрықша.

Қазақ тіл білімінде фонетика саласын жан-жақты зерттеп, ғылыми жүйеге ендіруде де еңбек сіңірген көптеген ғалымдарды атап өтуге болады. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің қалыптасу тарихы сонау түркі тілін зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен де байқауға болады. Н.И.Ильминскийдің, П.М.Мелиоранскийдің, В.В.Радловтың А.Н.Самойливичтің еңбектерінде қамтылған. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі жөніндегі орыс ғалымдарының ішіндегі Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизиского наречия» еңбегінде дыбыстар тізімі мен олардың топтастырылуы, үндестік заңына қатысты ережелер мен екпін жөнінде мәселелерін қарастырған қазақ тіліне арналған тұңғыш еңбек болды. Осы еңбектерден соң А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, А.Ысқақов, І.Кеңесбаев т.б. белсене ат салысты.

1954 жылы белгілі академик Ісмет Кеңесбаев 1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» атты монографияның фонетика саласын жазып шықты. 1962 жылы бұл еңбек толықтырылып, дамытылды. Ж. Аралбаев бұл еңбек жөнінде «Профессор І.Кеңесбаев фонетика жөнінде зерттеулері қазақ лингвистикасына қосылған ірі табыстың бірінен саналады, қазақ фонетикасының дамуының белді бір кезеңі болып саналатыны сөзсіз»,-деген баға берді

Қазіргі таңда жүйеленген бірізділенген қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің оқытылу мәселелері де, оқытудың әдіс-тәсілдері жөнінде де көптеген әдіскер-ғалымдардың еңбектері бар. Атап айтқанда И. Маманов, Ш. Сарбаев, Н.Оралбаева, Ф.Оразбаева, Ж.Адамбаева, Г. Бектұрова т.б.

Қазіргі әлемде ғаламдандыру үрдісі қоғамға ықпалын тигізе бастаған кезде білім беру жүйесінде оқытудың жаңа технологияларын пайдалануға басты назар аударылуда.

Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мектепте бастауыш сыныптарда басталып оқытылатыны анық. Жалпы жүргізіп, қатесіз оқу, сауатты жазу т.с.с. дағдылары қалыптасқан оқушы орта буын-бесінші сыныпта ғылымиланған, күрделенген фонетика тарауына қайта оралады. Фонетиканы оқытудағы ең басты мақсат-тек дыбыстарды меңгерту ғана емес, оқушыны қазақ тіліндегі дыбыстарды дұрыс айтып, жаза білуге, ойын толық, еркін жеткізе білуге үйрету. Сондай-ақ фонетикалық материалдарды оқытуда «...қазақ тілінің фонетикасынан оқушыларға теориялық білім беруде мынадай талаптар ескеріледі: 1) қазақ тіл білімінің фонетика саласының орфография мен орфоэпияның соңғы табыстары; 2) қазақ тілі фонетикасының негізін танытатын материалдар; 3) оқушыларға әдеби тілде сөйлеп, оқып, және жаза алатындай білім мен дағдылар беретін тілдік материалдар; 4) оқушылардың ой-өрісі мен жас ерекшелігіне сәйкес келетін қазақ тілі фонетикасының материалдары... » деген ғалым Әбдірахман Исабаевтың негізгі сілтемелері мен бағыттары өз құндылығын жоймаған деп атауға болады1, 17. Сонымен қатар ғалым-профессор Фаузия Оразбаеваның пайымдауынша, «тілді үйренуде, сөйлеуде фонетикалық дағдылардың орны ерекше, фонетикалық дағдыларды меңгермей, тілдік қатынас та жүзеге аспайды» 2, 28.

Сөздің дұрыс айтылып, әрбір дыбыстың дұрыс дыбысталуы орфоэпиялық нормаларды дұрыс біліп айтуға байланысты. Дыбыстан сөз, сөзден сөз тіркесі, сөз тіркесінен сөйлем жасау үшін дұрыс сөйлеп, ойын сауатты жеткізу үшін, сауатты жазып беру үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін оқушы жақсы меңгеруі тиіс.

Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін өткенде әрбір дыбыстың пайда болу және оларды дыбыстау мүшелері, олардың сөйлеу кезіндегі қызметі меңгеріледі. Егер дыбыс дұрыс айтылмаса онда сөз де өз мағынасын бере алмайды немесе басқа сөзге айналып кетеді.Үндестік заңын өткенде оқушыға қиындық келтіретін материал- ықпалдар. Бұл кезде оқушыға теориялық ережелерден гөрі көбірек практикалық жаттығулармен айналысқаны абзал.

Оқушының назарын аударуды қажет ететін тағы бір мәселе –екпін. Өз эмоциясын білдірудегі қызметі өте жоғары қазақ тіліндегі екпінді өткенде ситуациялық жаттығулар мен сөздердегі дыбыс екпіндерін меңгеру де жеңілірек болатын секілді.

Кез-келген шет тілін оқытқанда әдіскер-ғалымдар мынадай оқытудың кешенді түрін ұсынады: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім. Осы әрекеттерді фонетиканы оқыту барысында қолдану өзінің оң нәтиежелерін көрсетеді.

1. Тыңдалым әрекеті. Оқушының дыбыстарды жеке, бір-бірімен тіркесте, сөз ішінде естіп қабылдау дағдысы қалыптасады.

2. Айтылым әрекеті. Бұл әрекет арқылы оқушы әрбір дыбысты жеке, сөз тіркесінде сөз басында, сөз арасында, сөз аяғында сөйлемде айтуға, дұрыс айтуға, орфоэпиялық нормаларды сақтауға жаттығады.

3. Оқылым әрекеті. Ауызша айтылған дыбыстарды буында, сөзде, сөз тіркесінде, сөйлемде дауыстап немесе ішінен оқу.

4. Жазылым әрекеті. Оқушы орфографиялық және орфоэпиялық нормаларды дұрыс сақтай отырып, сөздің дұрыс жазылу заңдылықтарын меңгереді.

5. Тілдесім әрекеті. Оқушы орфографиялық және орфоэпиялық нормаларды дұрыс сақтай отырып, ойын еркін жеткізуге, тілдесуге дағдыланады

Оқушының жеке дыбыстарды айтуда, сөздерді дұрыс айтуда, дұрыс оқуда жаттығулар барысында тез меңгергенімен де жазылым барысында көптеген қиындықтар туындауы мүмкін. Мысалы н-ң, к-қ, ү-ұ-у, ы-і, д-т, п-б сияқты дыбыстарды шатыстырып алу кездеседі. Сонымен бірге н дыбыс мен ң дыбысын бір-бірінен ажырата алмау көп кездеседі.

Мұндай кезде де әдіскер –ғалымның «материалдың басты-басты белгілерін нақтылай отырып анықтама беру» қағидасын басшылыққа алу керек сияқты 1, 16.

Жоғарыда аталған оқытудың кешенді түрлерімен қоса кейбір әдіскерлер қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиясын да ұсынады. Ғылыми зерттеу жұмыстарда фонетиканы қатысымдық тұрғыдан оқыту туралы пікірлер айтылғанымен, арнайы қарастырылып, оның әдістемелік жүйесі ұсынылған жоқ. Атап айтқанда, қазақ тіл фонетикасын қатысымдық тұрғыдан оқыту мәселесі осы күнге дейін ғылыми еңбектердің обьектісі болған емес 3, 4 дей келе өзінің тиімді меңгерту әдістерін ұсынады.

Қазақ тіл білімінен білім мен дағды беруде оқытудың әдістері мен түрлері өте көп. Сабақ біліктілік пен оқу ісін ұйымдастырудың негізгі формасы болып табылады. Сондықтан да нақты жоспармен құрылып, күтілетін нәтиежесі анықталған сабақ мақсатына жеткен делінеді. Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беруді үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер»-дегені оқытушыға әдісті жетілдіріп отырудың маңызды екендігін нақты түсіндіреді. Әдіскер С. Жиенбаев былай деп жазады: «Шынында әдістеме-рецепті емес, әкімшілік нұсқау да емес, тек педагогикалық кеңес, нұсқау, жөн-жоба. Мұғалім сабақты берудің жолын көрсетіп бергеннен айнытпай орындауға міндетті емес, өз білгенінше түрлі әдіс қолдануға ерікті» 4, 22.

Әдебиеттер

1. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері.-Алматы: Қазақ университеті, 1993.-160б.

2. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі.-Алматы: РБК, 200.-208б.

3. Рахымбаева Р.Е. Қазақ тілінің фонетикасын орыс мектебінде 4-сынып оқушыларына қатысымдық түрғыдан оқыту әдістері.-автореферат, Алматы: 2004

4. Жиенбаев С. Қазақ тілінің методикасы.-Алматы: 1946.-200б

5. Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер.-Алматы

Резюме

В статье рассматриваются некоторые основы методики обучения фонетики.

Resume

Some basic methods of teaching phonetics are regarded in the article

ID: 40 | Просмотров: 4752

18/Ноя/2014