Сайт учителя начальных классов
.
Адамның адамшылығы –жақсы ұстаздан

Адамның адамшылығы –жақсы ұстаздан

Адамның адамшылығы –жақсы ұстаздан

Оқу орнын енді бітіріп келіп жатқан жас мамандардың көбі оқушыларды өздеріне қатаң талап қою арқылы, қаталдық көрсету арқылы бағындырып алғысы келеді. Дұрысы ұстаз өзінің білімділігімен, әдептілігімен, сабырлылығымен әрбір шәкірт жүрегіне жол таба білуі тиіс. «Адамның адамшылығы...жақсы ұстаздан болады.» деп, дана Абай атамыз айтқандай, шәкірт көптеген ізгі қасиеттерді ұстаздан үйренеді.
Менің мұғалім болғаныма 13 жыл болды. Осы уақыт ішінде көп нәрсені көкейіме тоқып, көңіліме түйдім. Сондықтан жас мамандарға айтар ойым бар.
Алғаш рет жұмысқа келгенде, таныс емес ортаға кезіккенде, адамды бір жағынан қуаныш, бір жағынан үрей билейді. Қуанатын себебің- өзің көптен армандаған, қалаған жұмысқа қол жеткізіп, өзіңнің бойыңдағы барың мен нәріңді соларға беруге асығасың. Ал қорқатын себебің оқушылар , жаңа ұжым мені қалай қабылдайды , олармен қалай тіл табысамын, оқушылардың жүрегіне қалай жол табамын деп ойланасың.
Жалпы, бала психологиясы қызық. Қандай бала болса да, алғаш келген ұстазды өзінше «сынақтан» өткізеді.Тосын мінез, өрескел қылық көрсетіп, оқытушының шыдамдылығын байқайды. «Қиын» сұрақтар қойып, оның білімін сынайды, киім киінуі мен бет әлпетіне, сөзіне қарап, мұғалімнің мәдениетін, әдептілігін бағалайды. Егер осы үш сынақтан жақсы өтсе, шәкірттер жаңа келген ұстазды сыйлап, оның сабағын ықыласпен тыңдайды. Егер оқытушының білімі, адамдығы өз дәрежесінде болмаса ,ол қарама- қайшылық азабын шегеді. Ұстаз өз кемшілігін тез сезіп, «тер төге» әрекет жасап, қасиетті жұмыстың қадіріне жете алса жақсы. «Көш жүре түзеледі» дегендей, өз жұмысын игеріп кетуі мүмкін, бірақ жойылған беделді қайта қалпына келтіру де оңай емес. Себебі беделдің келуі қиын, кетуі оңай. Тағы бір ғажабы, ұстазды өзі сабақ бермейтін оқушылар да сынға алады. Әйткенмен сол сынақтардан сүрінбей өту үшін шыдамдылық , табандылық қажет. Бәрін ақылмен ойлап, сабырмен салмақтай білсең , көп нәрседен ұтарың сөзсіз. Себебі бала сынағы- бағалы сынақ. Ол сынақтан өте білу- қажырлы қасиет.
Тәрбие талап қою арқылы да қалыптасады. Ол жеке талап, біркелкі талап, ескерту талабы, қатаң талап, мәжбүр ету сияқты «баспалдақтар» арқылы күрделенеді. Қатаң талап қоя білу, оның орындалуын қадағалап отыру өз нәтижелерін береді. Кейбір мұғалімдер талап қойғыш-ақ , бірақ оның орындалуын қадағаламайды.
Қадағаланбаған «қатаң» талап көбінесе орындалмай қалады да, ақырында ол әдетте айналады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шиеленіс, немқұрайлылық, жалқаулық , кесір-керіс, керенаулық осындайдан пайда болады. Ал шектен асқан «қатаң» талап қою оны орындауға шәкірттің шамасы келмегендіктен, кейде қаталдықпен қазымырланып ұрыса бергендіктен, тәрбиеленушінің бойында жасқаншақтық , ісінде салғырттық пайда болады. Содан барып ұстаз беделіне нұқсан келеді.
Сабаққа ынтасы жоқ оқушылар көбіне үй тапсырмасын орындамай келеді. Сонда мұғалім оған қаталдық танытып, себебін де сұрамастан «екі» қоя салуға дайын тұрады. Осылайша бағамен «қорқытқысы» келеді. Мүмкін ол оқушының сол тапсырманы орындауға шамасы жетпеген шығар. Сондықтан оған өз деңгейіне лайық тапсырма беріп, оны түсіне біліп, дұрыс бағаласаң, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Себебі әр бала-бір жұлдыз, өзіндік жеке тұлға. Сол тұлғаны қалай қалыптастырасың, қалай жарқыратасың не өшіресің, ол-сенің қолыңда. Сондықтан мүмкіндігінше мұғалім әрбір оқушының жүрек кілтін тауып, аша білуі керек. Ұлы педогог Ы.Алтынсарин: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауы тиіс» -дейді.
Мұғалім қай қырынан алып қарасаң да, оқушыға үлгілі болуы керек. Әсіресе, мұғалім бір сөзді, уәдеге берік боғаны жөн. Егер ұстаздың ісі мен сөзі сәйкес келмесе, ол ұстаз емес. Сөзі көп, ісі жоқ «ұстаздың» беделі де жоқ, ондайларды шәкірттер де сыйламайды. Оқытушының сөзі – берік, мінезі көрік, ісі тиянақты болмаса, ол шын мәніндегі оқытушы бола алмайды. Шығыстың ұлы данышпаны Әбунәсір Әл-Фараби былай дейді: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді,оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірт селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейне бір су сияқты.»
Иә, мұғалім-оқушы үшін ең жоғары адамгершіліктің үлгісі. Сондықтан да ол оқушы жүрегінде ұмытылмыс із қалдыруға талпынуы керек.

ID: 176 | Просмотров: 3405

30/Янв/2015