Сайт учителя начальных классов
.
Қазақ әдебиеті пәнінен «Батыр Баян поэмасы» тақырыбын өткенде сабақтағы қолданылған инновациялық технологияларым.

Қазақ әдебиеті пәнінен «Батыр Баян поэмасы» тақырыбын өткенде сабақтағы қолданылған инновациялық технологияларым.

Қазақ әдебиеті пәнінен «Батыр Баян поэмасы» тақырыбын өткенде сабақтағы қолданылған инновациялық технологияларым.

Білім беру жүйесіне жаңалықтар енгізу мақсатында елімізде жүзеге асырылып жатқан үш деңгейлік курстың ықпалы зор. Осы бағдарламаға сүйене отырып, ондағы ұсынылып отырған жеті модульдің қыр- сырын ұғынып, сабағымның әр кезеңінде тиімді пайдалануға тырысамын. Жалпы бұл бағдарламадан күтілетін нәтиже оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел - уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір- көзқарастары жүйелі дамыған оқушы ретінде қалыптасуы. Ендеше осы нәтижеге жету мақсатында әр сабағымды оқушыны қызықтыратындай етіп түрлендіре отырып, әртүрлі әдіс - тәсілдерді, ақпараттық - коммуникациялық технологияларды қолданып, оқушы  бойынан табылатын  барлық қырларын ашып, өзінің құзырлығын танытатындай дәрежеге жеткізуге бар күшімді салмақпын.  Осындай бағыттағы сабақтарымның бір үлгісін сіздердің алдарыңызға көрсетіп отырмын.

Сабақтың мақсаты бойынша оқушылар  поэмамен терең таныса отырып, шығармадағы Абылай, Баян, Ноян, қалмақ қызы бейнелерін ашу, кейіпкерлер сипатын сан қырынан талдай отырып, оларға баға бергізу. Поэмадағы  Баян  бейнесін  тарихтағы  Баян  бейнесімен  және өзге шығармалармен салыстырып, ойларын    жинақтаулары керек еді. Сабақ жоспары жаңа талаптарға сай құрылған және бес сатыдан тұрады. Ұйымдастыру кезеңі, тұсау кесер, ой шақыру, негізгі бөлім және қорытынды бөлім. Сабақтың ұйымдастыру кезеңінде оқушылармен амандасу, хал жағдайларын сұрау және топқа бөлу сынды сыныптағы ынтымақтастық ахуалды орнатуға, оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Топтарға бөлу әдісі жеті модульдің бірі «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модуліне негізделген. Бұл әдіс сабаққа басынан бастап жаңашылдық енгізуге көмектеседі. Мұғалім мен оқушы  және оқушы мен оқушы арасында тығыз байланыс болу үшін сыныптың ынтымақтастық атмосферасы болу керек. Яғни оқушы сол ортада өзін ыңғайлы, сенімді, еркін сезіне білуі керек. Егер бала сабақ кезінде  белсенділік танытпаса, өз пікірін толыққанды білдіре алмаса, бойында үрей, сенімсіздік болса, тіпті қарым - қатынасқа бара алмаса, ондай жағдайда оқу процессі өз деңгейінде жүрмейді. Сыныпта қолайлы жағдайды қалыптастыру, оқушылардың мінез - құлықтары мен ойлау қабілетін, әлеуметтік өзара әрекет дағдысын дамыту, топта сенімді және ашық атмосфера құруда түрлі тренингтер қолданудың маңызы зор. Тұсау кесу кезеңінде   сыныптың ынтымақтастық атмосферасын құруда «Егер мен» деп аталатын тренингін өткіздім. Бұл тренингке оқушылар топта отырып, бір оқушы өз ойын бастап «егер мен ҰБТ- ны жақсы тапсырсам, мен қалаған мамандыққа түсе аламын» деп  айтса, қасындағы оқушы «егер мен қалаған мамандыққа түсе алсам, сол мамандықтың иесі болуына көп күш жұмсаймын»деп бірінші баланың ойымен ұштасып, бір жүйеге келтіреді. Сөйтіп айнала барлық оқушылар ойларын үзбестей айтып шығады. Осы білдірілген ойлар арқылы балалар арасында ынтымақтастық, татулық орнығады және оқуға деген талпыныс пайда болады. Бойлары бір сергіп қалады, өздерін сабақ барысында еркін ұстай біледі. Сабаққа осындай дәстүрлі емес түрде ену оларға өте ұнады.  Фигураларды жасыру арқылы  оқушыларды екі топқа бөлдім. Әр топ өзінің топ басшысын сайлады, осы маңда көшбасшылыққа да көңіл бөлінді. Оқушылар өз топтарындағы көшбасшылық қабілеті бар балаларды бірден сайлады. Өткен тақырып бойынша оқушыларға  «Мағжан - сыршыл ақын» тақырыбында эссе жазу, ақынның өлеңдерінен үзінді жаттауға беріліп еді. Ой толғау жазу күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Алған білімді бектіу мақсатында  «Автор орындығы» әдісін қолдандым.   Оқушы Мағжанның образына еніп, бірінші жақта сөйледі,  оқушылардың қойылған сұрақтарына жауап беруге тырысты. Осылайша балалардың арасында диалог жүргізілді. Бұл әдістің тиімділігі оқушы өткен тақырыпты қаншалықты игергенін байқатады, ойланып сөйлеу дағдысын қалыптастырады және өзінің актерлық қырларын танытатындай мүмкіндік болады. Ал сұрақ қойған оқушылар сұрақтың дұрыс әрі қызықты етіп қойылуына баса назар аударды. Сұрақ дұрыс қойылса, сәйкесінше сол сұрақтың жауабын толық алуға мүмкіндік болады. Осы ережені ескере отырып, балалар арасында қызықты сұхбат болды.

Ой шақыру кезеңінің мақсаты сабақтың тақырыбын ашып, оқушылардың қызығушылығын ояту болатын, осы кезеңде оқыту мен оқуда ақпараттық - коммуникациялық технологияларды қолдану модуліне негізделген әдіс арқылы интерактивті тақтада  «Батыр Баян» фильмнің үзіндісі көрсетілді. Бұдан кейін  тарих пәнімен байланыстыра келе оқушылардың  тарихтан алған білімдерін ұштастыра отырып, келесідей сыни тұрғыдай ойландыратын сұрақтар қойылады:

  • Қазақ халқы тарихындағы қай кезең суреттеледі?
  • Қандай тарихи тұлғалар бар?
  • Абылай хан туралы не білеміз?

Харгривс пен Гэлтон мұғалімнің шұғыл және инстинктілік реакциясы жауапты бағалауға, қайталауға немесе басқа сөздермен қайталап айтуға ұмтылысы болуы тиіс  деп келтіргендей оқушылардың берген жауабы сол мезетте менің тарапымнан қолдау тауып отырды. Сұрақтарға жауап бере отырып оқушылар тақырыпқа қызығушылықтарын танытты әрі тақырыпты анықтады. Тақырып анықталған соң оқушылардың жаңа тақырып бойынша не білгісі және не үйренгісі келетінін анықтау мақсатында ББҮ әдісі қолданылды.

Сабақтың келесі сатысы негізгі бөлімі. Менің сыныбымда дарынды және талантты балалардың қатарында жүрген оқушым бар. Осы сабаққа байланысты Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы   «Тарихи оқиғаларды зерттеу арқылы Батыр Баян бейнесін ашу» тақырыбында өз жобасын дайындап келген болатын. Жұмысы презентация түрінде көрсетіліп, қорғалды. Мұндай жұмыс түрі ерекше қабілеті бар оқушыларды алға қарай жетелеуге, білімін  одан әрі дамытуға,бұдан кейін үлкен ғылыми жұмыстарға жол ашуға бастама болады. Ал қалған оқушылар өздеріне қосымша ақпарат ретінде біраз мәлімет алып, өздерінің ой - өрістерін кеңейтетін болады. Оқушылар поэма желісін қаншалықты  ұғынғанын түсіну  және ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшін «Батыр Баян» шығармасының сюжеттік - композициялық құрылымын жасады және сол құрылымы бойынша әңгімеледі. Бұл жұмыста біріншіден топтық жұмыс жақсы байқалды. Топтағы балалар бір - бірлерімен тілдесу арқылы өз ойларымен бөлісе отырып, ортақ ойға келіп, бір шешім шығарды.  Балалардың арасында диалог орнатылды. Бұл оқушылардың   бар білімдерімен алмасуларына және толықтыруларына  көп мүмкіндік берді. Топтық жұмыс болғандықтан оқушылар арасында бір- бірлеріне демеу, сүйеніш болу  секілді қылықтары байқалады. Әрине топ ішінде осындай қарым- қатынас орнатылып жатса, ол тек жақсы нәтижелерге жетуіне үлкен септігін тигізеді.

Осындай көлемді, әрі қызықты тақырыпты өткен кезде сабақ кезеңдерінде ұтымды әрі тақырыптың мазмұнын, мәнін жан –жақтан ашатындай түрлі әдіс- тәсілдерді қолдануға  тырыстым. Жоғарыда орындалған тапсырмалардан кейін тақырыптың басты идеясын, жанр түрін, поэмада кездесетін әдеби теориялық ұғымдарды, жалпы шығарманың тәрбиелік мәнін білу мақсатында сатылай кешенді талдау әдісін ұсынған болатынмын. Бұл талдау түрі оқушылардың білімін, ізденушілік қабілетін, ой ұшқырлығын, сыни тұрғыдан ойлауын дамытатын бірден бір әдіс. Бұл да топтық жұмыс болғандықтан жоғарыда келтіргендей балалардың арасында пікір алмасу, диалог, ой бөлісу, топтық әңгіме  болды. Оқушылар топтағы жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарады және ұйымшылдықпен жұмыс атқарды.  Поэманы толығымен түсіну үшін бір-біріне сұрақ қойып, оны дәлелдеуге ұмтыла отырып, топтық әңгімеден зерттеушілік әңгімеге ұласты. Топ мүшелері шығарманы талдап, бір - бірлеріне баяндағаннан кейін екінші тапсырма берілді.  Бұл тапсырманы орындауда оқушылар  постер қағазына  «ВЕНН диаграммасы» әдісі арқылы өткен тақырыпты бүгінгі тақырыппен байланыстыра отырып орындады. Тапсырманы орындауда екі шығармадағы оқиғаларды еске түсіріп, сыни тұрғыдан ойлау арқылы басты ерекшеліктері мен ұқсас жақтарын жазу керек болды. Алдында өткен Сәкеннің «Көкшетау» поэмасы мен өтіп жатқан  Мағжанның «Батыр Баян» поэмасын байланыстырып, салыстырмалы түрде талдады. Көкшетау поэмасында Абылай  бейнесі қандай болған, қалмақ қызын қалай суреттейді, ал  Батыр Баян поэмасында осы кейіпкерлер қалай сипатталады, екі шығармада оқиға желісі қалай көрінеді деген сұрақтардың жауаптарын іздей келе, көп ұқсас және ерекшелейтін тұстарын анықтап жазған болатын.  Үшінші тапсырманың барысы кейіпкерлердің бейнелерін ашу. Топтарға екі - екіден кейіпкерлер берілді. Бірінші топ Абылай мен батыр Баянға қатысты өз ойларын ортаға салды, екінші топ қалмақ қызы Толқыншаш пен Баянның інісі Ноянның бейнесін ашты. Бұл тапсырманы орындау арқылы оқушы шығармадағы кейіпкердің жағымды және жағымсыз жақтарын,  жасаған   іс- әрекеттеріне қарап баға беріп, өзіндік бір тұжырым жасады. Өмірде болып жатқан оқиғалармен байланыстырып,  теріс-бұрыс   жақтарын саралай келе дұрыс жолға  түсіретін амалдарды қарастырды. Бұл тәсіл келешекте  өмірдің ақ- қарасын түсіне білетін, өз жолын таба білетін, қиындықтан  шығу амалын  білетін азамат болуына  азда болса да септігін тигізеді деген ойдамын.  Осы орындалған  жұмыстардан кейін ББҮ-нің соңғы, яғни «Үйрендім» бағаны толтырылды. Оқушылар алдыңғы бағандағы жазған талаптарының орындалған немесе орындалмаған тұстарын осы бағанға жазды. Салыстыра айтсам, оқушылар бұл тұста көп нәрсені игергені, ақпарат алғаны, шығарманы тиісті дәрежеде меңгергенін көруге болады. Бұл әдісті оқушылар алған білімдерін жинақтап, бекіту үшін және жаңа материалды қорытындылау мақсатында қолдандым.  Нақты беріліп отырған әдіс оқушылардың танымдық білімдерін жүйелеп, ойларын қозғау арқылы өз білімдерін бекітуге көп әсерін тигізеді. Рефлексия жасау мақсатында және оқушылардың ой толғаныстарын өрбіту, ойлау қабілеттерін дамыту үшін ауқымды сұрақтарды қойдым:

1)Егер сіз Баянның орнында болсаңыз, не істейсіз?
2) Поэмада Баяннан кеткен қателік.
3) Егер екі жасты Баян өлтірмесе олардың өмірі қалай болар еді?
4) Шығармадағы ар - намыс мәселесі қалай көрініс табады?
       Оқушылар берілген сұрақтарға  ойларын ашып айтуға тырысты.  Оқушылардың алған ақпаратты сақтауының орташа пайызына талқылау жатады. Демек, рефлексия кезеңінде  тақырыпқа қатысты мәселелерді талқылаудың ықпалы зор деп айтсам артық айтпаспын.  Сыныпта дарынды және талантты балаларды анықтауда,  балалардың қабілеттерін шыңдау, дамыту үшін қорытынды кезеңінде  «РАФТ»  әдісін кіріктірдім.

Барлық мұғалімдер балаларға білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін қолайлы орта жасауға тырысады. Дарынды және талантты балаларға қатысты бұл ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап ететін едәуір күрделі мәселе. Әртүрлі теориялар мен стратегиялар балаларды оқытудың мазмұнын анықтау үшін тиісті бағдарлама шеңберінде қолданылады. Бұл әдіс талантты және дарынды балаларды оқыту модулі бойынша жүзеге асырылған бір әдіс болды. Уақыттың шектеулі болғанына қарамастан өте жүйелі, мазмұнды хат  жазған, ойларын жинақтай білген.

Джин Раддок «Оқушы үнінің» белгілі жақтаушысы ретінде «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты- қабылдаушының көзқарасы тұрғысынан алғанда оқудың не екенін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» екендігін жазады.  Oсыған орай келесі кезеңде оқушылардың сабақ туралы пікірлері мен жалпы сабақтан алған әсерін білу мақсатында, сонымен қатар алдағы сабақтарға ұсыныстарын анықтау үшін және олардың пікірін ескере отырып оқытудың сапасын жақсарту мақсатында кері байланыс орнатылды. Бұл байланыс «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісін қолдану арқылы жүзеге асты. Оқушылар алдарына берілген стикер қағаздарына сабаққа байланысты екі жағымды нәрсе және бір ұсыныстарын жазып қалдырды. Осы жазбалар бойынша қорытындылай келгенде оқушылардың көбіне топпен жұмыс жасау, топта мәтінді талқылау жұмыстары ұнағаны анықталды.

Кейбір жазбаларға тоқталсам, «сабақ өте ұнады, осындай сабақтар бола берсе екен», «Сабақ өте қызықты өтті», «Топтық жұмыс ұнады» деп жазған.   Жалпы алғанда оқушылардың жазбаларынан осындай түрде өткізілген сабақтар қызықты екендігін, жалықтырмайтынын және өз беттерімен білім алуына жетелейтінін байқауға болады. Сабақ бойынша бағалау жұмысы көбіне формативті болуға жоспарланған болатын, топ басшыларына алдын ала топ мүшелерінің белсенділігін, топта жұмыс істеуін қадағалау тапсырылған. Соған байланысты сабақ соңында топ басшылары өз топ мүшелерін өз пікірлерінше бағалап өтті. Сабақтың қорытынды бағасын мен қойдым.

Бағалау одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жинақтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін бағытталған термин. Оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған бағалау формативті немесе оқыту үшін бағалау болып табылады. Заманауи сабақ беру үрдісінде формативті бағалау тиімді болып саналады.   

Сабақта жалпы алты модуль және осы модульдермен ықпалдастырылған оқытудың алты әдіс- тәсілі қолданылды. Осы әдістерді қолдану арқылы оқушыларға өз пікірлерімен бөлісуге, топта әңгімелесуге, өз жұмыстарын сыныптастарының алдына шығып қорғауға, диалогтік әңгіме құруға, өз беттерімен білім алуға, бір- біріне білім беруге, қорытынды жасауға, сабақ бойынша алған әсерлерін кері байланыс арқылы жеткізуге мүмкіндік берілді және бұрынғы қалыптасқан «дәстүрлі стильде» өтетін сабақтармен салыстырғанда анағұрлым жемісті де қызықты сабақ түрі болды. Осындай сабақта оқушылардың барлығын дерлік сабаққа қатыстыруға және олардың белсенділігін арттыруда да маңызы зор. Дәстүрлі сабақта сабақтың көшбасшысы рөлін мен өзім ғана атқарсам, жаңа әдісті сабақта өзімді тек бағыт- бағдар беруші ретінде сезіндім. Ал көшбасшылық қасиет менің оқушыларымның да бойынан көрінді.

Жалпы осы оқу курстарында үйренген жеті модульдің ерекшелігі, олардың әрқайсысы оқушы жетістігі үшін, олардың заман талабына сай, бәсекеге қабілетті болуына, сыни тұрғыдан ойлану қабілеттерін қалыптастыруға және ең бастысы оқушыға білім беруге бағытталған. Өткізген сабағымнан өзімнің және оқушыларымның алған әсеріне қарап, бұл модульдер сабақтың айнымас бір бөлігі және оларды қолдану соншалықты қиын емес, керісінше қызықты да тиімді екеніне көзім жетті. Модульдерді оқыту үрдісінде қолдану менің де оқушыларымның да оқуға деген көзқарасын өзгертері сөзсіз.  

ID: 107 | Просмотров: 4287

15/Янв/2015